Ресейдің Украинаға басқыншылығының үшінші күні президенті Владимир Путин телеарнадан көрсетілген жиында ядролық қаруды арнайы тәртіпке көшіруді тапсырып, әлем елдерін хабардар еткендей болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ресей Еуропадағы тағы бір елмен соғысып жатыр.
Путиннің бұл сөзін біреу-міреу естімей қалды деп ойласа керек, бірнеше сағаттан соң ресейлік мемлекеттік телеарна жүргізушісі Дмитрий Киселев те осы жайлы айтты. "Қазір Ресей ядролық қаруды әскери дайындыққа көшірді. Путин [әлемді] ескертті. Ресейді қорқытуға тырыспаңыздар" деді Киселев.
Батыс шенеуніктері мұны назарға алғандай болды, бірақ сөзге емес, іске қарау керек деді. Басқыншылықтың төртінші аптасында АҚШ шенеуніктері Ресейдің суасты, жерүсті немесе әуеде қолданылатын ядролық қаруды іске қосатыны байқалмайтынын айтты.
Дегенмен Украинадағы соғыс өршіп тұрғанда Путиннің ядролық қару жайлы мәлімдемес жұрттың назарын аударып, "Ресей әлемдегі ең ірі ядролық арсеналды пайдалану секілді "ессіз" әрекетке баруды жоспарлап отыр ма?" деген сұрақ туды. Сондай-ақ бұған АҚШ сияқты елдердің ядролық саясаты қалай қарайтыны да күн тәртібіне шықты.
"Ресейдің Украинаға басқыншылығы секілді ядролық ұстанымнан басталған соғыс аз" деп жазды халықаралық дағдарыс орталығындағы Еуропа және Орталық Азия бағдарламалары директоры Ольга Оликер Путин мәлімдемесінен бірнеше күн өткен соң Foreign Affairs басылымында жарияланған мақаласында.
"Ресей доктринасы мемлекетке экзистенциал қауіп төнген жағдайда ядролық қару қолдануға рұқсат береді. Меніңше, мұның төркіні сонда жатыр, – деді ол Азаттыққа жазған хатында. – Мемлекет режимнің ауысуын экзистенциал қауіп санайтынға ұқсайды. Бірақ бұл жағдайда ядролық қарудың қандай пайдасы болатыны түсініксіз. Бірақ расымен қауіп бар".
"Қырғи-қабақ соғыстан кейінгі заманда Путиннің қоқан-лоқысы орынсыз және адам айтқысыз жағдай" деді қару-жарақты бақылау ассоциациясының (Вашингтонда орналасқан ұйым) басшысы Дэрил Кимболл Путин ядролық қаруды дайындауды бұйырған күннің ертеңіне.
"АҚШ немесе Ресей лидерлері дағдарыс кезінде екінші тарапты өз дегеніне көндіру үшін ядролық қаруды әскери дайындыққа көшірген бірде-бір жағдай болған емес" дейді Кимболл.
ЭКЗИСТЕНЦИАЛ ҚАУІП
2020 жылы Ресейдегі әскери жоспар жасаушылар жаңа стратегиялық құжат дайындаған. Онда Мәскеу ядролық қаруды қандай жағдайда қолдана алатыны нақты айтылған.
"Ресей Федерациясының ядролық қару саласындағы мемлекеттік саясат негіздері" деп аталатын құжатта ядролық қаруды пайдалануға екі жағдайда жол берілетіні көрсетілген. Атап айтқанда, мемлекет жойқын қаруды ядролық немесе басқа да жаппай қиратуға арналған қаруға қарсы немесе "мемлекетті жою қаупі төнген жағдайда" қолдана алады.
Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков 22 наурызда CNN телеарнасына пікір білдіргенде де осыны қайталады. Ядролық қару қолданылатынын жоққа шығармаған ол Ресей саясаты "мемлекетке экзистенциал қауіп төнгенде" бұған жол береді" деді.
Бір жағынан, Ресейдің ядролық қару пайдалануы екіталай: Мәскеу Украина жеріне басқыншылық жасады, Киев те, НАТО да мұндай деңгейдегі қиратуды айтпағанда, шабуылдауға қоқан-лоқы жасамады.
Дегенмен сарапшылардың көбі Кремль мен әскери басшылар Ресейді Путин билігімен ғана қарастырса, бұл проблема туғызады дейді.
