"Назарбаев дәуірінің соңы" және Орталық Азияға "ақыл айтқан" Қытай

Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда құлаған Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстанда Назарбаев дәуірі біржола аяқталғанын жазды. Вашингтон мен Мәскеудің Қазақстанға ықпал үшін тартысатынына үңілді. Қазақстанға келген Қытай сыртқы істер министрі Ванның Орталық Азия елдеріне қандай ақыл айтып, нендей нұсқау бергенін де талдады

"НАЗАРБАЕВ ДӘУІРІНІҢ СОҢЫ"

Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы қазақстандықтар референдумда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев есімін Конституциядан өшіруді қолдап дауыс бергенін жазды.

Назарбаев Қаңтар оқиғасынан кейін биліктен айырылды, оның жақтастары мен туыстары лауазымды қызметтерден шеттетілген, бірақ Назарбаев "елбасы" мәртебесін сақтап қалған болатын. Конституциялық референдум нәтижесінде ол бұл атақтан айырылды.

Басылым референдумға наразылар Конституцияға түзетулерді зерттеп-зерделеуге аз уақыт берілгенін айтып, дауыс беруді кейінге қалдыруды сұрағанын жазады. Референдум күні дауыс беруді мүлде тоқтатуды талап еткен белсенділер де болды.

"Референдумға қарсылық білдірудің негізі бар. Конституциялық сот қайта құрылып, парламентке қосымша өкілеттіліктер берілгенімен, негізгі билік әлі де президенттің қолында қала бермек", − дейді басылым.

216-референдум учаскесі. Шымкент, 5-маусым, 2022 жыл.

Мақала авторы Низом Ходжаевтың топшылауынша, референдум елде саяси белсенділікке жол ашуы мүмкін. "Оның үстіне Конституцияға түзетулер саяси партияларды тіркеу процесін жеңілдетуге бағытталғандықтан, мұнан былай қоғам партияларды тіркеуді талап етіп, Тоқаевқа қысым көрсете алады". Қазірдің өзінде бірқатар ұйым мен топтар референдумнан кейін жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді. Басылым олардың арасында саясатқа қайта оралатынын айтқан Болат Әбілев және Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың құқығын қорғайтын топ бар екенін жазады.

Референдум тақырыбын көтерген Әл-Жазира телеарнасы "бұл, түптеп келгенде, Тоқаевтың өз билігін заңдастыру әрекеті" деп жазады. Телеарна "жаңа Конституция Назарбаевты "елбасы" мәртебесінен айырғандықтан, елбасының дәуірі аяқталды" деген саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің AFP ақпарат агенттігіне берген пікірін келтірген.

Әл-Жазира референдум жайлы жазылған тағы бір мақалада Конституцияға түзетулер Назарбаевты "елбасы" мәртебесінен айырса да, Тоқаевтың билігін шектемейтінін талдаған. Телеарнаға сұхбат берген Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллистің айтуынша, президент бұрынғыдай премьер-министр мен үкіметтегі негізгі министрлерді тағайындап, заңдарға вето қою құқығын сақтап қалған, осылайша президент билігі қатты шектелмеген.

Телеарна қаңтарда көшеге шығып, әкімдерді сайлауды сұраған халықтың талабын Тоқаев орындамады дейді. Оның орнына президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері қызметіне кемі екі кандидатты мәслихат қарауына ұсынатынын айтады.

"Адамдардың көңілі қалды. Тоқаев қаңтардағы зорлық-зомбылықтан кейін халықпен қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін референдумды пайдалана ала ма, белгісіз", − дейді Лиллис.

"ВАШИНГТОН МЕН МӘСКЕУДІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ТАЛАСЫ"

Қазақстан АҚШ, Еуроодақ және көршілес державалармен бұрыннан тең қарым-қатынас ұстанып, баланс сақтап келген. Бірақ шолушы Александр Бауновтың пікірінше, Қазақстан биылғы жылдың басынан бері бұл балансты жоғалта бастаған. Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымына жазған мақалада сыртқы саясаттағы мұндай өзгерістің себебіне үңілген..

Автордың жазуынша, Қазақстанның жаңа билігі Батыспен де, Ресеймен де достық қарым-қатынас ұстанып, олардың текетіресінен өзін алшақ ұстағысы келеді. Бірақ ойын ережесін ірі державалар белгілейді, сондықтан аймақтағы тәртіп бұрынғы қалпында қалатыны-қалмайтыны соларға байланысты. Осы себепті Батыс пен Ресей қарым-қатынасы ушыққан сайын Қазақстанға олармен тең қарым-қатынас ұстанудың пайдасынан гөрі зияны басым бола бермек.

Тәжуітовтің топшылауынша, Қазақстанға барған сайын Батыс пен Ресей арасында амалдау қиындап барады, сондықтан балансты қашанға дейін сақтап тұра алады деген сұрақ туады. "Бір жағынан Қазақстан Ресеймен достық қарым-қатынас ұстана беретінін айтса, екінші жағынан Еуроодақпен және НАТО елдерімен экономикалық, әскери-саяси қарым-қатынасты күшейтіп, соларға қарай ойысып жатыр".

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-саммиті. Түркия, 12 қараша 2021 жыл.

