Дипломат болдым бір кезде. Тоқаевтың кадр саясаты қандай?

Қаңтар оқиғасынан кейін елдегі билікті толықтай қолына алған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз реформасын таныстырарда "Жаңа Қазақстан" ұғымын қолданды. Осыдан соң елді бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарған кезең мен сол кезде мемлекет басшысының сенімді серігі саналған азаматтар бірден "ескі Қазақстан" болып шыға келді. "Жаңа Қазақстанда" бұрынғы шенеуніктер министр, әкім қызметтерін атқара берді. Бірақ кезінде Тоқаевтың жанында көмекші, хатшы қызметін атқарғандардың мансабы күрт өсті. Оған қоса бір кездері Тоқаев басқарған сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп кеткендер де үлкен қызметтерге ауысты. Мұның бәрі Тоқаевтың кадр саясаты туралы көптеген сұрақ тудырды. Азаттық сол сұрақтарға сарапшылар көмегімен жауап іздеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Тоқаевтың жаңа командасы, Назарбаевтан қалған жүйе, Ақорданың кадр саясаты

ТОҚАЕВТЫҢ ҚАСЫНДА ЖҮРГЕНДЕР ҚАЗІР ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТТЕ?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасында әр жылдары кеңесші, көмекші, баспасөз хатшысы сияқты қызмет атқарған кейбір адам қазір елде ықпалды, жоғары лауазымдарда отыр.

Мысалы, премьер-министрдің орынбасары әрі сыртқы істер министрі қызметін атқаратын Мұрат Нұртілеу – осы министрліктен шыққан кадр. Тоқаев сенат төрағасы болғанда ол осы жоғарғы палата аппаратын басқарып, 2019 жылдың наурызында Тоқаевпен бірге Ақордаға барды. Әуелі көмекші болып, кейін президент әкімшілігінің басшысына дейін өсті.

Президент әкімшілігінің қазіргі басшысы Айбек Дәдебаев 2008 жылдан бері Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасында келе жатыр. Ол кезінде сенат аппаратында сарапшы, төрағаға көмекші болған.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев ұлттық қауіпсіздік комитетінің заң департаментін басқарған. Биографиясына қарасақ, президент сенатта отырғанда Сәрсембаев сондағы орталық аппаратта істеген.

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков еңбек жолын сыртқы істер министрлігі кеңсесінен бастап, кейін 4 жыл сенат аппаратында істеген. Араға үзіліс салып, 2017 жылы сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа кеңесші болып қайта оралған.

Сондай-ақ сенат төрағасына кеңесші, баспасөз хатшысы болған Раушан Қажыбаева – 2019 жылдан бері Қазақстан президенті телерадиокешінің бас директоры. Ал сенат төрағасының көмекшісі болған Алтай Абай – қазір президент іс басқарушысының орынбасары. Бірнеше жыл президенттің баспасөз қызметін басқарған Берік Уәли биыл ақпан айында Абай облысына әкім болып тағайындалды.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының жетекшісі Толғанай Үмбетәлиева президент Тоқаев кәсібиліктен гөрі таныстыққа басымдық беретінін айтады.

Толғанай Үмбетәлиева

– Менде Тоқаевтың тағайындауларын көргенде екі критерийге негізделген әсер қалады. Біріншіден, ол бұл адаммен таныс болуы керек. Тоқаев кәсібилікке мән бермейтін сияқты. Үміткердің білім деңгейі сәйкес келе ме, қандай тәжірибесі бар, бұл қызметте істеп кете ала ма – бұған Тоқаев мүлде мүдделі еместей көрінеді. Ең бастысы, ол бұл адамды таниды. Бұл негізгі фактор, – деді сарапшы. – Ал екінші фактор – оған кімнің ұсыныс жасайтыны. Шамасы, оған ұсыныс жасайды, ал ол келіседі. Бірақ өзі кездеспейді, алдын ала сұхбаттаспайды. Бізде бұл мәселені алдын ала талқылайтын топ жоқ. Тағайындалатын адам бұл лауазымда не істегісі келеді? Оның критерийлері қандай? Неге осы сұрақтар бойынша алдын ала сұхбат, әңгіме жүрмейді?