Путиннің Ресейі үшін бұл ойдан шығарылған дүние емес. Бұған дейін парламент спикері "Путинсіз Ресей жоқ" десе, жоғары лауазымды тұлғалар "Ресейді құртқысы келеді" деп Батысты айыптап келеді.
23 наурызда Путиннің серігі, экс-президент, қазір Ресей қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары болып отырған Дмитрий Медведев шиеленістің өршуі ядролық апатқа әкелуі мүмкін деп болжап, Вашингтон Ресейді құрту үшін ұзақмерзімді астыртын жоспар құрған деп мәлімдеді.
"Бұл жерде қарапайым логика бар: биліктің ауысуы сырттан міндеттелсе, мемлекет тәуелсіз бола алмайды" деді Венадағы қарусыздандыру және қару-жарақты таратпау орталығының ғылыми қызметкері, қаруды бақылау келіссөздеріне қатысқан совет және Ресей дипломаты Николай Соков.
"Сондықтан әскери әрекеттер аяқталған соң ең қауіпті кезең келеді деп ойлаймын. Батыстың Ресейге не істейтінін шешуге тура келеді. Жағдай тым тереңге кетіп, Ирак сценарийі қайталанса, ядролық қарудың қолданылуын жоққа шығаруға болмайды" деді ол.
"Түптеп келгенде ядролық қаруды пайдалану күтпеген жерден болған әскери жағдаймен шектелмеуі керек. Мемлекетті әскери емес құралдармен де жеңуге болады. Сондықтан ядролық қару бейбіт кезде де пайдаланылуы мүмкін және саясат өте мұқият қарастырылуы керек" деді ол редакцияға жазған хатында.
ЯДРОЛЫҚ ДОКТРИНА
2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі доктриналық құжат жариялаған. Онда АҚШ пен Ресейдің ядролық қаруды қолдануға ұстанымы жазылған.
"Ресей стратегиясы мен доктринасы ядролық қаруды күшпен және әскери мақсатта қолдануға баса назар аударады, – деп жазылған баяндамада. – Мәскеу ядролық эскалация қаупін немесе ядролық қаруды Ресейге тиімді шарттармен шиеленісті шешу құралы ретінде бірінші болып қолдану қаупін қате бағалап отыр".
Ресейдің ядролық қару жөніндегі сарапшыларының бірі Украина жағдайында шиеленіс "жергілікті" деңгейде екенін айтады. Яғни, АҚШ пен НАТО тек қару мен деректер беріп, басқа жолмен араласпауға тырысып отыр.
"Олар жағдай осылай қалуы үшін қажет шаралар қабылдап жатыр және Ресей ядролық сигнал арқылы мұны мойындағандай болды" дейді сарапшы. Ол Ресейдегі тәуелсіз сарапшылар мен БАҚ-қа қысым күшейгендіктен, аты-жөнін атамауды сұрады.
Ресей басқадай қару арсеналын да толық ашпады: "Мариуполь немесе Волноваха қалаларындағы жағдай күйзеліске түсіреді, бірақ бұл Ресей бұдан да үлкен масштабқа бара алатынын меңзейтіндей".
"Осылайша ядролық қаруды қолдануға сылтау болмай отыр" деді ол.
Ресей ядролық соққы жасаса, бұл олардың "біз ядролық соғыстың беймәлім әлеміне араласамыз. Ал ядролық соғыста ешкім жеңе алмайды" дейтінін білдіретіндей.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей "Қанжарын" алып шықты. Мәскеу гипердыбыстық ракетасын қолданды. Бұл қандай қару?"NEW START", "OLD START" КЕЛІСІМІ
Ресей басқыншылығына дейін ядролық қаруды бақылау Ресей мен АҚШ екеуіне ортақ тақырып болды.
Қырым аннексиясы, Ресейдің АҚШ сайлауына араласуы, Кремльдің диссиденттерді улауы, басқа да мәселелерден кейін жағдайдың ушығып бара жатқанына қарамастан, Мәскеу мен Вашингтон ядролық қаруды қысқартуға келіскен.
Трамп әкімшілігі орта және жақын қашыққа ұшатын зымырандарды жою келісімінен шықты. Бірақ "New START" келісімін сақтап қалды. Бұл – Ресей мен АҚШ ядролық қаруын шектеп отырған жалғыз келісім.
