"Бітті, шешең жоқ". Пандемия кезінде жақынын жоғалтқандар

Жақыны коронавирустан қайтыс болғанын естіген әйел. Көрнекі сурет.

Қазақстанда COVID-19 індеті өршіп, ондаған мың адам коронавирус жұқтырды. Бірқатар қалада лық толық ауруханалардан бос орын таба алмай сабылған халі ауыр науқастардың кейбірі бірнеше сағаттың ішінде бақилық болып жатыр. Әлеуметтік желідегі жазбалар құдды майданнан түсіп жатқандай: дерттен қайтыс болғандар туралы суық хабарлар толассыз жарияланады. Азаттық коронавирус пен пневмонияға шалдыққан туысыма "дер кезінде көмек көрсетілмеді" дейтін тұрғындармен сөйлесті.

Қазақстанда, ресми дерек бойынша, 70 мыңға тарта адам коронавирус жұқтырған. Бұған қоса пневмонияға шалдыққандар да күрт көбейді.

Денсаулық сақтау министрлігі 13 шілдеде елде коронавирустан қайтыс болғандар саны 375 адамға жеткенін хабарлады. Бірақ ресми статистикаға сенбейтіндер көп. Мезгілсіз дүние салғандардың арасында кемінде 101 адам инфекция жұқтырғанымен, "өлім себебі басқа" деп танылып, COVID-19 ауруынан көз жұмғандар тізіміне кірмеген. Одан бөлек, Қазақстанда кейінгі екі айда өкпесі қабынғандар күрт көбейді. Маусым айында пневмониядан 628 адам көз жұмды. Мамандар өкпені қабындырып жатқан коронавирус инфекциясы десе де, Қазақстан билігі пневмониядан қайтыс болғандарды COVID-19 құрбандарынан бөлек есептеп отыр.

Пандемия өршіген тұста дәрі-дәрмек тапшы болып, дәріханалардың алды ұзын-сонар кезектен арылмайтын болды. Жедел жәрдемнің келмейтініне шағынатындар да көбейді. Көп өңірлердегі ауруханаларда бос орын қалмай, халі ауыр науқастар өкпені жасанды желдету аппаратын кезектесе пайдалануға мәжбүр. Елдегі қайырымдылық қорлары мен еріктілер мұндай аппараттарды сатып алу үшін жұрттан ақша жинап, ауруханаларға тасымалдай бастады.

Адамға толы ауруханадан тынысы тарылып ентіккен жақынын жатқызатын бос орын таппай, жедел жәрдем көлігімен емдеу мекемелерін аралап, табанын тоздырғандардың шағымы да көбейді. Олардың кейбірі індеттен дүние салған туыстарына "дер кезінде лайық көмек көрсетілмеді" деп санайды. Кейбірі көрсетілген көмек сапасына разы емес. Азаттық індеттен туысы қайтыс болғандармен сөйлесіп, олардың айтқанын сөзбе-сөз беріп отыр.

"ОТТЕГІНІ ӨЗІ ҚОСЫП АЛЫП ЖАТТЫ"

Айжан Дүйсенова – Қарағанды қаласының тұрғыны. 51 жастағы ағасы Қайрат Дүйсенов 3 шілдеде екіжақты пневмониядан қайтыс болды. Коронавирус жұқтырып, өкпесі толық қабынған. Марқұмның туысы "ағама ауруханада дұрыс қарамады" деп санайды.

Ағам 16 маусымда ауыра бастады. Жұмыс бабымен төрт күн іссапарда болған. Теміржол нысандарын тексеретін ревизор еді. Сондағы жігіттердің бірі анасы коронавирус жұқтырғанын Қарағандыға жеткенде бір-ақ айтыпты. Бірнеше күннен соң сондағылардың бәрі ауыра бастады.

Марқұм Қайрат Дүйсенов.

