Юрий Дракахруст: Беларусьте "Майдан" қазір болып жатыр

Президент сайлауының ресми қорытындысына наразылардың қарсылық акциясы. Минск, Беларусь, 10 тамыз 2020 жыл.

Беларусь саяси талдаушысы Юрий Дракахруст елде 10 тамызға қараған түні биліктің наразылықты басып-жаншуын "бүкілбеларустық қырғын" деп атайды. Наразылар Александр Лукашенконың президент сайлауында басым дауыспен жеңіске жеткенін жария еткен мемлекеттік экзитпол қорытындысымен келіспеген. Азаттыққа сұхбатында Дракахруст "Беларус "майданы" мақсатына жете ме?" деген сұраққа жауап іздеп, постсоветтік кеңістіктегі авторитарлық режимдердің бұрынғы сценарийлері қазір неге жұмыс істемейтінін түсіндіруге тырысты.

Наразылық акциясына шыққандарды билік күштеп таратқан түннен кейін Беларусь орталық сайлау комиссиясы Александр Лукашенконың дауыс берушілердің 80 пайыз қолдауына ие болып, президент сайлауында жеңіске жеткенін хабарлады. Сайлауда Лукашенконың басты қарсыласы болған, елдің оппозициялық күштері қолдаған Светлана Тихановская ресми дерек бойынша 10 пайыздан аз дауыс жинаған. Ол сайлау қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеді. Тихановская өзін жеңімпаз санайтынын айтып, жарияланған нәтижені "қолдан жасалған" деп атады.

10 тамызға қараған түні мемлекеттік экзитпол нәтижесінде Лукашенконың жеңіске жеткені белгілі болғаннан кейін бүкіл елде наразы азаматтар жаппай көшеге шықты. Полиция күштері оларға жас ағызатын газ шашып, өзге де арнайы құралдар қолданды. Мұның соңы наразылық акциясына шыққандардың ІІМ күштерімен қақтығысына ұласты. Ресми дерек бойынша, үш мыңға жуық адам ұсталып, 90 азамат жарақат алған. Минскідегі наразылық, арнаулы жасақпен қақтығыс 10 тамыз күні кешкісін қайта жалғасты. Билік наразылыққа қатысқан бір адамның қаза тапқанын растады.

Сайлау кезінде ТМД елдерінен келген бақылаушылар әдеттегідей "айтарлықтай заңбұзушылықтар" байқамаған.

Еуроодақ Беларусьтегі наразылық акциясына қатысушыларға қарсы "азаматтарға қолдануға болмайтын және олардан басым" күш көрсетілгенін сынап, билікті сайлауда берілген дауыстарды дұрыс санап, беларус халқының шынайы қалауын көрсететін қорытындыны жариялауға үндеді. Еурокомиссия басшысы Урсула фон лер Ляйен Еуропада бейбіт түрде наразылық білдіргендерді қудалауға орын жоғын жазды. Бірқатар Еуропа мемлекетінің билік өкілдері қатқыл мәлімдемелер жасады.

Бұл кезде Лукашенконы Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан мен Қытай сияқты авторитарлық билік жүйесі орнаған елдердің басшыларынан құттықтап жатты.

Беларусьте осымен алтыншы рет президент сайлауына түскен Лукашенкоға қарсы жаппай наразылық билік бірнеше танымал саяси тұлғаны сайлауға қатыстырмай қойғаннан кейін басталып, сайлауалды науқан аяқталғанша жалғасты. Сайлауға қатысуға ықылас білдірген кандидаттардың бірі тұтқындалып, басқалары елден кетті. Беларусьтің саяси шолушысы Юрий Дракахруст Азаттыққа берген сұхбатында кейінгі апталарда болған оқиғалардың Беларусь пен басқа да постсоветтік мемлекеттер үшін қандай маңызы барын саралап көрді.

"ХАЛЫҚ ШАРШАДЫ"

Азаттық: "Сайлауда Лукашенко жеңді" деп жарияланатыны күмәнсіз еді. Қазіргі жағдайда бұл сізге "Пирр жеңісі" (жеңіліске бастайтын жеңіс) болып көрінбей ме?

Беларусь саяси талдаушысы Юрий Дракахруст.

Юрий Дракахруст: Режим сөзсіз терең дағдарысқа тап болды. Лукашенко әлсірей бастады деп ойлаймын. Тұңғыш рет қоғамның басым бөлігі Лукашенкоға көпшіліктің қолдау танытқанына күмән келтіріп отыр. "Пирр жеңісі" дегенге келсек, бұл формула 2006 және 2010 жылғы президент сайлауларынан кейін қолданылған. Көріп отырғанымыздай, "Пирр" президенттің орнына отырып, 2020 жылға аман-есен жетті.

Азаттық: Қауіпсіздік күштері мемлекеттік экзитпол нәтижесі жарияланғаннан кейін басталған наразылықты күшпен басып-жаншыды. 2010 жылы Беларусьте сайлаудан кейін болған қарсылық пен оны қалай басып-жаншығаны да есімізде. Сол кездегі сценарий бұл жолы да қайталануы мүмкін бе?

Юрий Дракахруст: Ол қайталанды. Басып-жаншу әрекеті тайға таңба басқандай анық көрініп тұр – бүкіл ел бойынша 10 тамызға қараған түні үш мың адам ұсталған. 2010 жылы 700 адам ұсталған болатын. 9 тамызға дейінгі сайлауалды науқан кезінде жүздеген адам ұсталған, дауыс беру күніне дейін 26 азамат қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылған.

Азаттық: Қазақстанда сайлау, өзін "оппозициялық кандидат" деп таныстырған адамның күрестен бас тартуы, жаппай наразылық акциясын күшпен тарату сияқты оқиғалардан кейін көп адамның саясаттан көңілі қалып, саяси апатия пайда болды. Беларусьті не күтіп тұр деп ойлайсыз? Апатия ма, әлде ояну ма?

Юрий Дракахруст: Бұл әзірге белгісіз. Қазақстандағы сияқты, бізде де қоғамның реакциясы қалай боларын алдын-ала болжап білуге мүмкіндік болмады. Мұндай жағдайда апатия ең ықтимал реакция саналады. Былтыр сіздерде, 2010 жылдан кейін Беларусьте солай болды. Бірақ барлық нәрсе бір кездері бірінші рет болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Не реформа, не революция". Қордай, Шорнақ, Сәтбаев... Тағы не күтіп тұр?

Азаттық: Лукашенко авторитарлық режимдерге тән дәстүрлі жоспар бойынша әрекет етті: өзіне ұнамайтын бәсекелестерді сайлауға қатыстырмай, әкімшілік және медиа ресурстарды өз кәдесіне жаратты. Не нәрсе дұрыс болмады?

Юрий Дракахруст: Қоғамның реакциясы басқаша болды. Ол осынша көп беларус өзін жек көреді және оған қарсы шыққан кез келген адамды қолдауға дайын деп ойлаған жоқ.

Азаттық: Жағдайды сырттан бақылаушыларға Беларусьтегі сайлауалды науқан шиеленіске толы өткендей көрінді. Елдегі саяси оқиғаларды жіті назарда ұстайтын адам ретінде бұл науқан сіз үшін қаншалықты ерекше өтті?

Юрий Дракахруст: Оның ерекше өткеніне дау жоқ. Лукашенко бірінші рет не көпшіліктің қолдауына ие бола алмады, не оны қолдаушылардың саны сәл ғана артық болды. Бұл Тихановскаяны қолдау мақсатында өткен акциялар мен сайлау түні болған наразылықтардан бастап, мемлекеттік ақпарат құралдарында істейтін бірнеше журналистің наразылығына дейін әртүрлі формада көрініс тапты.

Азаттық: Біз осыдан бірнеше ай бұрын ғана көпке белгісіз болған Светлана Тихановскаяның митингісіне мыңдаған адам жиналғанына куә болдық. Бұл сонда не болды? Дұрыс таңдалған стратегия ма, ауыспайтын биліктен шаршаған халықтың өзгерісті қалауы ма, әлде өз көшбасшылары бар (және олардың қатарына Лукашенко кірмейді) әлеуметтік желілер дәуірі ме?

Юрий Дракахруст: Бірінші кезекте, әрине, халық шаршады. Бірақ дұрыс құрылған стратегия элементі де байқалды. Ықпалды кандидаттар – Сергей Тихановский мен Виктор Бабариконы қолдаушылардың арасында байланыс жоқ болатын. Билік Тихановскаяны ғана тіркеп, оларды бірігуге итермеледі. Тихановскаяның штабын тіркелмеген кандидаттар Бабарико мен Цепкалоның штабтарымен біріктіру де сәтті шешім болды.

