Франция қандай азаматтарынан айырылды?

Қаза тапқан француз карикатурашысы Жан Кабю.

Париждегі Charlie Hebdo журналына жасалған террорлық шабуылдың кесірінен Франция талантты карикатурашыларынан айырылды.

Журнал редакциясына тал түсте кіріп келіп, автоматтан оқ жаудырған терроршылардың 12 адамды өлтіргені белгілі. Қаза тапқан кісілердің арасында Францияның танымал төрт карикатурашысы бар.

Қанды шабуыл бүкіл Франция халқын есеңгіретіп тастады, себебі олар салған сықақ суреттер франуздардың тұтас бір буынын тәрбиелеген еді.

ЖАН КАБЮ («Кабю»), 76 жаста

Дөңгелек көзәйнек таққан, қобыраған бұйра шашты Кабю Charlie Hebdo журналындағы жетекші маманның бірі болатын.

Ол суреттерін Францияның ірі басылымдарында, соның ішінде Le Monde, Le Figaro газеттерінде және тағы бір әйгілі сатира апталығы Le Canard Enchaine басылымында жариялаған еді. Ол Charlie Hebdo-дан бұрын шыққан Hara-Kiri газетіне 1960 жылдары жұмыс істеген. Сонда ол Волински, Гебе және Рейзер сияқты белгілі карикатурашылармен танысады.

Оның ең танымал кейіпкерлері – ебедейсіз де бұзақы Grand Duduche есімді бала және француз шовинистері мен расистерінің жиынтық бейнесі – Beauf.

1970-1980 жылдары ол Франция тұрғындарына өте танымал болған Recre A2 балалар телехабарына қатысып, тікелей эфирде түрлі суреттер салып отырған.

Ол – Мано Соло есімді әншінің әкесі. Әнші 2010 жылы қайтыс болған.

Бір сөзінде Кабю «қаздың қауырсынымен сурет салған күндерімді ешқашан ұмытпаймын» деген еді.

ЖОРЖ ВОЛИНСКИ, 80 жаста

Әкесі поляк, шешесі итальян Жорж Волински Тунисте дүние келген. Ол француз карикатура өнерінің көзі тірі беделді ақсақалы саналған. Жорж сурет салуды Charlie Hebdo журналы ашылардан көп бұрын бастаған. Charlie Hebdo 1970 жылы, Франция билігі Hara-Kiri газетін жапқаннан кейін ашылған еді. Волински карикатуралары сол уақытқа дейін Францияның беделді солшыл журналдары мен газеттерінде жарияланып келген.

2005 жылы ол Францияның ең жоғарғы марапаты - Legion d'Honneur («Қастерлі легион») сыйлығын алған.

Волински бір сөзінде «Кабю екеуміз басымызға бәле іздеп жүрген арандатушы емеспіз. Біз тек кісіні күлдіретін, қызық, әдемі сурет салуды қалаймыз. Кей кездері тым қатты кететініміз бар, бірақ мұнымыз халыққа ұнайды» деген еді.

СТЕФАН ШАРБОНЬЕР («Шарб»), 47 жаста

Charlie Hebdo журналында 15 жыл қызмет істеген ол 2009 жылы осы журналдың бас редакторы болды. Оның ең ұзақ «өмір сүрген» кейіпкерлері - анархист ит Морис пен фашист мысық Патапон.

2011 жылы журнал Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жариялаған соң оны өлтіреміз деп қорқытушылар көбейді. Содан бері оны полиция күзетіп келген.

Сол суреттер шыққаннан кейін журнал редакциясына өрт қойылып, оның веб-сайтына хакерлік шабуыл жасалған.

Стефан Шарбоньердің соңғы карикатурасында исламшыл террорист бейнеленген. Суреттегі терроршы «Францияда әлі теракт жасамадық. Тұра тұр! Қаңтардың соңына дейін бұл арманымызды орындауға уақыт бар!» деп тұр.

БЕРНАРД ВЕЛЬЯК («Тинью»), 47 жаста

Тиньюдің карикатуралары қарапайым болғанымен, шақар еді. Ол осы суреттерімен 1980 жылдардан бері француз баспасөзінде кеңінен танылған.

Ол туындыларын тек Charlie Hebdo журналына ғана емес, L'Express, Le Monde, Marianne басылымдарында да жариялап отырған. Сонымен бірге ол Fluide Glacial комикстер журналына да сурет салып келген болатын.