Мамырдың 9-ы күні Қазақстанда Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңнен бастап бірнеше вебсайт ашылмай қалды. Олардың арасында Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметінің сайттары да болды.
Кейбір қолданушылар әлеуметтік желіде azattyq.org сайтын VPN көмегімен ашып отырғанын, кейбірі прокси-сервердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болғанын жазды.
Азаттықтан бөлек, vlast.kz, holanews.kz, informburo.kz, exclusive.kz, time.kz, village.kz, lada.kz порталдары мен "Уральская неделя" және "Ақжайық" газеттерінің, Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросының сайттары бұғатталды.
Таңертеңнен бастап қолданушылар WhatsApp желісінің де дұрыс істемей тұрғанын хабарлады. Кейінірек елде Facebook, Telegram, Youtube, Instagram желілері де бұғатталды.
Азаттық Қазақстан ақпарат министрлігімен, ұлттық қауіпсіздік комитетімен және "Қазақтелеком" компаниясына хабарласқанымен жауап ала алмады.
Азаттық редакциясы Алматы мен Нұр-Сұлтандағы өтіп жатқан шаралардан тікелей эфирде хабар таратпақ болды. Бірақ тікелей эфирге шығуға мүмкіндік беретін құрылғы интернет сигнал нашар болғандықтан бір істеп, бір істемей тұрды. Осылайша тілшілер оқиға орындарынан уақытында ақпарат тарата алмады.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Шымкенттегі "Мәңгілік полк" шеруі өтіп жатқан алаңда да интернет бұғатталған.
ҰСТАУЛАР МЕН ҮЙІНЕН ШЫҒА АЛМАЙ ҚАЛҒАН АЗАМАТТАР
Мамырдың 9-ы күні таңертең Vlast.kz тілшісі Данияр Молдабековті полиция ұстап, қайта босатқан. Молдабековтің Азаттық тілшісіне хабарлауынша, оны құқық қорғау орган өкілдері Алматыдағы Төле би мен Абылайхан көшелерінің қиылысынан таңертеңгі сағат 9.40-та алып кеткен.
Қызметтік куәлігін көрсеткен журналистің телефонын тартып алған полицейлер не үшін ұстағанын айтпаған. "Бір сағат ұстап, Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек келгеннен кейін босатты" дейді тілші. Ал Алматы қалалық полиция департаменті өкілдері бұған байланысты Азаттық тілшісіне жауап берген жоқ.
Мамырдың 9-ы күні кейбір азаматтар үйінің жанында түннен бері полиция көлігі тұрғанын, өздерінің көшеге шығуына мүмкіндік бермей жатқанын жазды.
Құқық қорғаушылар мен әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, мұндай азаматтар арасында белсенділер Сақып Жаңабаева, Құрал Сейітханұлы, оралдық блоггер Асқар Шайғұмаров, оралдық белсенді Бауыржан Әліпқалиев, алматылық Олжас Ескеев және өзге азаматтар болған.
"Сақып Галиевна (Сақып Жаңабаева - ред.) Толе бидегі Сити орталығы маңындағы үйінің төбесінде отыр. Түннен бері [полиция] қызметкерлері есігін торуылдап тұр. Ол зейнеткер, оны қамамайды, көмек күтіп жатыр, @NotExtremists @Radio_Azattyk" деп жазды Twitter желісінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы оның алдында Алматыда Дәурен Нұрғожаев есімді азаматты полицияның қолынан қайырып, ұстап кеткенін жазды.
Нұр-Сұлтан уақытымен 11 жарым шамасында Алматыда құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің ұсталғаны хабарланды. Белсендінің телефоны сөндірулі тұр. Әлеуметтік желі қолданушылары Сәуле Сейдахметованы да полицияның ұстап әкеткенін жазды. Азаттық полициядан жауап алуға тырысып жатыр. Халықаралық ақпарат құралдарының тілшісі Chris Rickleton Twitter желісінде Алматыда полицияның кемінде үш адамды ұстағанына куә болғанын жазды.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматыдағы "Астана" алаңында кем дегенде бес адам ұсталған. Олардың арасында мамырдың 1-і күні ұсталып, сот айыппұл салған жалғызбасты ана Тұрсынкүл Жоланова да болған. Нұр-Сұлтанда да бірнеше азаматты полицияның ұстағаны хабарланды.