Сарапшы өз сөзін қуаттау үшін Еуроодақ комиссарларының қалай сайланатынын мысалға келтірді. Оның сөзінше, одақ комиссарлары парламентте, комитетте талқыланып, жалпы талқылауға шығарылады да, артынан кандидаттармен жеке сұхбат болады. Содан кейін ғана дауыс беру процесі жүріп, тағайындалады деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың орындалмаған уәдесі. Президенттің тілшілерге "уақыты жоқ" па?

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев Қазақстан президентінің өзіне таныс адамдарды қызметке тартқаны қалыпты жағдай екенін айтады.

Талғат Қалиев

– Әр адам өз командасын қалыптастырады ғой. Қазір Дональд Трампты көріп отырсыз. Билікке келген соң жан-жақтан өзіне таныс адамдарды, білетін адамдарды [қызметке қойды]. Енді сіз жауапты қызметке біреуді ұсынып жатсаңыз, әрине, оның қабілетін білуіңіз керек. Көрмеген, танымаған адамды ол жерге қойып, қарап отыру дегенде қателіктер болып қалуы мүмкін. Реформаларды жылдам жүзеге асыру үшін қасында өзі пәлен жыл жүмыс істескен, тапсырманы қалай орындайтыны белгілі, сенімді адамдар жұмыс істеуі керек деп ойлаймын, – деді Қалиев.

Толғанай Үмбетәлиева Трамп мысалы Қазақстанның жағдайына келмейтінін айтады. Оның сөзінше, Трамп командасын сайлауға дейін құрған және оның жанына топтасқандар науқан кезінде маңызды рөл атқарған. Сарапшы жақында парламет сайлауы өткен Германияны мысалға келтіріп, онда үлкен қызметтерге қоғамға азды-көпті таныс, белгілі саясаткерлер келетінін дәйек етеді.

– Германиядағы жағдайды көріп-біліп отырсақ та, Қазақстанда кімді қай қызметке қалай таңдайтыны мүлдем түсініксіз. Ештеңе ашық емес. Біз олардың өмірбаянын оқып аламыз да, болжам жасап, түсініксіз жағдайда отырамыз. Біз ешқашан адамның бағдарламасын талқыламаймыз. Оның тағайындалғаннан кейін емес, қызметке келер кезде не істейтіні алдын ала айтылмайды. Мысалы, біздің қазіргі премьер-министр Олжас Бектенов қандай бағдарлама, қандай саясат жүргізетінін алдын ала білмедік. Ол экономист ретінде қаншалық қабілетті? Ол проблемаларды шеше ала ма? Жалпы мәселелерді түсіне ме? Біз оны тыңдамадық. Ал депутаттар өздері тыңдап, барлығын алдын ала келісіп, дауыс берген сияқты. Сондықтан кадр саясатын талқылағанда біз осы процедуралар туралы айтамыз, – дейді Үмбетәлиева.

МИНИСТРЛЕР МЕН ӘКІМДЕР: СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНЕН ТАҒЫ КІМ ШЫҚТЫ?

Қазақстанда кейінгі жылдары мансапқа оралған я қызметі өскендердің тағы бір қатары – Тоқаев ұзақ уақыт басқарған сыртқы істер министрлігінен еңбек жолын бастаған немесе осы министрлікте бір кезеңде жұмыс істеп кеткен саяси қызметкерлер.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев сыртқы істер министрінің кеңесшісі, көп жыл елші болған. Премьер-министрдің орынбасары әрі аппарат басшысы Ғалымжан Қойшыбаев та мемлекеттік қызметті дипломат болып бастаған. Премьер-министрдің тағы бір орынбасары қызметіне жақында келген Ермек Көшербаев та кәнігі дипломат. Су жаңа өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев та министрлікте бірер жыл жұмыс істеп кеткен. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаевқа ішкі саясат бойынша көмекші болып тағайындалған Арман Қырықбаевтың да биографиясының басында сыртқы істер министрлігі тұр.

Бұл азаматтар түрлі ірі лауазымды қызмет атқарған. Олардың қазіргі қызметке келуінің мәнін дәл осы деп тұжырым жасау қиын. Алайда жауапты қызметке келетін кейбір кадрлардың сыртқы істер министрлігінде, дипломатияда істегеніне мән беріліп отыр ма деген сұрақ та туады.

