Рахаттағы тоқсан орындық мектепте 540 бала оқиды

Cабақта отырған оқушылар. Рахат ықшамауданы, Алматы қаласы, 2 қыркүйек 2019 жыл.

Алматы құрамындағы 25 мың адам тұратын Рахат ықшамауданында жалғыз тоғыз жылдық мектеп бар. Директордың сөзінше, 90 орындық №196 мектепте бес жүзден астам шәкірт үш ауысыммен оқып жүр. Жергілікті тұрғындар "биліктің мектеп салып береміз деп уәде еткендеріне" он жыл болғанын айтады.

"БАЛАЛАРҒА ОБАЛ"

Алматының іргесінде орналасқан Рахат ықшамауданы Алатау ауданына қарайды. 2014 жылға дейін Алматы облысы Қарасай ауданының құрамында болған бұл елдімекен қала аумағының өзгеруіне байланысты осыдан бес жыл бұрын Алматыға қосылған. Қала құрамына енген соң аумағы да кеңейіп, тұрғындар саны көбейе түскен. Рахатта қазір 25 мың адам ресми тіркелген.

90 орындық мектепте 540 бала оқып жатыр. Бір партада үш баладан отыр. Мектеп ғимараты 1953 жылы салынған.

Рахат ықшамауданында оқушы саны да көп. Бес жүзден астам бала Совет одағы кезінде салынған, бір-біріне жақын орналасқан үш шағын ғимаратта оқиды. Оның екеуінде сынып кабинеттері бар. Тек бір сынып бөлмесіне ғана отыз оқушы сияды. Қалған кабинеттердің барлығы тоғыз-он оқушыға шақталған. Ал жолдың келесі бетіндегі ескі ғимаратта мектептің асханасы мен кітапханасы орналасқан. Кітапхананың кіреберісіне парта қойып, оны да сынып кабинетіне айналдырған. Сыныптың бір бұрышында кірпіштен қаланған пеш тұр.

Рахаттағы №196 мектептің директоры Гүлнәр Ғабдуллина он жыл басқарып отырған білім мекемесінде дұрыс жағдай жоғын айтты.

- Ауылымыз [Алматы облысы] Қарасай ауданына қарап тұрған кезде "мектеп саламыз" деген еді. Бірақ кейін [Алматы] қаласына қосылды да, мектеп салу жұмысы тоқтап қалды. Өте тар. 90 орындық мектепте 540 бала оқып жатыр. Бір партада үш баладан отыр. Мектеп ғимараты 1953 жылы салынған. Типтік емес, яғни бұрын балабақша болған. Оқушылар көп келіп жатыр. Кейбірі сыймай, басқа мектепке де кетіп жатыр, - дейді мектеп басшысы.

Your browser doesn’t support HTML5

"Балаларға обал". Алматының Рахат ықшамауданы мектепке зәру

Мектеп ауласында сырты қоршалған спорт алаңы бар. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанат Мұхамедсадықова алаңды нұсқап: "Мұны да айтып жүріп жасатқан едік. Бірақ астына төсеген жасыл төсеніші сапасыз болып, екі жылға ғана шыдады" деді.

Мектептің айналасын шөптен тазартып жүрген жұмысшы Абатбай Табынбаев та Азаттық тілшісіне мектептің қатты ескіріп кеткенін айтты.

– Ішіне балалар сыймай жатыр. Байғұс балаларға обал. Бір жаңа мектеп салып берсе, - деген тілегін жеткізді мектеп жұмысшысы.

"УӘДЕЛЕРГЕ СЕНБЕЙМІН"

Рахат ықшамауданы тұрғындарының билік уәде еткен жаңа мектеп салынады деп күткеніне де біраз жыл болған. Азаттық тілшісіне жолыққан Алмас есімді жергілікті тұрғын мектеп мәселесін әкімдер шеше алмай отырғанын айтады.

Рахат ықшамауданындағы №196 мектептің ауласында жүрген оқушылар. Алматы қаласы, 2 қыркүйек 2019 жыл.

