Ресейдің Кронштад қаласында 18 жастағы Женя Пушкаревті жерледі. Шытырман оқиғалы романдарды көп оқып қарақшы немесе юнга болуды армандап үйінен қашатын бұрынғының балалары сияқты Пушкарев те үйінен қашып кетіп, Украинаның шығысындағы Донбассқа аттанған еді.
Бірақ Женяға ондай романдар емес, қазір теледидардан толассыз беріліп жатқан Украинаның шығысындағы «сұмдықтар» - «қандықол украин жендеттерінен қорғансыз балалар мен әйелдерді кеудесін оққа төсеп, жанқиярлықпен қорғап жатқан ДХР мен ЛХР-дің даңқты жауынгерлері» туралы хабарлар әсер еткен.
Қысы-жазы үстінен әскери формасын тастамай, уақытының көбін Кронштад қаласындағы «Скала» әскери-спорт клубында өткізетін Женя ақыры қайғы-қасірет шеккен жандарға көмектесуді ұйғарған. Оның жолы да оңай табылған. «Вконтакте» желісіндегі сауалнаманы толтырып, рұқсат алып, Ростовқа жететін адамды тиісті кісі күтіп алып, жасырын жол арқылы шекарадан өткізеді.
«Қара дәліз» деп аталатын әлгі жолдан аман қайтпасын Женя ойламаған болар. Женяны шекарадан өткізген ересек адам да оның ешбір әскери дайындығы жоқ әрі жасы 18-ге енді ғана толғанын ескермеген сияқты.
ВИДЕО: Женя Пушкаревті ақтық сапарға шығарып салу
Your browser doesn’t support HTML5
Женя Пушкаревтің анасы Жанна ұлының алтыншы сыныптан бастап "соғыс деп қиялдай бастағанын" айтады.
- Әжесі екеуміз «джинсы сатып әперейік» десек көнбей, «осы ыңғайлы» деп үстінен әскери форманы тастамайтын. Әлгі клубтан шықпай, фильмдеріне түсіп, реконструкцияларына қатысып жүретін. Қыркүйектің 5-і күні кешкі сағат 10-да тоңазытқыштың үстінен «Мама, басқа қалаға кетіп барамын. Екі айдан кейін келемін. Мүмкіндігінше телефон соғып, хат жазып тұрамын» деген хатын тауып алдым. Ешкімге, тіпті клуб жетекшісіне де ештеңе айтпапты. Оған бірден телефон соқтым, біразға дейін телефонын алмай жүрді де, кейін Воронежден өзі хабарласып: «Мама, Ростовта тұратын досыма бара жатырмын» деді. Әуелі айтқанына сенуге тырыстық, егер білгенімізде бірден ұшаққа мініп, ол жаққа өзінен ертерек барып алып қайтар едік. Соғысуға бара жатқанын қыркүйектің 8-і күні ғана айтты. Үздіксіз телефон соғып, «үйге қайт» деп жалындым. Бірақ ол: «Мен енді ересекпін, бәрін өзім шешемін» деп қайтпай қойды, - дейді Женяның анасы Жанна.
– Бұл соғысқа бару амалын қалай тапқан?
– Кейін «Вконтакте» желісіндегі парақшасын қарай бастадым. Сөйтсем, онда «Новороссия армиясы» деген парақ бар екен. Анкета толтырып, Ростовқа дейін билет сатып алсаң болды, сол жақтан күтіп алады. Ұлым әлгі анкетаны толтырыпты, кететінін шілде айында білген. Үйге қайт дегенімде: «Ақыры келіп қойдым ғой, екі айдан кейін қайтамын» деді. Әуелі қарашада келмек болған, кейін: «Жаңа жылға қарай күтіңдер, киімнің ішінен киетін жылылық берді, ыстық су да бар, жағдайым жақсы» деді. Соңынан бармақ болып, «Вконтакте» желісіндегі анкетаны толтырып едім: «Мама, Златаны қалай тастайсың? Оқуына қара, мен келгенде үздік оқып жүретін болсын» деп тоқтатып қойды. Бізге ылғи «ұрыс қимылдарына қатыспаймын, әлдебір қойманы күзетемін» дейтін.
– Оны мұндай шешімге не итермеледі, бұл соғыс туралы ақпаратты қайдан алған?
– Әжесіне «Балалар мен әйелдерді өлтіріп жатқандарын көргім келмейді. Көмек сұрағандарды теледидардан ылғи көрсетеді. Соларға көмектескім келеді» дейді екен. Кейін элиталық әскерге баруды ойлап, бір жағынан тәжірибе жинағысы келген. Жұрт сияқты теледидар көретін. Ол да бәріміз сияқты теледидардан дұрыс ақпарат алмады. Онда шындықты айтпайды ғой. Өзін мазалаған нәрселерін бізбен бөліссе, дұрыстап түсіндірер едік қой. Ақылы әлі толмаған баланың басын теледидар қатырып жіберді. Мүмкін, оны басқа ақпаратпен таныстыру керек пе еді - бірақ бұл ешкімнің, тіпті клуб бастығының ойына да келмеген. Ұл балаларды армияға дайындайтын әлгі клубтың бастығы – бұрынғы әскери қызметкер, балаларға дұрыстап түсіндіруі тиіс қой. Енді Женяның досы Леша да сол жаққа кетпекші. Ол жаққа дайындықсыз баруға болмайтынын, әуелі армияға барып, бірдеңе үйреніп алу керек екенін неге түсіндірмейді? Ол жаққа ақыл тоқтатқан ересек жігіттер баруы тиіс, ал баланың барғаны дұрыс емес. Клуб бастығы мына жағдайдан сабақ алған болар, енді балаларға басқа нәрселерді үйрететін шығар деп үміттенемін. Әрине, ол «соғысқа барыңдар» деген жоқ, бірақ оларда үнемі реконструкция деген өтетін. Женя әлгі фильмдеріне түсіп жүретін. Бірақ мұндай ойындарды қомсынып, нағыз соғысқа барғысы келген. Кейін хаттарын оқып едік, балалардың көбі барма деп үгіттепті, бірақ ол ешкімді тыңдамаған, - дейді Женяның анасы.
Женяның мәйітін анасына жеткізген - жауынгер достары Александр («Тихий») мен Сергей («Мангуст»). Александрдың жасы 27-де, Сергей – 35 жаста.
Сергей: – Ол жақта кішкентай балалардың қырылып жатқанын, Ресейдің дәл іргесінде, бауырлас елдің территориясында болып жатқан сұмдықтарды естігенде жағамды ұстадым. Снарядтар, фосфор бомбалар жарылып, адамдарды тірідей өртегенін, ұшақты атып түсіргенін көріп, шошыдым. Әуелі ВГТРК (Бүкілресейлік мемлекеттік теле-радио хабарларын тарататын компания – ред.) тілшісі болып барғым келген, бірақ «тәжірибең жоқ» деп алмады. Сосын басқа жолын таптым да, ол жаққа қыркүйектің 6-сы күні келдім. Мені «Че Гевара бригадасы» жасақтарының біріне алды, онда Украина сарбаздарынан тартып алған қару-жарақ бар екен, соны алып әрі қарай кеттік.
Александр: – Ол жаққа мен де жүрек қалауымен бардым, әсіресе мамырдың 2-сі күні Одессада болған жағдайдан кейін ішім алай-дүлей болды. Бұрынғы жалдамалы әскермін, келісім-шарт мерзімі біткеннен кейін Донбасқа баруды ұйғардым.
– Ал Донбаста не болып жатқанын қайдан білдіңіздер?
Александр: – Жаңалық тыңдаймыз, интернет, теледидар бар ғой. Ол жақта достарым да бар. Женямен келесі күні Донецк республикасымен шекарадағы Круглик кентінде таныстым. Украина әскерлері бұзып өтпес үшін біздің жасақ екінші қорғаныс шебінде тұрды. Сосын Никишино кентіне келдік, бұл кент үшін ұрыс жүріп жатқанына көп болды, қазір ол жер – майдан шебі. Бейкер жасағына қосымша күш ретінде келдік.
Сергей: – Ал мен Женямен Красный Луч қаласында таныстым, Круглик кентінде бірге болдық, кейін Никишиноға келген соң бізді кенттің төңірегін қорғауға жіберді. Шағын-шағын топ болып шығып, бірнеше үйді тексердік. Кейін командирлердің бұйрығымен үйлерге бекініп алдық. Бірлі-жарым оқ атылғаны болмаса, бір тәуліктей тыныш болды. 10-ы күні кешке жақын ұрыс басталды, бізді көптен торуылдаған сияқты.
