Пәкістанда стратегиялық маңызы бар теңіз порттарын салу, Орталық Азияны кесіп өтетін темір жол тарту сияқты алып жобалар... Соңғы жылдары сыртқы саясаттағы ең көп талқыланған тақырып – Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасы болса керек.
Бірақ айқайлаған тақырыптар мен әлемнің әр түкпіріндегі саясаткерлердің мәлімдемелерінің тасасында тұрған жобаның ішкі механизмі, оның сансыз көп инфрақұрылым келісімдері, құбырлары мен теміржолдары және Еуразия мен Африканы кесіп өтетін күре жолдары қалай салынады деген мәселеге көпшілік мән бере қоймады.
29 қыркүйекте Қытайдың басты сыртқы саяси бастамасының көлеңкелі тұстарына көңіл бөлген "Императордың жаңа жолы: Қытай және ғасыр жобасы" (The Emperor's New Road: China And The Project Of The Century) атты жаңа кітап жарық көрді. Авторы – Вашингтонда орналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығында (CSIS) Reconnecting Asia жобасының директоры қызметін атқаратын америкалық сарапшы Джонатан Хиллман.
Бұл кітап арқылы Хиллман Қытай билігінің шын келбетіне, оның ұңғыл-шұңғылына тереңнен үңіліп, "Бір белдеу – бір жол" (БББЖ) жобасының осыған дейін айтылған сипаттамалардың барлығына кереғар жаңа бет-бейнесін ұсынады. Бұл Қытай айтып келген "барлығына жеңіс әкелетін" жоба да, Пекиннің сыншылары айтқандай, Қытайдың дамушы елдерді жаулап алу мақсатындағы саяси құйтырқы әрекеті де емес.
– Қытайдың кей әрекеті алаңдатады, тіпті уайымға жол ашады, бірақ БББЖ керемет үйлестірілген, орталықтандырылған жоба деп ойламаймын. Қытайдың бұл қымбат жобаны дұрыс үйлестіретіндей басқару құрылымы дайын тұрған жоқ, – деді Хиллман Азаттыққа сұхбатында.
Хиллман Қытайдың сыртқы саясатын түйрей сынап, жобаның күрделі картинасын жасайды, сөйтіп ол құны 1 триллион долларға бағаланған БББЖ-ны алып жоба дегеннен гөрі, лайықты түрде үйлестірілмеген бастамалардың жосықсыз жиыны деп атайды.
Жобаның өзі әлемдік держава ретінде бас көтерген Пекиннің ең негізгі қағидаттары – даму, сауда және геосаясаттың қосындысы десек, Хиллман сауданы тежеген шекаралардағы лайықсыз басқаруға, кез келген инвестицияны қақшып алуға дайын кедей елдерге және Қытайдың мега-жобаларын өз саяси және қаржылық мақсаттарына пайдаланып жатқан жергілікті үкіметтерге көп назар аударады.
Пекин есік қағып тұрған вампир іспетті, оны ішке кіргізуге тура келеді.
"Императордың жаңа жолы" Қытай басшыларымен сұхбаттар, жан-жақты сараптама мен зерттеу және Орталық Азия, Ресей және басқа елдерден жасалған репортаждардың көмегімен БББЖ Қытайдың әлемдегі амбициясын жүзеге асыра ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздейді. Қытай бұл жобаның көмегімен көршілерінен табыс тауып қана жатқан жоқ, көрші елдер де жобаның арқасында ықпалын күшейтіп, пайда көріп отыр.
"Бұрынғы империялармен салыстырғанда қазіргі Қытай мүлде басқа әлеммен бетпе-бет келіп отыр. Пекин есік қағып тұрған вампир іспетті, оны ішке кіргізуге тура келеді. Қатысушы елдер қай жобаны қабылдайтынын өзі шешеді және олардың бұл жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі мен мүмкіндігі әркелкі, сондықтан бұл ала-құла нәтижеге алып келеді" дейді автор.
"ИМПЕРИЯЛАРҒА ЕЛІКТЕГЕН" ҚЫТАЙ
Хиллман еңбегінің басты идеясы – Қытайдың әлемдік аренада ірі державаға айналып келе жатқаны, сонымен бірге БББЖ жобасы басталғаннан қиындықтардың ұлғайғаны.
2013 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпин кейін "Бір белдеу – бір жолға" ұласқан жобаның құрлықтағы бөлігі – "Жібек жолы экономикалық белдеуін" таныстыру үшін Қазақстан астанасы – Астананы (қазіргі Нұр-Сұлтан) таңдаған.
Содан бері Қытай жобалары Си Цзиньпиннің сыртқы саясатының негізгі бөлігіне айналды, Пекин оны "ғасыр жобасы" деп атады.
