"Бұл геноцидке бей-жай қарамауымыз керек". Сайрагүл Сауытбай жайлы кітап авторымен сұхбат

Неміс жазушысы Александра Кавелиус пен Сайрагүл Сауытбайдың "Шыңжаңдағы "лагерьлер" жайлы жазған Die Kronzeugin атты кітабының мұқабасы.

Неміс журналисі әрі жазушысы Александра Кавелиус "Шыңжаңдағы адамдардың жағдайының сорақылығы соншалық, қол қусырып отыруға дәтің шыдамайды" дейді. Биыл маусымда оның Қытайдағы лагерьлер жайлы Die Kronzeugin атты (неміс тілінен аударғанда "басты куәгер" - ред.) атты кітабы жарық көрді. Кітаптың қосалқы авторы әрі бас кейіпкері – Шыңжаң мұсылмандарын түрмеге жабу үшін құрылған "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі" жағдайды алғашқылардың бірі болып әлем қауымдастығына жеткізген Қытайдың этникалық қазағы Сайрагүл Сауытбай. Кавелиустың айтуынша, жұмыс барысында жазушыға қоқан-лоқы көрсетілген, кітапты шығаруға келісетін баспагер табу қиынға соққан. Бірақ қазір жаңа туынды Батыс Еуропаның бірнеше елінде ең көп сатылған кітаптар қатарына енген.

Сайрагүл Сауытбай Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де байырғы ұлттардың қудалауға ұшырағаны туралы алғашқы түсініктемесін Қазақстанда өзінің үстінен қозғалған іс бойынша өткен сот отырысы кезінде берді. Шыңжаңдағы "лагерьлердің" бірінде оқытушы болып жұмыс істеп, тарихи отанына қашып келген Сайрагүлді Қазақстан билігі шекараны заңсыз кесіп өткені үшін айыптады. Ал Пекин оны Қытайға қайтаруды талап етті. Сайрагүл Қытайға қайтса, "лагерьдегі" жағдайды ашық баяндағаны үшін Қытай үкіметі өзін "мемлекеттік құпияны ашу" бабымен өлім жазасына кесетінін айтты. Әлем қауымдастығы Сайрагүлдің ісіне жіті назар аударуының арқасында, ол депортациядан құтылып, елде қалды. Сайрагүл жарты жыл пробациялық бақылауға алынып, босап шықты. Бірақ ол Қазақстанда не азаматтыққа, не саяси баспанаға қол жеткізе алмады. Бірнеше айға созылған талпыныс пен сарыла күтуден соң Сайрагүл елден кетті. Қазір ол отбасымен бірге өзіне саяси баспана берген Швецияда тұрады. Биыл наурыз айында Сайрагүл Сауытбай Шыңжаңдағы репрессия туралы берген батыл түсініктемелері үшін АҚШ мемлекеттік департаментінің "Халықаралық батыл әйел" (Annual International Women of Courage) сыйлығына ие болды.

Неміс журналисі әрі жазушысы Александра Кавелиус Сайрагүл Сауытбайдың хикаясын ол туралы алғаш естіген және Қазақстандағы сот процесін сырттай бақылаған кезден бастап жазғысы келгенін айтады. Кавелиус Азаттыққа сұхбатында бұл тақырыпты неге таңдағанын, кітап жазу барысында қандай қиындықтарға кезіккенін, Пекиннен қандай "сәлемдемелер" алғанын және жақында жарық көрген шығарманың қандай мақсаты барын әңгімелеп берді.

"ФАШИЗМ ДӘЛ ҚАЗІР ҚАЙТАЛАНЫП ЖАТЫР"

Азаттық: Кітаппен жұмысыңыз қалай басталды?

Александра Кавелиус: Сайрагүл туралы ақпаратты алғаш рет “Gesellschaft für bedrohte Völker” ("Жойылып кету қаупі төніп тұрған халықтар қоғамы" - ред.) құқық қорғау ұйымының сайтынан оқыдым. Сол кезден бері Қазақстанда Сайрагүлдің үстінен қозғалған іс бойынша өткен сот процесін бақылаумен болдым. Көп уақыт бойы ешкім оны Қытайға депортациялайтынын, не елде қалдыратынын нақты білмеді. Ал Қытайда Сайрагүлге өлім жазасы қаупі төніп тұрды. Бұл әйелдің көп нәрсе білетіні анық еді. Біріншіден, ол әлемдегі ең ауқымды бақылау жүйесі бар мемлекеттен қашуға мүмкіндік алған, Қытайдағы қазақ ұлтынан шыққан бірінші мемлекеттік қызметкер. Екіншіден, концлагерьде оқытушы болып жұмыс істеп жүріп, ол түрменің ішкі өмірімен жақсы танысқан. Үшіншіден, ол Пекиннің басынан өткен жағдай туралы жақ ашпау туралы қоқан-лоқысына қарамастан, [Қытай режимін] әшкерелеп, өзі куә болған оқиғаларды ашық баяндаған алғашқы тұтқындардың бірі. Бостандыққа шыққаннан кейін, мен тезірек Сайрагүлмен байланысып, оның хикаясын өз аузынан естуге асықтым.

Александра Кавелиус кітабының тұсаукесерінде отыр. Берлин, Германия. 23 маусым 2020 жыл.

Азаттық: Неге сізге бұл хикаяны неміс оқырмандарына жеткізу маңызды болды?

Александра Кавелиус: Германия фашизмнің интенсивті тәжірибесінен өткен. Мао [Цзэдуннің] билігі тұсындағы елдің қанға бөккен тарихын жасыруға тырысатын Пекинмен салыстырғанда, біздің студенттерді Гитлер сияқты диктатордың әлемге келтірген зардабын ұмытпауға үйретеді. Елімізде "Енді ешқашан" деген ұран бар, ал Шыңжаңда фашизм дәл қазір қайталанып отыр. Ол жақта Екінші дүниежүзілік соғыстан бері тіркелген ең ауқымды тұтқындау шарасы жүріп жатыр. Қолда бар дерек бойынша, концентрациялық лагерьлерде екі-үш миллион тұтқын отыр. (2018 жылы БҰҰ "лагерьлерде" бір миллионға жуық мұсылман отыруы мүмкін деп мәлімдеген – ред.)

Фашизмнің оба індетіндей тез тарап, бүкіл әлемге қауіп төндіретінін немістерден артық ешкім білмейді. Біз өз тарихымызды ұмытпауымыз және өзімізге жауапкершілік алуымыз керек. Әйтпесе өткеннің қателігін қайталауымыз мүмкін. Сондықтан бұл геноцидке бей-жай қарамауымыз керек.

Азаттық: Шыңжаңдағы репрессия мәселесіне қалай келдіңіз? Бұл тақырыпқа қатысты жеке тәжірибеңізді әңгімелеп берсеңіз?

Александра Кавелиус: 2006 жылы бейбітшілік саласы бойынша бірнеше рет Нобель сыйлығына ұсынылған белгілі ұйғыр диссиденті Рәбия Қадырдың өмірбаянын жаздым. Содан бері Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге этникалық топтардың жағдайы күрт нашарлады. Қадыр Германияға сұхбатқа жиналып жүргенде, біреу оны Вашингтонда өлтірмек болды (бұл жерде 2006 жылы қаңтарда Қадырдың көлігіне екі рет жүк көлігі келіп соқтығысқан оқиға туралы айтылса керек – ред.). Бұл іс бойынша жүргізілген зерттеулер АҚШ федералды тергеу бюросын Қытай елшілігіне алып келді.

Пекин үкіметі бәрінен де шындықтан қатты қорқады.

Бұл Пекин үкіметінің бәрінен де шындықтан қатты қорқатынын тағы да дәлелдейді. Демократия мен еркіндікті қорғау, осындай хикаяларды оқырманға жеткізу – біздің, журналистердің жұмысы.

"БҰЛ ХИКАЯ МЕНІ ТАҢҒАЛДЫРДЫ"

Азаттық: Сайрагүлмен қалай жұмыс істедіңіз? Шығармашылық процесс қалай жүрді?

Александра Кавелиус: Біздің сұхбаттарымыз Германия мен Швецияда өтті. Кітапты осы сұхбаттардың негізінде жазып шықтым. Сайрагүлді жоғары білімді адам, батыл ана және сенімге лайықты құқық қорғаушы деп бағалаймын.

Александра Кавелиус (сол жақта) пен Сайрагүл Сауытбай. Вена, Австрия.

Көптің алдында мықты болып көрінгенімен, оның жанына үлкен жара түскен. Лагерьдегі өмір Сайрагүлді ауру адамға айналдырған. Ол әлі күнге сұмдық естеліктерді ұмыта алмай, жаны қиналады. Соған қарамастан, ол адамдардың санасын оятып, Шыңжаңдағы қудалауға ұшыраған халықты босатып, әлемге ескерту жасау үшін өз хикаясын айтқысы келеді.

Азаттық: Сайрагүлдің хикаясында сізді қатты таңғалдырған не нәрсе?

Александра Кавелиус: Жаман оқиғалар естуге дайын болдым, бірақ бұл хикая мені есеңгіретіп тастады. Апаттың ауқымын түсінген кезде қатты шошыдым. Балаларды, әжелер мен аталарды, профессорлар мен суретшілерді, үй шаруасындағы әйелдерді шынжырға байлап, электр тогымен азаптап, мал сияқты тар камераға қамайды. Зорланған қыздарды қоқыс сияқты камераға тастайды. Сайрагүл мұндай қыздарға тіпті жылауға да тыйым салынатынын айтты. Осындай сұмдық әлемнің ең заманауи мемлекеттерінің бірінде болып жатыр.

Сайрагүл Сауытбай: "Қытай үкіметінен қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етемін!" (5 наурыз 2020 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

"Қытай үкіметінен қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етемін!"

Азаттық: Шыңжаңдағы репрессия мен зорлыққа ұшыраған мұсылман қоғамының өзге мүшелерімен сөйлесіп, олардың хикаясын тыңдап көрдіңіз бе?

Александра Кавелиус: Иә. Концентрациялық лагерьлердегі есірткі беру, азаптау мен сананы улау туралы құжаттармен расталған әңгімелердің ортақ тұсы көп.

Апаттың ауқымын түсінген кезде қатты шошыдым.

Азаттық: Die Kronzeugin кітабының неміс тіліндегі нұсқасы сатылымға шықты. Ағылшын тіліндегі нұсқасы келесі жылы мамырда шығады деп жоспарланған. Кітапты қазақ, қытай тілдеріне аудару ойда бар ма?

Александра Кавелиус: Кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы [енді] 2021 жылы мамырда шығатынын жақында білдім.

Әрине, бұл кітап көп тілге аударылады деп үміттенеміз. Қазақстан халқы Пекиннің қатаң шараларынан қатты зардап шекті. Көп азаматтың туыс-туғаны Шыңжаңдағы лагерьлерде жоғалып кетті. Қытай азаматтарының өзі де оларды барлық құқығынан айырған қазіргі билік жүйесі мен цензурадан зардап шегіп жатыр.

Біз жариялаған кітап ұйғыр, қазақ және өзге де этникалық топтарға қарсы бағытталған азапты тоқтатып, Пекиннің саясатына әсер етеді деп үміттенеміз.

Азаттық: Неміс аудиториясы кітапты қалай қабылдады?

Александра Кавелиус: Баспагерді табу оңай болған жоқ. Барлық ірі баспа өкілдері "Мұндай хикаяны кім оқығысы келеді дейсің? Бұл кітап сатылмайды" деді. Жақында тәуелсіз, шағын, бірақ батыл баспаны таптым. Тамызда кітабымыз Германияда ең көп сатылған кітаптар тізімінде 32-орынға шықты. Швейцарияда – сегізінші, Австрияда – екінші орын алды. Бұл үлкен жетістік. Бірақ мен неміс ақпарат құралдарының осындай көкейкесті тақырыпты неге белсенді көтермейтінін түсінбеймін.

Азаттық: Қытай билігінің бұрын-соңды сізбен байланысқа шығуға тырысқан кезі болды ма? Солай болса, олар сізбен не үшін және қандай жағдайда сөйлескісі келді?

Александра Кавелиус: Мюнхендегі "Ганс Зайдл қорының" бұрынғы неміс мүшесі мені бір кітабымның тұсаукесерін өткізуге шақырғысы келді. Ол телефон арқылы WUC (World Uyghur Congress, Бүкіләлемдік Ұйғыр Конгресі – ред.) және Рәбия Қадыр туралы не білетінімді бірнеше рет сұрады. Кейінірек бұл адамның қытай тыңшысы екені әшкере болғанын оқыдым.

Тіпті [Германиядағы] демократияның өзінде Пекиннің ықпалы сезіледі. Мысалы, белгілі неміс қоры Сайрагүл екеуміз қатысатын, жоспарланған шараны өткізуден бас тартты. Олар Қытайдағы қызметкерлері зардап шегуі мүмкін деп қауіптенді.

Маған мұсылмандар қоқан-лоқы жасап жатқандай етіп көрсеткісі келді, бірақ бұның Пекиннен келгені белгілі.

Мұның алдында қабырғаға сүйеулі тұрған Калашников автоматының суретін, "сен сияқты адамдар өлуі керек" дегенге меңзейтін Құраннан алынған сөздер жазылған хаттар алғанмын. Маған мұсылмандар қоқан-лоқы жасап жатқандай етіп көрсеткісі келді, бірақ бұның Пекиннен келгені белгілі.

Кітап жазып жүрген кезде телефоныма қытай нөмерінен жиі хабарласатын. Тұтқаны көтерсем, белгісіз адамның демі немесе "Қош бол!" деген механикалық дауыс естіледі. Мұндай біртүрлі әрекеттердің артында Қытай билігінен басқа, кім тұруы мүмкін?

"ЗОРЛЫҚ МЕХАНИЗМДЕРІ ҚАШАНДА БІР-БІРІНЕ ҰҚСАЙДЫ"

Азаттық: Шыңжаңдағы қазіргі жағдай туралы жеке пікіріңіз қандай?

Александра Кавелиус: Шыңжаңдағы адамдардың жағдайының нашар болғаны соншалық, қол қусырып қарап отыруға шыдау мүмкін емес. Қазір осы тақырыптағы келесі кітабыма баспагер іздеп жүрмін. Бірнеше баспа ұсынысымнан бас тартты, бірақ үнсіз қалуға болмайды. Саясаткерлер, шешім қабылдайтын адамдар, кәсіпкерлер әрекет ете бастауы үшін бізге әлі қаншама маңызды хикая жариялау керек.

Азаттық: Халықаралық қауымдастық Шыңжаңдағы репрессия тақырыбына жеткілікті көңіл бөліп отыр деп ойлайсыз ба?

Александра Кавелиус: Әлем Шыңжаң тақырыбына бұрынғыдан да көп назар аудара бастағанымен, бұл әлі де жеткіліксіз. Өйткені жазықсыз адамдар әлі де лагерьлерде азап шегіп отыр. Мысалы, мұсылман қауымына қараңызшы. Оларды діндестерінің қайғы-қасіретінен гөрі, Пекинмен бірлесіп табатын табыс көбірек қызықтыратын тәрізді.

Мысалы, мұсылман қауымына қараңызшы. Оларды діндестерінің қайғы-қасіретінен гөрі, Пекинмен бірлесіп табатын табыс көбірек қызықтыратын тәрізді.

Пекин қарыз беру арқылы саяси ұпай жинап, демократиямызды шайқалтуға тырысып жатыр.

Әрине, Пекиннің насихат мақсатында түсірген, Шығыс Түркістан (ежелден түркітілдес халықтар тұрып келе жатқан, қазіргі Шыңжаң орналасқан тарихи аумақ. 2001 жылға дейін Қытайда бұл терминді қолдануға тыйым болған – ред.) мұсылмандарының қытай тілін үйреніп, билеп, күліп жүргенін көрсететін қайта тәрбиелеу лагерьлері туралы шоуларына сеніп, жақсы жаңалықтарға иланған әлдеқайда жеңіл. Көп адам әлі күнге Шыңжаңдағы адамзатқа қарсы жасалған қылмыстар туралы білмейді. Басқалары адам құқығынан бизнес маңызды деп есептейді. Бірақ бұл шектен шығу, жемқорлық пен зорлыққа жол ашады...

Азаттық: Сізге кітаптың желісі бойынша фильм түсіру туралы ұсыныс түспеді ме?

Александра Кавелиус: Әзірге түскен жоқ. Бірақ осындай ұсыныс түссе, тамаша болар еді! Сайрагүл Сауытбай туралы алғашқы фильмді оның беделіне нұқсан келтіру мақсатында Қытай үкіметі түсірді. Енді Сайрагүлді террорист әрі сепаратист етіп көрсететін сериал да түсіретін шығар. Олар Қадыр ханым мен өзге диссиденттерге қарсы да осындай амал қолданды.

Азаттық: Сіз Рәбия Қадыр, "Ислам мемлекетінен" қашқан әйел – Шырын, ресейлік құқық қорғаушы Светлана Ганнушкина, Боснияда концлагерьде екі жылын өткізген Лейла, енді міне Сайрагүл Сауытбай сияқты мықты әйелдердің ерекше, қиын әрі қайғылы тағдыры туралы жазылған бірнеше ғылыми-көпшілік кітаптың авторы және қосалқы авторысыз. Бұл хикаялар сізді іздеп таба ма, әлде мұндай оқиғалар туралы жазуға өзіңіз ұмтыласыз ба?

Александра Кавелиус: Жақсы сұрақ! Кейде осы хикаяларды басқа біреу жазғанын қалаймын. Бірақ қолымнан ештеңе келмейді. Оларды өзім жазуым керегін сеземін. Осындай ерекше тұлғалар туралы естіген бойда олардың хикаясын қағазға түсіргенше көңілім тыншымайды...

Азаттық: Сайрагүлдің басынан кешкені – Шыңжаңдағы мұсылмандарға қарсы репрессия туралы хикая. Басқа бір кітабыңыздың қосалқы авторы және басты кейіпкері Джан Ильхан Кизилханның хикаясында Түркиядағы мұсылмандардың езидтерге (негізінен Ирак, Сирия аумағында тұратын халық – ред.) қарсы жасаған репрессиясы баяндалады. "ИГИЛ психологиясы" деген кітабыңызда діни экстремизм тақырыбын көтердіңіз. Дәл осындай тақырыптар таңдауыңызға не себеп? Олардың арасында өзара байланыс бар ма?​

Кітаптарымда белгілі бір этностың ерекшелігі, соқыр наным мен таққұмарлық жайлы айтамын. Бұл шығармалар қатыгездік қалай пайда болатыны туралы әңгімелейді.

Александра Кавелиус: Иә, бұл өзара байланысты тақырыптар. Немістерде "белгілі бір мәдениеттің жағдайын оның азшылық өкілдеріне қалай қарайтынынан-ақ көруге болады" деген мақал бар. Кітаптарымда белгілі бір этностың ерекшелігі, соқыр наным мен таққұмарлық жайлы айтамын. Бұл шығармалар қатыгездік қалай пайда болатыны туралы әңгімелейді. Зорлық механизмдері қашанда бір-біріне ұқсайды. Біз барлық тараптан қылмыскерлер мен құрбандарды табамыз. Осындай хикаялардың арқасында біз жақсы болуға тырысып, әділетті әлем құруға ұмтылуымыз керек. Пекин Шығыс Түркістандағы мұсылмандарды террористер дейді. Ал шын мәнінде Қытай Компартиясы мен Пекин үкіметінің өзі террорлық әрекетке барып отыр.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қауіпсіздігім үшін кеттім". Қытайдан да, Қазақстаннан да қашуға мәжбүр болған қазақ