Ағамның қызуы түспеді. Әуелі өзіміз тіркелген емханадағы дәрігерге хабарластық. Ол "жай тұмауратып қалғансыз ғой" деп, парацетамол мен аспирин берді де, қайтарып жіберді. Ағам коронавирус жұқтырған адамның жақынымен байланыста болғанын айтса да елемеді. Дәрігер "хабарласып тұрамыз, үйде емдейміз" деді. Бірақ телефон соқпады. 23 маусымда жағдайы нашарлай бастады. Жедел жәрдем шақырмақ болдық. Сағат 14.00 кезінде хабарластық. Келмей қойды. Тек сағат 22.00 шамасында бір-ақ келді. Келген соң: "Науқас қайда? Өліп қалды ма?" сұрап тұр. "Жоқ, не айтып тұрсыз? Ауруханаға өзіміз апардық" дедім.

Жедел жәрдем келмеген соң түс әлпетінде емханаға апарып, өкпесін компьютерлік томографияға түсірдік. Томография өкпесі толық қабынғанын көрсетті. Ол кезде ағам өзі жүріп жүрген еді. Кешке қарай інім хабарласып, "әкем демала алмай отыр, жедел жәрдем келмей жатыр" деді. Мен келдім де, ағамды таксиге салып алдым. Қайда апарарымды білмей отырмын. Анда бір, мұнда бір барамыз. Аурухананың бәрі "Қабылдамаймыз, жедел жәрдем әкелгендерді ғана аламыз" деді.

"Маған ештеңе беріп жатқан жоқ, дәрі бермеді" деп жазды.

Ақырында Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасына апардым. Есігі жабық екен. Ішке кіргізбей қойды. Бір әйел кіріп бара жатқанда есік ашылды да, мен де жүгіріп кіріп кеттім. "Ағамды жатқызбайынша мына жерден кетпеймін" дедім. Ақыры қабылдады.

25 маусымда ауруханада ағама ағзасынан коронавирус анықталғанын айтты. Оны бірден бөлек палатаға ауыстырды. Бірақ емді бастаған жоқ. Екі күн бойы, 25-26 маусым күндері ем-домсыз, әншейін жатты. Оттегі толы жастық берді де, қамап қойды. Өздері кірген жоқ. Қорықты. Хаттама бойынша бірден емдей бастауы керек еді. Ағаммен WhatsApp арқылы сөйлесіп отырдым. "Маған ештеңе беріп жатқан жоқ, дәрі бермеді" деп жазды. Ауруханаға бардым. Мейіргерлерден басқа ешкім жоқ. Неге емдемей жатқанын кімнен сұрарымды білмедім. Бәрі "білмейміз, білмейміз" дегеннен басқа ештеңе айтпайды.

Ағам жатқан ауруханаға пневмонияға шалдыққандар ондап түсе бастады. Абыр-сабыр болып кетті. Ағам "мына жақта мені ұмытып кетіп жатыр" деп жазды. Палатасына мейіргерлер жүгіріп келіп: "Ой, сіз есімізден шығып кетіпсіз" дейді екен. Үлгермей жатқан болар, бірақ қалай науқасты ұмытып кетуге болады? "Сені естуі үшін баллонды ұр" дедім. Ағам "Айжан, әжетханаға барғым келіп жатыр, ешкім апармайды" деді. "Әжет өтейтін тостаған әкеліп берсін, айтшы" дедім. "Еш ұялма, қазір соғыста жүргендейсің ғой. Өзіңді құтқарып жатырсың ғой" деп жаздым.

Науқас оттегі баллонымен демалып жатқанда бақылап отыру керек. Арасында өшіріп отырасың. Аурухана бойынша баллонды өшіретін бір ғана кілт бар екен. Кешкі сағат тоғызда "Айжан, мынадай кілт әкеліп берші. Бүгін оттегіден бес рет өліп қала жаздадым" деп жазды. Кілтті апарып бердік. Оттегіні өзі қосып алып жатты.

