"ZаПацаноV". Ресейдің Украинаға шапқыншылығы символы қалай пайда болды?

Украинаға басып кірген ресейлік әскери техникалардың сыртында жүрген Z және V әріптері Кремль "арнаулы операция" деп атайтын соғыстың ресми символына айналды. Ресей әскерін қолдаған флешмобқа қатысушылар Z әрпіне ұқсас сап түзеп, бұл белгіні автомобиль мен қоғамдық көлік сыртына, билбордтар мен жейделерге салып жүр. Кейінгі кезде Z әрпі тіпті соғысты жақтамайтын адамдарды қорқыту үшін қолданыла бастаған.

Ресей қарулы күштері Украина жеріне басып кірген алғашқы күннен әлеуметтік желіде сыртына Z және V әріптері бейнеленген ресейлік әскери техниканың суреттері жарияланды. Сол кезде-ақ бұл белгілердің мағынасы жайлы түрлі болжам айтыла бастады. Біреулер мұны әскердің қай жаққа бет алғанын білдіретін Z "батыс" дегенді білдіреді десе, кей қолданушылар V және Z әріптерін Украина президенті Владимир Зеленскийдің атымен байланыстырды.

Conflict Intelligence Team тобының негізін қалаушы Руслан Левиев болса, әскери техника сыртындағы Z әрпі – Батыс әскери округін, ал V – Шығыс әскери округін білдіреді дейді. Үшбұрыш белгісі бар техника Оңтүстік әскери округіне, ал диагонал сызығы бар құрылғылар Орталық әскери округіне қарайды. Зерттеуші бұл ақпаратты ресейлік әскерилер арасындағы ақпарат көздерінен алған.

Жауынгерлерге бұл белгілерді қалай, қай жерге және қандай көлемде салу керегі жөнінде бірдей нұсқау берілмеген. Сондықтан техника сыртындағы белгілер пішінінде айырмашылық көп.

Әскери техника сыртындағы белгілер оқу-жаттығу жұмыстарына дайындық кезінде салынған деген пікір бар. Шын мәнінде, олай емес. Әскери жаттығулар Беларусьте ғана өткен. Соған қарамастан, Украина шекарасында тұрған техниканың бәрі боялған. Оның үстіне әскери жаттығу кезінде ешкім техниканы дәл бұлай боямайды: өйткені оны кейін өшіріп, қайта бояу артық жұмыс болады. Жаттығу кезінде жай ғана қызыл, көк жалаулар мен ленталар таратып, мынау – көк команда, сіздер – қызыл команда боласыздар деп бөледі, – дейді Левиев.

Сыртан Z белгісі салынған ресейлік әскери танк. Волноваха, Украина, 11 наурыз 2022 жыл.

Зерттеуші бұл белгілер әскери іс-қимыл кезінде қай техниканың қандай басқару тобына қарайтынын анықтау үшін қажет болған деп топшылайды.

Соғыс басталғаннан кейін шамамен бір аптадан соң Кремльдің пропагандистері аңызға айналып үлгерген Z символын пропаганда құралы ретінде пайдалана бастады. Билік "Z – жеңіс үшін, V – күш – шындықта деген мағына береді" деп түсіндірді. Кейін осы қарабайыр түсініктеме негізінде сарғылт-қоңыр жолақты Георгий таспасы сияқты бренд қалыптастыруға көшті. Қазір биліктің мақсаты орындалды деуге болады.

Z символы пропаганда брендіне айналғандықтан, майданда жүрген әскерилер бұл белгілердің бұрынғы мағынасынан бас тартқан сияқты. "Бұрын резервтен шығарылған техникада ешқандай белгі болмаса, қазір әскери құрылғылардың бәріне бірдей Z әрпін салып жатыр" дейді Левиев.

Ресей қорғаныс министрлігі бұл символға қатысты түсініктеме берген жоқ. Бірақ ведомствоның Instagram парақшасына Z әрпі қолданылған "Zа мир (Бейбітшілік үшін)", "Zа правду (Шындық үшін)", "Zаканчиваем войны (Соғыстарды тоқтатайық)", "ZаПацаноV (Жігіттер үшін)" және тағы басқа ұрандар салынған.

Нәтижесінде бір ғана Z әрпінің айналасында ауқымды ақпараттық науқан басталды. Ресейдің RT мемлекеттік арнасы Украинадағы соғысты "Z арнаулы операциясы" деп атап, осындай белгісі бар жейде өндірісін жолға қойған. Ресейдегі Wildberries интернет-дүкенінде Z әрпі бейнеленген жейде мен көлікке арналған жапсырма қағаз саудаға шығарылған.

Соғыс басталғаннан кейін бір аптадан соң Кемеров облысы губернаторы Сергей Цивилев ресми құжаттардағы облыс атауын "КуZбасс" деп өзгертуге бұйрық берген. Ол өз бастамасын "Z – бірінші кезекте, жауынгерлерімізді қолдаудың және қоғамдағы бірліктің белгісі" деп түсіндірген. Забайкалье өңірі де ақпарат материалдарында енді "Zабайкалье" деп аталады.

