ИНТЕРНЕТ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН
Тәжікстан салық комитеті елдегі байланыс операторларынан тұтынушылар жиі пайдаланып жүрген Viber, Whatsapp, IMO мессенджерлері мен мобильдік байланыс компаниясы қосымшалары арқылы байланыстың әр минутын ақылы етуді және соған сәйкес бюджетке салық төлеуді талап етіп отыр. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі (Озоди радиосы) хабарлады.
Алайда мобильдік байланыс компаниялары мен Тәжікстан үкіметі жанындағы байланыс қызметі өкілдері тұтынушының мессенджер қызметін пайдалану уақытын минутпен есептеу мүмкін емес дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжікстан Wi-Fi интернетке бақылау орнатып жатырТәжікстан үкіметі жанындағы байланыс қызметіндегі дереккөздің Озоди радиосына хабарлауынша, билік бюджетке түсетін кірісті көбейту мақсатында халықаралық интернет байланысының құнын қымбаттатуды ұйғарған. Егер бұл жоспар іске асса, Тәжікстанда интернет қызметінің бағасы 10-15 пайызға көтерілмек.
Тәжікстан қазір әлем бойынша интернет қызметінің бағасы ең қымбат елдердің бірі саналады. Сол себепті елде жұмысында интернетті пайдаланатын ұйымдар мен компаниялардың саны аз дейді Дүниежүзілік банк сарапшылары. Олардың пікірінше, мемлекет тарапынан жасалатын шамадан тыс бақылау мен интернет-провайдерлеріне акциз енгізу Тәжікстанда интернет бағасының қымбат болуына әсер етіп отыр.
Тәжікстанда осы кезге дейін мобильдік және сымсыз интернет бағасы жайлы зерттеулер жүргізілмеген. Кей мәліметтер бойынша, интернет қызметін пайдаланғаны үшін ай сайын жеке тұлғалар 250-ден 1500 сомониге (26,5 доллардан 159 долларға) дейін, заңды тұлғалар – 500-600-ден 20 мың сомониге (53-63 доллардан 2120 долларға) дейін төлейді. Интернет жылдамдығына байланысты оның бағасы да әртүрлі.
NGN ҚАЙТА ОРАЛА МА?
Тәжікстан салық комитеті елде NGN (Next Generation Network немесе New Generation Networks - келесі не жаңа буын желісі) байланыс түрін қайта қалпына келтіру туралы ұсыныс жасады. Viber, Whatsapp, IMO мен өзге мессенджерлерге қарағанда NGN арқылы байланыстың әр минутын есептеу қиындық туғызбайды деп санайды салық қызметкерлері.
Тәжікстан үкіметі жанындағы байланыс қызметі 2017 жылдың соңына қарай елдегі мобильдік байланыс операторлары мен интернет-провайдерлерден NGN байланысын ажыратуды талап еткен. Үкіметтік мекеме мұны елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті шара деп түсіндірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжікстанда интернет мемлекет бақылауына өтпекОған дейін Тәжікстан салық комитеті ел президенті Эмомали Рахмонға жолдаған хатта неліктен мессенджерлер мен NGN-ді бұғаттау қажет болып отырғанын жазған. Мысалы, әлгі хатта тұтынушылар халықаралық байланыс қызметін көбінесе NGN және Viber, IMO, Skype мессенджерлерінің көмегімен пайдаланатыны айтылған. Салық қызметкерлерінің пікірінше, бұл жағдай салық төлемі мен бюджет кірісінің азаюына әсер еткен.
Бірақ арада бірашама уақыт өткенде байланыс операторлары абоненттеріне жаңа мессенджерлерді ұсына бастады. "Вавилон-М" компаниясы "өз ішінде сөйлесуге, видео-байланыс жасап, хат алмасуға әрі Тәжікстандағы қалааралық және мобильдік байланыс нөмірлеріне, сонымен бірге шетелге тиімді бағамен телефон соғуға мүмкіндік беретін" МobiГап мессенджерін іске қосқанын хабарлады. Компания өкілдерінің айтуынша, қосымша ішіндегі байланыс қызметі тегін көрсетіледі, компания қызметін пайдаланатын өзге тұтынушымен байланыстың әр минуты 3 дирам (бір сомони 100 дирамнан тұрады), ал басқа операторлардың қалалық және мобильдік нөміріне телефон шалғанда – 12 дирам тұрады. Оған дейін "Вавилон-М" компаниясы NGN арқылы байланыстың әр минутына 6 дирам алатын.
Сол сияқты Tcell компаниясы да IP-телефония қызметін ажыратқаннан кейін өз абонентінің нөміріне байланған "Чи гап" қосымшасын іске қосқан. Бұл қосымша арқылы Tcell қызметін пайдаланатын абонентпен байланыстың әр минуты 10 дирам, өзге операторлар мен қала нөмірлеріне телефон шалғанда – 12 дирам тұрады. Қазір мұндай қосымшалар өзге байланыс операторларында да бар. "Мегафон" компаниясы "Мегафон лайф" қосымшасын, ал "Билайн" – "Салом" мессенджерін ұсынып отыр.
(Азаттықтың Тәжік қызметінің материалынан аударылды.)