Қайрат Дүйсенов ауруханада жатқанда туыстарынан оттегі баллонын қосып-өшіру үшін осындай кілт сұраған.

Ағам ентігіп, халі әбден нашарлаған соң таныстар арқылы жансақтау бөлімінен орын іздедім. "Емдеп жатқан жоқ. Палатада не ары, не бері болсын деп қалдырып кетті" дедім. Сол күні әрең дегенде реанимацияға жатқыздық.

Дәрігер "Актемра" деген дәрі тауып келіңіздер" деді. Мұқым Қазақстаннан іздеп таппадық. Түркиядан таптық. Бір капсуласы 600 мың теңге тұрады екен. Туыстардан, достардан ақша сұрап, 2 миллион теңге жинадық. Алматыға жеткізіп беретін адам іздедік. Бір танысымыз Алматыдан астанаға жіберді. Астанадан өзіміз көлікпен күтіп алдық. 2 шілдеде дәрігерлер "дәріні сала бастаған соң жақсарып қалды" деді. Қуанып кеттік. "Құдайдың өзі қарасып жатыр ғой" дестік.

Бірақ дәрігерлер қанды сұйыту үшін қосымша дәрі салу керегін ескермепті. Ағам 3 шілдеде сағат 16.30-да тромбоэмболиядан қайтыс болды. Дене қызуы түскен. Бірақ қан қысымы ойнап тұрды. Бұл қанда тромб пайда бола бастағанының белгісі екен. Білікті дәрігер мұны бірден түсінер еді. Дереу қанын сұйытатын препарат салар еді. Олай етпеген. Кейін сондағы дәрігерге "Бірде-бір реаниматолог алдыма келген жоқ. Ағамның неден өлгенін айтпады. Шындық іздеп, сотқа жүгінбеуім үшін неден қайтыс болғанын адамша айтып түсіндіріңізші" дедім. Тура айтпаса да, "дәрігердің бәрі бірдей мықты емес" деп емеурін жасады.

Расымен, аурухана мүлде дайын болмады. Дәрігердің бәрі жап-жас. Маған тіпті "салмағы ауыр кісі екен, ішпен жатқыза алмадық" деді. Амалдауға болар еді ғой. Ағам жансақтау бөлімінде жатқан он күн бойы ауруханаға хабарласып отырдым. Бірақ ағам туралы ешбір ақпарат ала алмадым. Не істеп жатқанын білмедім. Өкпесіз 10 күн жатты ғой. Аман алып қалуға болар еді. Екі күн емсіз жатқанда уақыт жоғалтып алды.

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында жатқан мәйіттер. Суретті Қайрат Дүйсеновтің туысы марқұмның денесін іздеп жүргенде түсірген.

Ағамның сүйегін екі күн бойы ала алмадық. "Ауыр екен" деп мәйітханаға апармаған. Өздері көтеріп апармайды ғой. Арнайы арба бар. Екі күн бойы ауруханада қара қапшықтың ішінде жатқан. Сүйегін мұсылманша жуып, дезинфекциялау үшін 200 мың теңге төледік. "5 шілде күні береді, мәйітханаға барыңыздар" деді. Сол күні бардық, бірақ мәйітханада болмай шықты. Аурухана әлі жібермеген екен. Ауруханаға барып, денесін іздедік. Сондағы қызметкерлер әрең дегенде тапты. "Бүгін түнде 59 адам өлді" деді. Ағамды қалай болса солай қазылған шұңқырға емес, кәдімгі молаға жерледік.

Артында үш баласы қалды. Үйленген бір ұлы, тұрмыстағы ортаншы қызы және 14 жасар кенже ұл бар. Сол кенже балаға ауыр тиді. Әлі жылап жүр. "Айжан тәте, папаның жоқ екеніне сенбеймін" деді. Не деп жұбатамын? Өзім де сенбеймін ғой…

"АНТИБИОТИКТЕН СОҢ ХАЛІ НАШАРЛАДЫ"

Айнұр Ерғали – 55 жасында пневмониядан қайтыс болған шымкенттік Ерғали Шырманбаевтың қызы. Айнұр "әкемді ауруханада дұрыс емдеген жоқ" дейді.