– Бағдат Мәнізоровтың (2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі болған – ред.) тұсында үлкен жиналыс болып, ол жаңадан мектеп салуға уәде берген болатын. Одан кейін келген, қазіргі аудан әкімі (Шахмерден Рыспаев – ред.) де қыстағы есеп беру жиналысында уәде берген. Әлі орындалған жоқ. Осы жолы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та келіп, уәдені үйіп-төгіп кетті. Бірақ мұндай уәделердің талайы болған, сондықтан сенбеймін, - дейді ол.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев та келіп, уәдені үйіп-төгіп кетті. Бірақ мұндай уәделердің талайы болған, сондықтан сенбеймін.

Алмастың айтуынша, "қолында мүмкіндігі барлар балаларын қаладағы басқа мектепте оқытуға тырысады. Ал ешқайда апара алмайтын ата-аналар балаларын еріксіз осы мектепке береді". Оның сөзін қостаған тағы бір тұрғын "ауыл үлкейіп жатыр, балалар мен немерелер өсіп келеді. Бір мектеп керек-ақ" деді.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанат Мұхамедсадықова да "мектепте орын болмаса да, тұрмысы төмен, көп балалы отбасыдан шыққан, басқа мектептерге барып-келіп оқуға жағдайы келмейтін оқушыларды қабылдаймыз" дейді.

ЖАҢА ӘКІМНІҢ УӘДЕСІ

Екі баласын бірінші сыныпқа берген Айнаш Түгелбаева жақында Рахат ықшамауданына Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың келіп-кеткенін айтып, "келесі жылы мектеп салып беретін шығар" деген үмітін жасырмады.

Мектеп директоры Гүлнәр Ғабдуллина да Алматы қаласының жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаевтан (маусымның 28-і күні Алматы әкімі болып тағайындалған) үміт күтеді. Сағынтаевтың мектепті көріп кеткенін бірнеше рет қайталап айтқан мектеп директоры "ғимарат салатын орын бар. Бұйырса, келесі жылы үлкен мектеп болады" деді.

№196 мектептегі сынып бөлмелерінің бірі. Рахат ықшамауданы, Алматы қаласы, 2 қыркүйек 2019 жыл.

Азаттық тілшісі Рахат ықшамауданындағы мектептің мән-жайын Алатау ауданы әкімдігінен білмек болған еді. Бірақ ондағылар Алматы қалалық білім басқармасына сілтеп, жауап беруден бас тартты. Ал қалалық білім басқармасы "ресми түрде жазбаша сауал жолдаңыздар. Заң бойынша жеті күннің ішінде жауап береміз" деді.

Қазақстанда халық көп шоғырланған аймақтардағы мектептерде орын тапшы. Бұл мәселе елде жиі көтеріледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орын жетпеген оқушылар басқа ғимаратта оқуға мәжбүр

Биылғы педагогтардың дәстүрлі Тамыз мәслихатында Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "республикалық бюджет есебінен жыл сайын 110-нан 170-ке дейін мектеп салынатынын, бірақ үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы әлі барын" айтқан.

– Демография және миграция – үш ауысымды мектептердің басты себебі. 2000 жылдары елімізде 222 мың бала дүниеге келсе, 2016 жылы шамамен 400 мың балаға жетіп отырмыз. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, 320 мыңнан астам азамат ел ішінде басқа аймаққа қоныс аударған. Мысалы, 2017 жылы Нұр-Сұлтанға еліміздің басқа өңірлерінен 80 мыңға жуық адам көшіп келді, олардың 17 мыңға жуығы – бала. Демек, астанаға жыл сайын жаңа 15 мектеп керек деген сөз, - деді ол.

Білім және ғылым министрлігінің есебінше, биыл Қазақстан бойынша 405 мың бала бірінші сыныпқа барған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20 мыңға көп. 2018 жылы министрлік ел бойынша 127 үш ауысымда оқитын мектеп пен 44 апатты жағдайдағы мектептің бар екенін хабарлаған.