Қазақстанның мұнай өндіру саласындағы келісім-шартқа қол жеткізу үшін жоғары лауазымды кейбір тұлғаларға миллиондаған доллар пара берді деп айыпталып келген АҚШ бизнесмені Джеймс Гиффеннің сот ісі аяқталды. Гиффен өзінің шетелдердегі есеп-шоттары туралы ақпаратты жасырып келгенін мойындады.
АТЫШУЛЫ ІСТІҢ АҚЫРЫ
Ассошэйтед пресс агенттігінің жазуынша, тамыздың 6-ы күнгі Нью-Йорктің федералды сотының отырысында Джеймс Гиффен салық қызметінен өзінің шетелдердегі банктік есеп-шоты туралы ақпаратты жасырып келгенін мойындаған. Гиффенге бір жылдық түрме жазасы кесіліп, 25 мың доллар айыппұл салынуы мүмкін деп хабарлайды Ассошэйтед Пресс агенттігі. Сонымен қоса, Гиффеннің “Mercator Corporation” компаниясы 1999 жылы жаңа жылға сыйлық ретінде Қазақстанға құны 16 мың доллар тұратын қарда жүргіш екі шана сыйлап, АҚШ-тың коррупцияға қарсы заңын бұзған деп айыпталды.
Алғашында АҚШ прокурорлары Джеймс Гиффен мен оның компаниясы Қазақстанда мұнай саласындағы келісімдер жасау кезінде миллиондаған доллар қаржыны жымқырды деген айып таққан. Ол қаржының бір бөлігі Джеймс Гиффен мен Қазақстанның жоғары лауазымды кейбір тұлғаларының швейцариялық банктегі есеп-шотына түсіп отырған делінген еді. Кейін ол айыптаулар түсіп қалған еді деп жазады Ассошэйтед Пресс агенттігі.
2003 жылдың наурыз айында Джеймс Гиффен ұсталғанда, оған мұнай өндіру келісім-шарттарына қол қоюға рұқсат алу үшін Қазақстан басшылығындағы кейбір тұлғаларға миллиондаған доллар көлемінде пара берді деген айып тағылған. Джеймс Гиффен 1990 жылдары бірқатар америкалық компаниялардың Қазақстандағы делдалы болып қызмет атқарған.
«ҚАЗАҚГЕЙТ» ҚАРЖЫСЫНЫҢ АЗ ҒАНА БӨЛІГІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА ЖҰМСАЛЫП ЖАТЫР
Ал саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, АҚШ азаматы Джеймс Гиффенге қатысты сот ісінің жоғарыда айтылғандай аяқталуы АҚШ пен Қазақстан арасындағы жаңа келісімдердің басы болуы ықтимал.
- Соттың мұндай шешімі – Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы үлкен келісім-шарттардың бастауы деп есептеймін. Жалпы, Джеймс Гиффен мырза жеңіл құтылды деп есептеуге болады. Яғни оның АҚШ үкіметімен, АҚШ-тың басқа да мемлекеттік қызметімен жұмыс істегенінің дәлелі болып тұр, - дей келе,
- АҚШ үкіметі бұл істің тым қатты өрбуіне мүдделі емес. Әрине Джеймс Гиффен мемлекеттің шаруасымен жұмыс істедім дейтін адам болса, ол да белгілі бір ойын ережесін сақтауға мәжбүр болды. Бірақ оның есебі түгел екеніне ешкімнің күмәні жоқ шығар, - деді Айдос Сарым.
Ал, заңгер Сергей Уткиннің ойынша, Джеймс Гиффеннің арнайы қызметтің тапсырмасымен Қазақстанның жоғары лауазымды кейбір тұлғаларына мұнай өндіру келісім-шартына қол жеткізу үшін ірі көлемде пара бергені рас болуы мүмкін:
«Ақшаға сатып алу мәселесі тапсырма бойынша болуы ықтимал және оның солай болу керек екенін арнайы қызмет білген болуы мүмкін. Сондықтан оны ол үшін айыпты деп емес, салықтан жалтарған үшін айыпты деп тапқаны содан болса керек. Әрине, ешкімді ақшаға сатып алмаған деп жүз пайыз айтуға болмайды. Мен істің материалымен толық таныс емеспін», - деді Сергей Уткин.
«Қазақгейт» ісіне байланысты Швейцария банктерінде тұтқындалған 84 миллион АҚШ долларын игеру мақсатында 2008 жылы «Бота» қоғамдық қоры құрылған. Қордың мақсаты - Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардағы балалар мен жастардың әл-ауқатын, яғни денсаулығын, білім алу мен әлеуметтік жағдайын жақсарту. Аталған қор үш бағдарлама бойынша жұмыс жасап жатыр.