29 маусымда әкем ауырып, жедел жәрдем шақырдық. Олар "ангина, ештеңе емес" деп, жай ғана ине салып кетті. Содан кейін жақсы жүрді. Қатты ауырған жоқ. Кейін жағдайы қайта нашарлап, тыныс алуы қиындады. Жедел жәрдем келді де, стационарға айналған мектепке апарды. Оның ішінде төсек қана бар екен. Не дәрігер, не дәрі, не аппарат жоқ. Ол жақтағылар "бұл кісінің жағдайы ауыр, біз ала алмаймыз" деп қайтарып жіберді. Сол жердегі дәрігер арқылы сөйлесіп, №1 қалалық клиникалық ауруханаға апарды. Ол жақта та "халі ауыр" деп алмай, есік алдында біраз уақыт күттірді. Ақырында сонда жатқызатын болып, "аппаратқа қосамыз" деді.

Бірақ аппаратқа сол күні қоспапты. Әкем таңертең хабарласып, "арнайы шланг алып келіңдерші, мені аппаратқа қоспай жатыр" деді. Күні бойы Шымкентті аралап, әкем айтқан шлангіні таба алмадым. Қалада аппаратқа жалғайтын ондай шланг жоқ екен. Алматыдан да іздеттім. Онда да болмады.

Марқұм Ерғали Шырманбаев.

Ертеңіне әкемді жансақтау бөліміне ауыстырды да, сол жақтағы аппаратқа қосты. Содан соң әкем жақсы болып қалды. Бізбен сөйлескенде дауысы жарқын шықты. Дәрігер бізге "монепрам деген антибиотик әкеліңдер" деді. Барлық дәріні өзім апарып бердім. Бүкіл Шымкенттен іздеп, әрең таптық. Бірақ сол система, дәрі сала бастаған соң әкемнің жағдайы нашарлап кетті. Сол күні кешке сөйлескенімізде "мына салып жатқандары маған жақпай жатқан сияқты" деді. "Мүмкін солай әсер ететін шығар, емделіп кетесіз" дедік. Ертеңіне даусы мүлде нашарлады. Сол күні түсте қайтыс болды.

Салған антибиотиктері өкпеге су жинайды екен. Әр адамның жағдайы әр түрлі ғой. Ал олар барлығына бірдей дәрі салды. Ағзасы антибиотик көтере ме, жоқ па – қарамайды. Әкемді аппаратсыз емдеуге болғанда алып кетуші едім. Ауруханадан әкетпегеніме әлі өкінемін. Сол жақтағы егде жастағы санитар жылап тұрып маған: "Әкеңнің қасында болдым, суын, шайын бердім. Менің қолымда жатып аттанды. Алған система-ине маған жаман әсер етіп жатыр деп айтты" деді. Соңғы сөзі сол болған екен. Санитар "дәрігерлер не жазылса, соны салады ғой. Бірақ бәрінде осындай болып жатыр" деді.

Аурухананың алдында өліп кетіп жатқан адамдар да бар. Неге орын жоқ? Бөлінген ақша қайда жұмсалды сонда?

Әкем ауруханаға да, реанимацияға да өз аяғымен кірді. Өзі жүк көлігін жүргізетін. Ауырып қиналған емес. Төсек тартып жатқан, сексендегі кісі болса түсінер ем. 55 жас деген өмірдің нағыз қызығын көретін кезі қой. Әкемнің қазасын дәрігерлерден көремін. Кінәлілерді табуыма болар еді. Соңына дейін жетер едім. Бірақ денесіне қол тигізгім келмеді. Бәрін Алла көріп тұр ғой. Мен сияқты "әкем, шешем, бауырым дәрігерлердің салған дәрілерінен қайтыс болды" деп жылап отырған адам көп болды.

