Accessibility links

Джеймс Гиффеннің «Қазақгейт» ісі бойынша сот шешімін күткеніне жеті жыл болды


АҚШ Әділет министрлігінің ғимараты.
АҚШ Әділет министрлігінің ғимараты.

Америкалық кәсіпкер Джеймс Гиффенге қарсы сот отырысы шілденің 29-ына ысырылды. Қазақстанның лауазымды тұлғаларына пара берді деп АҚШ билігі таққан айыпты Гиффен мойындаған жоқ. АҚШ заңгерлері арасында бұл сот процесі аяғына дейін жететіндігіне күмәнмен қарайтындар көбейіп келеді.



ГИФФЕН ӨЗІНЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ


Осыдан жеті жыл бұрын Қазақстанға ұшып кетпек болып тұрған жерде тұтқындалған Джеймс Гиффен Қазақстанның кейбір лауазымды тұлғаларына пара берді деп өзіне АҚШ билігі таққан айыпты мойындамай отыр.

Жасы жетпіске жақындаған Джеймс Гиффен 2003 жылы халықаралық ауқымда пара берумен айналысты деген айыппен тұтқындалған соң, алты ай уақыт мерзім өткенде америкалық сот оған 2004 жылдың күзінде сот алдында жауапқа тартылатынын құлақққағыс еткен еді. Гиффен әлі күнге дейін өз сотының басталуын күтіп жатыр, деп жазады «Бизнес уик» журналы. Ол шілденің 16-сы күні Манхэттендегі федералдық сотқа осымен жиырмасыншы рет келуі тиіс еді. Алайда, аталған сот отырысы шілденің 29-ына қалдырылды.

2003 жылдың наурыз айында Джеймс Гиффенге мұнай өндіру келісім-шарттарына қол қоюға рұқсат алу үшін Қазақстан басшылығындағы кейбір тұлғаларға 84 миллион доллар мөлшерінде пара берді деген айып тағылды. Джеймс Гиффен 1990 жылдары бірқатар америкалық компаниялардың – соның ішінде Mobil мұнай компаниясының да – Қазақстандағы делдалы болып қызмерт атқарды. Қазір Exxon Mobil компаниясының құрамына енетін Mobil компаниясына мұндай айыптау тағылмаған.

Айыптаушылардың сөзіне қарағанда, Гиффен Астанадағы лауазымды тұлғаларды алты бірдей мұнай өндіру келісім-шартына қол қоюға көндіру үшін оларға пара берген. Аталған келісім-шарт арасында Mobil компаниясының Теңіз мұнай кенішінің үлесін сатып алуына қатысты да келісім-шарт бар делінеді. Теңіз мұнай кеніші әлемдегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі деп есептеледі.

АҚШ азаматы Гиффеннің айтуынша, Американың арнайы құпия қызметі оның іс-әрекеттеріне толық ерік берген немесе өз қимылдарымен Гиффенді ахуал нақ осылай екен ғой деп сенуге итермелеген. Күні бүгін оның адвокаттары мен прокурорлар АҚШ мемлекетінің құпия құжаттарын оқуға Гиффеннің қаншалықты құқы бар деген сауалға жауап іздеп шарқ ұруда. Ол құжаттар айыпталушы адамға сот процесі барысында айтарлықтай көмек беруі мүмкін.

Сот процесінің кейінге ысырыла беруі Қазақстан басшылығын сынап жүрген топтар арасында неше түрлі қауесет пен жорамалдың өрбуіне себепші болды. Сот хаттамасына қарағанда, 2002 жылы ресми Астана америкалық тергеу орындарының тергеу жұмысына бөгет қоймақ болған екен.


ӘЛЕМДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС


Прокурорлар аталған істі тергеу туралы шешім қабылдаған кезде, бұл іс «Шетелдерде пара беруге тыйым салу туралы» АҚШ заңының баптары негізінде жүргізіле бастаған ең ірі іс болып саналған еді. Америка заңдары АҚШ компаниялары мен осы елде жұмыс істейтін адамдарға кәсіпкерлік келісім-шарттарға қол қоюға жол ашу үшін шетелдік шенеуніктерге пара беруге тыйым салады.

Өткен жылы АҚШ-та «Шетелдерде пара беруге тыйым салу туралы» заңның баптары бойынша жүргізілген үш істе айыпталушы тарап өз кінәсін ресми түрде мойындады. Ол мынадай сот істері еді: 2005 жылы басталған Әзірбайжандағы пара беру жайлы іс; 2007 жылы басталған нигериялық жоғары лауазымды шенеунікке пара беруге қатысты айыптау ісі және Таиландта пара беруге қатысты 2008 жылы басталған іс, деп атап көрсетеді журнал.

Наурыз айында Германиядағы «Мерседес-Бенц» аутокөліктерін өндіретін Daimler AG фирмасы Американың сот орындары тергеген пара беру ісіне байланысты тоқсан миллион доллардан астам мөлшерде айыппұл төлеуге келісімін берді. Әлемде телефон байланыс жүйелерінің тораптарын жеткізумен айналысатын ең ірі компания саналатын Alcatel-Lucent SA фирмасы биылғы ақпан айында 140 миллион доллардай айыппұл төлеуге мәжбүр болды.

Шілде айының 7-сі күні ENI корпорациясы мен оның бұрынғы голландтық филиалы да 370 миллион доллардай айыппұл төлеуге көнді. Аталған корпорация мен оның филиалына «Нигерия үкіметінің шенеуніктеріне құрылыс келісім-шарттарына қол қойдырып алмақ болып пара берді» деген айып тағылған еді.

Осы аталған сот істерінің барлығынан бұрын басталса да, Гиффен ісінде әлі қозғалыс жоқ, деп атап көрсетеді журнал. Бұл іс бойынша күнібұрын жоспарланған бес сот отырысының барлығы да нәтижесіз өтіп, еш шаруа тындырмаған.

Аталған іспен айналысатын соттар мен прокурорлардың айтуынша, Америка үкіметінің агенттіктері АҚШ Әділет министрлігі шенеуніктеріне керекті құжаттарды беруде шабандық танытып отырған көрінеді.

«Үкімет осы тергеуді өзі бастаған болатын, – деді сәуірдің 13-і күнгі сот отырысы барысында АҚШ-тың федералдық округтік соты Уильям Поли. – Демек, үкімет мекемелерінің түк бітірмеуі және өз міндеттерін атқаруға қатысты сөздерге құлақ аспаған күйі отыра бергені жараспайды».


АЙЫПТАУШЫЛАРДЫҢ МҰРАТЫНА ЖЕТУІ ЕКІТАЛАЙ


«Шетелдерде пара беруге тыйым салу туралы» АҚШ заңының баптарымен байланысты істерді қарастыруға маманданған Вашингтондағы Baker & McKenzie LLP компаниясының заңгері Ричард Дин Америка заңгерлерінің арасында қазіргі кезде бір пікірдің кең таралып отырғанын айтады. Ол пікір Джеймс Гиффеннің ісін тергеп жатқан сот процесі оның айыпты екені не кінәсіздігі туралы үкім айтылатын мәреге дейін бәрібір жетпейді дегенге саяды.

«Жалпы бұл істен алатын сабақ келесідей: сіз неғұрлым сот процесін соза түссеңіз, соншалықты үкіметтің аталған сотқа деген ынтасының кеми беруіне мүмкіндік аласыз. Себебі, мұндайда сот процесін аяғына дейін жеткізу өте ауырлап кетеді, – деп түсіндіреді Ричард Дин өз сұхбатында. – Бұл кең қолданылып келе жатқан әдіс. Яғни, кейінге қалдыру – қорғаушы тараптың (соттағы) одақтасы».

Аты-жөні аталмаған Қазақстан шенеуніктері АҚШ-тан Гиффеннің ісін тергеуді шектеуді өтінген. Бұл 2002 жылы осы іспен байланысты бір процестің хаттамасы мен ондағы сот үкімінің мазмұнынан белгілі болып отыр.

Қазақстанның мүддесін қорғаумен айналысып жүрген заңгер Рэйд Вайнгартен сол жылы өзінің АҚШ Әділет министрлігіне жолдаған хатында: «егер прокурорлар осы іс барысында Қазақстан шенеуніктерін қудалай бастаса, онда АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы бұзылып кетуі мүмкін» деп атап көрсеткен болатын.

Орталық Азиядағы адам құқтарын қорғау мәселесімен айналысатын, Нью-Йорктегі Eurasia Democracy Initiative атты үкіметтік емес ұйымның жетекшісі Питер Залмаев Гиффен ісінің созылып кетуі тегін емес дейді.

Питер Залмаевтың сөзіне қарағанда, аталған істің бір орнында бүйтіп тұралауының себебі АҚШ президенті Джордж Буш пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында 2006 жылы жүргізілген келіссөзде жатыр екен. Осы келіссөз барысында екі тарап АҚШ-тың Қазақстан мұнайына қол жеткізуінің жолдарын кеңейтуді талқылаған болатын. Залмаевтың пікірінше, сот тергеуі дағдарысқа қарсы менеджментпен айналысатын GlobalOptions Group Inc. фирмасы ықпалының себебінен уақытша тоқтатылған.

Кеңсесі Нью-Йоркте орналасқан GlobalOptions фирмасының заңгері Мортон Тобмэн аталған фирманың Гиффен ісіне араласпағанын мәлімдеді. Ол GlobalOptions-ты Лондондағы бір фирманың жалдап алғанын әрі жалдаушы фирманың Қазақстанда Назарбаевтың қызының қарамағындағы бір компанияның мүддесіне өкілдік ететінін тілге тиек етеді.

Аталған компания World Media Corp. деп аталады әрі ол Гиффен ісінің барысына бақылау жүргізу үшін заңгерлер жалдап алып отыр. «Біздің фирма Қазақстан Республикасының мүддесіне өкілдік етпейді», деп атап көрсетті Мортон Тобмэн телефон арқылы берген сұхбатында, деп жазады басылым.
XS
SM
MD
LG