"Өлгенін дәлелде". Сирияда хабарсыз кеткендердің туыстарының сергелдеңі

YouTube cайтында 2013 жылы жарияланған "Сирияға барған қазақстандық жихадшылар" туралы видеодан скриншот.

Қазақстан заңына сай, жоғалған адамды бір жылдан кейін "хабарсыз кетті" деп, ал үш жылдан соң "өлді" деп тануға болады. Тірі емес деуге негіз болса, тиісті анықтама алты айдан соң да беріледі. Билік органдары Жоғарғы соттың қаулысын алға тартып, Сирияда жоғалғандар жайлы ондай анықтама бермейтіндіктен, туыстары пәтерін сата алмай, жетім балаларға жәрдемақы ала алмай отыр. Ал заңгерлер мәселені шешуге қаулының кедергі емесін айтады.

"ӨЛГЕНІН ДӘЛЕЛДЕУ НЕ ҮШІН КЕРЕК?"

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының тұрғыны Жанар Санатқызы (аты-жөні өзгертілді – ред.) соғыс болып жатқан Сирияға осыдан бес жыл бұрын кеткен күйеуі Еркебұлан Жақыповтан мүлде хабарсыз қалған. 2017 жылы тамызда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкері үйіне келіп, күйеуінің Сирияда өлгенін хабарлаған. ҰҚК мұндай ақпаратты Сириядағы сайттардың бірінен алғанын айтқан.

– Қандай сайт екені бізге белгісіз. Күйеуім кетісімен-ақ полицияға хабарлағанбыз. Сөйтіп халықаралық іздеу жарияланғандар тізіміне қосылды. Балаларыма жәрдемақы алу мақсатында күйеуімді "хабар-ошарсыз кетті" деп тану үшін 2018 жылы берген арызымды сот қанағаттандырды. Сөйтіп жәрдемақы алдым. Бірақ ипотекаға алған пәтеріміз күйеуімнің атында, соны өз атыма аудара алмай жүрмін. Коммуналдық қызметті де бірнеше жылдан бері жоқ адам үшін төлеп жүрмін, – дейді ол.

Сәтбаев қаласына кіреберістегі жазу. 29 қазан 2013 жыл.

Жанар Санатқызының сөзінше, нағашы жұртының мекен-жайына тіркелген кішкентай баласын мектепке беру үшін өз үйіне тіркеу қажет болғанда да осы мәселе алдынан шыққан. Өйткені тіркеуге тұрғызу үшін де күйеуінің рұқсаты керек. Басқа да көптеген тұрмыстық мәселелер бойынша күйеуінің құжаты керек болатын сәттер жиі кезігеді. Ол үшін сот шешімі қажет. Ал 2019 жылы сот Жанаттың күйеуі Сирияда өлгені жайлы шешім шығарудан бас тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сириядан оралған балаларға жәрдемақы алудың қиындығы

Сәтбаев қаласының тағы бір тұрғыны Қарагөз Ахатова (аты-жөні өзгертілді – ред.) туыстары Сирияға кетіп, хабарсыз кеткен немесе өлген отбасылардың мәселесімен айналысып жүргенін айтады. Оның сөзінше, қазір кемінде 45 отбасы осы мәселе бойынша Қазақстан билігінен көмек сұрап отыр.

– Әке-шешесі Сирияда өлген жас балалар да бар. Оларды 2019 жылы "Жусан" операциясымен әкелді. Оларға заң бойынша қамқоршы бекіту керек. Сирияда өлгендердің атында тұрған пәтерді сату да мүмкін емес. Кейбіреуі әке-шешесімен бір пәтерде тұрғандықтан, пәтерде үлесі бар. Ол пәтерді әке-шешесі сата алмайды. Кейбірінің зейнетақы қорында, банк депозиттерінде ақшасы бар. Оны балалары алуы керек, – дейді ол.

