Биыл 5 қаңтарда Қазақстан парламентінде Қаңтар оқиғасы жөнінде өткен тыңдауда бас прокурор Берік Асылов "Діни экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Нұрпейісов пен Тілеужанов Алматы әуежайын басып та алған" деп мәлімдеді. Бас айыптаушы азаматтардың аты-жөнін толық жарияламағанымен, істің мәнмәтіні аталған әуежайды басып алу ісі жөнінде тергеліп жатқан белсенділер Әйгерім Тілеужанова мен Қалас Нұрпейісовке сілтеді. Әйгерім бас прокурордің үстінен осы сөзі үшін шағым түсірді.
– Қан қысымымым 170-ке дейін көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шықтым. Сөйтіп онда екі айдай жаттым. Шешесі маған осылай әсер еткенде, қызым мүлдем жаман болған шығар, – дейді Әйгерімнің анасы Шекерхан Мырзаханова бас прокурордың сөзін естігендегі әсерін айтып.
Ол кезде Әйгерім Семейден келген анасымен Алматыдағы пәтерінде үйқамақта болған.
Былтыр наурызда ол "Алматы әуежайын басып алу ісі" бойынша куәгер атанып, полиция оның үйін тінтіген. Жеті айдан соң ол куәгерден күдіктіге айналып, қарашада үйқамаққа отырғызылған.
Күдікті атанғанда Әйгерім Азаттыққа "Қаңтар оқиғасы кезінде алаңда жүргенде Қазақстанға Ресейден әскер келеді дегенді естіп, әуежайға белсенді әрі журналист ретінде бардым. 20 минут болып қайттым. Ешқандай тәртіпсіздік ұйымдастырмадым" деген еді.
Тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов те осы іс бойынша күдікті ретінде қамауда болған. Ал баспасөз құралдарында екеуінің аты-жөні ылғи қатар аталып келді. Сол себепті бас прокурордың "Нұрпейісов пен Тілеужанов" дегенін жұрт осы екі белсенді азамат деп түсінді. Осылай ұққандардың қатарында мәжіліс депутаты Абзал Құспан да бар. Қаңтар оқиғасы кезінде Орал қаласындағы наразылыққа өзі де шыққан Құспан кейін "Аманат" комиссиясын құрып, оқиға кезінде арандап қалды деген азаматтарға құқықтық көмек көрсеткен.
– Ешбір лауазым иесінің заңды күшіне енген соттың үкімі шықпай тұрып белгілі бір тұлғаны осындай іс бойынша кінәлі деп айтуға, кінәлап айтуға құқығы жоқ. Ол қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодексте де, Конституцияда да анық жазылған – деді Абзал Құспан Азаттыққа.
"БАС ПРОКУРОРДЫҢ ИММУНИТЕТІ БАР"
Әйгерімнің адвокаты Айнара Айдарханова парламенттегі тыңдаудан кейін көп ұзамай Астанаға ұшып барып, бас прокуратураға, президент әкімшілігіне осы жағдай бойынша шағымданғанын айтады.
– Ол кезде сот әлі басталмаған, біз әлі іс материалдарын қолымызға алып үлгермеген едік. Айыптау актісін ақпанда бір-ақ алдық. Ал олар Тілеужанованың фамилиясын атап отыр, – дейді ол бас прокурордың 5 қаңтардағы сөзін айтып.
Адвокат прокуратураға шағымданғанда, ондағылар бас прокурорды жауапқа тартуға құзыры жетпейтінін, бұл құзыретке Қазақстан сенаты ие екенін айтқан. Ал сенаторлар бас прокурордың жауапты мемлекеттік қызмет атқарып отырғанын, яғни иммунитеті барын алға тартқан. Қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайларды қоспағанда, сенаттың келісімінсіз оны ұстауға, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартуға болмайды деген. Ал сенат мұндай шараны мақұлдауы үшін бас прокурордың орынбасары өз бастығы жөнінде жоғарғы палатаға ұсыныс енгізуі керек.
Адвокат Айнара Айдарханованың сөзінше, бас прокурордың орынбасарына жүгінгенде, оның атынан жауап берген прокуратура қызметкерлері әуелі Берік Асылов ондай сөз айтпаған деген, кейін айғақ келтірілгенде Әйгерім Тілеужанованың үстінен қозғалған істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатқанын, сот қызметіне араласа алмайтынын айтқан.
– Тілеужанованың адвокаты ретінде [прокуратураға] көп өтініш пен шағым түсірдім. Олар соған жауап беріп, әңгіменің осы Тілеужанова туралы екенін растады. Әуежайды басып алу ісінде айыпталып отырған басқа Тілеужанова не басқа Нұрпейісов жоқ, – дейді Айдарханова.
Осыдан кейін қорғаушы әкімшілік сотқа жүгінген. Мемлекет пен азаматтар арасындағы істі қарайтын әкімшілік сот өтінішті қабылдамай қойған соң, адвокат амалсыз азаматтық сотқа шағым түсіргенін айтады. 13 маусымда азаматтық сот істі өндіріске алып, отырыстар өте бастаған.
Талапкер бас прокуратурадан Берік Асыловтың сөзінде адамның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін мәлімет барын мойындауды, бұл мәліметтерді терістеп, Әйгерім Тілеужановадан кешірім сұрауды талап еткен.
Айдарханованың айтуынша, алғашқы отырыстарда бас прокуратура "әуежайды басып алу" ісінде үкім шыққанша азаматтық істі қарауды кейінгі қалдыруды сұраған.
– Мүлдем қисынға келмейтін өтініш. [Қылмыстық істе] оған экстремизм айыбы тағылмаған. Оны [Қылмыстық кодекстің] 272-бабының 1-бөлімі бойынша, яғни жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған деп айыптады. Бұл бап ешқалай террористік не экстремистік бола алмайды. Біз сұрау салып, [Тілеужанованың] ешқандай тыйым салынған экстремистік-діни ұйымға мүше емес екенін нақтыладық. Мұндай баппен жазаға тарту үшін алдымен сот ол ұйымның жұмысына тыйым салуы керек. Соған сүйеніп қана адамды жазаға тартуға болады – дейді Айнара Айдарханова.
Әйгерім Тілеужанова мен Қалас Нұрпейісовтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі 13 шілдеде шықты. Сот Әйгерімді "әуежайды тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп төрт жылға, Қалас Нұрпейісовті "тәртіпсіздік ұйымдастырды" және "ғимаратқа шабуыл жасады" деген айыппен сегіз жылға бостандығынан айырды. Нұрпейісовтікіндей жаза мерзімі Алматының үш тұрғыны – Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жанайдар Кәрменовке де кесілді. Қазір бұл істер бойынша апелляциялық шағым қаралып жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бас имеймін, бұл – әділетсіздік!" Алматы әуежайын "басып алу" ісі бойынша сот қалай аяқталды?"ОЛ КЕЗДЕ ҚАЛАС ҚАМАУДА БОЛҒАН, ШЫҒАРЫП ЖІБЕРГЕН ӨЗДЕРІ"
Адвокаты Абзал Айдархановтың айтуынша, Қалас Нұрпейісов бас прокурордың үстінен Тілеужановадай шағым түсірмеген. Дегенмен Нұрпейісовтің әйелі Жанар Қанапиянова бас прокурор сол сөзінде Қаласты айтқанына сенімді және оның бұл мәлімдемесіне наразы.
– Сұмдық қой, масқара. Естіген кезде Асылов неге олай айтты екен деп құлап қала жаздадым. Бас прокурор заңды біледі. Ол кезде тергеу жұмыстары жүріп жатқан, іс сотқа да кеткен жоқ. Үкім шықпай жатып, бүкіл халыққа жариялады. Түсінікті ғой, соттарға алдын ала бағыт-бағдар беріп отыр. Міне осы адамды айыпты деп шығару керек дегендей. Әуежайда жарты сағаттай болған, сонысы видеоға түсіп қалған. Мұғалім болғаннан кейін қолын сермеген, сол үшін оны ұйымдастырушы деп отыр, – дейді ол.
Қалас Нұрпейісов пен Әйгерім Тілеужан 2022 жылғы 3 қаңтарда диссидент Арон Атабектің қырқына барғанда "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деп ұсталып, 15 күнге қамалған.
– 5 қаңтар кешкі алтыда [құқық қорғау органдары] қызметкерлерінің өзі шығарып жіберген ғой. Белгісіз себептермен. Шыққан кезде хабарласып, "мені алып кетші" деді. Сол кезде қандай жағдай болып жатқанын білесіз. Барғанымша, басқа адамдарға ілесіп кетіп қалған. Негізі әуежайға барамын деген ойы болмаған. Анасы онкологиямен ауырып жатқанда, біз үйге қайтуымыз керек болатын, – дейді Қанапиянова. – Бір адамды кінәлі ету керек болған, Қалас сол жерде бола қалған соң, бәрін соған жауып отыр.
ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ САРАПТАМА ЖАСАТУДЫҢ МАШАҚАТЫ
Парламенттегі тыңдаудан көп ұзамай Әйгерім Тілеужанованың адвокаты филологтан Берік Асыловтың сөзіне сараптама жасауды сұраған. Сараптама қорытындысы 15 ақпанда-ақ дайын болған. Филология ғылымдарының кандидаты Аяужан Таусоғарова сараптама қорытындысында бас прокурордың сөзі пікірге жатпайтынын, оның жағымсыз сипаттағы деректік мәлімдеме екенін жазған. Яғни сотта прокуратура Әйгерім Тілеужанованың экстремистік ұйымның мүшесі екенін, Алматы әуежайын басып алғанын дәлелдей алмаса, бұл сөз жала жабуға жатпақ.
Адвокат Айнара Айдарханованың айтуынша, бас прокуратура өкілі соттан қосымша филологиялық сараптама жасатуды сұраған, сот оны мақұлдаған, бірақ бас прокуратура сараптама жасата алмаған.
– Сот сараптамасы Астанада тағайындалған. Бірақ бір ай өткенде сарапшы жетіспей жатыр деп, қараусыз қалған. Содан кейін сот сараптаманы қайта тағайындап, Шығыс Қазақстан облысына бағыттаған. Ол жақта да сарапшы тапшы деген. Сөйтіп сараптама тағайындау жөніндегі анықтама Қазақстанды шарлап, ақыры жасалмай қалды. Оған екі ай кетті. Бұл жеке сараптама емес еді. Ақыл-есі бүтін ешқандай маман Асыловтың сөзін талдағысы келмейтін болар, – дейді ол.
Сот сараптамасын ешкім жасамаған соң және Әйгерім Тілеужанованың адвокаты сотты асықтырғаннан кейін, 11 қазанда үкім шықты. Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әнуар Дәурешов бас прокурор тек Тілеужанов деген фамилияны атағанын, әңгіме Әйгерім Тілеужанова туралы екені дәлелденбегенін айтып, жауапкердің пайдасына шешім шығарған. Сот шешіміне қарағанда, бас прокуратура тоғыз ай үнсіздіктен соң кенет Берік Асыловтың "Тілеужанов" дегені басқа адам деп шыққан.
Прокуратураның бұл қадамы онсыз да көп сұрақты одан әрі қоюлатып жіберді. Берік Асыловтың айтқаны басқа Тілеужанов болса, ол кім? Ол Тілеужановтың ісі не болып жатыр? "Тілеужанов пен Нұрпейісов" деген Қалас Нұрпейісов пе, жоқ па? Діни экстремистік ұйым дегені қай ұйым? Азаттық осы сұрақтың бәрін бас прокуратураға сауал қылып жолдады. Бас прокуратура сұрақты түсінбегенсіп, сауалға нақты жауап беруден жалтарды. Бар болғаны Әйгерім Тілеужановаға "әуежай ісі" бойынша қандай үкім шыққаны, "кінәсіздік презумпциясы" бойынша шағым сотта қалай қаралғаны туралы жұртқа мәлім ақпаратты берді. Азаттық бұл жауапқа қанағаттанбай, шағым түсірген еді, бұл шағымға жауап берген прокуратура қажет ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды деп жазды. Мұнысы, сірә, шындыққа жанаспайды. Азаттық БАҚ бетінен "өзге Тілеужановтың" кім екені туралы хабарды таппады.
Your browser doesn’t support HTML5
Айнара Айдарханованың айтуынша, сот кезінде Тілеужановтың кім екенін судья да сұраған.
– Ол шенеуніктерше жауап берді. Қаңтар оқиғасы бойынша барлық істі білмейтінін, көп ісі құпияланғанын, ол іспен танысуға құзыреті жүрмейтінін айтты, – дейді адвокат.
"АР-НАМЫСТЫ ҚОРҒАУ ШАҒЫМЫ ҮШІН КІСІНІҢ АТЫ-ЖӨНІ АТАЛҒАНЫ ШАРТ ЕМЕС"
Адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис бас прокурордың Әйгерім Тілеужанова туралы айтқаны анық, істе шикілік көп дейді. Оның айтуынша, біріншіден, ар-намыс пен абыройды қорғап шағым түсіру үшін кісінің аты-жөні аталғаны шарт емес, айтылған сөзден сол кісінің меңзелгені анық болса, жеткілікті. Екіншіден, дейді ол, Берік Асыловтың Әйгерім Тілеужанованы меңземегенін дәлелдеу жүгі жауапкерде, яғни бас прокурордың өзінде болуы керек. Басқаша айтқанда, "Тілеужановтың" басқа адам екенін бас прокуратура дәлелдеуі керек. Бұл жағдайда, прокуратураның "басқа адам" дегенінен өзге айғақ келтірілмеді.
Жовтис мұны Қазақстан жоғарғы сотының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы №6 нормативтік қаулысына сілтеп отыр. Бұл қаулы әлі күшінде.
Толығырақ "Сот тәжiрибесiнде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және iскерлiк беделiн қорғау жөнiндегi заңдылықты қолдану туралы" деп аталатын қаулының 4-тармағында "Егер де жариялауда аты-жөні көрсетілмеген оның мағынасында кім жөнінде айтылып тұрғаны анық көрініп тұрса, сонымен қатар кір келтіретін мәлімдеме сол әулеттің қайтыс болған мүшесі жөнінде немесе заң жүзінде мұрагерге жататын жақын туысы жөнінде болса, мүдделі адам АПК-нің 8-бабы бойынша сот арқылы ар-намысты және абыройды қорғау туралы талап қоюға құқылы" делінген.
Ал осы құжаттың 2-тармағында "Ар-намысқа және абыройға кір келтіретін мәліметтер шындыққа жатпайтыны анықталған жағдайда, ол мәліметтердің таратылуына кінәсі болмаса да, оларды теріске шығару міндеті жауапкерге жүктеледі" деген сөздер бар.
– Прокуратура жай ғана "сізді меңзеген жоқпыз" деп құтыла алмауы керек. Бас прокуратура сотта не Әйгерім Тілеужанова туралы айтқан мағлұматтардың рас екенін дәлелдеуі керек, не оның басқа адам екенін дәлелдеуі керек. Бірақ фамилиясы тура сондай басқа адам бас прокуратура сипаттаған жағдайда болуы керек. Ахметов андай, Ахметов мындай деп алып, ертесіне мен басқа Ахметовті айттым деуге болмайды. Олай болса, ол Ахметов кім? Өйткені ол Ахметовтің де ар-намыс пен абыройын қорғауға қақысы бар, – Жовтис.
Құқық қорғаушы Қазақстанда саясатқа келгенде құқық екінші орында қалатынын айтады. Қаңтар оқиғасын мемлекеттік төңкеріс мақсатында ұйымдастырды деп бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов пен осы оқиға кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген белсенді Жанболат Мамайдың қатар жауапқа тартылуы ақылға сыймайды дейді ол.
Тіркелмеген "Демократиялық партияның" лидері Жанболат Мамай биыл көктемде Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 6 жылға шартты түрде бостандығынан айырылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевпен келісімнің бұзылуы, компромат және билігі күшейген Тоқаев". Самат Әбіштің ісіҚаңтар оқиғасынан соң көп ұзамай қамауға алынған ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі басшысы Кәрім Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға сотталған. Дәл осындай айып оның орынбасары Әнуар Садықұловқа да тағылып, ол 16 жылға бостандығынан айырылды. Мәсімовтің өзге екі орынбасары Дәулет Ерғожин мен Марат Осиповқа да үкім шықты. ҰҚК басшысының орынбасарлары арасында қамауға алынбаған жалғыз адам – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш. Қыркүйектің соңында оның "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша күдікке ілінгені мәлім болды.
Кәсіби аудармашы Әйгерім Тілеужанова белсенді ретінде 2016 жылғы жер митингілерінен кейін таныла бастаған. Тіркелмеген "Демократиялық партияның" мүшесі болған. 2022 жылдың басынан El Media медиа-жобасында журналист болып жұмыс істеген. Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстан билігі мәжіліс сайлауын тағайындап, партияға мүше емес адамдар жеке түсе алатынын мәлімдегенде, құжат тапсырған. Сайлау комиссиясы Тілеужанованы екі рет тіркеп, екеуінде де түрлі себеппен кандидат статусынан айырған. Сайлаудың алдында ол "Қаңтар құрбандарына арналған қаралы митинг ұйымдастырды" деген айыппен 20 тәулікке қамалған.
Тілеужанованың анасы Шекерхан Мырзаханова бас прокурордың "екі сөйлеп отырғанын" айтады.
– Егер оның айтқаны басқа Тілеужанов болса, соны тапсын да, Әйгерімді босатсын, – дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Адам болса – бап та табылады". "Әуежайды басып алу" ісінің апелляция сотынан репортажТоқаевтың "әсері шектеулі" реформалары және Қаңтардағы "лаңкестердің табылмауы""Қылмыскерге оқ атуға арнайы бұйрық қажет емес деген заңда бар". Бас прокурор Қаңтар жайлы тағы не айтты?"Куәгерлер сөзінен бас тартты". "Әуежай ісімен" сотталғандардың адвокаттары үкіммен келіспейдіҚаңтардағы "лаңкестер", "мемлекетке опасыздық жасағандар", саяси реформа жайлы кезекті уәде