Сенбі, 23 қыркүйекте қазақстандық бірнеше тәуелсіз ақпарат құралының сайты (ішінде Азаттық та бар) DDoS-шабуылына ұшырады. Қазақстандық оқырмандар шабуылға ұшыраған сайттардың материалдарын ашып оқи алмады. Сайт баяу жүктеліп немесе мүлде ашылмады. Бұл жағдай ертеңіне де қайталанды: 27 қыркүйектен бастап Азаттық сайтына тағы да шабуыл жасалып, материалдар VPN арқылы ғана ашылды.
Ұлттық провайдер – "Қазақтелеком" компаниясы қазақстандық сайттарға шетелден шабуыл жасалғанын, маршруттарды қалпына келтіру және оңтайландыру бойынша техникалық жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Компания сайттарға қайдан шабуыл жасалғанын нақтылаған жоқ.
Азаттық бұғаттаудың алдында "Тоқаевтың "астыртын бизнесі" және "Мәскеудің Қазақстанды соғысқа араластыру ықтималдылығы" деген мақала жариялаған. Онда швейцариялық Public Eye ұйымының зерттеуі жайлы айтылады: батыс журналистері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ұлы Тимурдың хакерлердің қолына түскен хабарламаларына сүйеніп, 2010-жылдардың ортасында Тоқаевтың мұнай және металл өндірісі саласында "астыртын бизнесі" болған деген қорытындыға келген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шектеу мен бақылау: Ақпарат министрлігі жаңа өкілетке ие болды. Сарапшылар алаңдайды24 қыркүйекте toppress.kz, sn.kz және newtimes.kz сайттарында да осыған ұқсас мәселе болған. Бірақ аталған сайттар Public Eye зерттеуі туралы жазбаған. Toppress.kz ақпарат сайтының бас редакторы Светлана Ворожейкина бұғаттау туралы редакцияның ресми жауабын жеткізді.
"Ресейден Қазақстанға иммигрант ағыны, БҰҰ-ның Ресей Украинадағы арнаулы операция жүрген аумақтарда соғыс қылмысын жасады деген баяндамасы туралы материалдардан кейін сайтқа кіру қиындап, техникалық мәселелер пайда болды" делінген мәлімдемеде.
2022 жылы наурыздан бастап Ресей аумағында Азаттықтың Орыс қызметінің сайты бұғатталған.
САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ БҰҒАТТАУ
Осыған дейін Қазақстанда болған жаппай наразылықтар мен ел президент сайлаған кезде бірнеше рет бұғатталған Vlast.kz басылымының бас директоры, журналист Вячеслав Абрамов Азаттыққа жасалған DDoS-шабуылдар сайтқа жарияланған материалдармен байланысты болуы мүмкін деп топшылайды.
– 2021 жылы қаңтарда парламент сайлауы кезінде бізге тәулік бойы DDoS-шабуылдар жасалды. Неге мұндай шабуыл жасалғанын әлі күнге түсінбеймін. Өйткені дауыс беру процесі толықтай биліктің бақылауында болды, сайлауға оппозиция қатысқан жоқ, көшеде бірнеше топ қана наразылық білдіріп жүрді. Сондықтан сайлау қарсаңында, дауыс беру күні және одан кейін DDoS-шабуылдар болып, журналистерге ресми және бейресми қысым жасалуы мүмкін, – дейді журналист.
Абрамовтың сөзінше, ресми көзқараспен шектелмей, оған қоса билікті ашық сынайтын пікірлер де жариялайтын қазақстандық ақпарат құралдары бұғаттау қандай болатынын жақсы біледі. Олар сайтқа кіру мүмкін болмаған жағдайда оқырманға ақпаратты қалай жеткізу керегін де біледі.
