"ТҮРМЕДЕ ШІРІТЕМІЗ"
Семейлік белсенді Кенжебек Сұлтанбеков митинг өткен күннің ертеңіне – 6 қаңтарда ұсталған. Семейде әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен жемқорлыққа қарсы басталған бейбіт митинг кешке қарай полиция мен демонстранттар арасындағы қақтығысқа ұласқан. Наразылар аз уақытқа әкімдік ғимаратын басып алған. Ертеңіне полиция оқиғаға қатысы бар деген азаматтарды ұстай бастады.
Кенжебек Сұлтанбековтың әйелі Светлана күйеуін полиция алып кеткеннен кейін үш аптадан соң бір-ақ көрген. Ол 27 қаңтарда тергеу изоляторына барғанда күйеуінің денесінде соққы іздері көп екенін байқаған.
– Аяғы түгел ісіп, көгеріп кетіпті. Кенжебекті 6 қаңтарда ұрып-соққан, бүйрек тұсы мен арқасындағы көгерген, қанталаған іздер әлі кетпеген. Әжетханаға әзер барып жүр екен. Жағдайы нашар, арқасында, аяғында ұйыған қан іздері бар. Екі аяғы ісіп кеткен: бүйрегінен, басынан ұрған. Таяқпен аямай сабаған. Қатты жүдеп кетіпті, – дейді белсендінің әйелі Светлана.
Кенжебек Сұлтанбеков әйеліне басынан өткен жағдайды баяндап берген.
– Полиция қызметкері Кенжебекті бетінен ұрып құлатқан. Осыдан кейін бес полицей оны резеңке таяқпен ұрған. Жүзін төмен қаратып жатқызып, алақанымен жер тіретіп, қолының үстін жаншып, етікпен ары-бері жүрген. Мұнысын "қолдарыңа із салып, бізді ұрды деп айтамыз" деп түсіндірген. 58 жастағы адамға ұлымен жасты полиция қызметкерлері ойына келгенді істеп, қорлаған. Полиция "Сені түрмеде шірітеміз, болмаса қалада жүрген жеріңнен өлтіріп кетеміз" деп қорқытқан, – дейді Светлана.
Кенжебек Сұлтанбеков арызында полицияның "кінәсін" күшпен мойындатып, түсініктеме алмақ болғанын жазған. Белсендінің адвокаты ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазір Сұлтанбековтың ісі Қылмыстық кодекстің 269-бабы 3-бөлімі ("Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе басып алу"), 272-баптың 2-бөлімі ("Жаппай тәртіпсіздік") бойынша қаралып жатыр.
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның қызметкерлері (адвокат жалдау ақысын осы ұйым төлеген) Сұлтанбековтың жағдайын қағазға түсіріп алған. Бірақ бұл күш құрылымдарының рұқсатымен ғана жүзеге асатын превентивті шара болғандықтан, ұйым өкілдері жазып алған деректер құпия саналады.
Кенжебек Сұлтанбеков – билікті сынап, наразылық акцияларына қатысып жүрген белсенді. 2020 жылы ол астанаға тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің жаназасына бара жатқан кезде ұсталған. 2016 жылы Сұлтанбеков "жер митингісіне" (жер кодексіне жерді ұзақ мерзімге шетелдіктерге жалға беруге және сатуға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізуді көздейтін үкімет бастамасы халықтың қарсылығына тап болған; бүкіл ел аумағында болған жаппай наразылықтардан кейін билік заңға өзгеріс енгізуге мораторий жариялаған) қатысқаны үшін 15 тәулікке қамалған.
Қазақстанда биыл қаңтар оқиғалары кезінде және одан кейін басқа өңірдегі азаматтар да азаптауға ұшыраған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Полицейлер тоғыз қабырғам мен төсімді сындырды". Талдықорғанда азапталған азаматтың әңгімесіАлматылық белсенді Дархан Уәлиев 10 қаңтарда төрт күн бұрын қаза тапқан ағасының денесін алып кетуге қалалық мәйітханаға барған кезде ұсталған. Уәлиевтің әйелі мен адвокаты онымен кездесуге он күннен кейін әзер рұқсат алған. Бұлбұл Бердіқожанова журналистерге полиция департаменті уақытша тергеу изоляторының қызметкерлері күйеуін 11 сағат бойы ұрып-соғып, кінәсін мойындауды талап еткенін айтқан.
"Күйеуімді алғаш көргенімде бетінде сау жері болмады: бәрі көгеріп, қанталап кеткен. Әзер қозғалып жүрді. Он күннен кейін тергеу изоляторында бір-ақ көрдік. Дарханды полицияға түскен кезінде ұрып-соққан. Медициналық көмек көрсетпеген. Соңында полиция қызметкерлері берген қағазды оқуға шамасы келмей, қол қоя салған. Электрошокермен азаптаған, осыдан бірнеше рет есінен танып қалған" дейді белсендінің әйелі Бұлбұл Бердіқожанова.
Адвокат Жанар Балғабаева ЛА-155/18 мекемесіне барып, Уәлиевпен кездесіп қайтқаннан кейін өз қорғауындағы азаматты тергеу изоляторына ауыстырған кезде таяқпен ұрып-соққанын айтқан.
– Дархан өзін [уақытша ұстау изоляторынан тергеу изоляторына] сағат бірлер шамасында әкелгенін, 2-де "қожайын" күтіп алғанын айтты. Олар таяқпен Дарханның қолынан ұрған, ол қолындағы көгерген іздерді көрсетті. "Арыз жазу керек" дедім, бірақ ол қолы ауырып тұрғанын айтты. Бүйрегінен, қабырғасынан ұрған. "Сіз кеткеннен кейін бәрі қайталана ма деп қорқамын" деді, – дейді Балғабаева.
Дархан Уәлиев 5 қаңтарда Алматы қаласындағы Республика алаңына барған. Ішкі әскердің жаралы жауынгерлеріне Дарханның көмектескенін растайтын куәгерлер де бар. Осыған қарамастан, оны "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша күдікті ретінде қамауға алған.
Кейінгі күндері қамаудағы азаматтардың жақындары Алматы прокуратурасына барып, тұтқындарды азаптауды доғаруды талап етіп жүр. Жақындарының айтуынша, қамауға алынған азаматтардың көбі жаппай тәртіпсіздік пен бұзақылық әрекетке қатыспаған. Бірақ азаптау салдарынан істемеген нәрсені мойнына алуға мәжбүр болған.
"АРЫ ҚАРАЙ ТӨЗЕ АЛМАДЫМ"
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның бастамасымен құрылған азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясының үйлестірушісі Роза Ақылбекова азаптау фактілері туралы шағым көп екенін айтады.
– Қамаудағы азаматтар көп қатыгездік, азаптау мен қорлық көрді. Оларды уақытша ұстау изоляторына қамап, ұрып-соғып, үстіне қайнаған су құйып, денесіне ыстық үтік басып, жыныстық зорлық көрсетеміз деп қорқытқан. Көбі қорқады, олардың арасында көшеде кетіп бара жатқан жерінен ұсталған азаматтар да бар. Олардың көбі полиция мен арнаулы жасақ өкілдерін бірінші рет көрген. Бір жігіт бірінші рет осылай таяқ жегенін, қорлыққа шыдай алмай өзіне қол салғысы келгенін айтты.
Осыған дейін ұсталған азаматтар азапталған жерлер туралы ақпарат тараған. Атырау қаласының тұрғыны Сергей Шутов ұсталғандарды қалалық полиция басқармасының ішкі ауласындағы "Динамо" спорт кешеніне жеткізіп, жеке бөлмеге кіргізіп, аямай ұрып-соққанын айтқан. Атырау облысының билігі бұл ақпаратты "жалған" деп, теріске шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сергей Шутов: Тергеуде ұрып-соққанда өзімді Окрестинаға түскендей сезіндім– Талдықорғанда ұсталған азаматтарды ішкі істер департаментінің төртінші қабатында ұрып-соққан. Куәгерлердің сөзінше, жердің бәрі қан-жоса болған. Адамдардың денесіне ыстық үтік басқан. Алматылықтар үстеріне қайнаған су құйғанын айтып шағынса, Талдықорғанда балалар дәрігерінің өзі "термиялық күйік" туралы жазған. Бір ұлдың төрт тісін темір тістеуікпен суырып алмақ болған, ол әлі күнге босаған тістерімен жүр, – дейді Роза Ақылбекова.
1 ақпанда халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін азаптау туралы шағымдарға назар аударып, зерттеу жүргізуге, белсенділер мен наразылық кезінде және одан кейін жазықсыз ұсталған азаматтардың құқығын бұзбауға шақырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаптау туралы арыздар тексерілсін. HRW ұйымының Қазақстанға қатысты мәлімдемесіHuman Rights Watch (HRW) ұйымы өз мәлімдемесінде Жасұлан Анафияевтің жағдайына тоқталған. Қаңтар оқиғаларынан кейін полиция көп балалы әкенің үйіне келіп, оны рұқсат етілмеген митингіге қатысты деген айыппен ұстап әкеткен.
Бірнеше күннен кейін Жасұлан жұмбақ жағдайда көз жұмған. Марқұмның денесінде азаптау іздері бар. Анафияевтің қазасы туралы анықтамада оның "ұйқы безінің созылмалы қабынуынан қайтыс болғаны" айтылған.
Полиция тірі әкетіп, өлі қайтарды. Жасұлан Анафияевтің қазасы
Your browser doesn’t support HTML5
HRW ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон "Қазақстан өз билігін асыра пайдалануды қойып, ұсталған азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етіп, оларды ұрып-соғып, азаптағандарды жауапқа тартуы керек" деп мәлімдеген.
3 ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі HRW мәлімдемесіне жауап берді. Министрлік жауабында "Қазақстан күш қолдану, заңсыз ұстау, азаптау, ұсталған азаматтарға қатыгездік танытуды қолдамайды" делінген. Сыртқы істер министрлігі "заңсыз ұсталған немесе азаптауға ұшыраған азаматтар туралы кез келген ақпарат жіті зерттеледі" деп уәде етіп, тергеу органдары азаматтардың "құқығы бұзылғаны жайлы шағымдарды тексеріп жатқанын" хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан СІМ Human Rights Watch ұйымының азаптау жайлы мәлімдемесіне реакция білдірдіҚұқық қорғаушылар азапталғаны жайлы шағым жазған азаматтар қысымға ұшырап, қорлық көріп жатыр дейді. Азаптауға қарсы үкіметтік ұйымдар коалициясына полицияның өздерінің үстінен шағым жазған азаматтардан кек алатыны туралы ақпараттар түскен.
– Коалиция мүшесі былай деп хабарлады: клиентті тергеуге алып кетіп, азаптау туралы арыз жазғаны үшін ұрып-соғып, қабырғасын сындырып, адвокаттан бас тартатыны жөнінде өтініш жазуға мәжбүрлеген. Көздегеніне жеткен соң қайтадан тергеу изоляторына әкеп тастаған, – дейді Роза Ақылбекова.
3 ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі тергеу кезінде рұқсат етілмеген әдістерді қолдану және ұсталған азаматтардың құқығын бұзу фактісі бойынша 98 қылмыстық іс қаралып жатқанын хабарлады.
Коалиция мүшелері азаптауға ұшыраған азаматтардан түсетін арыз-шағым азаймай тұрғанын айтады. Құқық қорғаушылар арыз-шағымды зерттеуге шетелден сарапшы тарту керек деп есептейді.
– Бастысы, халықаралық сарапшыларды шақырып, әр жағдайды жеке зерттеу керек. Алматы мен Талдықорғаннан бөлек, Атырау, Қызылорда, Екібастұз бен басқа қалаларда тұратын азаматтар да азаптауға ұшыраған. Жаңаөзен оқиғасы қайталанды, 2011 жылғы қатемізден еш сабақ алған жоқпыз, – дейді Қазақстанның азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдары коалициясының үйлестірушісі.
Қазақстан билігі қаңтар оқиғасы мен азаптау туралы арыздарға байланысты халықаралық зерттеу жүргізу туралы үндеуге құлақ аспай келеді. 29 қаңтарда мемлекеттік арнаға берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "бұл мәселені өзіміз-ақ шешеміз" деп қысқа қайырды.
Қазақстандық және шетелдік құқық қорғаушылар ұсталған азаматтарды азаптаудың жаппай сипат ала бастағанына назар аударғаннан кейін ондаған адам тергеу изоляторынан босатылған.
1 ақпанда Азаттық тілшілері Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде отырған азаматтардың бір бөлігі бостандыққа шыққанын көрген. Изолятордан босаған, кейбірі балдаққа сүйеніп шыққан азаматтар пікір білдіруге құлық танытпады (жаппай тәртіпсіздіктерден кейін полиция жараланған азаматтарды емделіп шығуға мүмкіндік бермей, ауруханадан алып кеткен). Абақтыдан босап шыққан азаматтардың үстінен қозғалған істер жабылмаған, оларды кепілмен босатқан немесе үйқамаққа ауыстырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Сөзі Путиндікіне ұқсап кетті". Тоқаев сұхбаты жайлы сарапшылар пікірі"Қанды қаңтардан" соң Тоқаевқа халық сенім арта ма?"Жан азабын тартып жатыр". Алматы полициясында қабырғасы мен қос аяғы сынған қырғыз азаматы еліне жеткізілді"Баламды террорист деп траншеяға көмбек". Ақтөбеде ұлынан айырылған отбасы марқұмның сүйегін ала алмай жүр"Әкімді халық сайлауы керек!" Жаңаөзенде саяси талап та айтылды. Билік газ арзандайтынын мәлімдеді