Қарагөздің сөзінше, күйеуінің хабарсыз кеткені жайлы сот шешімін алған Жанар сияқтылар аз. 2018 жылы мұндай талап арызды қанағаттандыра бастаған жергілікті сот Жоғарғы соттың 2019 жылы шыққан қаулысынан кейін іркіліп қалған.

Қазақстандық әскери "Жусан" операциясымен Таяу Шығыстан Қазақстанға жеткізілген адамдарды әкеле жатыр. Видеодан скриншот.

Қарагөздің өзінің де бір баласы 2012 жылы Египетке оқуға кеттім деп, соңынан Сириядан шыққан. Қарагөзге баласының өлгенін ҰҚК қызметкері естірткен және келіні мен "Жусан" операциясымен келген екі жігіт көрген. Бірақ сотқа арыз түсіріп, жоғары жаққа шағымданса да "өлгені" жайлы анықтама ала алмаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Балам бұрын неге Қазақстанда тұрмадық деп таңырқайды"

– Сирияда жүргенде өзі сияқты Қазақстаннан барған қызға үйленіп, балалы болды. 2016 жылға дейін хабарласып тұрды. 2017 жылы наурызда келінімнен қайта-қайта сұрап, баламды жерлеп жатқан сәт көрсетілген видеоны алдым. Баламды таныдым. Жерлегендердің екеуі "Жусан" операциясымен келді. ҰҚК кездестірмей, куәге тарта алмадым, – дейді ол.

"Жусан" операциясымен екі баласымен Қарагөздің келіні де оралған. Қазір Ақтөбеде тұрады. Үлкені алты, кішісі төрт жаста. "Жусан" операциясымен келгендерді бастапқы оңалту орталығына жатқызғанда немерелерін келінінің ата-тегіне жазып жіберген. Есейгенде оларды әкесінің ата-тегіне ауыстыру керек болса, оған да сот шешімі қажет.

Ата-аналар Азаматтық кодекстің "Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы" 28-бабына сүйенеді. Бұл бапта "Азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы бiр жыл бойы деректер болмаса, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тануы мүмкiн" деп жазылған.

Ал Азаматтық кодекстің "Азаматты өлді деп жариялау туралы" 31-бабында "Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны өлдi деп жариялауы мүмкiн" деп көрсетілген.

Сирияда хабарсыз кеткен балаларына байланысты құжат қиындығына кез болған ата-аналар тым болмаса сол анықтаманы сұратпай-ақ билік мәселемізді шешуге көмектессе екен дейді.

"ТҰЙЫҚҚА ТІРЕГЕН ҚАУЛЫ"

Жезқазған, Сәтбаев қаласында Жанар Санатқызы мен Қарагөз Ахатова сияқты сотқа арызданып, тауы шағыла бастаған адамдар жиі кезігеді.

– Әуелі Сәтбаев қалалық сотына, сосын Қарағанды облыстық сотына шағымдандық. Жауап бірдей. Бізден қашқақтайды. Маған тіпті "балаңды эксгумация жасап, денесін көрсет" деді ғой. Ол үшін, біріншіден Сирияға баруым керек. Екіншіден, сүйегі Сирияның қай жағында жатқанын да білмеймін, – дейді Қарагөз.

"ВКонтакте" әлеуметтік желісінде 2014 жылы "Сирияда соғысып жүрген жихадшы қазақтар" туралы жарияланған видеодан скирншот.

Азаттық Қарагөздің билікке жазған шағымдары мен соттың сол шағымдарды қарауы бойынша материалымен танысты. Құжаттарға қарағанда, Сәтбаев қалалық соты істі 2020 жылғы 8 қаңтарда қарап, қалалық ішкі істер бөлімінің мәліметіне сүйенген. Бұл мәліметте Қарагөз Ахатованың ұлы Қылмыстық кодекстің "Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу" дейтін 257-бабы бойынша 2014 жылдың ақпанынан бастап халықаралық іздеуде екені жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бидай кебегін талғажау қылдық". Сириядан оралған әйелдің хикаясы

Осы деректі негізге алған қалалық сот Жоғарғы соттың 2019 жылғы 31 мамырда шыққан "Азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы" №2 нормативтік қаулысының 11-тармағын алға тартқан.

