Accessibility links

Минуты 200 мың теңге. БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырыс пен "сөз бостандығын өлтіру құны"


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан билігі жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық тапсырыс жариялауға бюджеттен ондаған миллиард теңге жұмсайды. Қоғам белсенділері билік "құр ауа" сатып алып жатқанын, "көк жәшіктен" не көрсетіп жатқаны көрерменге бәрібір екенін айтады. Бірақ ақпарат министрі мемтапсырыс "БАҚ-тың соры" емес екеніне сенімді. Азаттық "пропаганда мен оған қанша қаржы жұмсалғанын" зерттеп көрді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "БАҚ-та мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын қызметтердің құнын айқындау әдістемесін" бекітті. Енді билік мемлекеттік телеарнадағы деректі фильмнің әр минутына 187 500 теңге, музыкалық шоу мен әзіл-оспақ бағдарламаларының минутына 85 мың теңге жұмсамақ.

"АУА САТЫП АЛУМЕН ПАРА-ПАР"

"Құқықтық медиаорталық" ұйымының директоры Диана Окремова – мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың ашықтығына маманданған медиасарапшының бірі.

Үкіметтік емес ұйым мемлекеттің белгілі бір өңірдегі БАҚ-қа қанша қаражат жұмсайтынын және ол ақшаны басқа қайда жұмсауға болатынын көрсететін интерактивті карта жасады.

Диана Окремова.
Диана Окремова.

– Біз бұл тақырыпты шамамен он жылдай зерттеп келеміз. Мен мемлекеттік тапсырыс алмайтын жекеменшік тәуелсіз газетте жұмыс істеп, тапсырыс алатын БАҚ-тың не істей алатынын көрдім, – дейді Диана Окремова.

Оның сөзінше, бұл саладағы проблема ондаған жыл бойы бар.

– Біріншіден, жабық процедура. Біз БАҚ-тың бюджет қаражатын қалай алатынын, қайда жұмсайтынын білмейміз. Тақырыптық бағыт пен лот атауының қайдан шығатынын, салық төлеушінің қаражаты жұмсалатын нәрсені кім ойлап табатынын ешкім білмейді. Екіншіден, анық нәтиженің болмауы. Ең соңында не шықты? Ол қалай өлшенеді? Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс не үшін керек өзі? – дейді сарапшы.

Диана Окремованың сөзінше, "қаражат өте көп болғандықтан, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс ақша жымқырудың таптырмас жолы" секілді әсер қалдырады. Сарапшының есептеуінше, бұған жылына 50 миллиард теңге жұмсалады.

– Керемет жасалған жүйе. Дұрыстап есеп берудің қажеті жоқ, қандай өнім шығаратыныңды және ол нені өзгертетінін түсінбейсің. Ауа сатып алумен пара-пар. Ұжымдарды басылымдарға жазылуға мәжбүрлейді. Адам салық төлейді, салыққа мемлекеттік газет шығады. Сосын салық төлеушіні сол газетті сатып алуға мәжбүрлейді. Бұл екі рет салық алумен тең.

Окремованың пікірінше, мемтапсырыс отандық медианарыққа кері әсер етеді. Бұл нарықтағылар мемлекеттік ақпараттық тапсырысты алатындар мен алмайтындар болып бөлінеді.

– Оларға бірдей жағдай жасалмаған. Бәсеке жоқ. Мемлекет ақшасының әсерінен нарық бұзылды, себебі БАҚ-тың көбі ондаған жыл бойы миллиардтаған теңгеге тапсырыс алуға үйреніп алды, – дейді ол.

"ЖАҚСЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР ДЕП АЙТА БЕРГЕННЕН ЖАҒДАЙ ОҢАЛМАЙДЫ"

Диана Окремова бірнеше жыл бұрын министрлік мемлекеттік ақпараттық тапсырыс туралы, оны кім, қашан және қанша алғаны туралы ақпаратты құпия ақпарат санатына жатқызып, оны алуға шектеу қойғанын айтты.

– Бұрын біз мемлекеттік сатып алу сайтында ақпаратқа мониторинг жасап, қай БАҚ әкімдіктен қанша алғанын біліп отыратынбыз. Ал қазір олай істей алмаймыз, себебі шешімді арнайы комиссия қабылдайды. Оның құрамында кім бары белгісіз. Бұл ақпаратқа қол жеткізу туралы заң мен Конституцияға қайшы келеді деп ойлаймыз, – дейді сарапшы.

Ол министрліктің жауапқа тартылуын қалап еді, бірақ сот ведомствоның әрекетін заңды деп тапты.

