Ақтөбе мен Витебскіде «Мәңгілік полк» шеруі неге өтпейді?

Алматыдағы "Мәңгі өлмес полк" шеруі. 9 мамыр 2018 жыл.

9 мамыр Жеңіс күні Витебск (Беларусь) қаласында «Мәңгілік полк» шеруі өтпейді. Ал Минск қаласында шерудің өтетін орны өзгерді. Ал Қазақстандағы Ақтөбе қаласында жергілікті билік «Мәңгілік полк» шеруі өтпейтінін хабарлады.

АҚТӨБЕ: ҚОҚЫС ЖӘНЕ КЕПТЕЛІС

Қазақстанда «Мәңгілік полк» шеруі Алматы мен Нұр-Сұлтанда дәстүрге айналған. Бірақ Ақтөбе қаласының әкімдігі бұл шараны өткізуден бас тартты.

«Мәңгілік полк» шарасын ұйымдастыру мәселесі талқыланған жиналыста қала әкімі Ілияс Испанов «шеру жол қозғалысына кедергі келтіріп, кептеліс тудырады» деді.

Бұған қоса, тұрғындар «шеруден кейін туыстарымыздың фотолары қоқыс жәшігінде жатады» деп әкімдікке «шағымданған».

Қала әкімі Испанов, Ақтөбеде «Мәңгілік полк» шеруін ұйымдастыруға ешкім өтініш бермегенін де айтты.

Ақтөбе әкімдігі Екінші дүниежүзілік соғыста мерт болған жақындарын еске алғысы келетін тұрғындарды қаладағы орталық саябақта ұйымдастырылатын шараға шақырды.

БЕЛАРУСЬ. «ҰЙЫМДАСТЫРУ МҮМКІН ЕМЕС»

Ал Беларусьтің Витебск қаласында жергілікті билік «Мәңгілік полк» шеруін «ұйымдастыру мүмкін емес» деп мәлімдеп, жұртты «Беларусь ұмытпайды» шарасына қосылуға шақырды. Бұл туралы «Весна» құқық қорғау ұйымы хабарлады. Шеруді ұйымдастыруға «Справедливый мир» солшылдар партиясы мен бірнеше үкіметтік емес ұйым өтініш берген.

Ал Минск қаласында жергілікті билік «Мәңгілік полк» шеруін өткізуге рұқсат берді. Бірақ шеру көшеде емес қаладағы мұражайлардың бірінің маңында өтеді.

"Мәңгілік полк" шеруі. Минск, 9 мамыр 2018 жыл.

Наурызда Беларусь президенті «Мәңгілік полк» сияқты шараларға түбегейлі қарсы екенін мәлімдеген.

«Бұл – ресейліктер үшін өте тамаша шара. Ал бізде «Беларусь ұмытпайды» шарасы бар. Неге біз өзіміздікін емес өзгенің шарасын ұйымдастыруымыз керек. Жалпы, екі шараның да айтары бір» деген Лукашенко.

Оның сөзінше, «Беларусь ұмытпайды» шарасы «Мәңгілік полк» шеруінен бұрын ұйымдастырыла бастаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия Жеңіс күнін ресейлік реңктен арылта алмай келеді
"Настоящее время" сайтының мақаласы орыс тілінен аударылды