"Суға батқан, жоғалған". Тасқын құрбандары мен хабарсыз кеткендер

Your browser doesn’t support HTML5

Суға батқандар мен хабарсыз кеткендер

Қазақстанның бірнеше өңірін тасқын су басқалы үш апта болды. Төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысы Құлсары қаласында тасқыннан төрт адам опат болғанын мәлімдеді. Ақтөбе өңірінде еріген қар суына батып мерт болған екі баланың ажалына "тасқынның қатысы жоқ" дейді жергілікті билік. Абай облысында өзен тасып жатқанда хабарсыз кеткен төрт адам іздестіріліп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі олардың жоғалуын тасқынмен байланыстырмайды. Қаза болғандардың отбасына өтемақы төлеу тәртібі қандай?

"РҰҚСАТСЫЗ ШЫҒЫП КЕТІП ҚАЗАҒА ҰШЫРАДЫ"

5 сәуір күні Атырау облысында Жем өзені арнасынан тасып, Құлсары қаласын су басты. Екі күннен кейін жергілікті екі адам судан өлі табылды.

"50 жастағы Абыл Сақабиев пен 37 жастағы Азамат Жұманов суда қалған үйін көріп қайтуға рұқсатсыз шыққан, екеуі мінген трактор жолда аударылған" деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметі.

Абыл Сақабиевтің Facebook парақшасындағы фотосы.

Абыл Сақабиев Құлсарыдағы қоқыс шығарумен айналысатын "Эко Қала XXI" компаниясында директордың орынбасары болып істеген. Азамат Жұманов та Құлсары тұрғыны деп хабарлады облыстық полиция департаменті. Қазір екеуінің қазасын полиция тексеріп жатыр.

6 сәуірде үстіне резеңке костюм киіп, су басқан үйін көруге кеткен әкелі-балалы Болатбек Ермекбаев пен Асылхан Нұржауов ұшты-күйлі жоғалды. Тоғыз күн өткенде екеуі үйінен бір шақырым қашықтан, 1,5 метр терең судан өлі табылған.

Әкелі-балалы Болатбек Ермекбаев (сол жақта) пен Асылхан Нұржауовтың отбасы архивіндегі фотолардан коллаж.

Туысы Диана Нұржауова іздеу жұмысы кеш басталды деп шағынған. Жақындарының айтуынша, Асылхан Нұржауов биыл 12 сәуірде үйлену тойын өткізбекші болған.

Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев тасқыннан қаза тапқан адамдар туралы: "олар ТЖД мен полиция қызметкерлерінің бірнеше мәрте ескерткеніне құлақ аспай, үйін көруге өз бетімен кетіп қалған. Су басқан кезде тұрғын үйлерде ешкім қалған жоқ, бәрі дер кезінде эвакуацияланған" деді.

– Қазір Құлсарыда судан зардап шеккендер мемлекеттен біржолғы көмек алуға аудан әкімдігі құрған комиссияға өтініш тапсырып жатыр. Тасқыннан зардап шеккені дәлелденсе, әр отбасы мемлекеттен 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде өтемақы ала алады, – деді Жұмағазиев Азаттыққа.

Тасқыннан зардап шеккен адамдар Жылыой аудандық әкімдігіне талап жазып жатыр. Атырау облысы Құлсары қаласы. 10 сәуір, 2024 жыл.

Құлсарыға барған Азаттық тілшісі су басқан үйін суретке түсіруге, үйде қалған құжаттарын алып қайтуға бармақ болып қайық іздеп жүрген адам көп екенін көрді. Тұрғындардың айтуынша, аудан әкімдігі олардан үйі жарамсыз екеніне дәлел ретінде фотоесеп сұратқан. Бұл – мемлекеттен өтемақы алу үшін қажет.

Адам жоғалғаны мәлім болғаннан кейін жергілікті билік төтенше жағдай қызметкерлерінің бақылауымен қайықпен барып келетін орын белгілеген. Жұрт суда қалған үйіне рұқсатсыз, өз бетінше бармау үшін құрамында бір полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның екі сарбазы бар патруль қойылған.

Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан бастау алатын Жем өзені арнасынан тасып, 4 сәуірде Атырау облысы Жылыой ауданына жетіп, тас жолды су басқан. Ертесіне Құлсары қаласындағы 2500-ге жуық үй-жай суда қалды. ТЖМ таратқан кейінгі деректе қаладағы 3 мыңға жуық үй мен әкімшілік нысанға су кіргені айтылған. Құлсарыдан 35 мыңға жуық адам (7 мыңнан астамы бала), 20 мың бас мал қауіпсіз жерге көшірілген.

Your browser doesn’t support HTML5

Тасқын су қиратқан Құлсары. Арнайы Репортаж

"ЕРІГЕН ҚАР СУЫНА БАТЫП КЕТТІ"

23 наурыз күні түскі уақытта Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ебейті ауылында 4 жасар Бағлан Болатбай мерт болды. Өзінен бір жас үлкен ағасымен бірге үйінен 150 метр жерде ойнап жүрген бүлдіршін еріген қар суына батып кеткен.

