Accessibility links

Гүлнара Каримованы қалай ұстады? Қызының әңгімесі


Гүлнара Каримова.
Гүлнара Каримова.

Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримованың еркіндігін бес жылға шектеу туралы үкімді сот асүйде шығарған. Бұл туралы британдық журналистерге Гүлнараның қызы Иман айтып берді.

Өзбекстанның тұңғыш президенті, марқұм Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримованың еркіндігін бес жылға шектеу туралы үкімді сот асүйде отырып шығарған. Бұл туралы британдық журналистерге Гүлнараның қызы Иман Каримова айтып берді. Ол Guardian басылымына берген сұхбатында 2014 жылы қамауға алынғаннан кейін анасының басынан өткен жайтты баяндаған.

Иман Каримова әңгімесінде арнайы жасақ тобы үй балконына шатырдан түскенін, сол кезде Өзбекстан билігінде отырған әкесі Ислам Каримовпен сөйлесуге талпынған Гүлнараның онымен тілдесе алмағанын айтқан.

"ШӘРКЕ КИГЕН КҮЙІ АЛЫП КЕТТІ"

Guardian басылымы Иман Каримованың сұхбатын жариялардан бес күн бұрын АҚШ Гүлнара Каримоваға жемқорлық қылмысына қарсы заңды бұзған деген айып тақты. АҚШ билігі халықаралық коррупциялық қылмыс туралы іс бойынша алғаш рет оның есімін ашық атады. Оған дейін, наурыздың 5-і күні Өзбекстан бас прокуратурасы үйқамақта отырған Гүлнара Каримованың жазаны өтеу шартын бұзғаны үшін түрмеге ауыстырылғаны туралы мәлімдеме таратты.

Guardian басылымында Иман Каримованың сұхбаты шығар алдында Гүлнара Каримованың швейцариялық адвокаты Грегуар Манжа қорғауындағы адамға "қысым" жасалып жатқаны туралы мәлімдеді.

"Гүлнара Каримова тағы жоғалып кетті. Оны тағы да шектеп, жөнсіз әдістер қолданып, психологиялық қысым жасап жатыр. Егер айыпталушы өзін өзі қорғау құқығынан біржола айырылып, соттың әділ өтуіне жағдай жасалмаса, қандай билік органы таққанына қарамастан, кез келген айыптау қорытындысының мәні болмайды" деп жазды Грегуар Манжа 12 наурызда Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик радиосы) жолдаған электрондық хатта.

Мұның алдындағы хатында ол Гүлнара Каримованы осы уақытқа дейін ұстаған Ташкенттегі пәтерінен "кетуге мәжбүр еткені" және "белгісіз жерге алып кеткені" туралы жазған.

Иман Каримова ұсынған видеодағы екі ер адам есіктен күштеп шығарып жатқан, аяғына алқызыл шәрке киген әйел оның анасына ұқсайды.

Алайда Иман Каримованың әңгімесіндегі негізгі ақпарат – бір кездері тасы өрге домалаған іскер, дипломат, әнші һәм модельер анасының басынан бағы таяр алдында, 2014-2015 жылдары болған және осы кезге дейін көпшілікке беймәлім қалған оқиғалар жайлы еді.

ШАТЫРДАН ТҮСКЕН ЖАСАҚ

Guardian басылымына Иман Каримованың мәлімдеуінше,2014 жылы Ұлыбританияда жекеменшік мектепте оқитын ол еліне демалысқа келгеннен кейін көп ұзамай анасы екеуінің басына бұлт үйіріле бастаған. Иманның сөзінше, бірде таңертең Ташкенттегі пәтерінің балконына шатырдан арнайы жасақ тобы арқанмен түскен.

Сол сәтте Иманмен бірге болған достарын үйден шығарып жіберген. Арнайы жасақ тобы пәтердегі электрондық дерек сақтайтын құрылғылар мен құжаттарды түгел жинап алып кеткен.

"Анам атама (сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Каримовке) телефон соғуға талпынды, бірақ онымен сөйлесе алмады" дейді Иман Каримова. Британ басылымына сұхбатында Иман 2015 жылы тамызда Ташкенттің іргесіндегі анасы екеуін ұстап отырған үйге судья, прокурорлар мен жүзінен абыржығаны байқалатын мемлекеттік қорғаушы келіп, бірнеше сағатқа созылған "сот процесін" өткізгенін айтып берді.

Өзбекстан билігі ол кезде бұл "іс" туралы ештеңе айтпаған болатын. Тек 2017 жылдың шілде айында бас прокуратура 2015 жылы сот Гүлнара Каримованы салықтан жалтару, ақша жымқыру және бопсалау қылмыстарына айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығын шектегенін хабарлады. Бұған қоса Каримова қаржы алаяқтығын жасаған және қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырған деген күдікке ілініп, оған қарсы тағы бір тергеу ісі жүріп жатыр деп мәлімдеген бас прокуратура.

20 жастағы Иман Каримова қазір Лондонда тұрып жатыр. Нағашы атасының есімі қойылған ағасы Ислам да сол қалада тұрады. Гүлнара Каримованың балалары Өзбекстан билігінен аналарын босатуды сұрайды.

Бір кездері кей сарапшылар Гүлнара Каримованы Орталық Азиядағы халқы ең көп және тығыз орналасқан постсоветтік елді 1989 жылдан бастап 2016 жылы қайтыс болғанға дейін басқарған президент әкесінің биліктегі мұрагері санайтын. Сонымен бірге оның ықпалын пайдаланып, жемқорлық пен бопсалауға араласы бары жайлы алып-қашпа әңгімелер де айтылатын.

2013 жылы швециялық басылымдар Өзбекстанға инвестиция салуға ықылас білдірген халықаралық коммуникациялық компаниялардың Гүлнара Каримоваға пара беруге мәжбүр болғаны туралы жаза бастады. Шулы мақалалардан кейін Швеция, Швейцария, Нидерланд, АҚШ және басқа елдерде тергеу басталып, ірі телекоммуникациялық компаниялардың іс-әрекетін тексере бастады.

Өзбекстан бас прокуратурасы наурыздың 5-і күні таратқан мәлімдемесінде осыдан біраз уақыт бұрын Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шыққаны, бірақ кейін оны бес жылға бас еркіндігін шектеу жазасына ауыстырып, үйқамақта ұстағаны айтылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG