ШАЙПАУЛАР ШАБУЫЛЫ
Шілденің 22-і күні Алматыдағы қазақстандық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросындағы баспасөз жиынына қатысуға келген Азаттық пен өзге де бірқатар БАҚ журналистеріне бір топ белгісіз әйел шабуыл жасады.
Ғимарат дәлізінде Азаттықтың түсірілім тобына белгісіз бес әйел тарпа бас салды. Олар Азаттық операторы Тоқмолда Құсайыновқа шабуылдап, оның қолындағы видеокамераны сындырып, аккумуляторын суырып алды. Болған оқиғаны смартфонға түсіріп алмақ болған тілші Нұргүл Тапаеваға қол жұмсады.
Азаттық журналистеріне шабуыл (Алматы, 22 шілде 2019 жыл):
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық журналистері адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросында таңертеңгі сағат 11-де "Мемлекет аналар және балалармен күресіп отыр" деген тақырыпта өтуі тиіс баспасөз жиынына барған болатын. Бұл жиынды ұйымдастырушылар елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан билігі сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қызметіне қатысы бар деген күдікпен шілденің 4-і күні тұтқындалған алматылық көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстінен қозғалған істердің мән-жайын айтпақшы болған еді. Бұл үш әйелді биыл мамыр айында үкіметке қарсы "рұқсат етілмеген шеруге қатысты" және "шеру өткізбекші болды" деген уәжбен полиция екі рет ұстаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үйқамақтағы үш белсендіні абақтыға қамады"Жиын басталуға шамамен жиырма минуттай қалғанда кеңсеге ашулы жиырмаға жуық әйел келді. Олар шу шығарып, баспасөз жиынына келген журналистердің камерасын, ұялы телефондарын тартып алуға әрекет қылды. Жиынға келген өзге де адамдарға шабуыл жасады" деді бюро өкілі Сергей Дуванов.
Оның сөзінше, журналистерге шабуылдаған белгісіз әйелдердің кесірінен алдын ала жоспарланған баспасөз мәслихаты өтпей қалған. Әлгі адамдар бюроға келген кей журналистің смартфонын тартып алып, кәсіби техникасын бүлдірген. Зардап шеккендердің арасында ҚазТАГ агенттігі мен жергілікті билікке қарасты "Алматы" телеарнасы өкілдері де бар.
Ашулы әйелдер қазір қамауда отырған көп балалы ана Оксана Шевчуктың шешесі Екатерина Шевчук пен адвокаты Ғалым Нұрпейісов қатысады деп жоспарланған баспасөз мәслихатының өтпейтіні туралы ұйымдастырушылардың хабарландыру жасауына да мүмкіндік бермей қойды.
Медициналық жедел жәрдем көлігі оқиға орнынан бір адамды - Мұрат Пірмағамбетовті ауруханаға алып кетті. Ол өзін Алматының Қалқаман шағын ауданындағы №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізгені туралы кейінірек Азаттық тілшісіне телефон арқылы хабарлады. Пірмағамбетов өзін елдегі саяси оқиғаларды назарда ұстайтын қатардағы азаматпын деп таныстырады. Ол шілденің 22-і күні баспасөз мәслихаты өтетіні туралы хабарландыруды Facebook әлеуметтік желісінен көріп, жиын өтетін жерген келгенін айтады.
"Қолына тоғыз айлық сәбиді (Оксана Шевчуктың кенже баласы) көтеріп ұстаған Екатерина Николаевнаны (Оксана Шевчуктың анасы) бірнеше ашулы әйел қуып келе жатқанын көрдім. Мен оны ұрмақшы болып жүрген әлгі әйелдерден қорғау үшін қолымды созып, кеудемді тостым. Сол сәтті пайдаланып Екатерина Николаевна сытылып үлгерді, ал мені жерге жығып, телефонымды тартып алды да, ұрып-соға бастады" дейді Пірмағамбетов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жеті айлық сәбиімен бірге изоляторда қамауда болған. Енді үйқамақтаЖурналистер шабуылға ұшырағаны туралы полицияға телефон шалғанымен, билік өкілдері оқиға болған жерге жарты сағаттан соң ғана жетті. Бұл уақытта шабуыл жасағандар ғимараттан шығып кеткен еді, полицейлер олардың тек біреуін ғана ұстады. Полиция қызметкерлері Азаттық, ҚазТАГ агенттігі тілшілерінің арыз-өтінішін қабылдап алды. Кезекші тергеуші полиция шабуылдың мән-жайын анықтап, бейнебақылау камералары жазбасымен танысады деп уәде етті.