– Біз меморгандар мен президентке көп ұсыныс жіберіп, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың мақсаты, оның не үшін керегі және ол кімге арналған, ең соңында не өзгеруі керек деген мәселелерді қайта қарауды сұрадық, – дейді Окремова.

"Құқықтық медиаорталық" бірдеңені "дәріптеуге", біреудің немесе госорганның "имиджін қолдауға", "әлеуметтік оптимизмді арттыруға" бағытталған деген сияқты анық емес, бұлыңғыр лоттарды алып тастауды ұсынды.

– Мұның бәрі имитация: егер шенеуніктер тиімді жұмыс істемесе, біз ақпараттық тапсырыс арқылы ешкімге керек емес образ жасаймыз. Егер олар дұрыс жұмыс істемесе, олар жақсы жұмыс істеп жатыр деп айта бергеннен жағдай жақсара қалмайды. Бұл ең пайдасыз шығын, – дейді мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жою арманы орындалмағанын айтқан Диана Окремова.

– Қазіргі Қазақстанда бұл үшін президенттің саяси жігері болса жеткілікті. Қоғамдық пікір, депутаттарға қысым көрсету секілді басқа жолмен бұған қол жеткізе алмаймыз, себебі бұл қыруар ақша мен пропаганда мәселесі, – деді сарапшы.

"САПА ҮШІН ЕМЕС, БЮДЖЕТТІ ИГЕРУ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕУ"

"Қазақстандық БАҚ-тың көбі мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алады. Кейбіреуі үшін бұл негізгі қаржы көзі. Олар онсыз медиа нарығында күн көре алмайды" деп жазады "БАҚ-тағы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс" зерттеуінің авторы Меруерт Сыздықбекова. Бұл зерттеу Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен жүргізілді. Автор Азаттыққа "қолы бос емесін" айтып, пікір білдіруден бас тартты.

Зерттеуде билік мемлекеттік ақпараттық тапсырыс арқылы "Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге" 2016-2020 жылдары бюджеттен жылына 41,7-47,1 миллиард теңге жұмсағаны айтылған. Сонымен қатар онда мемлекеттік сатып алу конкурсынсыз тікелей жүргізілген "мемлекеттік тапсырмаға" да қанша қаржы кеткенін көруге болады.

Мысалы, 2017 жылы билік "Хабар", "Хабар 24" және "KazakhTV" (ағылшын тілінде) телеарналарына мемлекеттік тапсырма бойынша 13,9 миллиард теңге, "Қазақстан" республикалық телерадиокешені" АҚ-ға ("Қазақстан", "Балапан", "KazSport", республикалық телеарналарға, облыстық телеарналар, "Қазақ радиолары", "Шалқар", "Астана", "Classic" радиоларына) – 18,8 миллиард теңге бөлген. Ал "Егемен Қазақстан" мен "Казахстанская правка" газеттері 877,5 миллион және 721,1 миллион теңге алған.

"Бір қызығы, жыл сайын бұл көрсеткіш ештеңеге қарамастан артып отырады. 10 жылда бұл салаға кеткен қаржы 1,6 есе өскен, ал бюджет 3,9 есе азайған. Бұл ретте тапсырыс пен тапсырма ала отырып олар жарнамадан да табыс табады" деп қорытындылайды автор.

Зерттеуде кімге, қандай көлемде және қандай тақырыптық бағыт бойынша қаржы бөлінетінін АҚДМ-ге кіретін комиссия шешеді. Оған министрлік қызметкерлері, меморгандар, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері кіреді. Комиссиядағы адам саны жетіден аспайды. Өңірлердегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысты әкімдіктердегі ішкі саясат басқарламалары мен бөлімдері жүзеге асырады.

"Негізгі проблема – мемлекет "бір оқпен бірнеше қоян" атуға тырысып отыр. Бір жағынан, мемлекеттік ақпараттық саясатты БАҚ-ты қолдау формасы деп қабылдау бар. Әрине, бұл да болады. Дегенмен, бұл саясатты БАҚ-ты классикалық ұғымдағы субсидиялау деуге де келмейді, себебі қолдау саланың бәріне емес, тек белгілі бір таңдаулы топқа көрсетіледі. Бұл БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігінің дамуын тежейді, отандық медиаөнімнің сапасын да арттырмайды. Оның қандай да бір нәтижесін, тиімділігін өлшеу, сонымен қатар процедураның ашықтығына көз жеткізу қиын" дейді Меруерт Сыздықбекова.

"Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алатындар бұған статус-кво ретінде қарайды да, "сапа үшін емес, бюджет қаржысын игеру үшін" жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде масылдық мәдениетті қалыптастырады. Мемлекеттік БАҚ өнімнің сапасын жақсартуға ұмтылмайтын жағдай қалыптасады. Ал тәуелсіз БАҚ-қа көп жағдайда жарнамадан түсетін кірістің жолын шектеп, сапаны арттыруға мүмкіндік бермейді. Бұл саясаттан ақыр соңында отандық медиаөнімнің сапасы зардап шегеді. Бұл Қазақстандағы ақпараттық кеңістікте Ресей немесе шетел ақпарат құралының доминант болуына алып келеді" деп жазады зерттеуші.

"БҰЛ ЖЕРДЕ ДЕ ТАМЫР-ТАНЫСТЫҚ БАР"

Алматыдағы жекеменшік продюсерлік орталық пен продакшн-студия басшысы Айнұр Еркін бес жылдан бері телеарна контентін өндіріп, аутсорсинг қызметін көрсетеді. Оның сөзінше, мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа тікелей тәуелді аутсорсинг компаниялар мемлекеттік телеарналарға сату үшін өз қаражатын жұмсап ТВ-бағдарламалардың пилотты нұсқасын түсіреді.

– Біз мемлекет бөлетін миллиондаған бюджетті игерумен айналысып жатырмыз деп ойлаудың қажеті жоқ. Кез келген өндіріс – бұл ең алдымен штатқа, техникаға, көлік пен жүріс-тұрысқа кететін шығын. Бұған қоса, елде баға өзгеріп отырады. Адамдар да бұрынғы бағамен жұмыс істегісі келмейді және мен оларды түсінемін, – дейді продакшн-студия басшысы.

Оның сөзінше, мәдени-танымдық ТВ-жобалардың біріне анонсты есептегенде 20 минутына 282 мың теңге кеткен (ҚҚС қоспағанда). Авторға, редакторға, журналистке, операторға, дыбыс режиссеріне, администраторға, техника мен павильонды жалдауға, көлік пен бухгалтер шығынын төлегеннен кейін орталық ешқандай пайда таппаған.

– Яғни, біз қазір тек күн көріп жүрміз. Көбіміз білім беру жобаларын тегін жасап, жұмыс істеп, идеялар ұсынып жүрміз деуге болады. Сала осылай ғана дамиды. Бәсекеге қабілетті сала. Мұның тек сөз жүзінде ғана болатыны өкінішті. Біз расында өз жұмысымызды осылай көреміз. Негізінен, бұл жерде де Қазақстанның көп жеріндегідей тамыр-таныс бәрін шешеді. Тапсырысқа жоба алу да – үлкен квест, – дейді Айнұр Еркін.

АҚДМ мемлекеттік ақпаратық тапсырысқа белгілеген бағаға келсек, Айнұр Еркін "телехика мен шоулардың қымбат тұратыны және оларға басымдық берілетіні, ал мәдени немесе білім беретін контенттің жеке категория ретінде болмауы" жанына бататынын айтады.

– Мамандық өкілі ретінде бұл жағдай менің көңілімді қалдырады. Екінші жағынан, каналдардың рейтинге қарай бейімделетінін де түсінемін. Рейтинг көрерменге деректі кино немесе тарихи бағдарламадан гөрі концерттердің көбірек "өтімді" көрсетеді, – дейді Айнұр Еркін.

Оның сөзінше, мемлекетке тақырып бойынша басымдықтарды белгілеу қажет.

– Ақыры бұл мемлекеттің ақшасы болса, неліктен оны идеологиялық тұрғыда маңызды нәрселерге жұмсамасқа? Идеология деп мен президент жолдауы мен мемлекеттің саясатын түсіндіру туралы айтып отырған жоқпын. Бұған анағұрлым аз ақшамен де қол жеткізуге болады. Қоғамның дамуына халықтың білімі мен мәдениеті, санасы мен сауаты, денсаулығы мен өмір стиліне деген көзқарасы маңызды деп ойлағың келеді. Сонда мемлекеттің мақсаты – БАҚ арқылы аудиторияның көңілін көтеру ме? Онда олар коммерцяиялықтан несімен ерекшеленеді? – дейді орталық басшысы.

"ҚЫЗЫҚ ИДЕЯЛАР ӨТПЕЙДІ"

Ғалия Идоятова бұрын журналист болған. Бірнеше жыл бұрын ол "Нүкте" креатив шешімдер агенттігін құрып, медиаконтент өндіріп жүр. БАҚ деп саналмайтындықтан, агенттік мемлекеттік тапсырысты тікелей ала алмайды.

Ғалия Идоятова.
Ғалия Идоятова.

– Контентті өндіру қызметі де кіретіндіктен, баға қымбат емес. Мысалы, минуттық бағдарлама 500 мың теңге болады. Бұдан командаға ақша төлеу керек, іссапар шығыны да осыған кіреді. Пайда табу да керек. Қазіргі бағаны есептегенде, бұл өте қиын. Егер үш-бес пайыз болса – соның өзі жақсы. Мені баға емес, сол ақшаға қандай контент жасап жатқаны алаңдатады. "Жүрдім-бардым" контент көп. Оның көрерменге пайдалы және қызықты болғанын қалайсың, – дейді Идоятова.

Оның сөзінше, телеарналардың көбі "ресурсы болғандықтан, қызықты, сапалы контент жасағысы келеді. Бірақ тақырыпты министрлік бекітетіндіктен, шенеуніктердің көзқарасы артта қалғандықтан, контенттің шенеуніктерге "өтпей қалу" қаупі бар. Мұндайда сен ақша алмайсың".

– Бір жағынан, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс – Совет одағының сарқыншағы. Батыста мұндай жоқ. Екінші жағынан, телеарналарда жарнама аз, олардың көбі ақпараттық тапсырыссыз жұмыс істей алмайды. Бұл тізбекті үзу үшін көп күш керегін бәрі түсінеді. Болашақта өзгереді деп үміттенемін. Жастар, әсіресе, қазақша сөйлейтін жастардың бәрі қазір әлеуметтік желіде отырады. Оларға "көк жәшіктен" көрсетіп жатқан нәрсе мүлдем қызықсыз, – деп санайды ол.

– Мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа қатысуға келіспес ем, себебі, өкінішке қарай, тапсырысқа қызықты идеялар келмейтінін көріп жүрмін. Мен бұған жауапты министрлікті кінәламаймын. Халықтың меморгандардың жұмысын қалай қабылдайтынын дұрыс түсінбейтін нақты атқарушылар бар болар. Мұның айқын мысалы – коронавирус вакцинасына байланысты дау. Мәселе коммуникацияда, яғни, халықты вакцинаның пайдалы екеніне иландыратын, екпе алуға итермелейтін сапалы контент жетіспейді. Салдарынан миллиондаған қазақстандық "жердің жалпа" екенін, ал вакцинадан "мүйіз" шығатынын дәлелдеп әлек, – дейді Ғалия Идоятова.

МИНИСТР: БҰЛ ЖАЛҒЫЗ ДҰРЫС МЕХАНИЗМ

Елде пандемия өршіп, ауруханада орын, дәріханаларда дәрі жетпей жатқанда, 2020 жылғы 7 сәуірде премьер-министр Асқар Мамин ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекітті.

Бастамашылардың дерегінше, құжатты бекітудің себебі – "меморган мен қоғам арасындағы тиімді коммуникация орнату бастамасы БАҚ-тың дамуы мен олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын орта жасаудың жаңа амалдарын қажет етеді. Отандық бұқаралық медиа "Естуші мемлекет" тұжырымдамасының ұтымды құралына айналуы керек".

Жоспардың "Отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттігін арттыру" атты бірінші параграфында мемлекеттің отандық БАҚ-ты қолдау тәсілдерін қайта қарау туралы айтылған.

"Мемлекеттік бастамаларды іске асыруға қатысты көптеген тақырыптық желілерді кеңінен жария етудің қазіргі практикасы мемлекеттік органдар қызметінің ақпараттық өрісінің кең ауқымын арттырып жатыр. Осыған байланысты, жаңалықтар материалдарын өндіруге мемлекеттік ақпараттық тапсырыстан қаражат бөлуді алып тастауды қарау қажет, сол арқылы оларды әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды жария етуге бағыттау қажет. Осы шараны Интернетте, мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу шеңберінде жүзеге асыруға болады" деп жазылған жоспарда.

Аида Балаева.
Аида Балаева.

Orda.kz сайтына берген сұхбатында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "мемлекеттік ақпараттық тапсырыс мемлекеттік саясатты алға жылжытудың жалғыз дұрыс механизмі" екенін айтты.

"Бұл көбі ойлайтындай тек мемлекетке тиімді қандай да бір оқиғалар туралы ақпарат беру ғана емес, бұл қоғамға маңызы бар процестерге әсер ететін, жұрттың мүддесіне бағытталған ең маңызды тақырыптар бойынша халыққа мақсатты түрде ақпарат беру" деді министр. Ол "ақпараттық тапсырысты БАҚ-тың қайғысы немесе соры деп ойламайтынын" атап өтті.

Осы сұхбаттан кейін бірнеше күннен соң Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген Аида Балаева 2020 жылы БАҚ жарнаманың болмауынан көп зардап шеккенін, "мемлекет жақсы қолдау көрсеткенін және соның арқасында көптеген жекеменшік БАҚ жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алғанын" айтты.

Балаеваның сөзінше, бұл 2020 жылы 88 БАҚ-қа мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыруға мүмкіндік берген.

– Олар Covid-2019 вирусының таралуына қарсы шараларды түсіндіру үшін көп жұмыс істеді. 250-ден астам бейнеролик шықты, – деп есеп берді министр.

Есеп беру кезінде министр мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа бюджеттен жұмсалған қаражат туралы ештеңе айтпады.

"ЕЛБАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ТҮСІНДІРУ…"

Азаттық министр Аида Балаеваға сауал жолдап, республикалық және өңірлік БАҚ-та мемлекеттік ақпараттық тапсырыс арқылы жүзеге асырылатын қызметтің бағасы мен тақырыбын кім және қалай анықтайтынын білуге тырысты.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаевтың жауабында "негізгі баға министрліктің 2019 жылғы 19 тамыздағы бұйрығында бекітілген тәсілмен анықталатыны" хабарланады.

Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты құру мәселелері бойынша республикалық комиссияға кім кіретіні туралы сұраққа Ойшыбаев "комиссия құрамында ақпарат саласындағы уәкілетті орган өкілі, коммерциялық емес ұйым мен БАҚ және мүдделі меморган өкілдері кіретінін, комиссия құрамы уәкілетті органның бұйрығы бойынша бекітілетінін" жазған.

Медиасарапшылардың мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың теріс әсері туралы, қызмет бағасының тым жоғары екені туралы мәлімдемелеріне келсек, вице-министр "баға маркетингтік зерттеулер нәтижесіне негізделіп қойылатынын" айтты.

Газеттер мен баспасөз басылымдарына арнап АҚДМ мақұлдаған 28 тақырыптың ішінде 2020 жылы "Елбасы, мемлекет басшысы, Парламент, Үкімет, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің қызметін ақпараттандыру және түсіндіру" бірінші орында тұр.

"СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН ӨЛТІРУ ҚҰНЫ"

"Әділ сөз" қорының вице-президенті Мирас Нұрмұханбетов "БАҚ пен ақпарат саласындағы мемтапсырыс қоғам мен мемлекетке керек емес, мұнымен қоймай, қауіпті де" дейді.

Мирас Нұрмұханбетов.
Мирас Нұрмұханбетов.

– Қалай болғанда да, қазіргі түрде – мемлекеттік идеология мен партия мен үкіметтің бас саяси линиясын қолдау түрінде қажет емес. Меморгандар расымен жұмыс істеудің орнына, арзан емес "понтқа" қарапайым азаматтардың ғана емес, мемтапсырыс алмайтын басылымдарда жұмыс істейтін журналистердің де ақшасын жұмсайды, – дейді Нұрмұханбетов.

Оның пікірінше, мемтапсырыс "БАҚ-ты манипуляциялау құралы".

– Оның көмегімен (билік) редакцияның адалдығын ғана сатып алмайды, бұл ақша бөлетіндер үшін де, ақша алатындар үшін де коррупцияға жол ашады. Мемтапсырыс конкурстарының деректері мен цифрларын манипуляциялап, бас редакторларды немесе басылым иелерін қылмыстық жауапқа тартуға көп мысал келтіруге болады. Сондықтан баға да жылдан жылға өсіп отырады: тәбет таусылмайды, ал азаматтарға айтатын "өтірік" көбейе береді, – дейді "Әділ сөз" қорының вице-президенті.

– Тарифтер, әрине, таңғалдырады! – деді АҚДМ бекіткен бағаларды көріп эмоциясын жасырмаған Нұрмұханбетов. – Мұндай қаламақыны кез келген журналист тек армандай алады. Екінші жағынан, бұл сөз бостандығының құны, нақтырақ айтқанда, сөз бостандығын өлтіру бағасы. Өкінішке қарай, мемлекеттік тапсырыстың барына қуанатын және оны күн көрудің жалғыз мүмкіндігі көретін әріптестер ерікті-еріксіз түрде сөз бостандығының киллеріне айналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG