ТҰТҚЫННЫҢ ТҮРМЕДЕГІ ЖАҒДАЙЫ
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың жиені Иман Каримова қамауда отырған анасы Гүлнара Каримоваға "түрме әкімшілігі қысым көрсетіп жатыр" деп мәлімдеді. Бұл туралы Иман Каримова Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы мен Өзбекстан бас прокуратурасына үндеуін Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
21 жастағы Иман Каримова түрмеде жазасын өтеп жатқан Гүлнара Каримоваға тиісті медициналық көмек көрсетілмегендіктен "оның жағдайы күн өткен сайын нашарлап бара жатқанын" айтады.
Өзбекстан билігі әзірге Иман Каримованың бұл үндеуіне байланысты түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін Ташкент облысы Зангиат ауданындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан Гүлнара Каримовамен биыл сәуірдің басында кездескен швейцариялық адвокат Грегуар Манжа өз қорғауындағы Каримоваға қысым жасалатыны туралы мәлімдеген.
"[Түрме басшылығы] Каримованы емдеуден бас тартып отыр. Біз соңғы рет барып шыққан соң іле-шала оны түрменің медициналық бөлімінен шығарып тастаған. Оған дәрігерлерді жолықтырмайды және оған үнемі психиологиялық қысым көрсетеді" деп жазған адвокат Манжа мамырдың 30-ы күні Twitter-парақшасына.
Өткен аптада Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримоваға "қысым жасалатыны" және оған "медициналық жәрдем көрсетілмейтіні" туралы ақпаратты жоққа шығарған.
"Оның денсаулық жағдайы қалыпты, қажет болған кезде барлық керекті медициналық көмек алуына кепілдік берілген" деп хабарлаған прокуратура.
БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚЫЗЫНА ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР
Өзбекстан билігі Гүлнара Каримованың үстінен екі қылмыстық іс қозғаған. Тергеушілер мемлекетке келген зиян мөлшерін екі миллиард доллар деп бағалаған.
2015 жылы тамызда Ташкент соты Гүлнара Каримованы салықтан жалтару, ақша жымқыру және бопсалау қылмыстарына айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеген. Кейін оның үстінен қаржы алаяқтығын жасаған, шетел валютасын жасырған, кеден заңын бұзған және қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырған деген айыптар бойынша тағы бір іс қозғаған.
2017 жылы желтоқсанда Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. 2018 жылы шілде айында сот Каримованың жазасын жеңілдетіп, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Сот үкіміне сәйкес, Гүлнара Каримова қызы Иманның үйінде өтеуі тиіс болған, оның үйден шығуына және интернет пен байланыс құралдарын пайдалануына тыйым салған.
2019 жылы наурыздың басында Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың сот шешімімен үйқамақтан түрмеге ауыстырылғанын хабарлаған. Биліктің мәлімдеуінше, үйқамақта отырған Гүлнара Каримова "жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзған": бірнеше рет байланыс құралдарын пайдаланып, қызының үйінен рұқсатсыз шығып кеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Гүлнара Каримованы қалай ұстады? Қызының әңгімесіБұған дейін мобильдік байланыс қызметін көрсететін үш ірі компания – Telia, Vimpelcom және МТС – Өзбекстанның телекоммуникация нарығына кіру үшін Гүлнара Каримоваға миллиондаған доллар пара беруге мәжбүр болғанын мойындаған. Бұл мәлімдемелерден кейін АҚШ билігі Гүлнара Каримоваға парақорлық және күдікті жолмен алынған 865 миллион доллар ақшаны заңдастыру айыптарын таққан еді.
Гүлнара Каримова - Өзбекстанды 27 жыл басқарып, 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болған Ислам Каримовтің үлкен қызы. Кезінде оны әкесінің орнын басуы ықтимал ықпалды адам деп санаған.