"Ол - жігіт емес". Грозныйда жоғалған адамның тағдыры беймәлім

Шешенстанда жоғалып кеткен Андрей Кобышев.

48 жастағы Андрей Кобышев 2017 жылы наурыздың ортасында жоғалып кетті. Наурыздың 12-сі күні туысы Петр Кравченкоға хабарласқан ол аяғы ауырып тұрғанын айтып, таныс фельдшердің телефонын сұраған. Петр Андрейге сұраған нөмірді жібергенін, бірақ өзімен қайта сөйлесе алмаған: Андрейдің қос телефоны да сөндірулі болған.

Андрей Кобышев өзі туып өскен Волгоград облысындағы Гончаровкадан ұзап шықпаған. Жергілікті фермада мал дәрігері болып жұмыс істеген. Екі әпкесі тұрмысқа шығып, ауылдан кетіп қалған, ағасы қайтыс болған. Сергей отбасын құрмаған. Туыстарының айтуынша, жас күнінде кездесіп жүрген қызы ол әскерден келгенше күтпеген. Андрей қашан үйленетінін сұрағандарға әзілмен жауап беретін, анасымен бірге тұрған жігіт үй шаруашылығымен айналысқан.

Андрей Кобышев.

Кобышевтың туысы Сергей Титов Азаттыққа Андрейдің 2014 жылы мал дәрігері мамандығын сырттай оқығанын, бірақ дипломын алғаны я алмағанын нақты білмейтінін айтты. Сергейдің сөзінше, 2015 жылдың соңынан бастап ақша табу үшін Мәскеуге баруды жиілеткен Андрей сонда күзетші болып істейтінін айтқан. Ал шын мәнінде, 2016 жылдың қараша айынан бастап ол Грозныйда әуелі бассейнде, кейін екі моншада массажист боп істеген. Жұмыс бөлмесінде түнеп, күнелткен. Грозныйда Кобышевқа массажға барған азаматтардың бірі Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Андрейдің өз жұмысын жан-тәнімен беріле істейтін адам болғанын айтты.

Андрей Шешенстандағы жұмысы туралы тек туысы Сергей Титовқа қана айтқан. "Басында ол күреске баулитын спорт клубында істеген. Ол жақта аяқ-қолын шығарып, сындырып алатындар көп қой. Андрей сол жерден массаж үстелін жалға алған. Маған онда жұмыс істейтінін ешкімге айтушы болма деп ескерткен. "Жұмыс істейтін жерді тапқан екенсің! Бір жағдайға ұшырасаң, сені ешкім таба алмайды" дегенмін. Ол "Қара аспанды төндіріп тұрсың" деп жауап берді" дейді Сергей.

Оның сөзінше, Кобышев Шешенстаннан шаршағанын айтып, туысына "өзің тұратын Саратовтан жұмыс тауып бер" деп қолқа салған. Ол Грозныйға заттарын алып келем деп кеткен.

КӨЗГЕ ТҮСПЕГЕН ЖОЛАУШЫ

2017 жылы наурыздың 21-і күні Кобышевтың анасына бейтаныс жас жігіт хабарласып, Андрейдің телефонын Грозный-Мәскеу бағытындағы поездың жүк қоятын орнынан тауып алғанын айтқан. Андрей вагоннан табылмаған соң, туыстары полицияға арыз жазған.

Андрей Кобышев Шешенстан аумағында жоғалып кеткендіктен, оны іздеу жұмысымен алдымен Шешенстан ішкі істер министрлігі, кейін Шешенстан тергеу комитеті айналысқан. Азаттық танысқан іс материалдарына сәйкес, әріптестері Андрейді соңғы рет наурыздың 13-і күні таңертеңгі сағат 11 шамасында көрген: ол өзі жұмыс істеген моншалардың біріне асығыс келіп, сөмкесінен бір зат алған. Әріптестері оның бір нәрсеге қобалжып тұрғанын байқаған. Андрей содан бір күн бұрын түнде моншаға қонбаған. Келесі күні Андрей жұмысқа шықпаған, жұмысындағылар оған телефон шалғанымен сөйлесе алмаған, бір әріптесі оған WhatsApp мессенджерімен хат жіберген. Андрейден оған Хасавюртте тұратын досына кетіп қалғаны, жұмысына ескертуді ұмытып кеткені жайлы жауап келген. Содан кейін таныстары Андреймен сөйлеспеген.

Ресей Қылмыстық кодексінің 105-бабы ("Адам өлтіру") бойынша қазанның 31-і күні қозғалған іс материалдарынан Шешенстан тергеушілерінің істі барынша созғанын байқауға болады. Полиция Кобышевтың әріптестерін тергегенімен, оның телефоны табылған вагондағы жолаушылар тізімін бір жылдан кейін, 2018 жылдың мамыр айында бір-ақ сұратқан. "Ресей темір жолы" компаниясының Шешенстандағы филиалы "жолаушылар туралы ақпарат тек 9 ай ғана сақталады" деп жауап берген. Жолсерік Кобышевты есіне түсіре алмаған. Сондықтан ол поезға өзі мінді ме, әлде Кобышевтың алдын-ала қуатталған телефонын бөтен біреу вагонға әдейі тастап кетті ме, ол жағы белгісіз.

Андрей Кобышевтың Грозныйда түскен суреті.

Кобышевтың туысының айтуынша, 2017 жылы тамыздың ортасында Андрейдің анасына Шешенстан ішкі істер министрлігі қызметкері хабарласқан. Туысы Петр Кравченконың айтуынша, ол адам: "Андрей оралды ма? Ол ендігі үйінде шығар, бізді неге қинайсыздар?" деп сұраған. Оның алдында, маусымның 18-і күні белгісіз біреу Грозныйдан 500 шақырым, Гончаровкадан 250 километр жердегі Ростов облысы Сальск станциясынан Кобышевтың атына билет алыпты. Билетті кассадан Андрей Кобышевтың паспортымен сатып алып, поезд жүріп кеткен соң 25 минуттан кейін дәл сол кассаға қайта өткізген. Кобышев іздеуде болғанына қарамастан, кассир полиция шақырмаған. Шешенстан ІІМ қызметкерінің бұл сөзінен кейін Андрейдің туыстары бірден Сальск станциясына барғанымен, мән-жайды анықтай алмаған. Петр Кравченконың айтуынша, олар тергеушіден бірнеше рет Сальск станциясындағы бейнекамералардың жазбасын тексеруді сұраған. Ол жазбаларды полиция тек желтоқсан айында ғана алдыртқан. Кассир мен темір жол вокзалының бастығынан да сол кезде жауап алған. Кассир есінде ештеңе қалмағанын, ал темір жол вокзалы бастығы камера жазбалары 30 күн ғана сақталатынын айтқан.

2018 жылы маусымның 7-сі күні тергеу ісі тоқтаған.

"ӨЗ АРАЛАРЫҢАН ІЗДЕҢДЕР"

2019 жылы қаңтарда Шешенстандағы гейлерге қарсы жасалған қастандық кезінде жапа шеккендердің ішінде өз атын ашық айтып, полицияға арыз беруге келіскен жалғыз азамат – Максим Лапунов Андрей Кобышевтың жоғалып кеткені туралы хабарландыруды көрген кезде, бұл адаммен Шешенстан қылмыстық іздестіру басқармасының жертөлесінде бірге отырғаны есіне түскен. Жәбірленушілердің сөзінше, Шешенстанда гейлерді жаппай ұстау және азаптау 2016 жылы желтоқсанда басталған. Бірақ бұл туралы тек 2017 жылдың сәуір айында, Кобышев жоғалғаннан кейін екі аптадан соң белгілі болған. Лапуновтың айтуынша, оны жыныстық ерекшелігіне бола наурыздың 15-28 күндері аралығында Қылмыстық іздестіру басқармасы жертөлесінде заңсыз қамауда ұстағандар одан танитын шешен гейлердің байланыс нөмірлерін беруді талап етіп, азаптаған. Лапунов "Новая газета" басылымына берген сұхбатында өзімен бірге жертөледе қамауда болған ондаған тұтқынның бір бөлігін билік гомосексуал деген күдікпен ұстағанын айтқан.

"Новая газета" заң бойынша басқарма ғимаратында ешкімді ұстауға болмайды, өйткені онда тұтқындарға арналған орын жоқ деп жазды.

Максим Лапунов ақпан айында "Азаптауға қарсы комитет" заңгері Владимир Смирновқа берген түсініктемесінде өзімен бірге отырған тұтқындардың бірі Андрей Кобышев екеніне сенімі кәміл екенін, оның үстінде Андрейдің үстінде оған іздеу салған хабарламадағы суреттегідей қара көк түсті жемпір болғанын айтқан. Лапунов Андрей Кобышевтың атын өзінің алғашқы сұхбаттарында да атаған, тек тегін қате көрсеткен. Лапуновтың сөзінше, бір күні олар Кобышевпен бірге жертөле еденін жуған кезде аз уақыт тілдескен. Кобышев оған массажист боп істегенін, Волгоградта туғанын, Лапуновпен бір күнде ұсталғанын және өзін полицияда ұрып-соққанын айтқан. Лапунов Андрейдің мойны, арқасы мен белінен көгерген іздер байқаған. Лапунов Кобышевтан "Сені де гей болғаның үшін ұстады ма?" деп сұрағанда, ол "Иә" деп жауап берген. Лапунов Кобышевтың қылмыстық іздестіру басқармасы қызметкерлеріне "Волгоградта әйелім мен балаларым қалды" дегенін естіген, бірақ мұнысы ақталудың амалы болар деп топшылаған.

Лапуновтың сөзінше, Кобышев ас-су ішпеген. Ол камерасына әкелген асты тиіспеген күйі кейін қайтарып отырған. Кейін Кобышевты әжетхананың жанындағы камераға ауыстырған. Лапунов Кобышевты соңғы рет наурыздың 27-і күні өзі босап шығардан бір күн бұрын түнде көрген. Әжетханаға барар жолда кездескен Лапунов Кобышевтың қатты жүдегенін байқаған. Ал Кобышевтың телефонын наурыздың 21-інде Мәскеуге жіберген.

Шешенстан құқық қорғау органдары жоғалған азаматтың телефонына не болғанын білуге асықпаған. Телефондағы қоңыраулар мен географиялық орны жайлы деректерді алу туралы өтінішті 2017 жылы қарашада берген. Алынған деректер тағы біраз уақыт қараусыз жатқан. Қаңтардың 22-сі күні тоқтатылған іс қайта қозғалған соң, Грозныйдың Ленин аудандық тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары М.Абдулаев Кобышев телефонындағы қоңыраулар туралы мәліметтерді алуға бұйрық берген. Тергеу комитетінде жатқан телефондағы деректер келесі күні іс материалдарына қосылған. Ондағы деректер Кобышевтың телефоны ұзақ уақыт бойы Лапунов "бізді осында ұстады" деп көрсеткен жерге жақын маңда жатқанын дәлелдейді.

Андрей Кобышевтың телефоны желіге соңғы рет қосылған жердің картасы.

Грозный-Мәскеу бағытындағы поездан жолаушы тауып алғаннан кейін Кобышевтың телефоны желіге қай жерде, қашан қосылғаны көрсетілген карта.

