"Ауаны ластады". Қытаймен бірлесіп ашқан өндірістің түсініксіз құпиялары

Қызылорда облысындағы "Гежуба Шиелі цемент зауытынан" шыққан түтін.

Сарапшылар Қазақстанның индустриализация саласында Қытаймен бірлесіп қолға алған жобаларында ашықтық жоғын айтады. Кей аймақта тұрғындар экология мен адам денсаулығына қатер төндіріп отыр деп санайтын "қытай кәсіпорнымен" соттасып жатыр. Үкімет "коммерциялық құпияны" алға тартып, қоғамға маңызды ақпаратты бермейді.

"АУЫРА БЕРГЕННЕН КЕЙІН АУЫЛДАН КӨШТІК"

Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Шеген Қараманов атындағы ауылдың тұрғыны, төрт баланың анасы Ләйла Туғанбаева жуырда отбасымен бірге Павлодар облысына көшіп кеткен. 44 жастағы әйел отбасының басқа жаққа қоныс аударуына балалары мен күйеуінің ауыра беруі себеп болғанын айтады.

Ләйла оның бір себебін ауыл іргесіндегі "қысы-жазы шаң-тозаң шығаратын" "Гежуба Шиелі цемент зауыты" және өзге де өндіріс орындарымен байланыстырады.

"Гежуба Шиелі цемент зауытынан" ауаға тарап жатқан түтін. Қызылорда облысы, 17 ақпан 2021 ж.

– Балаларым ауылда тұрғанда мұрны қанай берді. Тынысы тарылып, басы ауырды. Дәрігерге барғанымызда "мида қан қысымы бар", "пульмонологқа қаралыңыздар" деп әр жерге жібере берді. Күйеуім мүгедек болғанша жүрді. Үшінші баламның да басы ауыра бастағасын көшіп кеттік, – дейді Ләйла Туғанбаева.

Қазір Павлодар облысы Успен ауданында тұратын әйел жаңа жерге келгелі бері балаларының тынысы ашылып, мұрны қанауы тиылғанын айтады.

"Гежуба Шиелі цемент зауыты" – Қазақстанның индустриализация бағдарламасы аясында Қытаймен бірлесіп қолға алған 55 жобаның бірі. Жоба құны 177 млн доллар деп хабарланған.

Бірінші санаттағы қауіпті нысанға жататын зауыт маңында тұратын халықтың кәсіпорынмен соттасып жатқанына екі жылдың жүзі болған. Зауыттан шығатын шаң-тозаң мен жағымсыз иістен әбден мезі болғанын айтқан тұрғындар кәсіпорынды жабуды немесе басқа жаққа көшіруді, өздеріне материалдық-моральдық өтемақы төлеуді талап етеді.

Google картасы "Гежуба Шиелі цемент зауыты" мен Шеген Қодаманов ауылы арасы 440 метр деп көрсетеді.

Ауыл жұртының сөзінше, өзге жайттарды айтпағанда, нысанның қарапайым санитарлық қорғау аймағы тұрғын үйлер шекарасына кіріп кеткен. Зауыт пен тұрғын үйлердің арасы небары 520 метр. Ал Қазақстанның санитарлық ережесіне сәйкес, елді мекен мен қауіпті өндіріс орны арасы кемінде мың метр болуы тиіс.

– Түнде зиян қалдық көп шығады. Химиялық заттың жағымсыз исі тарайды. Цемент өндіру үшін оған күл қосады, кен, таудан үгітілген тас араласады. Одан бөлек химиялық желім элементтері, әк қосылады. Оны пешке салып күйдіреді. Соның жаман түтіні, ұшқан шаң-тозаңның бәрі бізге келіп жатыр. Үлкен де, кіші де сол ауаны жұтып отырмыз. Зауыт халықтың экологиялық таза аймақта өмір сүру құқығын бұзып отыр, – дейді ауыл белсендісі Алмас Дүйсенбаев.

Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын зауыт салынар шақта жергілікті халықты қоғамдық тыңдауға да шақырмаған. Ондай тыңдау "өткенін" белсенділер кейін әкімдікке сұрау салып жүріп бір-ақ білген.

Жергілікті СЭС-тен зауытқа санитарлық қорғау аймағын белгілеу жайын сұраған тұрғындар "санитарлық қорғау аймағы нысанға жер бөлінген шақта беріледі" деген жауап алған. Ал жергілікті әкімдіктен "Қараманов ауылы маңындағы зауыттардан ауаға қауіпті заттар тарағаны анықталмады" деген жауап келген.

"ЖҰМЫСТАН АЙРЫЛАМ БА ДЕП ҚОРҚАДЫ"

Тұрғын халықтың зауыт жұмысына байланысты шағымы жөнінде жергілікті БАҚ та жазған. Бірақ мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ. Ауыл халқы зауыттың зиянды әсерін сөз етсе билік, басшылық тарапынан қысым көретіндіктен жасқаншақ болып қалғанын айтады.

– Себебі біреуі мектепте, біреуі әкімшілікте, енді біреуі медпункте істейді. Әрқайсының өз бастығы бар. Олар бірдеңе айтса басшылар "олай болса жұмыстан шыға бер" дейді. Саяси қысым көргеннен кейін ешкім қарсы сөз айтқысы келмейді. Тіпті аула сыпырушының өзі жұмыстан айрылып қалам ба деп қорқады, – дейді Алмас Дүйсенбаев.

Қызылорда облыстық сотының Шеген Қараманов ауылы тұрғындарының "Гежуба Шиелі цемент" зауыты үстінен жазған арызы бойынша шығарған шешімі. 19 қазан 2021 ж.

Бірнеше тұрғын зауыттың үстінен сотқа бірнеше рет арызданып жүріп істі қайта қаратуға жақында ғана қол жеткізген. 19 қазанда Қызылорда облыстық соты Шиелі аудандық сотын тұрғындар шағымын қайта қарауға міндеттеген.

– Бұған дейін Шиелі аудандық соты "тиісті процедуралар сақталмады" деп істі қараудан бас тартқан. Облыстық сот шешімді бұзып, істі аудандық сотқа қайтарды. Енді аудандық сот отырыс қашан өтетінін белгілеуі тиіс, – дейді Алмас Дүйсенбаев.

Әзірге зауыт Азаттықтың ресми сауалына жауап берген жоқ.

"Гежуба Шиелі цемент зауыты" әкімшілігі биыл 19 тамызда ауыл тұрғындарына жолдаған жауабында зауыттан "ауаға зиян зат тарамайтынын, барлық тиісті рұқсат қағазы барын" айтқан.

Шеген Қараманов ауылы тұрғындарының "Гежуба Шиелі цемент зауыты" үстінен берген шағымына кәсіпорынның берген жауабы. 19 тамыз 2021 ж.

"Зауыт цемент өндірудің ең заманауи (құрғақ) әдісін қолданады. Өндірісте қолданатын екі білікті роликті престеу мен үш білікті диірмен – Қазақстандағы бірегей озық технологиялар қатарына жатады, әрі ол технология жоғары сапалы цемент өндіруге көмектеседі. Цемент зауыты қоршаған ортаға қамқорлық жасайды және ауаны ластанудан тазарту үшін ең жақсы сүзгілер қолданады. Шаң жинау және газ тазарту қондырғыларының жұмысын бағалаудың аспаппен өлшеу нәтижелері олардың жоғары тиімділігін көрсетті – 99,94 пайыз шегінде болды" делінген ресми жауапта.

ШЫМКЕНТТЕГІ "ҚЫТАЙ КӘСІПОРЫНДАРЫ"

Индустриализация бағдарламасы аясындағы 55 қазақ-қытай жобасының тағы екеуі миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласында орналасқан. Олар – "Шымкент мұнай өңдеу зауыты" мен "Оңтүстік" индустриалды аймағындағы Sin Yuan Steel кәсіпорны.