Автор Ресейдің "Взгляд" басылымы Қазақстан Мәскеуге қарсы Батыс санкцияларын сақтап қана қоймай, Балтық елдерінің порттарын қолдану арқылы «Ресейдің қас жауы – Балтық елдерінің экономикасына көмектесіп", Түркиямен әскери-техникалық серіктестікті күшейтіп жатыр" деп есептейді. "Нәтижеде Ресей сарапшылары мен журналистері арасында АҚШ пен Еуроодақ "Ұлы Тұран" идеясы мен Түркия арқылы Қазақстанға Батыс құндылықтарын, прогрессивті үкімет тәрізді түсініктерді сіңіріп, елді Украина тәрізді мемлекетке айналдырмақ деген пікір басым". Олардың кейбірі "[Ресейге қарсы] майдан ашылады, одан қашып құтылмаймыз. Қазақстан соққы жасау жолдарын қарастырып жатыр, сондықтан Мәскеу "Украина сценарийінің [Қазақстанда] қайталануын болдырмауы керек" деп байбалам салып жатыр.

Қазақстан жайлы әңгімелер Батыста да қызып тұр. Ақас Тәжуітов бұған көз жеткізу үшін Батыс басылымдарының тақырыптарын шолып шығу жеткілікті дейді. Автор АҚШ-тың Wall Street Journal басылымындағы "Ресей Қазақстанды қыспаққа алып жатыр. АҚШ мұнайға бай және Ресейге тәуелді елдегі Мәскеу ықпалын тежеуі керек" деген тақырыпты мысалға келтіреді.

Сарапшының ойынша, қазіргі кезде Ресей мен АҚШ арасында Қазақстан үшін талас жүріп жатыр. Мұның себебі − Қазақстанның мұнайы мен газына барып тіреледі.

Қазақстанның ірі мұнай кен орындарын АҚШ пен Батыс елдерінің компаниялары барлайды. Ал онда өндірілген мұнайды олар Ресей арқылы өтетін құбырмен тасуға мәжбүр. Мақала авторының жазуынша, Ресейде Каспий құбыр желісі консорциумын мемлекет меншігіне алу мәселесі көтеріліп жатыр. Ал бұл құбыр желісі арқылы Теңіз, Қашаған мен Қарашығанақта шетелдік консорциумдар өндірген мұнайдың 90 пайызы Еуропаға тасымалданады. "Ендігі мәселе Батыс бұған қандай қарымта жауап қайтаратынында".

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕ "АҚЫЛ АЙТҚАН" ҚЫТАЙ

Eurasianet басылымы Қазақстанға іссапармен келген Қытай сыртқы істер министрі Ван Идің "Орталық Азия елдері геосаяси конфликтілерден аулақ болуы керек" деген мәлімдемесіне назар аударған.

Ван "Сыртқы күштердің Орталық Азия елдерін ірі державалардың текетіресіне тартуға тырысу және белгілі бір тарапты қолдауға мәжбүрлеу әрекетінен сақтануы керек" деген. Мақала авторы Джоанна Лиллис "Ван бұл мәлімдемені Орталық Азиядан сырттағы ойыншыларға қарата айтқаны анық" деп жазады.

Қытай консулдығы алдында наразылық білдіріп тұрған бір топ адам. Алматы, 1 маусым 2021 жыл.

"Бірақ Орталық Азия елдерінің үкіметтері күшті көршінің бұлайша сес көрсетуін халықаралық істерді қалай жүргізу керектігін бұйыру әрекеті деп қабылдаса да ешкім таңғалмас еді", − дейді мақала авторы.

Ван 7 маусым күні Нұр-Сұлтанда президент Тоқаевпен кездескен соң, Қытай сыртқы істер министрлігі бұл кездесудің қорытындысы бойынша мәлімдеме жариялаған. Онда "Қытай Орталық Азия елдері сыртқы күштердің аймақ істеріне араласуына қарсы тұрып, ынтымақтастықты жалғастырып, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтайды деп үміттенеді. Қытай еш уақытта Орталық Азияда геосаяси мүдделерді көзеген емес және сыртқы күштердің аймақта дүрбелең тудыруына жол бермеді" делінген.

Мақала авторы Қытайдың сыртқы істер министрі бұл мәлімдемеде Мәскеуге санкция салған АҚШ пен Батыс елдерін меңзеген дейді.

Қызығы, "Тоқаев әкімшілігі кездесу бойынша жариялаған мәлімдемеде Ванның айтқан ақылы мүлде жазылмаған. Есесіне Ван Қытай басшысы Си Цзиньпиннің атынан Тоқаевтың сыртқы саясатына қолдау білдіргені келтірілген".

Ван Нұр-Сұлтанға 8 маусым күні "Орталық Азия – Қытай" форматында өткен аймақ сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін келген. Қырғызстан мен Өзбекстан өкілдері осы кездесуді пайдаланып, Қытайды Қырғызстан арқылы Өзбекстанмен жалғайтын теміржол құрылысын талқылаған.

Ван Қырғызстан сыртқы істер министрімен Жээнбек Кулубаевпен кездесуде бұл теміржол құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін тез арада аяқтауға уағдаласқан. Ван Өзбекстан сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Владимир Норовпен де кездесті, екі тарап теміржол құрылысын тездету мүмкіндігін қарастыруға келісті

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс кезінде Қытай-Ресей әріптестігі қалай өзгерді?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Транскаспий бағыты Қазақстанның "Жібек жолына" айнала ма? Мәскеудің ақпараттық шабуылы неге үдей түсті?

.