– Тоқаев қазір сыртқы істер министрлігімен байланысы бар адамдарға көбірек билік, өкілет беріп жатыр деген әңгіме бар. Маңызды лауазымдарды алып қарасаңыз, көбінің онымен сыртқы істер министрлігінде жолы тоғысқанын байқауға болады. Менің дипломатияда істеген қызметкерлерге еш қарсылығым жоқ. Сонда да кәсібиліктің алдыңғы кезекке шыққанын қалаймын. Тоқаевтың билікте отырғанына бес жыл, жақында алты жыл толады. Осы уақыт ішінде кәсіби деңгейде команда құруға мүмкіндік туды. Алғашқы екі жыл жеке командасы болмады, түсінемін. Бірақ мұнымен кейінгі жылдарды ақтап алуға келмейді. Қазір кәсіби команданың жоқтығы Тоқаевты ақтамайды, – деді Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының жетекшісі Толғанай Үмбетәлиева.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев кәсіп жолында сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп кеткен адамдар көп екенін, олар қазір билікке келіп жатса, оған сәйкестік деп қарау қажетін айтады.

– Меніңше, бұл жерде кездейсоқтық көп. Мысалы, Арман Қырықбаев осы қызметке лайық адам. Ол – 20 жылдай идеология саласында жұмыс істеп келе жатқан адам. Басында сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген болар. Өзім де сонда істеп шыққан адаммын. Біз бір елдеміз, бар-жоғы 20 миллион адамбыз. Сондықтан көбі СІМ-ге кіріп-шыққан болуы мүмкін. Сол жердің есігін ашқанның бәрі осы үшін ғана жұмысқа тағайындалған деп айтуға болмайды, – деді ол.

НАЗАРБАЕВ КАДРЛАРЫНАН АРЫЛУ МА?

2022 жылдың қаңтары Қазақстан билігіндегі көп ахуалды өзгертті. Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан кетті. Қасым-Жомарт Тоқаев билікті толық қолына алды. Назарбаевтың сенімді адамы саналған Кәрім Мәсімов істі болды. Премьер-министр Асқар Мамин, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин отставкаға кетті. Бұрынғы президенттің үлкен қызы, кезінде сенат спикері болып, кейін мәжіліс депутаты болған Дариға Назарбаева да ресми лауазымнан босатылды. Назарбаевтың немере бауыры Самат Әбіш, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев әуелі қызметтен алынып, кейін сот оған шартты жаза берді. Екі президент тұрғанда "соңғы сөзді [Назарбаев] айтады" деген әділет министрі Марат Бекетаев қазір тергеуде.

Министрлер, облыс әкімдері ауысып жатыр. Жоғарыдағы "аса ықпалды болған" адамдардан өзге де бірқатар шенеунік орнын босатты. Солай бола тұра қызмет ауыстырып, әлі де биліктің бір тармағында жұмыс істеп келе жатқандар өз алдына бір топ.

"ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН" ҚҰРЫЛДЫ МА?

Ақорда "Жаңа Қазақстан" құрамыз деп мәлімдеген соң қоғамда "Ескі Қазақстан" деген шартты атау пайда болды. Бұдан президент әкімшілігінің 2022 жылдан бері қарай жүргізген "саяси реформасын", кадр саясатын Назарбаевтың ықпалынан толық арылу деп бағалауға келе ме?

Экс-президент кезінде қандай да бір мемлекеттік қызметті атқарған адамның бәрін кетіру керек деген пікір қате дейді сарапшы Талғат Қалиев. Оның айтуынша, жоғары қызметте отырған адамдардың кеткені жеткілікті.

– Билікте аса жоғарғы, жоғарғы және орташа эшелон деген бар. Аса жоғарғы эшелонда болған адамдардың бәрі биліктен кетті. Жоғарғы эшелонда болған кісілер аса жоғарғысына өтті, кейбірі орта эшелоннан жоғарғысына ауысты. Ротация жүріп жатыр. Енді біз қайтсе де, қай қызметте істесе де, Назарбаевтың кезінде істеген деп билікте ең төменгі қызметте болған адамдардың бәрін жұмыстан қумаймыз ғой. Олардың көбі – адал қызмет еткен, патриот адамдар. Тоқаевтың команда құрамын, менің қасымда жүретін адамдар болсын деген ойы жоқ деп ойлаймын. Ол кісі қазір жалпы жағдай жасап жатыр. Реформалардың бәрі болашақта өзінен-өзі жұмыс істеп тұратын жүйе құруды қарастырып жатыр, – деді ол.