Александр: – Бұл шайқаса жүріп барлауға ұқсады. Жақын маңда жарылыс болып жатты. Женя олардың жақындап қалғанын байқап қалып, «бізді қоршауға алмақшы» деп ескертті. Көшенің арғы бетіндегі пулемет, гранатометтер тұрған жаққа шегінбек болдық. Шегінген кезде Женяға оқ тиді. Ол бізді қорғап соңымыздан келе жатқан, қақпаға 200 метрдей жетпей құлады. Әлгі ұрыста біздің үш жігіт қаза тауып, екеуі жараланды.
– Екеуіңіз де Женядан біраз жас үлкенсіздер. Жап-жас баланың ешқандай дайындықсыз, оның үстіне барлау тобында сіздермен бірдей соғысқаны дұрыс па?
Сергей: – Ол Калашников автоматпен де, пулеметпен де жақсы ататын, бірақ ұрыс жүргізудің тактикалық әдістерін білмейтін. Ұрыс қимылдарынан мүлде хабары жоқ болатын. Маған «элиталық әскерге бару үшін жауынгерлік тәжірибе жинағым келеді, онсыз алмайды» деген еді. Жалпы ол жақта соғысып жатқан бүлікшілердің 75 пайызы – Ресейден барғандар. «Ресейдің қатысы жоқ» деген – өтірік.
Александр: – Женя енжар адам емес еді. Біздің жасақтағы ең жас жауынгер сол болатын. Ол жақтағылар – жасы 20-55 аралығындағы немесе одан үлкен кісілер. Ол жаққа қайта бару немесе бармауды әлі шешкен жоқпын. Ойлануға уақытым бар. Ол жақта қалған жолдастарым мен жерлестерімді қимаймын, сондықтан қайтып баратын шығармын.
Сергей: – Ол жаққа барғаныма өкінбеймін. Қайта барып соғысудан қорықпаймын. Тек ол жақта соғысып жатқан жігіттердің қару-жарақсыз, оққа ұшып жатқаны ашындырады.
Ал Андрей мен Влад – Женя Пушкаревтің мектепте бірге оқыған жолдастары. Екеуі Женяны Ростовқа баратын поезға шығарып салған. «Ешкімге айтпаймыз» деп ант берген соң ғана Женя оларға қайда бара жатқанын айтқан.
Андрей: – Бізге дәл кетер алдында, билет сатып алған соң бір-ақ айтты. Бізге айтпастан билет сатып алыпты. «Барма» деп үгіттеп едік тыңдамады, «Сүреңсіз өмір сүргенше осылай істегенім дұрыс» деді. Қайтып келер, бәрі жақсы болар деп үміттеніп едім. 5-сыныптан бастап соғыс туралы кітаптар оқумен, әскери тарихпен әуестене бастады. Кейін «Скала» әскери-спорт клубына келді. Әлдебір шараларына біз де қатысатынбыз, бірақ ол сияқты көп әуестенбедік. Мына соғыс басталғанда көздері жайнап кетті.
Влад: – Ол шілде айында кетпек болған, бірақ ол кезде жасы 18-ге толмағандықтан шекарадан жалғыз өткізбейтін еді. Донецкіден босып келген Юля деген танысымыз бар. Ол бізге бүлікшілердің қару-жарағы жоқ екенін, көбінің сапер күрегімен ғана қаруланғанын айтқан.
Бұл әңгіме жерлеуден кейінгі қаралы ас үстінде болды. Женяның анасы «ұлымды менімен бірге тәрбиелеп өсірді» деп мақтаған әжесі аста болған жоқ. Бірақ ол басқа аста – Женя оқыған Капица атындағы №425 мектептегі аста болды. Ол жақта бөлек берілген қаралы асқа Женяның мектепте бірге оқыған, «Скала» клубында бірге болған достары – қара түсті әскери форма киген ұлдар мен қыздар жиналды. Екі сағаттай бұрын олар «Эхо Москвы» радиосы тілшісін «Украинаны жақтадың» деп айыптап, Женяның жерлеу рәсімінен қуып жіберген. Толықтау денелеріне қара түсті киім киген әрі масайып алған бір топ ер адамның қоршауындағы әжесі ашулы кейіппен журналистердің дереу кетуін талап етті. Бірақ Женяның жылап жүрген достары бізді жылы қарсы алып, залға ертіп кіргенімен, ол арадан тез шығарып жіберді. Әлгі толық денелі, қара киімді ер адамдар бізді шығарған соң есікті тарс жауып алды. Ал мектеп дәлізінде екі қыз құшақтасып «Женька, Женька...» деп өксіп жылап келе жатты. Сірә, Женяның бұрынғы достары сияқты.
Татьяна Вольтскаяның мақаласын орыс тілінен аударған - Айжан Оралғазы.