Президент сайлауы алдында жаңа мобилизация жариялауға Кремльдің дәті жете ме?

Мәскеу көшесіндегі Ресей армиясының жарнамасы.

Украинада соғыс басталғалы 19 айға жуықтады. Қазір Ресей Украинаның қарымта шабуылына төтеп беруге бар күшін салып жатыр. Майдандағы ресейлік сарбаздар қажып, жүнжігенін айтып шағымданады. Ел арасында жаңа мобилизация болады-мыс деген қауесет өршіп, Кремль оны басумен әлек.

МОБИЛИЗАЦИЯ ЕЛЕСІ КЕЗІП ЖҮР

Қыркүйектің басында Ленинград облысының губернаторы ұйымдастырған телеконференцияның тікелей эфиріне Елена есімді ресейлік әйел қоңырау шалып, Украинада соғысып жатқан күйеуінің жағдайы нашар екенін айтып, жалына көмек сұрады.

"Күйеуім 10 айдан бері соғысып жүр, окопта ұйықтап, тамақ ішіп, сонда өмір сүріп жатыр. Әлі бірде-бір рет демалыс алған жоқ. Мұндай жағдайда адам моральдық жағынан да, физикалық тұрғыдан да қажып, діңкесі құриды, – деді ол 4 қыркүйекте телефонмен. – Біз, мобилизациямен кеткендердің жары, балалары, аналары – бәріміз жабылып гуманитарлық көмек жіберіп жатырмыз... Ер адамның жұмысын, күйбең тірлікті, бала тәрбиесін өз мойнымызға алдық. Бірақ адамның күш-қуаты сарқылады ғой".

Губернатор Александр Дрозденко қолдан келген көмек жасауға уәде берді: "Майдан шебіндегі жұбайларыңызға, бауырларыңызға, ұлдарыңызға қолдау көрсеткеніңіз үшін рақмет. Бұл қолдау оларды үйге бір табан жақындатады. Жеңіс үшін алға!"

Тексеру мүмкін болмаса да, Елена шағым айтқан жалғыз адам емес екені анық: жауынгерлер мен жұбайларынан, ата-аналарынан, сондай-ақ соғысты жақтайтын ресейліктерден де Ресей армиясындағы бұрыннан белгілі проблемаларға өзгелердің назарын аударып айтылған осындай арыз-шағымдар толассыз түседі.

Кремль қарулы күштерін нығайтуға күш сала бастағанын аңғартып, кейбір командирлердің, соғысқұмар әскери блогерлер мен ұлтшылдардың аузына "Ресейге тағы да көп сарбаз керек" деген сөз салып беріп отыр.

Билік "мобилизация" деген сөздің көп айтылғанын қаламайды. Алайда жұрт арасында ол жиі айтылып жүр.

"Жақын бірнеше аптада мобилизацияның жаңа легі басталады деп айта алмаймын. Бірақ түбі солай болатынына сенімдімін, – деді ресейлік оппозиционер, қазір түрмеде отырған Алексей Навальный құрған Жемқорлықпен күрес қорының соғыс сарапшысы Ян Матвеев. – Соғыс қажеттілігі сондай. Ресей үкіметі мен әскери шенеуніктер қазір өз еркімен келісімшарт бойынша соғысқа баруға келісетін адамдарды әскерге тартуға тырысып жатыр. Бірақ әзірше еш нәтиже жоқ. Майданнан да жақсы хабар келіп жатқан жоқ. Осының бәрі мобилизация бәрібір болатынын көрсетеді".

"Мобилизация тақырыбына алып-қашпа сөздерді сан-саққа жүгіртудің мән-мағынасы жоқ. Көп ұзамай шынайы жағдайды көретін боламыз", – деп есептейді Массачусетстегі Tufts’ Fletcher School деп аталатын құқық және дипломатия мектебінің ғылыми қызметкері әрі ресейлік әскери талдаушы Павел Лузин.

ЭЛЕКТРОНДЫ ШАҚЫРУ

2022 жылдың ақпанында Ресей күштері Украинаға басып кіргеннен бастап Кремль халқының басым бөлігінен зұлмат соғыстың шынайы көрінісін жасырып-жабуға тырысып бақты. Бірақ мұндай әрекет барған сайын қиындап, мүмкін болмай жатыр. Себебі, кейбір деректер бойынша, бұл соғыста 120 000 ресейлік қаза тауып, 180 000 адам жараланды.

