Accessibility links

Жігерін жоғалтпаған 100 жастағы блокада ардагері


Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ленинградта қоршауда болған Нина Нагребецкая. Қарағанды облысы, 4 мамыр 2018 жыл.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ленинградта қоршауда болған Нина Нагребецкая. Қарағанды облысы, 4 мамыр 2018 жыл.

Ленинград блокадасынан тірі қалған Нина Нагребецкая жасы жүзден асқанына қарамастан, соғыс заманында тартқан тауқыметін бүге-шігесіне дейін ұмытпаған. 1941 жылы соғыс басталғанда ол отбасымен Финляндияда тұрған. Қария зейнетақысы мардымсыз болғанымен, тұрмысына шағынғысы келмейді.

СОҒЫС ЛАҢЫ ЛЕНИНГРАДҚА АЙДАП АПАРДЫ

Биыл қаңтарда Нине Нагребецкая әжейдің жасы 100-ге толған. Ол Қарағанды облысындағы шағын қала – Сараньда тұрады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ол Ленинград қоршауында қалған, қызы мен күйеуінен айырылып, денсаулығын жоғалтқан, бірнеше мәрте ажал аузынан қалған. Сол бір сұрапыл күндердің сұмдығы Нина Нагребецкаяның есінде бүге-шігесіне дейін жатталып қалған. Соғыс басталған сәтте ол ұлты неміс әрі машина жасау саласы маманы болған күйеуі, екі жасар қызы үшеуі отағасының іссапарына байланысты уақытша Финляндияда тұрған. Ол күйеуінің тегі бойынша Франк болып жазылған.

- Соғыс басталған кезде Финляндияда тұрып жатқанбыз. Түнде күйеуімді халық жауы ретінде тұтқындады. Ертеңінде қызымды алып, Ленинградтағы үйіме жол тарттым. Ол кезде қала әлі қоршауда емес, бірақ аштық жайлап, жау толассыз бомбалап жатқан болатын. Күйеуімді тұтқындаған кезде маған тиіскен жоқ. Ал кейін мені бір әйелге аңдытып қойды, ол әр басқан қадамымды біліп, тергеп отыратын. Оның қолында тіпті пәтеріміздің кілті де болған. Оның кім екенін сол күйі ұққан жоқпын, бірақ көп адамның ажалына себепкер болғанын білемін. Жан-жаққа хат жазып, күйеуімді іздей бастадым. Бірақ мені шақырып алып, "тіпті іздеуге де тырыспа, әйтпесе НКВД күн көрсетпейді" деп ескертті. Тыныш өмір сүру үшін Сергей деген танысыммен жалған некеге отырып, фамилиямды ауыстыруға тура келді. Ол күзетте жұмыс істейтін. Карточкамен азық-түлік ала бастадым. Бірақ бір күні әлгі әйел мен Сергей үйге келді. Сергей "сенің кесіріңнен армиядан қуып, алдыңғы шепке жібергелі жатыр" деді, - дейді көз жасын әрең іріккен Нина Нагребецкая әжей.

"АҒАШ ЖЕЛІМІНЕН ХОЛОДЕЦ ҚАЙНАТЫП ЖЕДІМ"

Мамырдың 9-ында бұрынғы Совет одағы республикаларының көбі Жеңіс күнін тойлайды. Бұл күнді өміріндегі ең басты мереке санайтын Нина Нагребецкая қалай тірі қалғанына қайран қалады.

- Желімді азық етіп жедім, қышаны езіп, базарда әлдебір затқа айырбастап алған әліпмайға құймақ пісіретінмін. Ағаш желімінен "холодец" (бас-сирақты қайнатып, құйқасынан жасайтын тағам түрі – ред.) жасайтынмын. Оны әбден ұнтақтап алып, суға жібітемін, қақаған суықта ол әп-сәтте қатып қалатын. Әлгі желімді ұзақ қайнату керек, әйтпесе ішегің жабысып қалады. Ол кезде әлгі желім мен қышадан мүлде көп адам қырылды. Одан бөлек, "буржуйка" пеште күнбағыстың немесе зығырдың жомынан шелпек пісіретінмін, - деп еске алады Нина Нагребецкая.