Сөйтіп, Қытай Азия, Африка және Еуропадағы порт, теміржол және энергетика жобаларына миллиардтаған доллар ақша салды, Орталық Азиядағы басты инвесторға, Африка құрлығындағы басты экономикалық күшке айналды. Ондағы мақсат – тек инфрақұрылымды кеңейту емес, инвестицияны, жұмыс орындарын және экономикалық дамуды қанатының астына алу арқылы жергілікті үкіметтерге ықпал ету.
2019: Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл
Your browser doesn’t support HTML5
Дегенмен, соңғы жылдары көп жобаның коммерциялық құндылығына күмән көбейіп, Қытай бақылауының күшеюіне қатысты алаңдаушылық артып, "Бір белдеу – бір жол" жобасына біраз көлеңке түсті.
Хиллман Қытайды геосаяси амбициясын жүзеге асыру үшін сауданы құрал ретінде пайдаланған империялармен салыстырады. Мәселен Британ империясы кеме және теміржол байланысын нығайту арқылы күшеюге ден қойған.
Қытай таңдаған инфрақұрылым құралы дамушы елдерге бағытталған, бірақ оны жүзеге асыру өте қиын.
Дегенмен, Хиллманның айтуынша, Қытай жергілікті үкіметтермен көзсіз келісімдерге бару арқылы ол елдердің ішкі қарсылығын туғызып, БББЖ жобасының не екенін ресми түрде түсіндіруге мүмкіндік бермей және күрделі инфрақұрылым жобаларына иек арту арқылы өзіне өзі жамандық жасап отыр.
"Империяны қайталауға тырысып жатқанына қарамастан, бұл – Қытайдың үстемдігі туралы емес, оның держава болуды үйрену қадамдары туралы кітап. Қытай таңдаған инфрақұрылым құралы дамушы елдерге бағытталған, бірақ оны жүзеге асыру өте қиын" деп жазады автор.
"ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ ҚОЛАЙЫНА ЖАҚҚАН ЖОБА"
Үйрену барысында Пекин тәжірибесіз держава екенін аңғартты әрі БББЖ-ның "көбіне транспаренттік және жауаптылық мүлде дерлік талап етілмеген аса ауқымды инфрақұрылым жобалары "ортаңқол басшылар" үшін "іздегенге – сұраған" болып, жемқорлыққа ерекше жол ашты.
"Ықпалды нығайту үшін инфрақұрылым – ыңғайлы құрал емес. Жоспарлағаннан да қымбатқа шығатын, ойлағаннан да көп уақыт алатын үлкен жобалар – сенім қалыптастырудың оңтайлы жолы емес" дейді Хиллман.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайға қарсы наразылықтан кейінгі сапарХиллман мұны БББЖ жобасының тым шашыраңқылығынан көреді. Соның арқасында жергілікті үкіметтер мен лидерлер оны өз мақсаттарына пайдалана алды дейді ол. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшін БББЖ мен құрлықтағы "Қорғас" порты "нашар экономика, бірақ ақылды саясат" құралы болды, соның арқасында ол Пекинмен байланысты нығайтып, Мәскеумен арадағы қарым-қатынасына ықпал ететін қосымша тетіктерге қол жеткізді дейді сарапшы.
Сол сияқты Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі (CPEC) және БББЖ-ның осы елдегі жобаларына бөлінетін 62 миллиард доллар Пәкістан әскерінің қажетіне жарады, соның арқасында ол онсыз да күшті ықпалын одан сайын нығайтып, Қытайдың ауқымды экономикалық үлесін басты қарсыласы – Үндістанға қарсы құрал ретінде пайдаланды.
Қытай жыл өткен сайын өзгеріп отырған "Бір белдеу – бір жол" жобасын бейімдеп жатса да, проблема шешілмей келеді.
Covid-19 пандемиясы көп жобаның экономикалық проблемасы бар екенін ашып көрсетті. Қытай сыртқы істер министрінің маусым айында айтуына қарағанда, БББЖ жобаларының 20 пайызына пандемия өте ауыр зардабын тигізсе, 30-40 пайызына біршама әсер еткен.
Сондай-ақ, елдің батысындағы Шыңжаң аймағында ұйғырлар мен өзге де мұсылман халықтарының өкілдерін жаппай қамау Қытайдың Батыспен қарым-қатынасын нашарлатып, мұсылман әлемінің, әсіресе Орталық Азияның оған деген сеніміне сызат түсірді.
Көп кемшілігіне қарамастан, "Бір белдеу – бір жол" жобасы дамушы елдердің біразын еліктіріп отыр, ал жобаның Си Цзиньпин атымен байланыстырылғанынан оның Қытай сыртқы саясатының темірқазығы болып қала берерін түсіну қиын емес.
"Инфрақұрылымға деген мұқтаждық әлі де күшті. Мемлекеттер әлі де бұдан өздеріне бірдеңе алып қалғысы келеді" дейді Хиллман.
Мақала ағылшын тілінен аударылды.