Бірнеше ай бойы жасырын түрде әскер жасақтауға тырысқан Кремль 2022 жылдың қыркүйегінде, соғыстағы іс-қимылы тұралағаннан кейін, мобилизация жариялап, жүздеген мың адамды әскер қатарына алды. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы мобилизация. Осылайша Кремль майданда жағдайы ауыр екенін, соғыс қарапайым ресейліктердің есігін қағып келіп қалғанын үнсіз мойындағандай болды.

Кремль "ішінара" деп атаған мобилизация нәтижесінде үш жүз мыңға жуық ресейлік әскерге алынып, майданның алғы шебіне жіберілді. Бұдан бөлек "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы құрамына түрмеде жатқан мыңдаған қылмыскерді қосып алды. Сөйтіп Ресей майдандағы жағдайын тұрақтандырды. Әйткенмен Украина күштеріне қарсы қандай да бір ірі шабуыл жасауға мүмкіндігі жетпеді.

2022 жылы қыркүйекте мобилизациямен әскерге алынғандар жаттығу орталығына аттанар алдында. Чита, Ресей, 7 қазан, 2022 жыл.

Осы мобилизация мен соғысқа адам тарту әрекеттері әскерге жарамды ер адамдарды анықтау мен қарулы күштер қатарына алуға әскери комиссариаттар қолданатын жүйенің ескіріп кеткенін әшкерелеп берді.

Билік бұл олқылықты реттеу мақсатында соғысқа жарамды адамдарды бақылайтын компьютерлік жүйелерін жаңартуға кірісті. Ал заң шығарушылар шақыру қағазын жіберуді жеңілдететін цирфлық база жасақтау туралы шешім қабылдады. Жаңа жүйе ресейліктер салық төлеу, зейнетақы алуға өтініш беру немесе мүгедектік жәрдемақысын алу, т.б. үшін пайдаланатын "Мемлекеттік қызметтер" атты мемлекеттік веб-порталдағы мәліметтерге сүйенеді.

Жаңа заңға сәйкес, Ресей азаматы мемлекеттік қызметтер порталын қолданса да, қолданбаса да, өзіне электронды жолмен жіберілген әскерге шақыру хатына жауап бермесе, оған айыппұл салынады. Бұған қоса, оған елден шығуға, көлік жүргізуге, үй сатып алуға, шағын бизнес ашуға тыйым салынады.

Жуырда парламент депутаттары әскери резервте тұрған ресейліктердің шекті жас мөлшерін бес жылға ұлғайту туралы шешім қабылдады. Осы аптада Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу ер адамдарды әскерден босатуға негіз болатын денсаулық жағдайы мен ауру түрлерінің тізімі көрсетілген жаңа бұйрық шығарды.

"Біз жыл бойы Ресей билігінің осы жыртық-тесіктің бәрін жамап-жасқауға қалайша жанталаса тыраштанғанын, мобилизацияның барлық рәсімдерін қалай жолға қоюға тырысқанын көрдік", – деді әскер қатарына шақырылғандарға заң көмегін ұсынатын ресейлік "Азамат пен армия" құқық қорғау ұйымының директоры Сергей Кривенко.

"Заңға түзетулер мен қолданысқа электронды шақырту енгізілді, айыппұлдар күшейтілді, жалпы жүйе қайта реттеліп жатыр, – деді ол Азаттық радиосы мен Voice of America бірлесе басқаратын, орыс тілінде хабар тарататын "Настоящее время" желісіне берген сұхбатында. – Бұл біздің әскери қызметке шақыру ісі және, әлбетте, мобилизация жасау үшін әскери комиссариаттар жүйесін оңтайландырып жатқанының негізгі көрінісі".

Қыркүйектің басында Telegram мен өзге де әлеуметтік желілерде Шойгу қол қойған-мыс делінген, жуырда мобилизация болатыны жазылған бұйрық тарады. Ресей Мемлекеттік думасы қорғаныс комитетінің басшысы әрі ықпалды заңгер Андрей Картаполов бастаған кейбір ресми өкілдер мұның жалған ақпарат екенін айтып, келеке қылды.

Соның алдында Telegram-да басқа да расталмаған хабарлар тараған. Оның біреуінде Кремльдің Қауіпсіздік кеңесі 25 қыркүйектен бастап 1,2 миллион адамға шақыру қағаздарын беру туралы жоспарды талқылады және соның үштен бірін, яғни 400-ге жуық адамды соғысқа тартуды көздеп отыр деп жазылған.

Жаңа мобилизация туралы мәселе осы аптада Қиыр шығыстағы Владивосток айлағында президент Владимир Путиннің қатысуымен өткен экономикалық форумда да көтерілді. Путин оның керегі жоқ, себебі кейінгі бірнеше айда 270 000 адам өз еркімен әскери қызметке барды деп мәлімдеді.