Білікті дәрілердің жоғына, біздің биліктің дайын болмағанына ренжідім. Мектептен стационар жасаған. Онда не дәрі, не шланг жоқ. Неге әкемді бір жақтан бір жаққа ауыстырды? Түсінемін, орын жоқ. Аурухананың алдында өліп кетіп жатқан адамдар да бар. Бірақ неге орын жоқ? Бөлінген ақша қайда жұмсалды сонда? Ай сайын үкіметке салық төлеп отырмын. Өткенде қайырымдылыққа ақша аудардым. Неге аппаратқа ақшаны халық жинауы керек? Қазір үкімет "істеп жатырмыз" дейді. Әрекет етуі үшін осынша адам өліп, қырылып қалуы керек пе еді?

"ОТТЕГІ ЖЕТПЕЙ, АНАМ ҮЗІЛІП КЕТТІ"

Айжан Ергешова мен Ербол Төлебаев – 9 шілдеде қайтыс болған 51 жастағы Шымкент тұрғыны, мейіргер болып істеген Аманкүл Ағабаеваның балалары. Олар анасына деп өздері сатып әкеліп берген оттегі баллонын аурухана қызметкерлерінің басқа науқасқа қосқанын көрген. Айжан мен Ербол сол күнгі жағдайды айтып берді.

Айжан Ергешова: 3 шілде күні анамның тамағы ауырды. Ем алғанымен, жағдайы жақсармады. 7 шілде күні рентгенге түсірдік. Екіжақты пневмония деді. Қызуы көтерілген жоқ, жөтелмеді. Тыныс алуы жақсы еді. Тек әлсірей берді. Үнемі ұйқысы келетін. Жағдайы қиындаған соң жедел жәрдем шақырдық. Олар ауруханалардың қабылдамай жатқанын айтты. Стационарға алып бардық. Дәрілерін алып бердік. Таңға дейін күттік. Стационар бас дәрігерінің орынбасары анамды шұғыл жасанды тыныс алу аппаратына алып бару керегін айтты. Жекеменшік жедел жәрдем қызметімен "Асар" ықшамауданындағы жаңадан салынған ауруханаға алып бардық. Дәрігерлерге жалынып жүріп жансақтау бөліміне кіргіздік.

Марқұм Аманкүл Ағабаеваның қызы Айжан Ергешова.

Анамның жағдайын білу үшін бес сағат жансақтау бөлімінің алдында күттім. Кіріп-шығып жүрген дәрігерлерден анамды жасанды тыныс алу аппаратына қосу керек емес пе деп сұрадым. "Жоқ" деді. Реаниматолог шығып қандай дәрі бар екенін сұрады. Таңертең керекті дәрі-дәрмектің барлығын 300 мың теңгеден аса ақшаға сатып алған едік. Соны бердік. Түнде аурухананың есігін күзетіп жаттық. Түн ортасында ауруханада байбалам басталды. "Оттегі таусылды" деді. Сырттан адамдар баллон тасыды. Олардан жөн сұрап едік, туыстарына оттегі толтырылған баллон тасып жүргендер екен. 250 мың теңгеге оттегі толтырылған бір баллонды сатып алдық да, санитар жігітке аманат етіп тапсырдық. Ол "оттегіні қосып бердім" деді.

Таң атты. Дәрігер "анаңның жағдайы жақсы" деді. Бір кезде оттегі бітті деп ел тағы шулады. Бір орында тұра алмай кеттік. Түнделетіп арнайы киімді тауып, сатып алған едік. Соны інім киді де ішке кірді. Жансақтау бөліміне барса, анам талып жатыр екен. Біз алып беріп жіберген оттегі құйылған баллон да, оны бақылап жүрген дәрігер де жоқ. Кім, қай уақытта алғанын білмейміз. Інім екінші баллонды алып қосамыз дегенше іштен қаралы хабар келді. Аңырап қалдық.

