Accessibility links

«Украина халқы қырғынның тезірек тоқтағанын қалайды»


Қазақстандық белсенді, журналист Жанболат Мамай. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл.
Қазақстандық белсенді, журналист Жанболат Мамай. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл.

Киевте жүрген қазақстандық белсенді Жанболат Мамай сепаратизмді ауыздықтауға тырысып жатқан Украина қоғамы үшін 25 мамырда президент сайлауын өткізу өте маңызды екенін айтады.

Қырым оқиғасынан кейін басталған сепаратистік әрекеттер Украинаның шығыс өңірінде әлі жалғасып жатыр. Бірақ соған қарамастан мамырдың 25-і күні елде президент сайлауын өткізу белгіленген.

Киевтегі уақытша билікті заңды үкімет ретінде мойындамай отырған Ресей басшылығы Украина күштерінің елдің шығысындағы елді мекендерде тәртіп орнатуға бағытталған іс-әрекетін айыптады. Соңғы күндері Украинаның біртұтастығын қолдаушылар мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қақтығыстардан ондаған адам қаза болып, жүздеген адам жараланды.

Қазақстандық қоғамдық белсенділер 2013 жылы күзде басталған Киевтегі шерулерге барып, қолдау көрсетіп қайтқан еді. Соның бірі, биыл ақпан айының басында «Еуромайдан» шерулеріне қатысқан қазақстандық белсенді Жанболат Мамай таяуда тағы да Украинаға кеткен.

Азаттық тілшісі қазір Киевте жүрген Жанболат Мамайдан Украинадағы қазіргі саяси ахуал туралы сұқбат алды.

Азаттық: – Украинаға қандай мақсатпен бардыңыз, қазір қай өңірде жүрсіз?

Жанболат Мамай: – Украинаға бұл елдегі президент сайлауы қарсаңында арнайы бардым. Қандай жағдай болып жатыр, ел не ойлайды, халықтың пікірі қандай, Украина шығысының болашағы қандай деген сұрақтарға жауап іздегім келді. Қазір
Украинаның шығысындағы Славянск қаласы маңында бақылау бекетінде тұрған Украина сарбаздары. 4 мамыр 2014 жыл.
Украинаның шығысындағы Славянск қаласы маңында бақылау бекетінде тұрған Украина сарбаздары. 4 мамыр 2014 жыл.
Киевтемін, өкінішке қарай, елдің шығысында жағдай тыныш болмағандықтан украиналықтар ол жаққа дәл қазір бару қажет еместігін айтты.

Азаттық: – Президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат қалай жүріп жатыр?

Жанболат Мамай: – Ешқандай да үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатқан жоқ десе де болады. Мысалы, Киев пен оның жанындағы қалаларда Тимошенконың, Порошенконың не Тигипконың билбордтары жоқтың қасы. Телеарналардан да сирек көрінеді. Ең белсенді үміткер – Аймақтар партиясының өкілі Михаил Добкин. Телеарналар мен билбордтардың барлығы соныкі. Бірақ ол партияға халықтың сенімі аз, сондықтан жеңіске жетуі неғайбыл.

Ал Порошенко мен Тимошенко тәрізді негізгі үміткерлер елдің шығысындағы жағдайға байланысты сайлаудағы үгіт-насихат жұмыстарынан бас тартқан десе де болады. Жалпы, үміткерлер штабының, журналистер мен сарапшылардың сөздерінен түйгенім, Украина үшін ең басты мәселе – қалай да президент сайлауын өткізу. Жалпыхалыктық сайлауда заңды әрі легитимді мемлекет басшысын сайлау. Сонда ғана Украина тәуелсіздікті толыққанды қорғауға, елдің шығысындағы жағдайды реттеуге кірісе алады. Әскерилерге, қарулы күштерге бұйрық бере алатын, жалпы халық мойындаған президент пен билік болмай, елдегі жағдайды реттеу мүмкін еместігі айтылады. Украиналық белсенділердің сөзінше, Ресейдің басты мақсаты – сайлауды қалай да өткіздірмеу, легитимді мемлекет басшысын сайлаттырмау.

Азаттық: – Украинаның шығысы мен батысында айырмашылықтар біліне ме? Жергілікті белсенді саяси топтармен кездестіңіз бе?

Жанболат Мамай: – Қазір негізінен қарапайым халықпен, штаб өкілдерімен, журналистермен, дипломаттармен кездесіп жүрмін. Әрине, Еуромайдан кезіндегідей үлкен серпіліс, көтеріңкі көңіл күй жоқ, бірақ жұртшылық болашаққа үмітпен қарайды. Келешекте Украина Польша, Чехия тәрізді Еуропаның мықты мемлекеттері қатарына қосыламыз деген сенімдері аңғарылады. Қазір олардың ең негізгі мақсаты – Украина шығысындағы сепаратизмді тоқтату. Ал жалпы,
Ресейшілер қарсылық шеруінде Украина туын өртеп жатыр. Донецк, Украина, 4 мамыр 2014 жыл.
Ресейшілер қарсылық шеруінде Украина туын өртеп жатыр. Донецк, Украина, 4 мамыр 2014 жыл.
шығыстағы жағдайды Киевтегі Еуромайданмен салыстыруға да келмейді. Еуромайдан «Украина бөлінсін, екіге жарылсын» деген мәселе көтерген жоқ.

Ал шығыстағы жағдайды сепаратистер мен ресейлік арнайы қарулы жасақтар қыздырып отырғанын украиндер жақсы біледі. Осы жерде арнайы сауалнама орталығы жүргізген бірқатар әлеуметтік сауалнамалармен таныстым. Соған сүйенсек, Украинаның шығысында халықтың 75-80 пайызы осы елдің құрамында қалғысы келеді.

Шығыста болған журналистердің айтуынша, сепаратистер қатарында жергілікті халық өкілдері де бар, бірақ негізгі басшылары мен үйретушілері – Ресейден келгендер. Халықтың басым көпшілігі қырғынның тезірек тоқтағанын қалап отыр.

Киевтегі жағдай тыныш. «Правый сектор» өкілдерімен сөйлестім. Шет мемлекеттерде, әсіресе, Ресейде бұл ұйымды құбыжық ретінде көрсетеді. Ал шын мәнінде қарапайым жігіттер. Орысша таза сөйлейді, украинша ғана сөйлеймін дегендерін көрмедім. Қазір қатарлары сиреген, әркім өз шаруасымен үйлеріне
Краматорск қаласында өртенген троллейбус қаңқасы жанында балалармен бірге тұрған ер адам. Украина, 4 мамыр 2014 жыл.
Краматорск қаласында өртенген троллейбус қаңқасы жанында балалармен бірге тұрған ер адам. Украина, 4 мамыр 2014 жыл.
қайтқан. Қолдарына қару алып, халықты қырып жатыр деген бос сөз.

Азаттық: – Ресейдің Қырымды қосып алуына «түсіністікпен қараған» Қазақстан туралы украиндықтардың пікірі қандай?

Жанболат Мамай: – Әрине, Украина азаматтары біздің елдегі жағдайды жақсы біледі. Еуразиялық одаққа кіргелі отырғанымыздан да хабардар. Ресейдің бодандығына кірудің аз алдында екенімізді, Нұрсұлтан Назарбаевтың Владимир Путинге қаншалықты тәуелді екенін де жақсы біледі. Сондықтан, Қырымды қазақ халқы емес, Қазақстанның авторитарлы басшылығы Кремль қысымымен мойындатып отырғанын түсінеді. Мен де өз кезегімде саяси сауатты азаматтардың Ресей аннексиясын қолдамайтынын, Ресей тарапынан Қазақстанға да мұндай қатер барын жеткіздім.

Азаттық: – Сұқбат бергеніңізге рақмет.
XS
SM
MD
LG