ПРИГОЖИННІҢ "БҮЛІГІНЕ" РЕСЕЙ КӨРШІЛЕРІ ҚАНДАЙ РЕАКЦИЯ ТАНЫТТЫ?
АҚШ-тағы Atlantic Council зерттеу институты Еуразия орталығы директорының орынбасары Эндрю Д'Аньери Пригожиннің "бүлігіне" Ресеймен көрші елдер қандай реакция танытқанына үңіледі.
Atlantic Council зерттеу институтының сайтында шыққан мақалада Д'Аньери "Вагнер" жалдамалы әскер тобының "әділдік жорығы" Ресей президенті Владимир Путиннің әлсіздігін әшкере еткенін жазды. Ресей көршілерінің дағдарысқа қандай реакция танытқанына қарап, Кремль сахнасының сыртындағы оқиғаның бүкіл Еуразияға айтарлықтай әсер ететінін бағамдауға болады.
Пригожин бастаған "Вагнер" күштері Мәскеуге бет алғанда Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа телефонмен хабарласып, "ахуал туралы хабардар етті". Автор Қазақстан бүлікті "Ресейдің ішкі ісі" деп қысқа қайырғанына назар аударған.
2022 жылдың қаңтарында жаппай тәртіпсіздік зорлық-зомбылыққа ұласқанда Тоқаев өз билігін сақтап қалу үшін Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының күштерін шақырған. ҰҚШҰ күштері бірнеше сағаттан соң елге кіріп, жаппай тәртіпсіздік басылған соң, алты күннен кейін елден шығып кетті. "Енді Путинге де дәл осындай қауіп төнгенде Тоқаев Қазақстан оған көмектесе алмайтынын анық аңғартты", − дейді Д'Аньери.
Путин Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянға да телефон соқты. Автор Пашинян өзін хабардар етуді сұрағанымен, бұл әңгімелер салыстырмалы түрде бейтараптықты көрсетті дейді. Пашинян былтыр қыркүйекте Таулы Қарабақта Әзербайжанмен болған кезекті қақтығыста ҰҚШҰ-дан көмек сұраған, ұйымның сол уақытта көмекке келмеуі Пашинянның ашуын тудырды. Ресей − әлі де даулы Таулы Қарабақ аймағында тұрақтылықтың кепілгері және Арменияның басты қамқоршысы.
"Бүлік" кезінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкара Ресейдегі "бейбітшілік пен келісімді" қамтамасыз етуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі "заң үстемдігін" қолдайтынын айтты. Екі ел Мәскеумен коммерциялық және әскери қарым-қатынас ұстанады, бірақ өз билігінің легитимділігіне келгенде олар Мәскеуге тәуелді емес.
Ақыры Путинге Беларусь басшысы Александр Лукашенко көмектесті. Ол Пригожин мен Кремльге араағайын болып, "Вагнердің" жорығын тоқтата алды. Дегенмен автор Лукашенко таяу арада өзі проблемаға тап болуы мүмкін дейді. Себебі Украина әскері жағында соғысып жүрген Кастусь Калиновский полкі Лукашенкоға қарсы соғысуға үндеген.
МӘСКЕУ АЙМАҚТЫ БАҚЫЛАУДАН ШЫҒАРЫП АЛДЫ МА?
Қытайдың Орталық Азиядағы амбициясы өсіп жатыр, бұл Мәскеуге қалай әсер етеді? Мәскеу аймақты бақылаудан шығарып алды ма? Берлиндегі Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги орталығының директоры Александр Габуев пен ғылыми қызметкер Темур Умаров АҚШ-та шығатын Foreign Affairs басылымындағы мақалада осы сұрақтарға жауап іздеген.
Авторлар Сианьда өткен Орталық Азия – Қытай саммитінен кейін кейбір сарапшылар "аймақ үшін Пекин мен Мәскеудің таласында Қытай жеңіске жетті" деген сарында мәлімдемелер жасағанына назар аударады. Көптеген сарапшы бұған Ресейің соғыста әлсіреуі себеп деп есептейді.
Дегенмен Габуев пен Умаров Мәскеудің қолында ықпал ету тетіктері әлі де көп дейді. Соғыс басталғалы Мәскеу өз көршілеріне аймақ иерархиясындағы орнын ауық-ауық еске салып тұрады. Мәселен, былтыр Мәскеу өз аумағы арқылы қазақ мұнайын Еуропаға экспорттайтын Каспий құбыр консорциумының жұмысын төрт мәрте ішінара немесе толықтай шектеді.
Аймақ елдерінің экономикасы да Ресейге тәуелді. Қазақстан мен Қырғызстан негізгі тауарды Ресейден импорттайды. Орталық Азия мен Ресейдің саудасы былтыр 20 пайызға өсті. Аймақтан Ресейге баратын еңбек мигранттарының саны артып жатыр. Былтыр Ресейге 10 миллионнан астам мигрант барған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 миллион адамға көп.
Зерттеушілер Орталық Азияда Ресейдің ықпалы әлсіреп жатыр деген мәлімдеме тәрізді Қытай Ресейдің аймақтағы үстемдігін басуға тырысып жатыр деген тұжырым да дұрыс емес деп есептейді. Пекин мен Мәскеу пікірі бір жерден шықпаған жағдайда Ресейдің кері шегініп бейімделуден басқа амалы жоқ. Бірақ көп мәселеге келгенде Ресей мен Қытай бәсекелес емес.