Мобилизациямен әскерге алынған ресейліктер Донецкідегі полигонда. Украина, 5 қазан, 2022 жыл.

"Адамдар бүгінгідей жағдайда майданнан бір-ақ шығатынын білсе де, әскерге саналы түрде барып жатыр, – деді ол 12 қыркүйекте. – Біздің азаматтар, орыс азаматтары Отан үшін ажалға бас тігуі немесе ауыр жаралануы мүмкін екенін түсінсе де, бәрібір саналы, ерікті түрде Отан мүддесін қорғауға барын салып жатыр".

Алайда дәл сол күні Ресей федерациялық қауіпсіздік қызметінің ақпаратын қолды қылуымен аты шыққан, көп жұрт оқитын ВЧК-ОГПУ атты телеграм-арна мобилизацияның екінші толқынына дайындық әлден басталып кетті деген хабар таратты.

Хабарда бұл шара 10 қыркүйекте өтетін жалпыұлттық жергілікті және аймақтық билік органдарына сайлау аяқталғанша кейінге шегерілгені және оны 2024 жылдың наурызында өтетін, Владимир Путин кезекті рет қайтадан түседі делініп отырған президент сайлауына дейін жүзеге асуға тиіс екені айтылған.

ВЧК-ОГПУ хабарлауынша, осы мәселеге бола ұлттық қауіпсіздік қызметінің "қырғилары" мен Кремльдің ішкі саясатымен айналысатын ықпалды орган – президент әкімшілігі арасында "қатты келіспей" қалғанға ұқсайды.

Президент әкімшілігі "халық тарапынан да, бірінші басшы тарапынан да тосын реакцияға тап болудан қорқып, қазіргі ахуалды сақтауға мүдделі болса, "қырғилар" қызбалыққа салынып, нар тәуекелге баруға дайын" делінген хабарламада.

Ақпараттық соғыс пен үгіт-насихат аясында Ресейдің проблемасын асырып көрсетуге тырысатын Украина қарулы күштерінің Бас штабы 11 қыркүйектегі күнделікті есебінде орасан шығынға ұшыраған Ресей әскери басшылығы енді жаппай мобилизация бастауға мәжбүр екенін, Ресейдің өзінен 400 000 – 700 000 адамды, Шешенстан аймағынан 40 000 адамды соғысқа жұмылдыруды көздеп отырғанын хабарлады.

Мемлекеттік думаның тағы бір ықпалды депутаты, әскери сала өкілдермен тығыз қарым-қатынасы бар Андрей Гурулев 1 қыркүйекте аймақтық телеарналардың біріне берген сұхбатында жаңа мобилизация туралы қауесетті жоққа шығарып, соншама көп адамды қамтамасыз етуге Ресейдің қару-жарақ, дайындық және сарбаздарды орналастыру жүйесінің шамасы жетпейді деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, 1 қазан күні армия қатарына екі жылда бір рет болатын кезекті шақыру басталмақ. Ресей заңы бойынша, 18 бен 27 жас аралығындағы ер адамдар қарулы күштер қатарында бір жыл қызмет атқарып, борышын өтуге міндетті. Заң жалпыға бірдей міндетті әскери қызметін өтеуге әскери қатарына алынғандарды Украинаға жіберуге тыйым салғанымен, оларды қару-жарақпен қамтамасыз ету, киіндіру, жаттығу базаларына жеткізу шаралары басталады – осы аралықта кез келген сәтте жаппай мобилизация жүргізілуі ықтимал.

"Біреулер мобилизация туралы қауесет таратып, ылаң салғысы келеді. Осындай өсек не үшін керек? – деді Гурулев сұхбатында. – Иә, қазір соғыс жүріп жатыр. Адамдар аттанып жатыр. Қалай болғанда, өлкеміз міндетін орындап жатыр".

"Тағы бір жайт бар: жаппай мобилизация жасау үшін, мәселен, 3 миллион адамды соғысқа жұмылдырдық дейік, ары қарай не болады? Оларға қару-жарақ, құрал-жабдық, киім-кешек, оқ-дәрі, әскери қимылдар жүргізуге қажет өзге де заттарын тауып беріп, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етіп, отын, азық-түлік. т.т жеткізіп отыру керек, – деді ол. – Біздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені бір уақытта осының бәрімен қамтамасыз ете алмаса, осынша адамды соғысқа жұмылдырғаннан не пайда?"

Азаттық сөйлескен ресейлік сарбаз: "Украиндардың қаруы көп. Біздің адамдар қырылып жатыр. Адам жетіспейді. Жаңа мобилизация болады. Одан қашып құтыла алмаспыз", – дейді.

Сарапшылардың пікірінше, ресейлік әскер жасақтаушылар соғысқа сарбаз алудың бұрыннан бар жүйесіне жүгінуі мүмкін. Ол дегеніміз – жоғары жалақы, еріктілерге арналған жеңілдіктер, ардагерлерге арналған зейнетақы, қайтыс болған жағдайда жесірлерге қомақты жәрдемақы төленетіні туралы патриоттық жарнама науқандары.

"Жақын арада болмайтын нәрсе, өйткені күзде әскери қызметке шақыру 1 қазаннан басталады, – деді Азаттыққа ресейлік заңгер әрі құқық қорғаушы Михаил Салкин. – Сондықтан әскери комиссариаттар әскер қатарына алынғандарды дайындау мен ауқымды мобилизацияны қатар жүргізе алмайды. Оның үстіне, бізде әскерге шақыру желтоқсанға дейін жалғасады, сондықтан бұл кезеңде мобилизация болмайды деп ойлаймын".

"Одан кейін президенттік сайлау келе жатыр. Оның қарсаңында көпті дүрліктіретін мобилизация жариялаудың реті жоқ", – деді Салкин.

Әскерге адам жинаушылар армия қатарындағы міндетті әскери қызметі аяқталуға жақындаған жауынгерлерге қысқа мерзімді келісім-шарт ұсына алады дейді Лузин. "18 жастағы ақылы шамалы, дайындығы нашар сарбаз 35 жастағы ақымақтан анағұрлым жақсы, ал нашар дайындалған 18 жастағы сарбаздар бұрын-соңды ұстап көрмеген ақшаға бола келісуі мүмкін" деп топшылайды Лузин.

"Қалай болғанда да, Ресей қарулы күштерінде төменгі деңгейдегі командирлер жетіспейтіні сезіледі, – дейді ол. – Сіз адамдарды мобилизация жасай аласыз, бірақ командирлерге келгенде [бәз баяғыдай] проблема кезігеді".

"БИЛІК БІРДЕҢЕНІ ЖОҚҚА ШЫҒАРСА, ОЛ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ОРЫНДАЛАДЫ"

Әйткенмен Кремль, соның ішінде халықтың көңіл-күйі мен қоғамдық пікірді жіті бақылап отырған президент әкімшілігі жаңа мобилизация жайындағы қауесеттерге агрессив жауаптар бере бастаған сыңайлы.

Үкіметтік деп есептелетін кемінде екі ұйымға президент әкімшілігі жаңа мобилизация жайындағы кез келген қауесетті таратпау туралы "шұғыл өтініш" жасаған. Meduza онлайн жаңалықтар сайтының мәлімдеуінше, БАҚ тіпті Мемлекеттік дума шенеуніктері немесе депутаттары мұндай қауесеттерді жария түрде жоққа шығарса да, онысы жарыққа шығып кетпесін деген нұсқау алған.

Павел Лузиннің пікірінше, мобилизацияның жаңа басталатын болса, былтыр пайда болған проблемалар тағы да алдан шығады, бірақ бұл жолы науқан барысында мәжбүрлеу шарасын күшейтуге тура келетіндіктен, оның аяғы бұрынғыдан да зор экономикалық және саяси сілкіністерге ұласуы мүмкін.

"Бізде [Ресейде] билік бірдеңені жоққа шығарса, оның міндетті түрде орындалатынын бәріміз білеміз ғой", – деді "Медуза" сайтына ресейлік саржағал басылымдарының бірінің журналисі.

Украинада әскерде болған ресейлік жауынгерлер де тағы бір мобилизация болатынына сенімді.

Азаттықтың Idel.Реалии сайтының журналисі майданнан демалысқа келген Алмас есімді татар жігітімен сөйлескен. Ол бұрын Шешенстандағы қақтығыста болғанын, бірақ Украинадағы жағдай одан "мың есе ауыр" екенін айтқан.

"Украиндардың қаруы көп. Біздің адамдар қырылып жатыр. Адам жетіспейді. Жаңа мобилизация болады. Одан қашып құтыла алмаспыз", – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Пригожиннің қазасынан туған 5 сұрақФрэнсис Фукуяма: Ресей соғыстан әлсіресе, Қазақстанға төнетін қауіп жойыладыУкраинадағы соғыста Ресей жағынан өлгендердің көбі – елдің оңтүстігі мен Кавказдан барғандар. Неге олай?"Бірақ соғыс қазір бітпейді". Бахмут түбіндегі майдан – фотограф көзімен"Ресей үстемдігіне соққы". Қазақстан Каспийдегі әскери теңіз күштерін не үшін күшейтіп жатыр?