Accessibility links

Сайлау алдында Қырым татарларына жасалған қысым


Қырымдағы сайлауалды баннер.
Қырымдағы сайлауалды баннер.

Ресейде 18 наурызда өтетін президент сайлауында дауыс берушілердің қарасын көбейту үшін Қырым түбегі тұрғындарын қорқытып-үркітіп жатыр. Бұл жайлы Қырым татарлары ұлттық қозғалысы белсендісі Нариман Желал айтып берді.

Желалдың сөзінше, түбектің Белогор ауданында белгісіз біреулер халық арасында "Дауыс беруге барасыз ба? " деген сауалнама жүргізген. Ал сайлау учаскесіне барып, дауыс бергісі келмейтінін ашық мәлімдеген тұрғындарды "жұмыстан шығарамыз" немесе "әлеуметтік көмектен айырамыз" деп қорқытқан.

Нариман Желал
Нариман Желал

– Ресей билігінің түбектегі өкілдерінің Қырым татарларын қырына алуына бірнеше себеп бар. Президент Владимир Путинді қолдайтындар онсыз да көп деген социологиялық қызмет дерегіне малданып, Ресей билігі мына сайлауда Қырым татарларын елемейтін сияқты көрінген. Бірақ Қырым татарлары мәселесі төрт жыл бойы Украинада да, халықаралық деңгейде де күн тәртібінен түскен жоқ. Байырғы халық 2014 жылы да, одан кейін де ауызбіршілік танытып түбекті қосып алуға қарсы екенін мәлімдеп келді. Қырым татарлары Ресейдегі дауыс беруге бойкот жариялап, Қырым түбегі мәртебесін шешкен әлгі «референдумнан» бөлек, одан кейін өткен екі сайлауға да қатыспай қойды. Сондықтан Кремль түбек тұрғындарының ықыласы қазір түбірінен өзгерді деп көрсеткісі келеді. Бұған қоса, Ресей билігі үшін адамдардың кімге дауыс бергені емес, сайлау учаскелеріне құр барғаны маңызды болып тұр. Ресей билігінің Қырым татарларына қысым жасап жатқаны сондықтан. Мұны жақсы түсініп отырмыз. Бірақ учаскеге өзің мәжбүрлі барсаң да, дауыс беруге отбасыңды апармау керек, - дейді ол.

Ертеректе Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы Қырымдағы сайлау учаскелеріне бақылаушыларын жіберуден бас тартқан еді. Ал Украина президенті Петр Порошенко әлем жұртын түбектегі дауыс беру нәтижелерін мойындамауға шақырған. Ал Қырым автономды республикасының прокуратурасы түбек тұрғындарын сайлауды ұйымдастыруға қатыспауға шақырды.

Түбекте Ресей сайлауын ұйымдастыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапқа нақты кімдер тартылатынын Украина сайлау комитетінің бас директоры Алексей Кошель түсіндіріп берді.

–Ресей Федерациясы президенті сайлауына барып, дауыс берген қырымдықтар моральдық тұрғыда болмаса, заң тұрғысынан ешқандай жауапқа тартылмайды. Бірақ сайлауды ұйымдастыруға қатысқан Қырым мен Севастопольдегі учаскелік, территориялық сайлау комиссиясының мүшелері Украинаның қылмыстық кодексінің мемлекетке опасыздық жасау бабы бойынша қудаланады. Ондай он мыңға жуық адам бар. Біз бұл мәселеге қатысты Қырым автономды республикасы прокуратурасына жүгіндік. Біреулер сайлауды ұйымдастыруға көп жылғыинерцияның жетегінде, енді біреулер ақша тапқысы келіп қатысуы мүмкін. Бірақ олар Украина заңдары бойынша жауапқа тартылатынын біліп жүргені жөн. Мысалы бұл әрекеті үшін олардың Херсонға арзан азық-түлік немесе биометрикалық төлқұжат алуға баруы қиындайды, - дейді ол.

Алексей Кошель.
Алексей Кошель.

​Алексей Кошельдің сөзінше, түбекте Ресей президенті сайлауын өткізуді ұйымдастыруға қатысқан қырымдықтардың аты-жөнін анықтау қиын емес. Өйткені бұл деректер сайлау комиссияларының сайттарында ашық жарияланған.

Ал сайлауды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық қудалауға ұшырайды деген ескертуге қатысты белсенді Нариман Желал Украина билігіне дәйекті түрде әрекет етуді ұсынады.

Ақыры "а" деп айтқаннан кейін "б-ны" да айту керек. Украина өз заңдарын бұзып өткізілген кез-келген процесс сияқты Қырымдағы сайлау процесін де аяқталғанға дейін көз жазбай бақылауы тиіс. Өйткені адамдардың кейін жаппай қудалауға ұшырағанын қаламаймын. Сайлауды ұйымдастыруға кімдер өз еркімен, кімдер мәжбүрлі түрде қатысқанын анықтау кейін өте қиын болады. Бірақ тексеру жүргізіп, өзгелерге қысым көрсеткен қырымдықтарды немесе ресейліктерді анықтау қажет, - дейді Нариман Желал.

Ресей Украина аумағындағы Қырым түбегінде 2014 жылы референдум өткізіп, аннекциялап алған. Халықаралық қауымдастық референдум нәтижесін мойындамайды.

("Крым.Реалии" тілшісі Павел Новиков әзірлеген мақала орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG