Өткен демалыс күндері Facebook әлеуметтік желісіне Украинадан кеткені жайлы бұлыңғырлау түсініктеме жариялаған журналист Аркадий Бабченко биыл сәуірде Владимир Зеленский Украина президенті болып сайланғаннан кейін қауіпсіздігіне алаңдаушылығы күшейгенін меңзегендей болды.
"Түсінбей отырғаным, барлығы соншама неге дүрлікті?" деп жазды Бабченко.
Ол әлеуметтік желіде осыдан жарты жыл бұрын "Егер Украина "кандидат Х-ті" таңдайтын болса – ешкімді атамай, елдегі жалпы тенденцияны айтып отырмын – сол күннің ертеңіне "табанымды жалтырату" процесін бастаймын" деп жазған постына сілтеме жасаған. "Айттым. Орындадым. Не боп қалды?" дейді Бабченко.
42 жастағы Аркадий Бабченко Украинаның мәскеушіл бұрынғы президенті Виктор Януковичтің одақтасы Андрей Портновпен орын ауыстырғанын айтады. Украинада биыл көктемде өткен президент сайлауынан кейін бұған дейін шетелге кетіп қалған Портнов елге қайтып келген. Янукович пен оның әкімшілігінде жоғары лауазымды қызмет атқарған бірқатар шенеунік 2014 жылғы Майдан көтерілісінен соң Ресейге қашып кеткен.
"Портнов келді - Бабченко кетті. Неге разы емессіңдер. Бұзақыны алмастырды" деп жазған журналист қазір қай жерде екенін ашып айтпаған.
Бабченконың сөзінше, ол "бейбітшілік-достық-сағыз" жаңа концепциясы аясында Ресеймен экстрадиция алмасу бастала ма, жоқ па деп бал ашып күтіп отыра алмайды". Журналист елдің шығысында Киев күштері мен Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистер арасында жанжал жалғасып жатқан шақта "Украинада қазір инсургенттер (қарулы көтерілісші, бүлікші – ред.) қаптап бара жатқанын" айтып, "әзірге қорғанның сыртында күте тұрмақпын" деп жазған.
Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) мамырдың 29-ы күні Бабчкенкоға "қастандық" арнайы операциясын ұйымдастырып, "Ресей билігінің тапсырмасы бойынша журналистің көзін құртпақ болғандарды" әшкерелегенін мәлімдеген. Алайда СБУ ықтимал қастандықты жоспарлауға Мәскеудің қатысы барына бұлтартпайтын дәлел келтірген жоқ.
Тамыздың 30-ы күні Киев соты Украина азаматы Борис Германды "қылмысты ұйымдастырғаны үшін" төрт жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Украина билігі "Герман ресейлік қауіпсіздік органдардың бұйрығы бойынша әрекет жасаған" деп санайды.
Сол кездегі СБУ басшысы Василий Грицак "Герман кінәсін мойындап, билікпен келісім жасады" деп мәлімдеген.
Іс материалдарында Германның Бабченконы өлтіретін киллерге 40 мың доллар төлеуге уәде еткені айтылған. Ықтимал "киллер" - Донбастағы соғысқа Киевтің жағында қатысқан украиналық бұрынғы монах Алексей Цымбалюк Германның өтінішін СБУ-ге жеткізгенін мәлімдеген. Цымбалюк "тапсырыспен адам өлтіру жоспарын ашу жөніндегі арнайы операция" кезінде арнайы қызметпен бірге жұмыс істегенін айтқан.
СБУ ұйымдастырған "Бабченкоға қастандық" арнайы операциясын қатты сынға алған баспасөзді қорғаушы ұйымдар, журналистер мен өзге де адамдар бұл оқиға журналистер мен украин шенеуніктеріне деген сенімді жоғалтады деп мәлімдеген.
Украинадан кетер алдында жазған постында Бабченко кезінде "уәде еткендей" Abrams танкіне мініп, Мәскеудің Тверь көшесімен жүріп өту жоспары әлі күшінде екенін айтқан.
ПІКІРЛЕР