Ербол Төлебаев: Аурухананың ішіне кіргенімде анам ес-түссіз жатты. Тек көзі қимылдап, жаны бар екенін білдіріп тұрды. Өмір мен өлім арасында арпалысып жатты. Айқай салып едім, мейіргер біз алып берген оттегіні тауып беріп, анама қосты. Ішінде аз қалған екен. Сыртқа шығып, екінші баллонды алып келгенше шыдамады. Үзіліп кетті. Сол оттегіні алмағанда қайғылы жағдай болмас еді.

Марқұм мейіргер Аманкүл Ағабаева.

Ауруханаға тікелей оттегі тарту 18 миллион теңге тұрады екен. Мемлекет үшін бұл түкке тұрмайды. Әкімдік керісінше, баллонды ары-бері тасуға тендер ойнатқан. Оттегі адамды емдеп тастайды деп айтпаймын. Бірақ науқасты аман алып қалуға көмектеседі. Анамды көру үшін ішке кірген кезде екі бөлмеде отыз шақты адам жатты. Арасында өзі демалып жатқан адамдар да болды. Ешбіріне дәрігер не мейіргер қарап жатқанын көрмедім. Көбі ауа жетпей қиналып жатты.

Сыртқа шықсам, дәлізде қайтыс болып кеткен адамдар жатыр екен. Жүзін де жаппаған. Ал аурухананың алдына газон егіп, субұрқақ жасап қойыпты. Жаны қиналып, оттегі жетпей жатқан адамға оның не керегі бар? Неге сол ақшаға оттегі стансасын салмады? Сонда қанша адамның өмірін сақтап қалатын еді.

Айжан Ергешова: Анам ауруханада дәрі-дәрмектің, оттегінің жоқтығынан қайтыс болды. Әлеуметтік желіде не болғанын, қалай болғанын жаздым. Сонда да әкімдік "бізде бәрі бар" дейді. Бұл – мазақ қылу, бетімізге түкірумен тең. Денсаулық сақтау басқармасы "барлық ем жасалды" депті. Оның бәрі өтірік. Анама дәрі салса мен алып бергенді салды. Бір тәуліктің ішінде құны 300 мың теңгеден артық тұратын дәрілерді алып бердік. Кешірім де сұраған жоқ. Кінәліні әр жақтан іздеп отыр. Учаскелік дәрігерді, ауруханаға алып барған жедел жәрдем қызметіндегі дәрігерді айыптап жатыр.

Анам қайтыс болған күні онымен бірге жансақтау бөлімінен үш адамның өлігі шықты. Ол жерде оттегі бар болса, бұлай болмайтын еді.

Бірақ негізгі мәселе – "барлығы бар" деп, проблеманы мойындамау. Басынан бастап "Қабылдаймыз, қараймыз. Бірақ дәрі-дәрмегін, оттегіні өздеріңіз әкеліңіздер" десе анамның басына он баллон алып барып байлап қоятын едім. "Қарай алмаймыз, тек укол саламыз" десе, анамның басында өзім тұратын едім. Олар оны мойындамады. Мойындамаудың кесірінен қанша үй қара жамылып қалды.

Анамның өлімі туралы жазған соң күніне мыңдаған хат келіп жатыр. "Әкемді, шешемді, ағамды әртүрлі ауруханада оттегі жеткізе алмай өлтірді" дейді. Анам біз алып берген оттегі қосылған күйде кетіп қалғанда біз бұлай шырқырамайтын едік. Өз көзімізбен көрген соң шындық үшін таласып жатырмыз. Анам қайтыс болған күні онымен бірге жансақтау бөлімінен үш адамның өлігі шықты. Ол жерде оттегі бар болса, бұлай болмайтын еді.