2005 жылы акциясының бір бөлігін Қытайдың China National Petroleum Corp (CNPC) компаниясы сатып алған Шымкент мұнай өңдеу зауытында 2014-2018 жылдары модернизация жасалғанын жергілікті БАҚ та, зауыттың ресми сайты да көп жазды. Ресми ақпаратқа қарағанда, зауытты модернизациялауға 1,8 млрд доллар бөлінген.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы ресми сайтынан алынған сурет. Зауытты қазақстандық "ҚазМұнайГаз" өндіру барлау компаниясы (33%) мен Қытайдың CNPC компаниясы (67%) "ПетроҚазақстан инк" біріккен компания арқылы басқарады.

CNPC компаниясы ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, "модернизация мен трансформациядан кейін Шымкент мұнай өңдеу зауыты қоршаған ортаны қорғау стандарттарына сәйкес келетін халықаралық деңгейдегі қазіргі заманғы зауытқа айналған. Мұнда шикі мұнай өңдеу деңгейі едәуір жақсарған, жеңіл мұнайды ығыстыру коэффициенті 56 пайыздан 80 пайызға ұлғайған. Мұнай өнімдері сапасы Еуро IV және Евро V стандарттарына, Қазақстандағы таза отын стандартына сәйкестендірілген. Бұл қоршаған ортаны жақсартуда және мұнай өнімдерін нарыққа жеткізуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады" деп жазылған ақпаратта.

Бірақ тұрғындар модернизациядан өткен зауыттан тарайтын сасық иіс әлі азаймай отырғанын айтады. Шымкент мұнай өңдеу зауытына тиіп тұрған елді мекендердің бірі – Еңбекші ауданына қарайтын Қарабастау ауылы. Зауытқа өте жақын орналасқан ауылдың халқы зауыттан тараған сасық иістен әсіресе жазда терезе ашу мүмкін емесін айтып шағынды.

– Түнгі сағат үш-төртте газдың исі қатты шығады. Ол бір. Ауылда ауру-сырқау көп. Оның барлығы зауыттың әсері деп ойлаймыз. Кезінде сол зауыттың жанынан колхоз, совхоздың жерін пайға бөліп берген. Сол жеріміз пайдаланылмай тұр. Ештеңе өспейді. Көктемде қылтиып шығады, сәл өскеннен кейін қурап қалады. Бұл айтыла-айтыла жауыр болған әңгіме. Зауыт тазалайтын қондырғы қойдырдық дейді. Қойса қойған шығар. Бірақ бәрібір түтін тарап жатыр. Қыста қар жауған кезде таңертең қарасаңыз қардың бетінде қап-қара дақ жатады. Зиянды әсері халыққа тиіп жатыр. Ауру балалар туып жатыр. Тері ауруы көп, шаш түсіп қалады, – дейді ауыл тұрғыны Бақытжан Сейтаев Азаттық тілшісіне.

Ресми ақпарат бойынша, зауыттан шығатын зиянды қалдық мөлшері қалыпты нормадан аспаған. АҚШ-та орналасқан Crude Accountibility қоры кеңесшісі Сергей Соляниктің сөзінше, "қағаз жүзінде" зауыт маңында санитарлық қорғау аймағы бар болғанмен, шынтуайтқа келгенде зауыт елді мекендерге тиіп тұр.

Crude Accountibility – Каспий мен Қара теңіз аймағында шикізат компанияларының қоршаған ортаға әсерінен зиян көріп отырған қауым, ұйымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйым. Қор сайтында ұйымды жеке донорлар қаржыландыратыны және мұнай компанияларынан ақша алмайтыны жазылған.

Crude Accaountibility қоры кеңесшісі Сергей Соляник. 2021 жылғы шілде.

– Санитарлық қорғау аймағы болу керек, сол жоқ. Қағаз жүзінде бар, кемінде 1 шақырым болуы тиіс, ал шын мәнінде ол жақта тұрғын үйлер 600-700 метр ғана жерде тұр. Бұл совет кезінде зауыт құрылғаннан бері бар үлкен проблема. Ол жақта санитарлық қорғау аймағы екенін білдіретін белгі (әдетте ашық түсті тақта не билборд) жоқ. Үйлер кәсіпорынға тиіп тұр. Осының бәрі адам денсаулығына әсер етеді, жұрт сол ауамен дем алады. Қалыптасқан жағдайға жергілікті билік те, Шымкент мұнай өңдеу зауыты да кінәлі. Зауыт басшылығы санитарлық қорғау аймағында не болып жатқанын білуі тиіс, – дейді Сергей Соляник.

Экологтар зауыт маңында ауаға тарап жатқан зиян қалдықтың мөлшерін көрсететін тәуелсіз станция жоғын да айтады. Сергей Соляник биыл жазда арнайы жоба аясында аталған зауыт маңындағы елді мекен тұрғындарымен сөйлескен кезде, жұрт зиян заттардың ауаға негізінен түнде тарайтынын, ал ресми орган өкілдері күндіз келген кезде ауа таза сияқты болып көрінетінін айтқан.

– "Оңтүстік" өнеркәсіп аймағы төңірегінде де, Шымкент мұнай өңдеу зауыты маңында да қоршаған ортаны бақылайтын автоматты станция жоқ. Олар (жергілікті экология департаменті – ред.) алдағы уақытта ақша болса, әлгіндей станцияны Қарабастау ауылына орнатуды жоспарлап отыр. Бірақ олар жаңа Экология кодексіне сүйеніп, 2023 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытының өзіне зауыт есебінен қоршаған ортаға шығатын зиян қалдық мөлшерін өлшейтін құрылғы орнатылатынын айтады. Яғни, зауыттың өзі датчиктерді орнатады, ал экология департаменті тікелей қалдық мөлшерін көріп отырады. Ал қазір іс жүзінде тұрғындар хабарласса, олар зауыт жаққа күндіз барады. Ол кезде желдің бағыты өзгеріп кетеді. Өлшейді, ол кезде әрине, бәрі қалыпты сияқты. Өзім сол жақта [биыл шілдеде] кешқұрым уақытта болдым. Қарабастау жақтан газ сасып тұрды. Шамадан артық істеп жатты ма, білмеймін, әйтеуір иіс болды. Яғни, ондай факті бар, – деді Сергей Соляник.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы ресми сайтынан алынған сурет.

Жұрт зауыттан шығатын зиян қалдықтан бөлек құдықтардың құрғап жатқанына да алаңдап отыр. Аты-жөнін атамаған тұрғындардың бірі кезінде ауыз су ретінде пайданылған, қазір мал суаратын құдықтардың құрғап кеткенін айтады. "Наурыз көшесінде тұратын көршімнің құдығы құрғап, қайта қаздыртуға мәжбүр болды" дейді ол.

– Егер ресми құжаттарға қарасақ, Шымкент зауытында мұнай өңдеу көлемі ұлғайған кезде су пайдалану да артқан. Яғни, ол өзі су тартып шығарады, оған қоса "Оңтүстік" аймақтағы қала желісінен көп мөлшерде су алады. Қазақстанда әсіресе тұщы судың жайы қандай екенін білесіз. Елде мұнай өңдеуге орасан көп мөлшерде су пайдаланады деп білеміз. Тұрғындар кәсіпорын жерасты суын толассыз алып жатыр деп күдіктенеді. Ойлап көріңіз, зауыт маңынан ұңғыма қазып алған, яғни, суды аямай сіміріп жатқанға ұқсайды. Жұрт соның кесірінен бұлақтар құрғап қалды деп санайды, – дейді Crude Accountibility кеңесшісі Сергей Соляник.

Оның сөзінше, кәсіпорынның жергілікті жұртпен, азаматтық қоғам өкілдерімен диалог орнатуында да мәселе көп. Қағаз жүзінде тыңдау өткенімен көп жағдайда жергілікті халықтың одан хабары аз немесе оған қатысса да, мәселенің байыбына бара бермейді. "Себебі оның техникалық деталі көп. Мұны билік пен компания да ұтымды пайдаланып отыр. Қағаз жүзінде бірнеше адам қатысқан тыңдау өткен болып саналады" дейді сарапшы.

Елді мекенге әлеуметтік жәрдем көрсету жағы да шешілмеген. Ауыл ақсақалдары көп уақыт шағымданып жүріп көмекке қол жеткізгенімен, ол қаражат "қала бюджетіне сіңіп жоқ болған".

Азаттық тілшісі сөйлескен тұрғындардың көбі кәсіпорынның жергілікті халықпен аса көп диалогқа бара бермейтінін растайды, дегенмен кейбірі олардың "ауылға ағаш егіп, мектепке 500-600 мың теңге тұратын интерактив тақта әпергенін, бірнеше жыл бұрын көз рагына шалдыққан балаға операция жасауға қаржы бөлгенін" айтты.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты әкімшілігі Азаттық тілшісі жолдаған ресми сауалға әзірге жауап берген жоқ.

Сергей Соляниктің айтуынша, шамамен 90 кәсіпорын шоғырланған "Оңтүстік" индустриалды аймағындағы экология ахуалына байланысты тұрғындар шағымы да көп. Қор өкілі биыл жазда Sin Yuan Steel зауыты басшылығымен сөйлесуге талпынғанымен, ешқандай жауап ала алмағанын айтады. Жергілікті билік биыл қаңтар айында ғана іске қосылған кәсіпорынға ешқандай сын-ескертпесі жоғын алға тартқан.

Crude Accountibility қорының жуырда жарияланған мақаласынан кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экология комитеті "Шымкент тұрғындарының шағымы негізінде 2021 жылғы 17 шілде мен 30 қыркүйек аралығында экология департаменті қала әкімі орынбасары және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, мониторингті түнгі уақытта жүргізу жоспарын дайындап, бекітті" деп жазды.

Департамент өзіне қарасты бөлімдердің мамандары Шымкент көшесінде 20:00-ден таңертеңгі 6:00-ға дейін мониторинг жүргізіп, зерттеу мен талдау нәтижесі бойынша, "ауада зиян заттардың артық мөлшері байқалмағанын" хабарлаған.

"АШЫҚТЫҚ БОЛМАУЫ СИНОФОБИЯНЫ КҮШЕЙТТІ"

2020 жылы күзде "Әлеуметтік-экологиялық қор" азаматтық қоғам өкілдерінің қолдауымен Қытаймен әріптестіктің Орталық Азия аймағы экологиясына әсері жөнінде ірі зерттеу жариялады. Онда Пекиннің "Бір белдеу – бір жол" жобасы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі деп бағаланғанмен, аталған жоба аясында индустриалды-инвестициялық әріптестікте ашықтық болмауы қоғамда синофобияны күшейтіп жібергені, түрлі мифтер мен фобиялардың пайда болуына ықпал еткені жазылған.

Зерттеу авторлары 2019 жылы Қазақстанда болған Қытай экспансиясына қарсы наразылықтарды мысалға келтірген.

2019: Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл

Экологтардың айтуынша, 2019 жылдың қыркүйек айына дейін қоғамға 55 қазақ-қытай бірлескен жобаның не тізімі, не Қазақстан мен Қытай арасында индустриялық-инвестициялық әріптестік бағдарламасы жарияланбай келген. Экологтар билікке сұрау салып жүріп ақыры әлгі тізім жарияланған.

Жылдар бойы қазақ үкіметі мен Қытай елшіліктері 50-ден астам жоба жайлы тек жалпылама ақпарат қана беріп, егжей-тегжейіне тоқталмаған.

2016 жылы Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі орынбасары Ерлан Қайыров ақпараттың ашық болмауына компаниялар тізімін жариялауға рұқсат бермеген Қытай тарабының бәсеке мен сыннан сескенуі себеп деп түсіндірген.

Заң бойынша, кез келген жобаны жүзеге асырар алдында оның қоршаған ортаға әсерін бағалайды (ОВОС).

"Гежуба Шиелі цемент зауыты" маңынан көтерілген түтін. 2021 жылғы тамыз.

Сергей Соляниктің айтуынша, бұған дейін бірқатар эколог мемлекеттік органдардан Қызылордадағы "Гежуба Шиелі цемент зауытына" қатысты Қоршаған ортаға әсерін бағалау (ОВОС) қоғамдық тыңдау хаттамасын, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының көшірмесін сұратқан. Қазақстан заңы бойынша (Ақпаратқа қолжетімділік заңы, Экологиялық кодекс) және мемлекет қол қойған халықаралық Орхус конвенциясына сәйкес, аталған құжаттар кез келген адам таныса алатын ашық экологиялық ақпаратқа жатады. Департамент экологтардың ресми сауалын "Мемлекеттік сараптама" кәсіпорнына бұрған. Нәтижесінде аталған мекеме екінші рет сұраған кезде құжаттарды "коммерциялық құпия" деп атап, "тапсырыс берушінің келісімінсіз" оларды бере алмайтынын айтқан.

– Біз олардан ОВОС қорытындысын сұраттық. Бермеді. Таң қалдық. Бұл ашық экологиялық ақпарат қой. "Жоқ, ол кешенді сараптама аясында жүргізілді, ал кешенді сараптамаға сәйкес, ол жарияланбауы тиіс, бұл – коммерциялық құпия" деді. Тіпті бірқатар эколог "Гежуба Шиелі цемент" жобасы бойынша экологиялық ақпарат алу үшін соттастық та, – дейді Crude Accountibility қоры кеңесшісі Сергей Соляник.

Нұр-Сұлтан соты 2021 жылы ақпанда "шағым берушілер өз құқықтары бұзылғанын дәлелдей алмады" деп, экология министрлігі мен индустрия министрлігін сотқа берген экологтардың өтінішін қанағатандырмаған.

Сарапшылардың пікірінше, Қытай қаржыны мемлекеттік кепілдік бойынша бергендіктен қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындары туралы ақпарат ашық болуы тиіс.

– Қытай инвестицияларына байланысты мәселеде Қытай тарабы ғана емес, Қазақстан мемлекеттік органдарының да осы істен түсініксіз "құпия жасауында" да болып отыр. Яғни қоғамның алаңдаушылығын, жергілікті халықтың наразылығын, Қазақстандағы Қытайға деген жалпы көзқарасты көргеннен кейін керісінше, ақпаратты мейлінше ашық қылуы тиіс еді. Міне, қуаты мынадай кәсіпорын бар, мынадай шартпен келісімге қол қойып, осынша ақша алдық, оны мынадай шартпен қайтарамыз, ал жобаның экологияға қатысты тұсы мынадай, оған мынадай технология қолданылады деп атап көрсетіп. Талқылауға қатысқыңыз келсе, қатысыңыз. Жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау құжатын қарап шығуыңызға болады деген сияқты, – дейді Сергей Соляник.

Сарапшылар мемлекеттік органдар қоғам сеніміне ие болғысы және түрлі қауесетке тосқауыл қойғысы келсе арнайы ақпарат ресурсын ашып, Қытаймен бірлесіп бастаған әр жоба бойынша мейлінше ашық мәлімет бергені жөн деп санайды.

Азаттық "Гежуба Шиелі цемент зауытына" байланысты экологиялық ақпарат сұрап, Қазақстан экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жолдады. Әзірге жауап келген жоқ.

Кейінгі ақпаратқа қарағанда, Қазақстанда Қытаймен бірлескен 55 жобаның 18-і жүзеге асырылған, 15-і қазір атқарылып жатыр, ал 19 жоба әзірге басталмаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанның Қытайға "жасырын қарызы" және мемлекет мойнына ілінетін несие