Қазақстандық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро өкілдері бұл осы ұйым кеңсесінде жоспарланған баспасөз жиынын өткізуге кедергі жасаған кезекті оқиға екенін айтады. "Бұған дейін осындай оқиғалардан соң бюро полицияға өтініш жазған, алайда ешкімді жауапқа тартқан жоқ" деді қоғамдық ұйым өкілі Инга Иманбай Азаттыққа.
"ЖУРНАЛИСТКЕ ШАБУЫЛ - ҚЫЛМЫС"
Инга Иманбай журналистер кәсіби құқығын қорғау үшін бірігуі керек деп санайды.
- Бізге полиция, құзырлы органдар көмектеспесе, кәсіби ісімізді қорғаумен өзіміз айналысуымыз керек. Билік органдарының бұл істі соңына дейін жеткізіп, бүгін шу шығарып, журналистер жұмысына кедергі келтіргендерді жауапқа тартқанын бақылауымыз керек, - дейді ол.
"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Руслан Ерботаның пікірінше, кәсіби қызметін атқарып жүрген журналиске кедергі жасап, қоқан-лоқы көрсету - қылмыс.
- Журналистің қолындағы құрылғысын тартып алып қылмыс жасап отыр. Ал сол қылмыс жасаған адамға құзырлы орындар шара қолданбай, үнсіз қалатын болса, демек, ол қылмыскерді қолдап отыр деген сөз, - дейді Ербота.
Сөз бостандығын қорғайтын "Әділ сөз" қоғамдық ұйымының сарапшысы Ғалия Әженова журналистерге шабуылдағандар арнайы тапсырманы орындаушылар болуы мүмкін деп есептейді.
- Топ болып келіп, ойран шығарды да тым-тырақай қашты. Біз тек соны ғана көріп отырмыз. Мұның артында тұрғандар жай жүрген біреулер емес деген күдік туады. Жергілікті билік, құзырлы органдар осы сұраққа жауап бермейінше, қоғамда күмән күннен күнге өседі, - дейді құқық қорғаушы.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық тілшілерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіру оқиғалары бұған дейін де бірнеше рет болған. 6 шілдеде Нұр-Сұлтанда белгісіз біреу Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Ержан Әмірхановқа көзден жас ағызатын газ шашқан. Журналистер биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткенімен, билікте ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келетін Астана күні наразылық білдіріп көшеге шыққан азаматтарды полицияның ұстағаны туралы хабар дайындап жүргенде шабуылға тап болған еді.
Оқиға болған жерде жүрген полиция өкілдері Азаттық журналистерінің кәсіби жұмысына жүздерін жасырып, қолшатыр ұстаған белгісіз адамдардың кедергі келтіргені туралы айтқан арыз-өтініштерін елеусіз қалдырған. 16 шілдеде Азаттық полицияның әрекетсіздігіне шағым айтып, бас прокуратураға арыз жазды. Әзірге оған жауап келген жоқ.
Наурыздың 22-і күні Қазақстан астанасында қала атауын елді отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан етіп өзгертуге қарсылық білдірген азаматтарды көшеде полицияның ұстап жатқаны туралы хабар дайындап жүрген Азаттық операторына белгісіз жастар бөгет жасап, видеокамера объективін қағазбен көлегейлеген еді. Мамырдың 9-ы күні ел астанасында, арада тура бір ай өткенде Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында үкіметке қарсы наразылық акциялары кезінде қолшатыр ұстаған белгісіз біреулер Азаттық тілшілерінің кәсіби жұмысын атқаруына кедергі келтірді.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы Қазақстандағы журналистеріне жасалған кедергіні сынаған. Медиакорпорация оны "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп бағалаған.