Бұған дәлел ретінде зерттеушілер Қытайдың аймақпен сауда-саттык көлемі артып жатқанын келтіреді. Былтыр ол 70 миллиард долларға жетті, бұл кезеңде Ресей мен аймақтың сауда-саттығы 40 миллиард доллар болды. Қытаймен сауда-саттық көлемі негізінен аймақ елдерінің шикізат экспорты есебінен артты, Ресей өзі де шикізат экспорттайтын болғандықтан, ол тауарды қажет етпейді.
Ал аймақтағы қауіпсіздік мәселесінде Қытай мен Ресей мүддесі үйлеседі. Екі елдің де басты мақсаты − аймақтағы режимдерді сақтап, Батыстың келуіне жол бермеу. Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан Ресей бастаған ҰҚШҰ-ға мүше. Өзбекстан мен Түркіменстан ұйымға мүше болмаса да, Ресеймен екіжақты келісімдері бар, бұл олардың басқа мемлекеттермен қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынасын кеңейтуге жол бермейді.
Мәскеу аймақтағы қауіпсіздікті геосаяси бәсекелестік тұрғысынан қарастырса, Пекин коммерциялық мүддесін қорғайтын құрал деп есептейді әрі көрші елдердегі оқиғалар Қытайдың саяси тұрақтылығына әсер етпесе дегенді көздейді. Ауғанстандағы лаңкестердің аймақ арқылы келуінен қауіптенген Қытай 2018 жылы тәжік-ауған шекарасы маңына әскери база салды. Бұл Кремльдің шамына тиді, бірақ 2021 жылы салынған екінші база Мәскеудің қарсылығын тудырған жоқ.
Габуев пен Умаровтың топшылауынша, Ресей мұны бәсекелестік емес, қауіпсіздік саласындағы жауапкершілікті бөлісу деп қарастырды. Тәжікстандағы Қытай базаларына Кремль көзқарасының өзгеруі, зерттеушілердің ойынша, мынаны көрсетеді: Пекиннің аймақтағы үстемдігінің артуы Ресейдің еркінен тыс болып жатқан жоқ. Орталық Азияда ықпалға талас туындаған күннің өзінде Мәскеу мен Пекин екіжақты достық қарым-қатынасқа басымдық береді.
Болашақта Қытай-Ресей күштерінің асимметриясы бір жаққа ығысып, Қытай жетекшілігі Кремль келісімінсіз-ақ Орталық Азия саясатына араласатындай қауқарға ие болуы мүмкін. Бірақ бұл екі державаның ортақ мүддесі мен аймақтағы авторитар режимдерді қолдауына зиян келтірмейді. Екі ел қақтығыстан гөрі серіктестікке көбірек мүдделі.
АСТАНА, БАКУ МЕН ТБИЛИСИ РЕСЕЙДІ АЙНАЛЫП ӨТЕТІН ДӘЛІЗДІ ЖЕТІЛДІРМЕК
Eurasianet басылымы Қазақстан, Әзербайжан мен Арменияның Ресейді айналып өтетін бағытты жетілдіруге күш салып жатқанына назар аударады.
Қазақстан Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізіндегі тар өткелді кеңейту үшін Әзербайжанмен және Грузиямен бірлескен логистикалық компания құру жөніндегі келісімге келді. Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Оңтүстік Кавказға сапары кезінде тиісті келісімге қол қойылды.
Бірлескен логистикалық компанияның мақсаты − Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдауды жеңілдетіп, тариф процесін оңтайландыру.
Транскаспий немесе Орта дәліздің болашағы жайлы пессимистік талдаулар жүк бірқатар елдің шекарасынан өтуі керек дегенді алға тартатын. Әзербайжан, Қазақстан мен Грузияның бірлескен логистикалық компаниясы осы кедергіні еңсеруге көмектеспек.
Қазірдің өзінде тауар тасымалдау айтарлықтай жеңілдеді. Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Транскаспий дәлізі арқылы Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдау мерзімі былтырғы жылмен салыстырғанда 53 күннен 18-23 күнге қысқарғанын жеткізді. Мақсат − бұл мерзімді 10-15 күнге дейін қысқарту.
Мақала авторы Алмаз Куменов тасымалданған тауар көлемі көп болмағанымен, мұның өзі оң өзгеріс дейді. Жыл басынан маусым айына дейін дәліз арқылы 1 миллион тоннадан астам тауар тасымалданды, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 64 пайыз көп.
Үш ел бірігіп тауар жеткізу мерзімін қысқарта алуы мүмкін, бірақ тасымалданатын тауар көлемін арттыру үшін жаңа инфрақұрылымға инвестиция салу керек.
Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің бас хатшысы Гайдар Абдукеримов Каспийдің транзит әлеуетіне кедергі келтіретін дәліздегі ең тар аймақ − Оңтүстік Кавказ екенін айтты. Порт инфрақұрылымының айтарлықтай дамымауы өткізу қабілетіне кері әсер етіп отыр.
Мұны Смайыловпен кездесуде Грузия премьер-министрі Иракли Гарибашвили де мойындады. Ол дәліздегі тар жерлерді кеңейтіп, Орта дәлізді дамыту үшін серіктестікті күшейтетінін жеткізді. Сонымен қатар жаңа порт салу мен теміржолды жаңарту жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?Жанама санкция қаупі және Қытайдың Орталық Азиядағы "синофобиямен күресі"Тәжікстанда Қытайдың климатты "бақылау" станциясы ашылды. Тыңшылық қаупі қандай?"Қазақстан ураны үшін геосаяси тартыс" және Мәскеу мен Пекиннің "тапшы ресурсқа таласы"Қытай мен Ресейдің достығы Орталық Азияға қалай әсер етеді?