– Ол жерде өзен де, шұңқыр да болмаған. Еріген қар суы бір жерге жиналған. Аяғы тайып суға құлаған бала шыға алмай қалған. Анасы баласын құтқаруға алып-ұшып барған, бірақ бәрі кеш болған, – деді ауыл әкімі Әміржан Жұмабаев.

Әкім бұл оқиғаның мән-жайын аудандық полиция тексергенін, ешқандай қылмыс белгісін таппағанын айтты.

Бұл кезде облыста күн күрт жылынып, еріген қар суы қосылған өзендер тасып, елді мекендерге, мал-жанға төнетін қауіп күшейіп келе жатқан еді. Байғанин ауданында тас жолдарды су басып, үш ауылмен қатынас үзілген.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бала қазасын "жазатайым оқиға" деп атап, әкімдерге адам көп жүретін өткелді су басса, кезекші қоюды, қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырған.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбеде тағы бір ауыл халқы көшіріліп жатыр

Алайда дәл сондай оқиға облыста 2 сәуір күні тағы болды. 10 жастағы Ерсайын Сағымкерей Белқопа ауылының шетіндегі сайда ойнап жүріп, еріген қар суына тұншығып мерт болған. Әйтеке би ауданы әкімі баланың қазасына су тасқынының қатысы жоқ дейді.

– Ауданда су баспаған 3-4 ауылдың бірі осы – Белқопа. Бала достарымен бірге ойнап жүріп, аяғы тайып кетіп, қар суынан жиналған шалшыққа құлаған. Үлкендер келгенімен, құтқарып қала алмады, – деді аудан әкімі Азаттыққа.

Бала опат болардан бес күн бұрын, 29 наурызда Әйтеке би ауданына тасқын қаупі төнуіне байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі енгізілген.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева да бұл оқиғаны "оқыс жағдай" деп атап, облыста тасқыннан қаза тапқан ешкім жоқ деді.

Су тасқынына байланысты Ақтөбе облысының алты ауданында (Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл, Ырғыз) және Ақтөбе қаласында төтенше жағдай режимі енгізілген. 15 сәуірдегі дерек бойынша, өтемақы төлеу жөніндегі жергілікті комиссияға төтенше жағдай жарияланған алты аудан мен қала тұрғындарынан 3180 өтініш түскен.

ХАБАРСЫЗ КЕТКЕНДЕР

Абай облысында суда жоғалып кеткен 4 адам табылмай жатыр. 15 сәуірде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Саида Торайғырова "олар әлі іздестіріліп жатыр" деді.

Үржар ауданының 23 жастағы тұрғынынан 8 наурыздан бері табылған жоқ. Облыстық ТЖД мәліметінше, ол адам ауыл маңындағы қар суына толған Ай өзеніне құлаған. Оқиғаның мән-жайы белгісіз. Қазір ағысы бәсеңдеп, деңгейі түскен өзеннен құтқарушылар әлгі адамды іздеп жатыр.

Әділжан Құлқаев 2024 жылғы 23 наурызда өзеннен жылқы айдап өтпек болып, хабарсыз кеткен. Отбасы архивіндегі фотосы.

Аягөз ауданы Айғыз ауылындағы қыстақта Аягөз өзенін кесіп, жылқы айдап өтпек болған 47 жастағы Әділжан Құлқаевтан 23 наурыздан бері хабар жоқ. Малшы суға ағып кеткен болуы мүмкін деген долбар айтылғанымен, оған нақты дәлел жоқ.

Аягөз ауданы Қарағаш ауылы маңындағы Борлы өзенін трактормен кешіп өтпек болып, су ортасында қалып қойған 39 жастағы Шалқар Қажыгереев пен 66 жастағы Қуанышбек Мырзағазин 26 наурыздан бері табылмай жатыр. Туыстарының айтуынша, олар жедел көмек сұрап, "112" телефон нөмеріне қоңырау шалған, бірақ ол күні құтқарушылар келмеген. Өзен ортасында трактордың төбесінде отырған екеуін құтқармақ болып ат мініп барған бір адам өзі суға кете жаздап, жағаға зорға шыққаны түсірілген видео әлеуметтік желіде сол күні тараған-ды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Елде тасқын ахуалы әлі күрделі. Абай облысында жоғалғандар табылған жоқ

Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысында жоғалған бұл төрт адамды да облыстағы су тасқынымен байланыстырмайды.

– Өйткені бұл адамдар өңірде су тасымай тұрып жоғалды. Оларды төтенше жағдаймен байланыстырудың қажеті жоқ, – деді Төтенше жағдайлар министрлігі өкілі Жаннұр Шаяхметова Азаттыққа.

Алайда министрлік биыл көктемде Абай облысындағы тасқын су туралы алғашқы деректерді 9 наурызда Telegram арнасында жариялаған: Мақаншы ауданында еріген қар суы автокөлік жолын басып, қозғалыс тоқтатылды деп хабарлаған. 25 наурызда "күн күрт жылынып, Аягөз өзенінің деңгейі көтерілді" деген ақпарат жариялаған.

27 наурызда өзен арнасынан тасып, бес аулаға су кірген, тасқын көпірді бұзып кеткен. Сол күні Аягөз ауданы әкімдігі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимін жариялады.

ӨТЕМАҚЫ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?

Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Жаннұр Шаяхметова қазірге дейін тасқын салдарынан опат болғандар тізімінде төрт адам – жоғарыда аталған Құлсары тұрғындары барын айтты.

– Төтенше жағдай кезінде қаза тапқан адамның туысына өтемақы беру я бермеуді, төленетін ақша мөлшерін әкімдіктер анықтайды. Әдетте мұндай мәселені шешу жергілікті атқарушы орган құрған арнайы комиссияға жүктеледі. Өтініш берген адам төтенше жағдай кезінде зардап шеккенін дәлелдейтін құжаттарды сол комиссияға тапсыруы керек, – деді ТЖМ өкілі Азаттыққа.

Атырау облысы Құлсары қаласындағы суда қалған үйлер. 9 сәуір, 2024 жыл.

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында тасқыннан опат болған төрт адамның туыстары өтемақы алу үшін комиссияға өтініш беруі керек. Мұны Азаттыққа аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова айтты.

– Өтінішті негізге алып, мемлекеттен біржолғы әлеуметтік көмек бере аламыз. Түпкілікті шешімді комиссия айтады, – деді ол.

Жылыой аудандық мәслихаты 2023 жылғы 16 қазанда қабылдаған "Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаты тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешімде табиғи апаттан зардап шеккен адамға немесе отбасына 500 АЕК (1,8 миллион теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек берілетіні айтылған.

Қазақстан үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы 523-қаулысында "Әлеуметтік көмек алу үшін табиғи апаттан зардап шеккен адам өзінің немесе отбасының атынан жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне осы үлгідегі 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған жеке куәлік пен апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжатты қоса беруі керек" деп жазылған.

Ал егер адам қазасына өзге біреу кінәлі болса, марқұмның туысы оның құнын даулап, сотқа жүгіне алады дейді заңгер Сергей Уткин. Оның айтуынша, адам қазасына байланысты өтемақы талап ету үшін алдымен кінәліні анықтап алу керек, ол үшін қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуі керек.

– Тергеу қорытындысында өлімге кінәлі адам анықталса, одан сот арқылы өтемақы төлету туралы талап арыз беруге болады. [Су тасқынына байланысты жағдайда] адам өліміне мемлекеттік қызметкер кінәлі деп танылса, онда мемлекеттен құнын даулауға хақы бар, – деді заңгер Азаттыққа.

Заңгердің сөзінше, қаза тапқан адамның мұрагері марқұмның мүлкіне келтірілген материалдық залалды өндіріп алу жөнінде талап қоя алады.

– Нотариус арқылы мұра туралы іс қозғап, залалды өтеткізу үшін әкімдікке өтініш беру қажет болады. Өтемақы мұрагерге алты айдан кейін, яғни нотариус мұрагерлік құқығы туралы куәлік рәсімдегеннен кейін ғана төленуі мүмкін, – деді заңгер Азаттыққа.

Тасқын құлатып кеткен тұрғын үй мен оның ауласына тігілген шатыр. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылы. 13 сәуір, 2024 жыл.

Наурыздың ортасынан бері Қазақстанның 10 облысындағы елді мекендер тасқын судан зардап шегіп жатыр. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті аумақтағы төтенше жағдай режимі енгізілді. 107 мыңнан астам адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды.

Үкімет биылғы жағдайды "күзде жаңбыр көп жауды, күн күрт жылынып, қар мен мұз тез еріді, соның кесірінен өзен сулары тасып, арнасынан асып кетті" деп түсіндірді. 30 наурызда елдегі тасқынға байланысты шұғыл кеңес өткізген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты. Ол 6 сәуірде жасаған халыққа үндеуінде "Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады" деді.

Кейінгі он жылда Қазақстанда халық тасқыннан жылда зардап шегеді: әр жолы жүздеген үйді қарғын су басып, мыңдаған адамды әбігерге салады. Былтыр Батыс Қазақстан облысында үш ауданда, Ақтөбе облысында екі ауданда қар суына толған өзендер тасып, төтенше жағдай жарияланған. 150-ден астам үй-жайға су кірген. Зардап шеккендер тасқынға дайын болмады, алдын ала тиісті шаралар атқармады деп жергілікті және орталық билік органдарына сын айтқан.

Your browser doesn’t support HTML5

"Табиғи құбылыс" па, "немқұрайды қарау" ма? Он жылдағы су апаттары