Ресейлік және Қырым татар белсенділері ұсталған украиналық теңізшілерге қолдау көрсетіп, қажетті заттар мен азық-түлік апарды. Қажетті ақша Қырым, Украина және Ресейде жиналған.
Журналист әрі азаматтық белсенді Виктория Ивлеваның айтуынша, демалыс күндері ресейліктер тұтқындалған украина әскерилеріне арнап, 390 мың рубль (шамамен 5850 АҚШ доллары ) ақша жинаған.
Видео: Ресейліктердің украиналық теңізшілерді қолдауы
Ресейдің адам құқығы жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова желтоқсанның 3-і күні тұтқындағы украиналық теңізшілердің "ештеңеге мұқтаж еместігін" мәлімдеді. Оның айтуынша, теңізшілерде қажет заттардың бәрі бар, адвокаттардың да көмегін алып жатыр.
"Олармен қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) өкілдері сөйлесті, әрқайсымен жеке әңгімелесті, теңізшілер тарабынан қамауға алу тәртібі мен шартына қатысты, медициналық көмек көрсетуге қатысты шағым түспеді" деп хабарлады Москалькова. Осы аптада омбудсмен уақытша қамау абақтысында отырған теңізшілерге өзі бармақ.
Адам құқығы жөніндегі Еуропалық соттың шешімі бойынша, Ресей Керчь бұғазы маңында ұсталып, тұтқындалған украиналық теңізшілер туралы барлық ақпаратты сотқа мәлімдеуі керек. Бұл туралы Украина президенті Петр Порошенко Twitter-дегі парақшасында жазды.
"Адам құқығы жөніндегі еуропалық сот шешім шығарды – оған сәйкес, Ресей украиналық теңізшілерді ұстау, оларды қамаудың заңдық негізі, ұсталған жері, алған жарақаты, көрсетілген медициналық қызмет туралы ақпарат беруі керек. Ресей үкіметі бұл ақпараттың бәрін бүгін беруі керек" деп жазды Порошенко.
Қарашаның 25-і күні Ресей соты Керчь бұғазында ұсталған Украинаның 24 теңізшісін қаңтардың 25-іне дейін екі айға тұтқындады. Оларға "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген айып тағылды.
Бұл бап бойынша алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Украина билігі кемелердің Керчь бұғазынан өтуіне рұқсат бермеген Ресей әскерилері кінәлі дейді - екі әскери катер мен бір буксир Одессадан Мариуполь мен Бердянскіге жетуі керек болған.
Қазір 21 теңізші Мәскеудегі "Лефортово" тергеу изоляторында қамауда отыр. Бұлардан бөлек жараланған үш теңізші "Матросская тишина" уақытша қамау абақтысының ауруханасында жатыр.
Қарашаның 27-сі күні Қырым татар белсенділері аннексияланған Қырым түбегінде ұсталған украиналық әскери теңізшілерге көмек ретінде ақша жинайтындарын мәлімдеді. Бірнеше күн ішінде олар 265 мың рубльден астам қаржы жинады. Мәскеуге азық-түлік пен заттарды бірнеше белсенді апарды, олардың ішінде Қырым татарлары халқының Меджлис төрағасының бірінші орынбасары Нариман Желял да болған.
"Украиналық теңізшілер тұтқындалған кезде белсенділермен бірге сотқа барып, оларға қолдау көрсеттік, болған жағдайды бақыладық. Бірінші күні оларға көмек керек екенін көрдік, адвокаттар киім-кешек керек деді. Киевте белгілі журналист, досым әрі әріптесім Осман Пашаев көмек жинайтынын айтты. Қырымда мен жинадым. Заттарды Симферопольде тапсырамыз деп үміттенген едік, бірақ үлгермедік, заттарды қорапқа салып жатқанда теңізшілерді Мәскеуге алып кетіпті. Бұдан соң демалыс болды. Мәскеуде Виктория Ивлева көмек қорын жинады, көптеген тамаша адамдар оған атсалысты. Кеше таң атпастан Қырымнан шығып, бүгін Мәскеуге келдік. Екі пакет әкелдік. Біріншісінде – тергеу изоляторында беруге болатын азық-түлік болды. Жігіттер түрменің тамағын емес, қалыпты тамақ жесін деп әкелдік. Бұл жақта не беретінін білмеймін, бірақ Симферополь тергеу изоляторында тамаққа қатысты шағым көп түседі. Оларды әскери киіммен ұстады, сондықтан қажетті киім-кешек әкелдік. Оларға стандартты түрме киімін берді деп естідік, ол дұрыс емес. Сондықтан жеке басына керек заттар, гигиеналық құралдарды, орамал, төсек-орын, іш киімдерді әкелдік, теңізшілер осындай орында жатса да, өздерін адам құрлы сезінсін" дейді Қырым татарлары белсендісі Нариман Желял.
Ресейде де тұтқынға түскен украиналық теңізшілерге арнап қаражат жинады. Оны журналист әрі азаматтық белсенді Виктория Ивлева жинады, ол өзінің Facebook парақшасы арқылы адамдарды көмектесуге шақырды.
– Қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу керек. Бұл қалыпты жағдай. Елдің бәріне бірдей көмектесу мүмкін емес. Бірақ бір әулие "шамаң келгенше көмектес" депті. Осы жаққа көзің түсті ме, сұрақ қойма, қол ұшын соз. Басқа біреуге көмектестің келе ме, мейлі, басқаға көмектес. Біреу үлкен журналға салынған айыппұлға ақша жинағысы келеді, мейлі, жинай берсін. Бұл Украинамен ынтымақтастық актісі. Украина Ресейде де тәртіпті, саналы адамдар бар екенін білсе деймін. Біздің үніміз ақырын шығады, бірақ біз бармыз, - дейді Ивлева.
Мәскеудегі Лефорово тергеу изоляторында дүйсенбі күні адвокат Николай Полозов та болды. Ол тұтқындардың бірі – 2-дәрежелі капитан Денис Гриценконы қорғайды.
– Теңізшілерді Симферополь мен Керчьтен Мәскеуге әкелетіндері жұма күні белгілі болды. Демалыс күндері тергеу изоляторының жұмыс режиміне орай келе алмадық. Бүгін өзім қорғайтын адаммен кездеспекпін. Ол оңай жұмыс емес, "Лефортово" тергеу абақтысында адвокаттарға түрлі кедергілер көп. Тергеушінің рұқсаты керек, ал қазір Мәскеуде бұл істі кім жүргізетіні белгісіз. Қалай болғанда да, қажетті әрекеттерді (өтініш беру) жасаймын, - деді Полозов.
"Басқа теңізшілерді кім қорғайды?" деген сұрағымызға адвокат былайша жауап берді.
– Қазір мен адвокаттар тізімін жасап жатырмын, оны ертең Киевтегі ведомствоаралық топқа ұсынамыз. Топ қорғаумен айналысатын команданы анықтайды. Тергеу тарабынан кедергілер болатыны анық. Дегенмен бұл істің нәтижесі сот пен тергеушілердің шешіміне тәуелді емес, Ресейде ондай сот жоқ. Істің нәтижесі қабылданған саяси шешімге орай шешіледі. Егер бірегей стратегия аясында әрекет етсек, саяси шешім қабылданады, әскери тұтқындардың бәрі босатылады, - дейді Полозов.
Еуропа парламентінің президенті Антонио Таяни пленарлық сессияның ашылуы кезінде Ресей билігін украиналық теңізшілерді босатып, Азов теңізінде кемелердің еркін қозғалуына мүмкіндік беруін сұрады.
Жақында Австрияның сыртқы істер министрлігі Керчьтегі жағдайға байланысты Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкцияны жақында қарауы мүмкін екенін айтты. Эстония мен Польша бұл ұсынысты қолдады, Германия мен Франция қарсы шықты.
Мәскеуге қатысты шектеу шараларын күшейту туралы АҚШ мемлекеттік департаменті де айтты. Вашингтон мен НАТО Керчь бұғазындағы жанжалда Киевті қолдады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Керчь жанжалы: Қазақстан БҰҰ-да Ресейді қолдады