Трамптан кейін билікке келген президент Джо Байден әкімшілігі ең алдымен осы келісімді бес жылға созуға басымдық берді. Байден 2021 жылы қызметіне кіріскен соң бірнеше күннен кейін осы мәселені қолға алды.
Батыс сарапшылары Кремльдің "New START" келісімін ұзартуға дайын болуы Мәскеудің ядролық қаруға келгенде ақылға жүгінетін прагматик екенін көрсетеді дейді.
Бірақ бұл келісімнің тактикалық немесе стратегиялық емес ядролық қаруға қатысы жоқ. Бұл қуатты қару қалаларға ракета тастау үшін емес, ұрыс алаңында жергілікті жерде қолдануға арналған. АҚШ барлауының болжамы бойынша, Ресейде мұндай қару 1500-ден асады.
Конгресс зерттеу қызметінің осы айда жарияланған баяндамасына сәйкес, АҚШ-та мұндай 230 қару бар. Оның жүз шақтысы Еуропада шоғырланған және арасында негізінен реактивті ұшақтарға шабуыл жасауға арналған гравитациялық бомба бар. Мәскеу көп жыл бойы осыған шағымданып келеді.
"Ресей НАТО-ға қарсы ядролық қару пайдаланған кейіп танытып жасаған әскери жаттығумен қабаттасып Ресейдің мәлімдеме жасауы Мәскеу стратегиялық емес ядролық қаруын көршілерін мәжбүрлеу немесе сескендіру үшін пайдалана алатынымен қорқыта алады деген ойға жетелейді" деп жазылған баяндамада.
Кремльдегі тұрақсыздық пен астан-кестеңге қарамастан, Батыс шенеуніктері Ресей ядролық қаруын бақылап отырған стратегиялық командалық құрылымда қауіп жоқ екенін және ядролық қаруды іске қосу шешімін қабылдау тізбегіндегі мамандардың сенімді, кәсіби және білікті екенін айтады.
Кейінгі күндері АҚШ пен Ұлыбритания лауазымды тұлғалары Путиннің жақын кеңесшілері оны соғыс алдындағы жағдай мен қазіргі операциялар жайлы шындықты толық айтпай, адастырып отырғанын мәлімдеді.
Бұл ядролық қару қолдану мүмкіндігін одан сайын азайтады дейді Нью-Йорктегі Колумбия университетінде Ресейдің сыртқы және қауіпсіздік саясаты бойынша маманданған Кимберли Мартен.
"Бұл Путиннің эмоцияға толы реакциясы мен ұрыс алаңы арасында сүзгі боп отырған, ядролық қаруды сынап көргісі келмейтін рационал офицерлердің барын көрсететіндей" деді ол Азаттыққа жазған хатында.
"Ядролық қару қолданылмайды деп кесіп айтып, алысқа бармас едім, – дейді Мартен. – Мен шекарадағы аудандарда Ресей мен НАТО әскерлерінің арасында ойламаған жерден болатын конфронтация мен эскалация нәтижесінде туындайтын қатеге немесе дұрыс емес болжамға әлі де алаңдаймын".
Сарапшылар пікірінше, Кремль тағы бір қорытынды жасаған. Ол Украинада ядролық немесе химиялық қаруды шектеп қолдану НАТО-ның шиеленіске араласуына итермелейді ме деп қауіптенеді.
"Соғыс Ресей үшін экзистенциал сипат алмас үшін Мәскеу ядролық қару қолдануы мүмкін деп ойлаймын. НАТО-мен болатын кез келген соғыс экзистенциал болады, – деді Оликер. – НАТО елдері [соғысқа] тікелей араласса, расымен [Ресейдің ядролық қару пайдалану] қаупі пайда болады".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Санкциялар Ресей-Украина соғысын бәсеңдете ала ма?Ақырзаман бола қалса. АҚШ пен Ресей президенттері және олардың "ядролық шабадандары""Есі дұрыс па?" Путиннің сөзі мен ісінен соң жұртты мазалаған сұрақСемей полигонының жабылғанына 30 жыл. Ядролық сынақ алаңдарының бүгінгі жағдайыАндрей Сахаровтың жойқын қару жасаушыдан "адамгершілік шыңына" дейінгі өмір жолы