Нұр-Сұлтан полициясы "Мәңгілік полк" шеруі өтіп жатқан маңда "Никто кроме нас" (Бізден басқа ешкім емес) деген жазу жазылған тақтайшамен жүрген адамды ұстады. Азаттықтың операторы полицияның осы әрекетін түсіріп жатқанда екі адам қолшатырмен камераны көлегейледі. Полиция адамды не себепті ұстағанын айтпады.
Ал Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің өкілі Бақытжан Малыбаев Азаттық тілшісіне 9 мамыр - Жеңіс күніне арналған шара тыныш өтіп жатқанын, полиция ешкімді ұстамағанын айтты.
Ақтөбеде жергілікті белсенді Алмас Ақдәулетті полиция туысының үйінен ұстап әкеткенін Азаттыққа белсендінің әкесі Мейірxан Ақдәулетұлы хабарлады. Мамырдың 9-ы күні түстен кейін белсендінің жақындары одан еш хабар ала алмай отырғанын айтты.
29 жастағы Алмас Ақдәулет - 1 мамыр күні Тұңғыш президент саябағына барып, наразылық білдіргендердің бірі. Мейірxан Ақдәулетұлы содан бері Ақтөбе әкімдігінің "ұлыңды көшеге шығарма" деп бірнеше мәрте xабарласқанын айтады.
Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова Алмас Ақдәулеттің ұсталғанын растады. "Қазір жібереді, басқа ештеңе айта алмаймын" деді ол. Ол "таныс адам болған соң баласы біреулердің ықпалында кетіп қалар деп 1 мамыр күні де, кеше де Мейірxан Ақдәулетұлына xабарласқаным рас" деп белсендіге бұған дейін хабарласқанын да жеткізді.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ РЕАКЦИЯ
Әлеуметтік желі қолданушылары интернет сайттардың бұғатталуына байланысты наразылықтарын білдірді.
"Бізді не үшін бұғаттады? Біз жәй ғана міндетімізді атқарып жатырмыз, елдегі жағдайды айтамыз. Заңға қарсы әрекет жасап отырған жоқпыз. Жаңалық тілшілері ретінде шындықтан басқа ешкімді қолдап отырған жоқпыз" деп жазды holanews.kz интернет-жобасының авторы Гүлнар Бажкенова.
Бұған дейін Қазақстан билігі азаматтарды мамырдың 9-ында заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "қатаң жауапқа тартылатынын" ескерткен. Прокуратура үндеуі елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтің қазақстандықтарды 9 мамырда митингіге шығуға шақырғаннан кейін жарияланды.
Қазақстандық қолданушылар көптен бері Facebook, Youtube, Telegram сияқты әлеуметтік желілерге кіру қиындағанын айтып, шағымданып келеді.
Биыл наурыз айының соңы мен мамыр айының басына дейін қолданушылар интернет шектеудің бәсеңдегенін жазған. Бұл кезде Қазақстанды елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келген. Мамыр айының басында желі қолданушылары бұғаттау қайта басталғанын хабарлады.
Қазақстан билігінің оппоненті және елде "экстремистік ұйым" ретінде танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрған Мұхтар Әблязов пен оның жақтастары аталған желілер арқылы кешке тікелей эфирге шыға бастағаннан кейін мұндай шағымдар жиілеген.
Бұған дейін Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев министрліктің интернет шектеулерге қатысы жоғын айтып, "техникалық ақау болуы мүмкін" деген.
Қазақстанда маусымның 9-ында кезектен тыс президент сайлауы өтеді. 1 мамырда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Қарағандыда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін сот әкімшілік жазаға тартты.