Онға тарта сириялық ұшқыш пен әскери офицердің басын кескен жантүршіктірерлік видеоны «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымы қарашаның 16-сында жариялады. Осы видеода терроршылар былтыр Сирияда қолға түскен америкалық жәрдем ұйымының қызметкері Абдул-Рахман (Питер) Кассиг деп сипатталған адамның басын да аяусыздықпен кесіп тастайды.
«БҰЛ – ХАШАРД»
Француздың Le Figaro газетінде қарашаның 16-сында жарық көрген ақпаратқа қарағанда, елдің барлау органдары бейнетаспада көрсетілген терроршылардың бірі Абу Абдулла әл-Фиранси болуы мүмкін деген болжам жасап, осының жай-жапсарын зерттеп жатыр. Терроризм бойынша маман Жан-Чарльз Бризард Le Figaro басылымына берген сұхбатында видеожазбадағы адам – былтыр тамыз айында Сирияға кеткен, бұрын Нормандияда тұрған, жасы 22-23-тердегі жігіт деген болжам айтқан.
Қарашаның 17-сінде Францияның ішкі істер министрі Бернар Казнев күдікке ілінген әлгі азаматты «22 жастағы Максим Хашард» деп мәлімдеді.
Шілдеде жарық көрген бұл видеода ислам дінін қабылдады делінген Хашардтың ешкімнің көмегінсіз және ешқандай кедергісіз өз бетімен Сирияға өтіп кеткенін айтады. «Менің басты арманым – жиһад жолында шаһит болу» дейді ол әлгі бейнетаспада.
АҒАЙЫНДЫ МУТАНА
Ал Ұлыбританияның құқық қорғау органдары қарашаның 16-сында жарияланған видеода Уэльстегі Кардифф университетінің студенті бар деген болжам бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Полицияның айтуынша, университетте медицина мамандығына оқыған 20 жастағы Насыр Мутана күдікке ілініп отыр. Ол 17-дегі інісі Асилмен бірге Сирияға кетіп қалған.
Насырдың әкесі Ахмед Мутана The Guardian газетіне берген сұхбатында: «Сирияның әскерилері мен АҚШ азаматының басын кескен видеодағы терроршылардың бірі менің ұлыма ұқсайды, бірақ бұған әлі толық сенімді емеспін» деген. «Егер видеодағы адам шынымен Насыр болса, онда ол ақылынан алжасқан» дейді әкесі. Ол британ журналисіне берген сұхбатында «ұлым Сирияда адамның басын кескен болса, онда ол өлім жазасына тартылуы керек» деген.
Насыр Мутана «Ислам мемлекеті» тобының бұған дейін жарық көрген насихаттық видеосынан көзге түскен.
Маусым айында Кардифф мешітінің имамы «ағалы-інілі Насыр мен Асил өзгерді, олар Құдайға сену тұрғысынан байсалды бола түсті және тым саяси ойлар айта бастады» деген күдігімен бөліскен.
Оңтүстік Уэльстегі ислам орталығының өкілі Шейх Зане Абдо «британдық екі жас жігіт Сирияға кетерден екі жыл бұрын мешітке мүлде келмей қойған» деді.
«АҚЫРЗАМАН»
Жантүршіктірерлік видеода көзге шалынған тағы бір британдық терроршы елдің ақпарат құралдары «Жиһади Джон» деген ат қойған жігіт болуы ықтимал. Үнемі бетін қара бетпердемен жауып жүретін ол Батыс елдерінен келген бес тұтқынның, соның ішінде америкалық Кассигтің басын кесті деп айыпталып отыр.
«Ислам мемлекеті» терроршылары бұл айуандық видео Сирияның солтүстігіндегі Дабиқ қаласында түсірілді дейді. Олар үшін бұл қаланың рөлі ерекше, себебі терроршылар «Рим мен ислам армиясы арасындағы ұлы соғыс дәл осы жерде өтеді» дейді. Олар Дабиқта жеңген кездерінде ақырзаман келеді деп болжайды.
«Ислам мемлекеті» содырлары Дабиқ қаласын тамыз айында басып алған. Содан бері олар өздерінің ағылшын тіліндегі насихат құралдарына осы қаланың атын қойған.
«Жиһадшы Джон» қарашаның 16-сындағы видеода: «Біз Дабиқта Американың алғашқы крест жорықшысын жерледік, енді армияларыңның қалған бөлігін асыға күтеміз» дейді.
Джоанна Парасчуктың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.