Кобышев телефонындағы қоңыраулар жазбасы наурыздың 8-інен басталады. Бұл күні Андрей туыстары мен әріптестерін халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған. Оның телефоны үнемі Грозныйдың түрлі тұсынан, оның ішінде жұмыс орнының маңында тіркелген. Әріптесі "Андрей сенбілікке шықпады" деп көрсеткен наурыздың 14-нен бастап, оның телефоны 15 сағат бойы үздіксіз Грозныйдың Гвардейская көшесіндегі Шешенстан қылмыстық іздестіру басқармасы орналасқан жолдың қарсы бетіндегі станциядан сигнал таратқан. Біреу телефонды интернетке қосқан, бірақ ешкімге хабарласып, хабарлама жібермеген. Наурыздың 15-і күні Кобышевтың нөмірінен Шешенстанда тіркелген мобильді нөмірге қоңырау түскен. Бірнеше сағаттан кейін нөмір иесі Кобышевқа хабарласқан. Азаттық радиосы бұл нөмірді интернеттен іздеп, автокөлік сатылатыны туралы хабарламаның астынан тапқан. Телефон иесі ер адам деп көрсетілген. Телефон тұтқасын ешкім көтермегендіктен, Азаттық тілшісі одан артық ештеңе анықтай алмады. Лапунов пен шешен күш құрылымдарынан жапа шекті деп танылған басқа азаматтардың айтуынша, олардың көбін таныс гейлерге хабарласып, алдап кездесуге шақыруға мәжбүрлеген. Наурыздың 16-сі күні кештен бастап, Кобышевтың телефоны бес күн бойы өшірулі болған. Осыдан соң кенеттен Мамсуров көшесіндегі Республикалық емдеу-диагностикалық орталығына жақын станция маңында телефон қайта қосылған. Шешенстан тергеу комитетінің жергілікті денсаулық сақтау органдарына жіберген сұраныс хатына "Грозный ауруханаларына аты-жөні Кобышевтікіне ұқсас адам түспеген" деген жауап келген. Бірақ тергеушілер хатта нақты Республикалық емдеу-диагностикалық орталығын көрсетпеген. Ауруханаға жақын жерде қосылған телефонға бірден Андрейдің туыстары мен таныстарынан келген хабарламалар мен қоңыраулар түсе бастаған. Бірақ Кобышев оның ешбіріне жауап бермеген. Осыдан соң телефонды тапқан жас жігіт оны Грозныйдан Воронежге жеткізіп, ақыр соңында телефон Кобышевтың Волгоградтағы туыстарының қолына түскен. Олардың айтуынша, телефонда порнографиялық видео болған. Олар видеоны тергеушіге тапсырған. Петр Кравченконың айтуынша, тергеуші видеоны көргенде "Ол - жігіт емес" деген қысқа қайырған.

ОМБУДСМЕННІҢ САЛҒЫРТТЫҒЫ

"Азаптауға қарсы комитет" заңгері Владимир Смирнов Азаттыққа биыл наурыздың 1-і күні Максим Лапуновтан алған түсініктемесін Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москальковаға жеке тапсырғанын айтты. Наурыздың 18-і күні омбудсмен кеңсесі куәгердің жазбаша түсініктемесі тергеу комитеті төрағасының орынбасары Игорь Красновқа берілгенін хабарлаған.

Кобышевтың ісі – кісі өлтіру бойынша қозғалған іс.

Смирновтың сөзінше, Москалькова Кобышев пен Лапуновтың ісін біріктіруге себеп жоғын айтқан. Лапуновтың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалмаған, ал Шешенстан билігі республикада гомосексуалдар бар екенін жоққа шығарған. Владимир Смирновтың айтуынша, тергеушілер Лапунов "жертөледе болдым" деп көрсеткен күндері Шешенстан бойынша қылмыстық іздестіру басқармаларында жұмыс істеген қызметкерлердің аты-жөнін анықтай алмаған. Тергеушілер сол күндері Лапунов телефонының қай жерде болғаны туралы деректі де тексермеген. Заңгердің пікірінше, бұл Лапунов пен Кобышевтың бір жерде болғанын растауы не жоққа шығаруы мүмкін еді.

"Кобышевтың ісі – кісі өлтіру бойынша қозғалған іс. Біз Андрейді соңғы күндері көрген куәгер Максимнің сөзін беріп отырмыз. Бірақ ресейлік тергеушілер тарапынан ешқандай әрекет байқалмайды. Олар Максим Лапуновтың ісін тежеп отырғанымен қоймай, Кобышевтың өлтірілгені туралы істе де салғырттық танытып отыр" дейді Владимир Смирнов.

Смирнов пен Москалькова кездесуінен соң, бірнеше өңірлік тергеу комитетінің парақшасында Кобышевқа іздеу салынатыны туралы хабарламалар жарияланды. Соған қарағанда, оны іздестіру бойынша іс қайта қозғалғанға ұқсайды. Азаттық Шешенстанның тергеу комитеті мен ішкі істер министрлігіне және Татьяна Москальковаға берілген ақпаратты растауды сұрап, "Кобышевтың ісінде оны Шешенстан құқық қорғау органдары қызметкерлері ұрлап әкеткені туралы жаңа нұсқа қарастырылып жатыр ма?" деген сауал жолдады. Шешенстан тергеу комитеті Азаттыққа тергеу комитетінің орталық аппаратына жөн сілтеді. Ал ішкі істер министрлігі мен омбудсмен хатқа заңда көрсетілген жеті күн ішінде жауап берген жоқ.

(Азаттықтың Орыс қызметінің материалынан аударылды.)