"АВТОРИТАРЛЫҚ РЕЖИМНІҢ ӘДЕТТЕГІ АРГУМЕНТІ"

Азаттық: Лукашенко елдегі жағдайдың тұрақсыздығын көздеген адамдардың "тыныштықты бұзуға" талпынысы туралы сөзін қайталады. Тихановская мен оны қолдайтын әйелдерді меңзеп, "бейбақ қыздарды" артында белгісіз "күштер" тұрған саяси технологтар басқарып отыр деген пікір айтты. Бұл туралы не ойлайсыз?

Юрий Дракахруст: Бұл – авторитарлық режимнің әдеттегі аргументі. Олар отандастарына мезі болғанына сенбейді. Сондықтан міндетті түрде шетелдік арандатушыларды айыптайды. Біз қарастырып отырған жағдайда сыртқы күштердің араласуынан хабар беретін ешқандай белгі жоқ. "Вагнер тобын" ұстау оқиғасының көлеңкелі тұстары көп (шілденің соңында Беларусь билігі 33 ресейліктің ұсталғаны туралы хабарлады. Оларды Ресей президенті Владимир Путинге жақын кәсіпкер Евгений Пригожинге бағынышты саналатын, "Вагнердің жекеменшік әскери компаниясы" атты ресейлік жартылай әскери жалдамалылар ұйымның мүшесі деп атады - ред.). Маған бұл Беларусь билігінің қолдан ұйымдастырған қойылымы сияқты көрінеді. Қоғамның пікірі қызық болды. Қазақстанда билік "Елге "вагнерліктер" келді, олар билікті басып алғысы келеді" деген мәлімдеме жасаса, бұл ашу-ыза мен қауіптенуге себеп болар еді" деп ойлаймын. Ал Беларусьте қоғамның басым көпшілігі бұған күліп қарады.

Полиция жасағы наразылық акциясына шыққандарды ұстап жатыр. Минск, 10 тамыз 2020 жыл.

Азаттық: Басқа постсоветтік автократия басшылары Беларуське қарап, сабақ алады деп ойлайсыз ба? Олар бұл оқиғадан қандай сабақ алуы мүмкін?

Юрий Дракахруст: Күш құрылымы қызметкерлеріне көбірек ақша төлеп, олардың арасындағы сенімсіз адамдарды алып тастау керек деген қорытынды жасайды. Сені халық жақсы көрмесе де, күш құрылымындағы адамдар жақсы көрсе жеткілікті. Бірақ кейде бұл да көмектеспеуі мүмкін. Авторитар билік иесі кездесетін кәсіби қауіп – осы. Олар кешегі бүкілбеларустық қырғыннан "халықпен жұмсақ болу керек" деген сабақ алмайды.

Азаттық: Қазақстанда елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кетіп, орнын өзі дайындаған адамға табыстағанына қарамастан, биліктегі ықпалын сақтап қалды. Ресейде жиырма жыл билік басында болған Владимир Путин президенттік мерзімін "нөлге теңестіру" туралы шешімге келді. Лукашенко алтыншы президенттік мерзімінің соңына дейін билікте қалса, елді 31 жыл басқарған болады. Қалай ойлайсыз, Беларусьте билікті өзі дайындаған мұрагерге табыс ету сценариі жүзеге асуы мүмкін бе?

Авторитар билік иесі кездесетін кәсіби қауіп – осы.

Юрий Дракахруст: Ол транзит жолдарын ойластырып жатыр деп ойлаймын. Бірнеше жылдан бері Конституцияны өзгерту туралы айтып жүргені тегін емес. Назарбаевтың үлгісі – Лукашенко қарастырып жатқан, іске асыруы ықтимал нұсқалардың бірі. Бірақ бұл нұсқаны әзірге пайдалана қоймайды деп ойлаймын. Өйткені Лукашенко Назарбаевтан әлдеқайда жас. Бірақ ол өзі президент қызметінен кетіп, өмірден өткен кезде не боларын ойлап жүр. Сондықтан бұл сұраққа әзірге "жоқ" деп жауап беруге болады.

Азаттық: Беларусьте алты жыл бұрын Украинада болған "майдан" қайталануы мүмкін бе?

Юрий Дракахруст: Беларусьте "майдан" қазір болып жатыр. "Бұл жеңіспен аяқталатын "майдан" бола ма?" деп сұрасаңыз, оны бүгінгі не алдағы күндер көрсетеді. Наразылықтың ауқымы кеңейсе, бәрі де мүмкін. Билік наразылық қарқынын басу мүмкіндігіне қол жеткізсе, сұрақтың жауабы қандай болары айтпаса да белгілі.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билік халықтың жеңісін ұрлады". Сарапшылар Беларусьтегі жағдай жайлы не дейді?