Анам 1988 жылдан бері мейіргер болып жұмыс істеді. Карантин кезінде жүздеген адам ем-дом кабинеттері алдында кезекке тұрғанда, анам өтініш айтқанның бәріне көмек беріп, укол салып жүрген адам еді. Жұртты құтқарамын деп жүргенде өзі өліп кетті. Ауруханадан денесін ғана берді.

Дәрігердің бәрін кінәлап отырған жоқпын. Бірақ сол күні кезекшілікке түстен барлық медицина қызметкері, аурухананың бас дәрігері ғана емес, жоқ нәрсені бар деп көрсетіп жатқан қала әкімдігі, денсаулық сақтау басқармасы да бұл өлімге жауапты. Сол түні, сол тәулікте кеткен адамдардың өліміне тікелей солар жауапты. Біз отбасымызбен "анамды құтқарыңдар" деп алғаш рет мемлекетке қол жайдық. Оған дейін жекеменшік клиникаларда емделдік. Карантин кесірінен клиника жабылып қалған.

Үйде төрт баламыз. Кенжеміз – 8 жасар қыз. Ол қызға анамыздың қайтыс болғанын айтқан жоқпыз. 5 шілдеде ұзату тойымды өткізбекші едік. Карантин деген соң тамызға қалдырғанбыз. "Не болса да қызды ұстамайық, берейік" деген. Қазан айында інімді үйлендіреміз деген. Барлығын дайындап отыр едік. Енді керек болса астанаға дейін барамын. Кінәлілерді анықтап, жауапқа тартпайынша тынышталмаймын. Өйткені мен, інім, тіпті енді ғана 8 жасқа тоған сіңілім де есін жинап алар. Бірақ әкемнің қабырғасы қайысты. Олар анаммен 32 жыл бірге өмір сүріп келді. Қиын болды.

"ӨЛІП ҚАЛСА, БІЗДІ КІНӘЛАЙСЫҢДАР ҒОЙ ДЕДІ"

Гүлнұр Күнжарықова – 59 жасында пневмониядан қайтыс болған Шымкент тұрғыны Құрманкүл Күнжарықованың қызы. Ол науқас анасын қабылдайтын аурухана іздеп жүріп уақыт жоғалтып алғанын айтады.

26 маусымда анам демала алмай қиналып, сағат 9.00 шамасында жедел жәрдем шақырдық. Олар "ауруханаға апару керек" деді. Көлікте өздерінің ештеңесі болмады. Арнайы құрал-жабдықтары жоқ. Мен хабарласқанда "анамның ауруы көп" деп, аппараттары бар көлік жіберуді сұрап едім. Зембілі де болған жоқ. Көшеден адамдарды шақырып, шешемді үйдегі жамылғыға жатқызып, үшінші қабаттан түсірдік.

Бізді "Асар" ықшамауданындағы жаңа инфекциялық ауруханаға апарды. Бірақ ол жақтың бөлім меңгерушісі "Кіргізбейміз, кетіңдер, орын жоқ, неге келе бересіңдер?" деді. "Қабылдаңыздаршы" деп жалынып есік алдында бір сағаттай тұрдық. Анамның жағдайы қиын болды. Сол жерден Диваев көшесіндегі провизорлық стационарға апардық. Тағы да есік алдында бір сағаттай тұрып, ішке әрең кірдік. Алдымыздан меңгерушісі шығып, "Бұл кісінің халі нашар, біз мүлде көмектесе алмаймыз. Мұнда не дәрі, не аппарат жоқ, алып кетіңдер" деді. Сол жерде "дұрыс жедел жәрдем шақырайық" деп, хабарласа бастадық. 15 минут тұрдық. Мүлде жауап бермеді.

Марқұм Құрманкүл Күнжарықова.