2022 жылдың қаңтарында Асқар Мамин басқарған үкімет отставкаға кетті. Содан кейін жасақталған министрлер кабинеті былтыр тағы таратылды. Президент үкімет батыл шешім қабылдай алмады деп Әлихан Смайыловтың отставкасын қабылдады. Қаңтар оқиғасына дейінгі министрлерден қазір үкіметте Роман Скляр мен Аида Балаева отыр. Бұл топтағы 5 адам ғана қазір ресми қызметте емес. Оның екеуі – істі болған Ерлан Тұрғымбаев пен Марат Бекетаев.

Ал Смаилов басқарған үкіметтен 7 адам Олжас Бектеновтің министрлер кабинетінде жұмыс істеп жатыр. Басқа министрлердің бәрі дерлік орнын босатса да, жаңа лауазымға ауысып, мемлекеттік қызметте жүр.

– Бізде элита алмасуы жоқ. Басқа салалардағы адамдарды қызметке тартпайды. Мәселен, Назарбаевтың тұсында, әсіресе 2000 жылдар мен 1990 жылдардың аяғында биліктің сырттан, бизнестен келген жас кадрлармен толысуын байқасақ, қазір олай емес. Жас түріктер сол лекпен пайда болды. Жаңа күш, толқын келгені байқалып, елдегі жағдайға өзгеріс әкелді. Жаңа адамдар елді басқаша басқару мәдениетін қалыптастырды. Өкінішке қарай, Тоқаевтың кезінде мұндай процесс байқалмайды. Басқа салалардан кадр тарту тетігі жоқ. Барлығы билік айналасындағы және билікке жақын адамдар, – дейді Үмбетәлиева.

Сарапшы айтып отырған жас түріктер 2001 жылы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құрып, саяси жүйені және экономиканы реформа жүргізіп өзгертуді көздеген. Бірақ билік оларды қудалады, кейбірін түрмеге жапты. Сол кездегі премьер-министр Тоқаев оларды сынап, "Демократия – саясаттағы "киндер-сюрприздердің" қолындағы ойыншық емес" деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билік 20 жыл бұрын құрылған ҚДТ қозғалысын қалай жойды?


Бүгінде мемлекеттік қызметте кадр тапшылығы барын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де жоққа шығармайды. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында ол жеке секторда табысты еңбек етіп жүрген адамдарды мемлекеттік қызметке тартуды жеңілдету қажетін айтқан.

ТОҚАЕВТЫҢ ТУЫСТАРЫ РӨЛ АТҚАРА МА?

Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерінің билікте де, бизнесте де ықпалы күшті болды. Мұны сарапшылар экс-президенттің саяси қателігі деп бағалаған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы Тимур Кемел ресми қызметте емес. Ал қарындасының күйеуі, яғни, күйеу баласы Теміртай Ізбастин Болгариядағы төтенше және өкілетті елші қызметінен босатылған. Бір жиені Қаныш Ізбастин Қаңтар оқиғасынан соң Бәйтерек холдингі төрағасы орынбасарлығынан кеткен. Бірақ квазимемлекеттік секторда тағы бір жиені Бекет Ізбастин қалды. Ол – Қазақстанның батысындағы ірі мұнай кеніштерін игеру бойынша үкіметтің өкілетті органы PSA компаниясының бас директоры. Бекет Ізбастин кезінде Тоқаевтың ұлы Тимурдың мұнай компаниясында басшы болған. Қазір билікте отбасы факторы қаншалық рөл ойнап тұр?

– Өзбекстанда тағы бір президенттің қыздары саясатқа араласып, кадр мәселесін шешіп жатыр. Тоқаев бұл мәселені әлі көтермеген сияқты. Бірақ оның бір жерде туыстары, жиендері бой көрсетіп жатқаны туралы әңгімелерді естіп жүрміз. Менде әзірге ешқандай дәлел жоқ, бірақ мұндай әңгімелер кулуарда айтылып жатыр. Егер Тоқаевтың туыстары шынымен де саясатқа араласа бастаса, бұл – өте жаман белгі. Өйткені, оның президенттігінің әлі бес жылы бар және осы уақыт ішінде туыстарs айтарлықтай күшейе алады. Өкінішке қарай, біз ашықтық жоқтығынан долбар жасауға және ара-тұра расталмайтын түсініктемелерді іздеуге мәжбүрміз, – дейді Толғанай Үмбетәлиева.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зерттеушілер Тоқаев отбасының "офшордағы құпиясы" жайлы жазды, Ақорда оны "фейк" дейді