Сепаратистік аймақтарда "референдум" өтіп жатыр

Донецк облысының мәртебесі жайлы "референдумде" дауыс беріп жатқан әйел. Донецк, 11 мамыр 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы үкімет әскері мен сепаратистер қақтығысып жатқан екі облыста "референдум" өтіп жатыр. Жікшілдер дауыс беру "белсенді" жүріп жатқанын айтады.
Украинаның шығысындағы Донецк мен Луганск облыстарында аймақтың мәртебесін анықтау туралы "референдум" өтіп жатыр. "Референдумды" өзін "Донецк халық республикасы" және "Луганск халық республикасы" деп жариялаған аймақтың ресейшіл сайлау комиссиясы ұйымдастырған.

Өзін-өзі жариялаған жергілікті биліктің сайлау комиссиясы дауыс беруге сайлаушылардың "көптеп қатысып" жатқанын хабарлады. Интернетте Донецкідегі сайлау учаскесі алдында адамдардың ұзын сонар кезекте тұрған суреттері жарияланды.

Бірақ Украина билігі мен батыс елдері "референдумды" айыптап, оны заңсыз деп жариялады.

Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов бұл "референдумды" "тұңғиыққа тартатын жол" деп атады. Ол Киев елдің шығысындағылармен келісім жасасуға даяр екенін, бірақ "елді жойғысы келетін бір де бір террориспен" келісімге келмейтінін айтқан.

"Донецк халық республикасы" сайлау комиссиясының басшысы Роман Ляхин дауыс беруге сайлаушылардың "басым көпшілігі" қатысып жатқанын мәлімдеді.

Донецкідегі "референдум", 11 мамыр 2014 жыл:

Your browser doesn’t support HTML5

Донецкідегі «референдум»


Бірақ украиналық ақпарат құралдары 6,5 миллионға жуық халық тұратын екі облыста "дауыс беріп жатқандар саны аз" екенін хабарлап жатыр. Бұған қоса "референдумда" балалардың дауыс беріп жатқаны, бір сайлаушының екі рет, немесе туыстарының орнына қоса дауыс бергені айтылып жатыр.

Украинаның бұрынғы премьер-министрі, президент сайлауынан үміткер Юлия Тимошенко Odesa's GRAD телеарнасына "сырттан таңылған референдумда дауыс беру трагедия және біз оны тоқтатуымыз керек" деген.

"Референдум" өтіп жатқан тұста Донецк облысының ресейшіл сепаратистер бекінген Славянск қаласында бүлікшілердің украин әскерилер күзетіп тұрған телемұнараға шабуылдап, атыс болғаны туралы хабарланды.

Украина билігінің хабарлауынша, шабуылдан бір сарбаз жараланған.

Славянскідегі "референдумде" дауыс беру:

Your browser doesn’t support HTML5

Славянскідегі дауыс беру


Украина президенті міндетін атқарушы Александр Турчинов әкімшілігінің жетекшісі Сергей Пашинский украин қауіпсіздік күштері телемұнараға жасалған шабуылға жауап ретінде Славянск мен Краматорск қалалары маңындағы сепаратистер базасы мен бірнеше өткізу бекетін жойғанын хабарлады.

Бірақ Славянскінің өзін-өзі жариялаған мэрі Вячеслав Пономарев қалада дауыс беру жүріп жатқанын, "референдумда" сайлаушылардың "100 пайыз дауыс беріп жатқанын" айтады.

Өткен аптада қақтығыстар болған Мариуполь қаласында билік өкілдері 500 мың тұрғынға барлығы сегіз сайлау учаскесі ғана ашылғанын айтады. Бұдан сайлау учаскелері алдында кезек пайда болып, бір учаскеге қосымша дауыс беру жәшіктері қойылған.