МӘСЕЛЕНІҢ ТҮП-ТӨРКІНІ
Тәжікстан халқы мемлекет біраз жерді Қытайға бергенін тек 1 қазанда қытай баспасөз құралдарынан бір-ақ білген. Сол күні Қытай республика күні мерекесін тойлап жатқан еді. Тәжікстан парламенті тәжік-қытай шекарасын белгілеу туралы хаттаманы 2011 жылғы 12 қаңтарда ратификациялады. Құжатқа сәйкес, Шығыс Памирдегі 1 мың 158 шаршы километр даулы жер Пекинге өтті. Бұл Тәжікстан жерінің 0,77 пайызына тең.
– Бұл хаттама тәжік дипломатиясының ұлы жеңісі, – деді Тәжікстанның сол кездегі сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи парламенттегі сөзінде.
Шенеунік сөзінше, Қытай мен Ресей 1884 жылы "Жаңа Маргилан" деген келісімшартқа қол қойған. Бұл құжатқа сай, Пекин Тәжікстан жерінің 28 мың шаршы километрін алудан үмітті болған.
– Бұл ел аумағының шамамен 20 пайызы ғой. Ал хаттамаға қол қойғаннан соң осы даулы жердің тек 3 пайызы ғана Қытайға өтеді, – деді министр депутаттарға.
"Тәжік-қытай мемлекеттік шекарасы" туралы келісім 1999 жылы қабылданған. Сол кезде екі ел шекарасындағы үш даулы аумақтың екеуінің мәселесі реттелген. Қарзақ асуындағы даулы аудандар Тәжікстанға қалып, Марқансу өзені бойындағы аумақтың жартысына жуығы – шамамен 400 шаршы километр жер Қытайға өткен.
Үш жылдан кейін Пекинде хаттама қабылданып, Мұрғаб аймағындағы даулы аумақтың да мәселесі шешілді. Бірақ Тәжікстан парламенті құжатты тек он жылдан соң ратификациялады. Әйтсе де, қоғамда ол наразылық тудырды.
ЖАБЫҚ САЯСАТ
Тәжікстан ұлттық альянсы мен билік тыйым салған "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы" (ТИЖП) төрағасы Мухиддин Кабири – 2011 жылы ресми Душанбенің Қытайға жер беру шешіміне қарсы шыққан оппозиция өкілдерінің бірі.
– Бұл Эмомали Рахмон жүргізген құпия, Конституцияға қайшы және опасыз операция. Тәжік халқы бұл жайлы ең соңында бір-ақ білді және қолдан келер шара болмады, – дейді Мухиддин Кабири.
Оппозициялық саясаткер Тәжікстан билігінің шешімі Конституцияның 7-бабына қайшы дейді. Онда ел аумағының бөлінбейтініне және оған ешкім қол сұқпайтынына кепілдік берілген. Ол парламенттегі "талқылау" көзбояушылық болғанын, сол арқылы халықты құлағдар етті деуге келмейтінін айтады.
2004 жылы тәжік-қытай үкіметаралық комиссиясы мүшесі болған марқұм академик Рахим Масов та осындай пікірде болған. Ол ВВС-ге берген сұхбатында Тәжікстан жерін Қытайға беретін құжатқа қол қоймағанын айтқан.
"Бұл Тәжікстан билігінің қате шешімі болды. Аумағының тұтастығы және мемлекеттің бөлінбеуі әр тәжік үшін ар мен абырой ісі" деген сол кезде Рахим Масов.
Билік шешіміне Таулы Бадахшан автономды облысы да қарсы болды. Конституцияға сәйкес, мұндай шешім қабылдау үшін автономия мәртебесі бар облыстың өкілді билік органы келісімі болуы керек. Бірақ халық депутаттары мәжілісінің шешімді мақұлдағаны жайлы ресми дерек жоқ.
ҚЫТАЙ ТӘЖІК ЖЕРІНЕН ҚАШАННАН ДӘМЕЛІ?
Билік ресми мәлімдемесінде тәжік жеріне қатысты дау жүз жыл бойы жалғасып, хаттама ратификацияланған соң мәселе шешілгенін айтқан. Бірақ Қытай баспасөз құралдары басқаша дейді. Олар қазіргі Тәжікстан жері Қытайға тиесілі болған деп жазып жүр. Бұл сөзге Тәжікстан сыртқы істер министрлігі наразы болған еді.
Тәжік тарихшысы Камолуддин Абдуллаев "Памирдің иесі кім?" деген мақаласында Қытай күшейген кезде екі ел арасындағы жерді иемденгенімен, әлсіреген кезде оны уысынан шығарып алғанын жазған. Бұл аумақ Шыңжаң, Моңғолия, Тибет жерін қамтиды.
"1864 жылы Ресей мен Қытай Шәуешек келісіміне қол қойған. Құжатқа сәйкес, Ресейге Алтай мен Күршім жері, Зайсан көлі, Тарбағатай, Алатау, Тянь-Шань өткен. 1873 жылғы ағылшын-орыс келісімі шекараны Памир жерінде белгілеп, ағылшын отары болған Үндістан мен орыс патшасы билігін жүргізген Орталық Азия арасында еларалық аумақ ретінде Вахан дәлізін құрған.