Сосын Айна базар жақтағы инфекциялық ауруханаға бардық. Біз жеткенде оның алдында 6-7 жедел жәрдем көлігі тұрды. Есігі жабық екен. Ешкімді қабылдамады. Тағы екі сағат сол жерде тұрдық. Шешемнің халі одан сайын нашарлай түсті. Мен – көліктің артында, анам алдында отырды. Жай ғана ентіккен жоқ, тыныстай алмай тұншығып жатты. Бізге келген жедел жәрдем "Адамдарды күнде үйінен осылай әкетеміз де, аурухана аралап жүреміз. Осылай көлікте өледі" деді. Жедел жәрдемнің көмектесетіндей ештеңесі болмады.

Тағы да жан-жаққа хабарластық та, ең соңында алғаш барған "жаңа инфекциялық ауруханаға апарыңдар" деді. Дәрігерді бір сағат күттік. 13.30 шамасында дәрігер келіп айқайлап-айқайлап, "жатқызыңдар" деді. Ол жаққа барғанша шешемнің жүруге шамасы келмей қалған. Оларда зембіл де, арба да болмады. Сондағы қызметкерлер дөңгелегі бар орындыққа отырғызды да, анамды алып кетті. Мені қуып жіберді.

Үйге барып, ауыстыратын киімдерін дайындап алып келдім. Сағат 16.00 шамасында келгенімде "Бітті, мамаң жоқ" деді. "Ештеңе істей алмадық" деді. Сүйегін де бермеді. Келесі күні ғана алдық.

Ауруханадан "өлді, өліп қалды" деп естірткен хабар ғана келіп жатыр.

Екіжақты пневмониямен ауырған екен. Ауруханаға түскенде өкпесінің 86 пайызы қабынған болып шықты. Дер кезінде өкпені желдету аппаратын берсе, қанын сұйытатын дәрі салса, құтқарып қалуға болар еді. Анамның басқа да ауруы көп екенін олар білетін. Дереу құтқаруға кірісуі керек еді. Аурухана аралап жүріп 5 сағаттай уақыт жоғалттық.

Анамның халін көріп тұрса да, ешбір аурухана адамгершілікпен қарсы алмады. "Мұнда не істеп отырсыңдар? Әкетіңдер! Білгендеріңді істеңдер. Көмектесе алмаймыз" деген айқай ғана естідік. Бұл адамшылыққа жатпайды ғой. Науқас көп шығар, түсінемін. Бірақ хал үстіндегі келген адамға жәрдем беруі керек қой. Аурухана қызметкерлері "Өліп қалады ғой. Ештеңе істей алмаймыз. Бәрібір ақырында бізді кінәлайсыңдар" деп жатты. Осындай сөздермен шығарып салды.

Қатерлі ісіктен емдедік. Қант диабетімен күрестік. Жарығына ота жасаттық. Талай аурумен күресіп едік… Қайтыс болып жатқан таныстар көп. Ауруханадан "өлді, өліп қалды" деп естірткен хабар ғана келіп жатыр.

Ешқашан үкіметке шағынған емеспін. Өз еңбегіммен ақша тауып, жұмыс істеп келдік. Бірақ мына жағдайда бізге үкіметтің көмегі керек еді. "Жағдай тұрақталып келеді" деп жазып жатыр. Шын мәнінде, адамдар әлі өліп жатыр.

Анаммен қоштасып үлгере де алмадық. Әлі күнге дейін сене алмай жүрміз. Қайғыдан қан жұтып отырмыз. Жоқтап жыламаған күніміз жоқ…

Құрметті оқырман,

Азаттық коронавирус пандемиясы құрбандарын есте қалдыру мақсатымен арнайы тізім әзірлеп жатыр. 2020 жылдың наурызынан бері коронавирустан я пневмониядан көз жұмған туыс-жақындарыңыздың аты-жөнін, жасын, суретін, диагнозын, қайтыс болғаны жайлы ресми құжаттарын біздің поштамызға я төмендегі WhatsApp нөмеріне жолдауыңызға болады:

WhatsApp: +7-771-104-3505
Электрон пошта: radioazattyk@gmail.com