Аштықтан бұратылған адамдар көшеде құлап, өліп жатты, олардың денелерін көлікпен жинап әкетіп, шіркеудің жанындағы бейітке таситын. Нина Михайловна "мәйіт көмуге арналған шұңқырды экскаватормен қазатын" деп еске алады. Мәйіттерді шұңқырға лақтыруға тұрғындар көмектесетін. Кейде ішіне өздері құлап түсетін да, шыға алмай қалғандары болған. Шамасы кеткенге дейін Нина Михайловна да сол жақта жұмыс істеген.

- Ал кісі етін жегіштер қаншама болды десеңші! Қалада өріп жүретін. Тіпті жүріп келе жатқан немесе еңбектеген адамдардың өзіне шабуылдайтын. Бірақ оларды аулап, бөлмеге қамап, газбен тұншықтыратын. Жергілікті базарда адамның өкпе-бауырынан тартылған ет сататын, өзге ет жоқ қой. Бір күні базарда келе жатсам, біреу "Тартылған ет керек пе?" деп сұрады. "Сенің өзіңнен фарш тартпай тұрғанда кет бұл жерден!" дедім. Базардан күдікті ештеңе алмайтынмын. Бірер рет бетін қайтарып тастағаннан кейін, маған ұсынбайтын болды, - деп еске алады Нина Нагребецкая.

Ленинград блокадасының 100 жастағы куәгері:

Жүз жастағы блокада куәгері
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:11 0:00

Кейін қоршауды бұзған кезде темір жол ашылып, тірі қалғандарды зембілге салып қаладан әкете бастаған. Мәйіттерді де әкеткен.

- Өзім тірі қалдым да, қызым аштан өліп қалды. Оны аштан өлтіріп алмауға шамам келгенше тырыстым. Сұлап жатып қалған болатынмын. Мені әкеткенде қызымның мәйіті сол күйі үйдің жанында бір уыс болып жатты. Оның алдында мәйітті жуып, көрпешеге орап қойған болатынмын. Жерлегім келді, бірақ оған әлім жетпеді. Мені алып кетті, ал қызымды қайда апарғандарын да, қай жерге жерлегендерін де білмеймін. Осы қайғы өмір бойы өзегімді өртеп келеді, - деп еске алады Нина Нагребецкая.

Нина Михайловнаның айтуынша, блокададан тірі қалғандарды ауруханаға апарған кезде дәрігерлер оны өледі деп ойлапты. Бірақ ол тірі қалған. Денсаулығын оңалтуға бірнеше жыл кеткен. Талайға дейін тамаққа мүлде тоймаған, өзін үнемі аш сезіне берген. Дәрігерлердің тыйымына қарамастан, картоп немесе нанды көп жеп қойып оны ауруханада бірнеше мәрте әрең дегенде аман алып қалған.

- Адамның ерік-жігері деген ұлы күш қой. Ақыры бетім бері қарап, біртіндеп оңала бастадым. Бұрынғы дәрігерлер нағыз шипагерлер еді ғой, олар қаншама адамды құтқарды. Денем күп болып ісініп кетіп, жұмыс істей алмадым. Әбден әлсіреген адамның бүкіл денесі ісіп кетеді екен. Өзімді жайсыз сезініп, дәрігерге барып едім, "саған қан жаңарту керек" деді. Сондықтан тұрмысқа шықтым. Бірақ бала көтергеніммен түсік тастай беретінмін. Кейін аман-есен босана бастадым, бірақ балаларым бір жасқа жетпей шетінеп кетеді. Үмітім үзілді, бірақ дәрігерлер "қаның қалай толық жаңарады, солай дені сау бала табасың" деп демеп қойды. Ақыры солай болды – 46 жасымда босанған ұлым әлі күнге дейін жанымда, - дейді 100 жастағы кейуана.

Нина Нагребецкая ұзақ жасау құпиясын тағдырдың тауқыметі мен ауыртпалығына төзуге әлі күнге дейін күш беріп келе жатқан ерік-жігерінің арқасы деп біледі.

МАРДЫМСЫЗ ЗЕЙНЕТАҚЫ, ЖҰПЫНЫ ТҰРМЫС

Бұрын геологтар қонысы болған Сарань қаласына Нина Нагребецкая Қазақстанда шахта салуға шақырған үндеу жарияланған жылдары қоныс аударған. Нагребецкая деген фамилияны да тұрмысқа шыққаннан кейін осы жақта алған.

- Бір күні Қазақстанға шахта салуға жұмысшылар керек деген хабарландыру оқыдық. Сол-ақ екен жұрттың бәрі осы жаққа ағылды. Олар тіпті тамаққа бола жұмыс істеуге дайын болды. Ал қазір, құдай сақтасын бірдеңе болып қалса, тамаққа кім жұмыс істейді? Қазір жұрттың бәрі ақшаға құныққан, көбірек қарпып қалуды ғана ойлайды. Ал бұрын еріктілер көп болатын, қала, ауылдарды қалпына келтіру үшін жұмыс істеу керектігін жұрттың бәрі түсінетін, - дейді Нина Нагребецкая.

Қарағанды облысындағы Сарань қаласы. 4 мамыр 2018 жыл.
Қарағанды облысындағы Сарань қаласы. 4 мамыр 2018 жыл.

Зейнеткер өздігінен жүріп-тұрады, ұлының "Өмір – қимыл мен қозғалыс" деген кеңесін тыңдап, шамасы келгенше көбірек жүруге тырысады.

- Үй ішінде өзі жүріп-тұрады. Тамақ пісіреді, ыдыс-аяқ жуады, үйді жинайды, кір жуады, өз-өзіне күтім жасайды. Есепке жүйрік, кез-келген бухгалтеріңнен кем санамайды, бірақ жазғанда қиналады. Балконға шығып "серуендеп қайтады". Жел тигізіп алудан қатты қорқады, жел өтінде тұрып қалса бірден суық тиеді. Иммунитеті әлсіз. Кейде бір жаққа бару керек болған кезде далаға шығарымыз. Жуырда көзін емдетті. Қолдарының икемі онша келмесе де 9 мамырға арналған тортты өзі пісірмекші. Не шаруаны болсын аяғына дейін жеткізеді, бірақ сосын әлі құрып диванға жата кетеді. Бірақ бұдан да зорғыны, соғыс тауқыметін көрген адам ғой, ештеңе етпейді. Қимылдай беруге мәжбүрлеймін, - дейді анасын жалғыз қалдырмауға тырысатын ұлы Олег.

Балаларға арналған музыка мектебінде скрипкадан сабақ беретін баласы Олег болмаса, Нина Михайловнаның алатын 55 мың теңге зейнетақысы күнкөріске жетпес те еді. Бірақ Нина Нагребецкая "зейнетақым орташа, менен де аз алатын таныстарым бар" дейді. Кір жуғыш машина, су жылытқыш, тоңазытқыш тәріздә тұрмысқа қажет техника сатып алу үшін баласы екеуінің несие алуына тура келген. Ол мереке кезінде құттықтауды ұмытпайтын жергілікті билік пен ардагерлер кеңесіне риза екенін айтады. Кейуана "басымыздан бұдан да жаман күндерді өткердік, тәуба" деп шүкіршілік етеді. Бірақ сұрапыл соғыс пен сұмдық аштықты басынан өткерген адамдарды билік мереке кезінде ғана емес, әрдайым құрметтеуі тиіс деп санайды.

XS
SM
MD
LG