Кейін коммунистік Қытай патшалық Ресеймен жасалған шекара келісімдеріне наразылық білдірген. Қытай Памирге байланысты наразылықтардың бәрінде 1884 жылы 22 мамырда қабылданған "Жаңа Маргилан" хаттамасын алға тартады. Онда Ферғана облысы мен Қашғариядан Үзбел асуына дейінгі шекара белгіленген. Бұл хаттаманың 3-бабына қарағанда, шекара өте анық көрсетілмеген. Оған сай, орыс шекарасы Үзбелден Хорогқа қарай оңтүстік батысқа кетеді, ал Қытай шекарасы Ауғанстанға қарай оңтүстікке созылады. Ал қазіргі Таулы Бадахшан автономды облыстың жері "иесіз" қалған.
1894 жылы дипломатиялық нота алмасқан соң Қытай мен Ресей Памирді Сарыкөл жотасы бойымен бөлген. Бұл шекара әлі де сақталған. Қытай тарабы Памирге құқығынан толығымен бас тартпайтынын, бұл құжатты "уақытша келісім" санайтынын жасырған емес" деп жазады тарихшы.
"НЕГІЗСІЗ ДӘЛЕЛДЕР"
Оппозициялық саясаткер Мухиддин Кабиридің сөзінше, билік шешімін ақтап алғысы келетін шенеуніктер тәжік жері үшін болған жүз жылдық дауды алға тартады. Ең негізгі дәлел ретінде осыны негізсіз келтіреді дейді қуғындағы ТИЖП жетекшісі:
– Қытай мен СССР немесе Ресей империясы арасында дау болса, бұған Тәжікстанның қатысы жоқ. Ресей СІМ ресми нотасына сәйкес, бұл ел халықаралық дау мен келісімдердің құқықтық мұрагері. 1991 жылдан бері халықаралық қатынас субъектісі ретінде (Тәжікстанның) Қытай мен басқа ел арасындағы дау немесе келісімге қатысы жоқ.
– Хорог жерінен иероглифі бар тастың табылуын тарихи дәлел деу (мұны парламентте айтқан – ред.) күлкілі әрі керісінше жағдайды да дәлелдейді. Көрші елдерден біздің тілде жазылған мыңдаған жазу мен тарихи дәлел табуға болады. Бірақ бұл сол жерді біздікі деуге негіз бола ала ма? – дейді тәжік оппозициясы өкілі.
Кабири Тәжістан билігі Қытайдың қандай дәйек келтіргенін көрсетпесе, өзгесінің бәрі бос сөз болады дейді.
ЖЕРДЕН БАС ТАРТУ НЕ БЕРЕДІ?
Совет одағы құлаған соң Қытай Әмудария жағасы мен Орталық Азия жеріндегі 1500 шаршы шақырым жер өзінікі екенін айтты. Көрші елдермен екіжақты келісім арқасында Қытай олардан белгілі бір жерді алды. Осылайша Ресей Қытайға алдымен Даман аралын, одан кейін Тарабаров, үлкен Уссурийдің жартысын, Қазақстан – 407 километр, ал Қырғызстан 12 шаршы километр жер берді. Осы аталған елдермен салыстырғанда жері анағұрлым кішкентай Тәжікстан болса Пекинге 1158 шаршы километрден артық жер берген.
Бірақ билік төңірегіндегілер жер беру мәселесінде соншалықты кесімді пікір білдірмеген.
– Жер дауы әлемдегі барлық елге тән. Көршісімен шекара жайлы келіспеушілігі жоқ ел таба алмайсыз. Олардың әрқайсы мәселені шешу үшін тарихи және басқа да фактілерге сүйенеді. Әйтеуір бір жақсысы, әскери я саяси текетірес болған жоқ. Мәселенің бәрін өркениетті әрі дипломатиялық жолмен шештік. Бұдан еліміз жапа шекті деп ойламаймын, – дейді Тәжікстан халықтық демократиялық партия аппаратының жетекшісі Абдурахмон Хонов.
Шенеуніктің сөзінше, қазір Тәжікстан Қытаймен "барлық салада әріптестік орнатқан әрі бұл байланыс жемісін беріп те жатыр".
Кейінгі жиырма жылда Қытай Тәжікстан экономикасының негізгі инвесторына айналған. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 1,5 миллиард доллардан асты. Тәжікстан сыртқы қарызының көбі де Қытайға тиесілі. Қытай Тәжікстанның үш негізгі экономикалық серіктесінің бірі, ал 2013 жылдан бері стратегиялық әріптесі атанған.
Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосы материалынан аударылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қытай компаниясына күміс кенішін беріп, салықтан босатты"Бітімгер" болуға талпыну. Тоқаевтың Тәжікстанға сапарының астарында не жатыр?ОА елдерінің жер уайымы мен Қытай қаупі"Шәуешек келісімі" қазақ-қытай шекарасының негізі болды""Демарш және Еуразияшыл билікке ескерту". Ресей депутаттарының мәлімдемесін сарапшылар әркелкі бағалайды