– Қазақстанда сайтымыз бұғатталып немесе қандай да бір шектеу қойылса, ел ішінде ғана емес, шетелде де оқырмандарымыз бар. Сондықтан тым құрығанда, шетелдік аудиторияға ақпарат жеткізу үшін жаңалықтарды әлеуметтік желіге саламыз. Бірақ қазақстандықтар интернет бұғаттауды айналып өтудің жолдарын жақсы меңгеріп, VPN және басқа да әдістерді қолдануды үйренген шығар деп үміттенеміз. Биліктегілер мұндай шектеулердің мәні де, пайдасы да жоғын түсінуі тиіс. Өйткені жұрт бәрібір ақпарат алып, таратудың жолын табады, – дейді Вячеслав Абрамов.
16 қыркүйекте қазақстандық журналист, "Гиперборей" YouTube-каналының авторы Вадим Борейко Facebook парақшасына сайлау алдында "президентті сынамай қоя тұр" деген мазмұнда хабар алғанын жазды.
"…Бейсенбі күні ескі досым кездесуге шақырды. Оның жұмыс орнына беделді, сыпайы кісі келіпті. Атын ғана айтып (таныстырудың мәні жоқ деп ойлаймын), "Қайдан келдіңіз?" деген сұраққа "күш құрылымдарынан" деп жауап берген. Маған "екі ай президентті сынамай қоя тұрсын" деп сәлем айтып жіберіпті. Өтемақы ретінде бес саннан тұратын ақша төлейміз деп уәде беріпті. "Теңгемен бе?" деп сұрадым. Досым ақымақтың сөзін айттың дегендей кейіп танытып, мұрнын тыржитты" деп жазды Вадим Борейко.
"Президенттің бұдан бейхабар болар деп ойлаймын. Ақордадағы сайлауды тыныш өткізуге жауапты адамдар алдын-ала қамданып жатқан сияқты. Бірақ олар осы әрекеті арқылы басшыларының беделін түсіріп жатқанын түсінбейді. Биыл Қазақстанда байқаған жалғыз өзгеріс – сөз бостандығы өрісінің кеңеюі еді. Билік өзінен ештеңе істеуді қажет етпейтін реформаларды жақсырақ жүзеге асыратынын бұрыннан білетінмін. Мұндайда билікке жай ғана реформа субъектілеріне кедергі келтірмей, ақыл айтпай, сырттай бақылап отыру керек" дейді Борейко.
Вадим Борейко Ақорданың "сәлемі" туралы пікір беруден бас тартты. Журналист Ақордадағылар өзіне тікелей хабарласпағанын, басқа ешқандай қысым көрмегенін айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билігін сақтап, "жаңа патриарх" болғысы келеді". Тоқаевтың сөзі мен ісіндегі қайшылықАҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНА ҚЫСЫМ ЖӘНЕ "ТОҚАЕВ СЦЕНАРИІ"
Қазақстандық медиасарапшылар елде президентті кезектен тыс сайлау қарсаңында ақпарат құралдары Ақорданың қысымына ұшырауы мүмкін деп алаңдайды. Сөз бостандығын қорғаумен айналысатын "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева алдағы сайлау кезінде ақпарат құралдарына қысымның осыған дейін болған барлық формасы қолданылады деп есептейді. "Бұл жолғы қысым әлдеқайда белсенді болуы мүмкін, өйткені сайлауға дейін аз уақыт қалды, ал бұл билік үшін өте маңызды мәселе" дейді сарапшы.
– Қазір сайттарды бұғаттауға күш салып жатыр. Бірақ бір мезетте бәрін бірдей бұғаттап тастай алмайтындықтан, жекелеген ақпарат ресурстарына шабуыл ұйымдастырылған. Кей басылымдарға, жеке тұлғаларға, ақпарат құралдары басшыларына үлкен қолдау ұсынылған. Оқырманы көп, қоғамдық пікірге әсер ете алатын блогерлерге басымдық беріледі. Оларға ресми және салық ұсталмайтын бейресми ақы төленетініне сенімдімін. Билік бірінші кезекте, халыққа аты белгілі кандидатқа жан-жақты қолдау көрсетуге мүдделі, – дейді Калеева.
Қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт сайлауда сөз бостандығы шектелмейді деген позитивті болжамдарға сенбейді. "Әр сайлау сайын ақпарат құралдары мен белсенділерге қысым көрсетіледі. Осы жолы қалай бәрі басқаша болсын?" дейді саясаттанушы.
– Сайлау алдында Тоқаевтың режимі тәуелсіз ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар мен белсенділерге қарсы кезінде Назарбаев қолданған әдістерді пайдаланады. 2019 жылы сондайға куә болдық. Ресми дерек бойынша, ол кезде сайлау нәтижесіне наразылық білдіруге шыққан төрт мыңнан астам адам ұсталды. 2021 жылғы парламент сайлауына дейін және одан кейін Тоқаев әкімшілігі құқық қорғау органдары арқылы тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдарға, журналистер мен белсенділерге қысым көрсетті. Қателеспесем, былтыр парламент сайлауы алдында билік құқық қорғау саласында жүрген үкіметтік емес ұйымдар қызметіне кедергі келтіру үшін салықты сылтауратып шүйлікті. Олардың арасында "Эхо" қоғамдық бірлестігі, "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қоры, Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро болды. Аталған ұйымдарға айыппұл салды, кейбірінің қызметі бірнеше айға тоқтатылды. Сайлаудан кейін билік шешімін өзгертті. Тоқаевтың режимі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын, бәрі өзі құрған сценарий бойынша жүретінін осылай көрсетті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан президентін сайлау күні белгіленді. Бұған дейінгі алты сайлау қалай өтті?"ТӘУЕЛСІЗ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНА ҚЫСЫМ АРТАДЫ"
Қаңтар оқиғасы кезінде, 2022 жылғы 7 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей эфирде халыққа үндеу жасады. Ол елде "антитеррористік операция" жүріп жатқанын ескертіп, "демократия – жүгенсіздік емес" деді. Президент 2020 жылы бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң қабылданғанын еске салып, "кейбір "құқық қорғаушылар" мен "белсенділер" өздерін заңнан жоғары қойып, қай жерде жиналып, не айтсақ та құқығымыз бар деп санайды" деп сөкті.
"Құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін "еркін" бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүдделерінен алшақ "сырттағы қайраткерлер" ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады" деді президент.
Кей журналистер президент сөзін тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым артады деген ескерту деп түсінді.
– Бұл президент тарапынан жасалуы мүмкін ең қатқыл әрі негізсіз мәлімдеме болды. Өйткені Тоқаев "өздерін солай деп санайтын" деген тіркесте журналистер туралы ғана емес, белсенділер жөнінде де айтты. Бір жағынан, кейінгі тоғыз айда ақпарат құралдарына қысым күшейгенін байқаған жоқпыз. Бірақ наурыздан бері өз позициясын ашық білдіріп жүрген саяси қайраткер, азаматтық белсенді Жанболат Мамай қамауда отыр. Өңірлерде Қаңтар оқиғасы кезінде және оған дейін пікірін ашық айтып келген 30 азаматтық белсенді түрмеге жабылған. Сондықтан осыдан кейін тәуелсіз ақпарат құралдарына, құқық қорғаушылар мен белсенділерге шабуыл жасалады дегенді жоққа шығаруға болмайды, – дейді Вячеслав Абрамов.
Журналист президент пен парламентті сайлау кезінде халықаралық қауымдастық Қазақстандағы жағдайды жіті бақылауда ұстайтынын, сондықтан ақпарат құралдарына тікелей шабуыл жасалмайтынын айтады. Абрамов "болашақта тәуелсіз медиаға қысым артады" деп болжайды.
"Әділ сөз" қорының дерегінше, 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда журналист құқығы бұзылған 137 факт тіркеліп, 40 тілшінің кәсіби қызметіне кедергі жасалған. 69 адам еркін пікір білдіргені үшін қудалауға ұшырап, 18 азаматқа қылмыстық айып тағылған. Қазақстан "Әлемдік баспасөз еркіндігі индексінде" 180 елдің ішінде 122-орында тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттық сайтын бұғаттаса не істеу керек?