SOTA басылымы Кемеров облысы билігі дайындаған, қоғамдық пікірге ықпал ете алатын азаматтарға арналған нұсқаулық жариялады. Онда ресейлік жауынгерлерді әлеуметтік желіде қалай қолдау керегі түсіндірілген: мысалы, әскерилерге үндеу жолдап, әнге клип дайындап, өлең жазып, онлайн-эстафета бастауға болады. Блогерлер өз жазбасында ZаРоссию, ZаНаших, ZаПутина, СвоихНеБросаем хештегтерін пайдалануы керек. Әлеуметтік желіде аталған хештег бойынша әртүрлі өңірде жарияланған мыңдаған жазба шығады. Олардың бірқатары білім беру мекемелерінің парақшаларына жарияланған. Әскерилерді қолдау акциясына әртүрлі жастағы балалар да қатысқан.

Осыған ұқсас акция Қазан қаласындағы хосписте өтті. Мекеме науқас балалар, олардың ата-аналары мен хоспис қызметкерлерін Z әрпіне ұқсайтындай етіп сапқа тұрғызып, әскерилерді қолдау шарасын ұйымдастырған. "Сол қолымызға "Луганск халық республикасы", "Донецк халық республикасы", Ресей мен Татарстан тулары салынған парақшаларды ұстап, оң қолымызбен жұдырық түйіп тұрдық. Бәрі сәтті өтті. Квадрокоптермен түсірдік, федералды арнадан журналистер келді" деген хосписті ашқан қордың басқарма төрағасы Владимир Вавилов.

Z әрпі күтпеген жерде қолданылған мысалдар да жетіп-артылады. Мәселен, Якутиядағы құс фабрикасының "патриоттық жұмыртқаларына" Z белгісі басылған.

Мемлекеттік дума депутаты Татьяна Буцкаяның күйеуі шашын қарақұсында Z әрпі көрінетіндей етіп алдырған.

Аз уақыт ішінде латын әліпбиіндегі қарапайым Z әрпі Ресейдің қасиетті символына айналып шыға келді, қазір бұл белгіні тіпті әзілге де қосуға болмайды. Ресей қарулы күштерінің беделіне нұқсан келтіру туралы жаңа бап бойынша, Сургут тұрғынына Z әрпі туралы жағымсыз пікір жазғаны үшін 40 мың рубль айыппұл салынған. Ол "ВКонтакте" желісіндегі әскери техникаға салынған Z әрпінің мағынасы туралы жазба астына "Z – "нақұрыстар" дегенді білдіреді" деген пікір қалдырған.

Бұл әріпті соғысты қолдау белгісі ғана емес, соғысқа қарсы азаматтарды қорқыту амалы ретінде пайдаланатындар да бар. Белгісіз біреулер киносыншы Антон Долиннің есігіне Z белгісін қалдырып кеткен. Ол бұл символдың мағынасын "Сенің, отбасыңның қайда тұратынын білеміз, байқап жүр" дегенді меңзеу деп түсінген. Дәл осындай белгіні "Театр" журналының бас редакторы, Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға үндейтін петиция жариялаған Марина Давыдованың да есігіне салып кеткен. "Бірнеше күннен кейін пәтерімнің есігіне Z белгісін жазып қойыпты. Ол кезде бұл символдың мағынасын толық түсінген жоқпын. Бірақ мұның ақ бояумен жазылған "қара белгі" екені анық" деп жазды Давыдова.

Дәл осы символ 14 сағатқа созылған тінту шарасынан кейін "Мемориал" кеңсесінде де пайда болған: әлдекім үлкен Z әрпінің астына "Мемориал – бітті" деп жазып кеткен. Қазір соғысқа қарсы митингілерді күшпен таратып жүрген полицейлер де каскасына Z белгісін салып алған.

Ресей 18 наурызға жоспарланған Қырым аннексиясы мерейтойын да Z стилінде атап өтпек. Baza басылымы өңірлерге митинг-концерттер ұйымдастыру туралы техникалық тапсырма түскенін анықтаған. Шараға қатысушылар қоғамдағы әртүрлі топтар президенттің жанына жиналып, оның Украинаны денацификациялау саясатын қолдайтынын көрсетуі керек. Ал мәдениет орындары халықты Z әрпімен флешмоб өткізіп, патриоттық өлеңдер оқуға шақырады.

Азаттықтың Орыс қызметі - Радио Свобода тілшісі Алина Пинчуктың материалынан аударылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Рамзан Қадыровтың Украинаға барғаны рас па?"Мама, мұнда сұмдық болып жатыр". Татарстаннан әскерге алынған жігіт Украинадағы соғыстан бір-ақ шықты"Не сені федералды қауіпсіздік қызметкері әкетеді, не елден өзің кетесің". Қазақстанға көшкен ресейлік журналистің әңгімесіСанкция қыспағында қалған Ресейден үдере көшкендер көбейді"Есі дұрыс па?" Путиннің сөзі мен ісінен соң жұртты мазалаған сұрақ