Польша Ресейдің сұрауымен украин белсендісін ұстады

Украин ұлтшылы Игорь Мазур. Люблин, Польша, 10 қараша 2019 жыл.

Польша билігі Украинаның Донбасс аймағындағы соғысқа қатысқан украин ұлтшылы Игорь Мазурды Ресейдің сұрауымен Интерпол жариялаған халықаралық іздеу құжаты негізінде ұстады.

Қарашаның 12-сі Польша соты Украинаның Донбасс аймағындағы соғысқа қатысқан украин ұлтшылы Игорь Мазурды Ресейге экстрадициялау мәселесін қарайды. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдарына Украинаның Люблиндегі консулы Артем Валах хабарлаған.

Қарашаның 9-ы күні Польшаның шекара қызметкерлері Дорохуск-Яходин шекара бекетінде Украинаның УНО-УНСО оңшыл тобының жоғары лауазымды мүшесі Игорь Мазурды Ресейдің Интерполға берген өтініші бойынша дайындалған тұтқындау туралы халықаралық ордер негізінде ұстаған.

Ресей билігі Мазурға "1994-1995 жылдары Бірінші шешен соғысы кезінде Ресей федералды күштеріне қарсы соғысқан", "Мәскеу экстремистік деп таныған украиналық екі топқа мүше болды" деген терроризм қылмысымен байланысты айыптар тағылған.

Мазур Варшаваға конференцияға қатысуға келгенін, бірақ шекарада өзін ұстап, Хелмге жеткізгенін хабарлады. Оның айтуынша, Польша прокурорлары Мазурды үш сағат бойы тергеп, кепілмен Украинаның Люблиндегі консулдығына босатқан. Оған Люблин аудандарын аралауға шектеу қойылмаған. Бірақ әкімшілік аумағынан Украина консулымен бірге ғана шыға алады. Люблиндегі Украина консулы Валах журналистерге "қарашаның 11-і Польшада демалыс күні болғандықтан Мазурды экстрадициялау мәселесі бойынша сот отырысы қарашаның 12-сі басталатын тәрізді" деп хабарлады.

Игорь Мазур украиналық ақпарат құралдарына Бірінші шешен соғысы кезінде Вильный Кавказ баспасөз орталығында тілші болып істегенін, бірақ ол соғысқа қарсылас екі тараптың ешқайсының атынан қатыспағанын айтқан. Ол тағы бір ұлтшылдар тобы "Правый сектордың" Киевтегі өңірлік филиалын басқарған, УНО-УНСО тобына ұзақ уақыт мүше болған.

Ресей Жоғарғы соты 2014 жылы қарашаның 17-сі күні Украинадағы "Правый сектор" және УНО-УНСО ұйымдарын "экстремистік" деп тапқан.

Дәл сол жылы Ресей тергеу комитеті украиналық УНО-УНСО ұлтшылдар тобының мүшелеріне қарсы бірнеше қылмыс іс қозғаған. Қудалауға ұшырағандар арасында әсіреұлтшыл Дмитрий Корчинский, "Правый сектор" тобының бұрынғы басшысы, парламент депутаты Дмитрий Ярош, Свобода ұлтшылдар партиясының бұрынғы депутаты Олег Тягнибок бар.

Ресей мемлекеттік ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, "әркімнің рөліне қарай, оларға азаматтарға шабуыл жасайтын қарулы топ құрып, оны басқару және шабуылдарға қатысу" айыптары тағылған.

Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков Интерпол басшысына халықаралық полиция ұйымының жарғысында көрсетілген "сот арқылы негізсіз қудалау және әскери, саяси, діни және нәсілдік мәселелерге араласуға тыйым салатын" екі ережені бұзғаны жайлы ресми хат жазатынын мәлімдеді.

Игорь Мазур 2014 жылдың мамыр айынан бастап, Донбаста Ресей қолдайтын сепаратистерге қарсы күрескен. 2015 жылы сәуір айында ол қарулы күштердің офицері атанып, кейін рота командирі қызметін атқарды, 2016 жылы қарашада жұмыстан босағанға дейін Донецк облысының оңтүстігіндегі барлау батальоны штабы басшысының орынбасары болған.

Бұрын Мазур "Правый сектордың" Киев облысындағы жетекшісі болып, Украинаның мәскеушіл бұрынғы президенті Виктор Януковичті биліктен тайдырған халық толқуы (Майдан) кезінде өзін-өзі қорғау бөлімшесінің жұмысына қатысқан.

Қазір Игорь Мазур – УНО-УНСО партиясы төрағасының орынбасары.

(Азаттықтың Украин қызметінің материалы негізінде әзірленді.)