Ол тармақта "Қылмыстық құқық бұзушылық жасауына, оған жүктелген заңдық міндеттерді орындаудан жалтаруына байланысты қасақана жасырынып жүрген немесе іздестірудегі адам хабарсыз кетті деп немесе қайтыс болды деп танылуы мүмкін емес" деп жазылған.

Осылайша Сәтбаев қалалық соты "Қарагөз Ахатова ұлының жерлеу сәтін көрсететін фотосуреттер мен видеожазбалар оны өлді деп жариялауға жеткілікті дәлел бола алмайды, медициналық куәландыру мен ішкі істер органдарының анықтамасы керек" деген қорытындыға келген.

Сирияда соғысып жүрген, бет-әлпеті Орталық Азиядағы ұлт өкілдеріне ұқсас адамдар. 2013 жылы Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған сурет.

Соттан күдер үзе бастаған ата-аналар Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке хат жазып, көмек сұраған. Бірақ одан да қайран болмады. 2020 жылдың наурыз айында Қазақстан президентінің көмекшісі Данияр Қадыров Қарагөз Ахатованы қабылдап, кездесуге Бас прокуратураның, Жоғарғы соттың, Ішкі істер министрлігінің өкілдерін де қатыстырған. Сөйтіп Бас прокуратураға шағым түсіру жөнінде кеңес берген.

– 2020 жылдың мамырында Бас прокуратура жауап берді. Жауапта Жоғарғы сотқа шағымдану керегі айтылған. Бірақ біз Жоғарғы сотқа жете алмай жүрміз, – дейді Қарагөз Ахатова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сириядан оралғандардың құқығы алаңдатады

Азаттық бұл туралы Жоғарғы сотқа сауал жолдаған еді. Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Нұрлан Қалқа "Жоғарғы сот өзінің құқықтық ұстанымын белгілі бір істі кассациялық тәртіппен қарау нәтижесі бойынша заңда көрсетілген іс жүргізу нысандары арқылы ғана білдіре алады" деп жауап беріп, сауалымызды Қарағанды облыстық сотына жолдады.

Қарағанды облыстық соты Азаттыққа 2017 жылдан бері балаларын хабар-ошарсыз кетті, немесе өлді деп жариялау туралы Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарынан талап арыз түсіп жатқанын растады. Талап арыздардың қанағаттандырылмауы Жоғарғы соттың 2019 жылы қабылданған, жоғарыда аталған қаулысына байланысты екенін көрсетіп, "олардың балаларының немесе күйеулерінің хабарсыз кеткені немесе өлгені жайлы анықтама беруге жергілікті соттар тарапынан негіз жоғын" айтты.

Тұйыққа тірелген ата-аналар әрі қарай не істеуі керек? Бұл сұрақты құқық қорғаушылар мен заңгерлерге қойып көрдік. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтис пен БАҚ арқылы азаматтық, мүліктік құқықтар жөнінде жиі кеңес беріп жүрген заңгер Нұра Тынысқызының сөзінше, "тұйықтан шығудың жолы бар". Олар адамды "өлді" деп тану мәселесі мен олардың туыстарының мүліктік құқығы, бала құқығы мәселесін бөлек қарастыру керек деп санайды.

Евгений Жовтистің сөзінше, "өлді" деп тану процедурасы қарулы қақтығыс аяқталған соң басталатыны рас. Ал Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыстар біржола аяқталған жоқ.

Адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис.

– Қазір заң бойынша, қарулы қақтығыс аймағына кеткендерді азаматтығынан айыруға болады. Ол үшін қақтығыс аймағындағы Қазақстан азаматтарына сондағы елшіліктер мен консулдықтар есепке тұру жөнінде сайт, әлеуметтік желі арқылы хабар таратады. Әрине, ондайлар есепке тұрғысы келмейді. Сондықтан автоматты түрде азаматтығынан айырылуы мүмкін. Қазір ондай жүздеген адам бар, – дейді ол.

Евгений Жовтистің бұл пайымына қарағанда сот шешімімен азаматтығынан айырылған соң оның туыстарының құжаттарын ретке келтіруге болады. Алайда мынадай да мәселе бар:

– Заңда "асыраушысынан айырылу, ата-ана міндетін орындамау" деген ұғымдар бар. Мысалы, Сирияда соғыспай-ақ осында жүріп ішіп кеткен адамдар бар. Мемлекет ондайда не істейді? Осы тұрғыдан да қарастыру керек.

Заңгер Нұра Тынысқызы да осыған ұқсас пікір айтты. Оның сөзінше, Жоғарғы сот қаулысы қақтығыс аймағына кеткен адамдардың туыстарының құқықтарын шектемеуі керек.

– Меніңше әрбір істі жеке қарау қажет. Жоғарғы соттың өзі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сұрау салып, қақтығыс аймағына кеткендер жөнінде нақты ақпарат алуы керек. Бұл мәселені ҰҚК мен Сирия, Ирактағы елшіліктердің мәліметтері бойынша тезірек шешуге болады. Қақтығыс аймағына кеткендер мен сол жақтан келгендерді бақылап отырған орган – ҰҚК, – дейді ол.

Қазақстан терроризммен айналысқаны үшін азаматтықтан айыру туралы 2017 жылы Конституцияның 10-бабына өзгеріс енгізген. Бұл мәселе сол кезде қоғамда дауға ұласқан.

Азаттық бұл мәселе бойынша ҰҚК-ге де хат жазған. ҰҚК "мәселені тиісті мемлекеттік органдар қарап жатыр" деп қысқа жауап берді.

"Сирия мен Ирактағы қақтығыста жүргендер арасында азаматтығынан айырылғандар бар ма?" деген сұрағамызға ҰҚК "Сирия мен Ирактан келгендер ішінде сот үкімімен азаматтығынан айырылған адамдар жоқ" деп жазды ҰҚК. Азаттық "келгендер" жөнінде емес, "сонда жүргендер" жайлы сұраған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сирия мен Ирактан қайтарылғандардың есебі әртүрлі

Бұл мәселені Азаттық 2019 жылы қарашада да жазған. Ол кезде Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі "шешімді сот шығаруға тиіс болғанымен, Сириядағы террористермен және олардың Қазақстанға оралған отбасыларының мәселесімен ҰҚК айналысады" деген еді. Ал ҰҚК-нің Қарағанды облыстық департаменті "кейін өзіміз хабарласамыз" деп сұрағымызды жауапсыз қалдырған.

Сириядағы соғысқа Қазақстанның қанша азаматы кеткенін дәл айту қиын. 2018 жылы шілдеде ҰҚК Азаттыққа берген жауабында Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта Қазақстан азаматы кеткенін хабарлаған.

Комитеттің 2019 жылғы қарашадағы жауабында Сирия мен Ирактан Қазақстанға 277 ересек (57 ер адам, 220 әйел адам) мен 547 кәмелетке жасы толмаған баланың қайтарылғаны, Сирияда әлі 90-нан астам азаматтың бары айтылған.

Қазақстан азаматтары Сирия мен Ирак аумағына 2011-12 жылдардан бастап кете бастағаны байқалған. 2013 жылы күзде "Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшы топтың" YouTube желісінде жарияланған алғашқы көлемді видеосы қоғам назарын аударған.

Сирия мен Ирак аумағында террор топпен бірге ұрыс қимылдарына қатысты деген күдікке ілінгендер Қазақстанға оралған соң "террор топқа және шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысты", "терроризмді насихаттады және қаржыландырды" деген айыппен сотқа тартылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "ДАИШ сапында соғысқан" 14 адам түрмеге қамалды