Ақпанның 28-іне қараған түні әлеуметтік желі мен мессенджерлерде осыдан бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің денесінде "жарақат бары" туралы видео тарады.
Бес минуттық видео Дулат Ағаділдің денесі мәйітханадан алынғаннан кейін түсірілгенге ұқсайды. Видеоны түсірген адам марқұмның сүйегі ақпанның 26-сы күні, яғни екі күндік сот-медициналық сараптамадан және Ағаділдің денесінде ешқандай соққы я жарақат іздері табылмағаны, алдын ала болжам бойынша, белсенді "жүрек талмасынан қайтыс болғаны" туралы ресми мәлімдеме жарияланғаннан кейін әкелінгенін айтып, еденде жатқан ақ матаға оралған мәйітті ашып көрсетеді.
Автор белсендінің денесінің әр тұсында "соққы іздері бар" деп тұжырым жасайды. Видеодан марқұмның алақаны қарайып кеткені, екі табаны мен өкшесінде қара дақ бары байқалады. Марқұмды оң жағына аударып, арқасын қараған адам белсендінің жауырыны мен иығында жарақатқа ұқсайтын қарайған іздер барын айтады. Бұдан соң денені сол жағына аударып, басқа тұсында да жарақатқа ұқсас іздер қалғанын көрсетеді.
Видеоны түсірген адам Ағаділдің "иығы мен желкесі көгергенін", сонымен бірге екі аяғында жарақатқа ұқсас сырылған іздер қалғанын айтады. Видеоны түсірген кісі мәйітті тексеруге қатысқан адамдардың аты-жөнін атамайды.
Ақпанның 27-сі күні, Дулат Ағаділді өзі тұрған Ақмола облысы Талапкер ауылында жерлегеннен кейін, Азаттыққа берген сұхбатында өзін Қостанай облысының тумасымын деп таныстырған Қайыржан Иманғалиұлы есімді азамат Ағаділдің сүйегін мәйітханадан әкелген күні марқұмның денесінен "жарақат іздерін" байқағанын мәлімдеген болатын.
Ал марқұмның бауыры Қанат Ағаділ Азаттықтың бұл туралы сұрағына "соққы іздері жоқ, барлық жайтты арнайы прокурорлардан сұраңдар, солардың қолында 3 сағат 50 минуттық видео бар" деп айтқан еді. Ол бауырының "азапталғаны" туралы айтылып жүрген болжам-долбарлар жайлы сұраққа жауап беруден бас тартты.
Қазір Дулат Ағаділдің отбасы журналистермен кездесуден бас тартып отыр. Отбасына жақын адамдардың бірі Азаттыққа марқұмның отбасына қысым жасалғаны туралы айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әділетсіздікке қарсы күрескен белсенді"ПРОКУРАТУРАДАҒЫ БЕС МИНУТТЫҚ БРИФИНГ
Ақпанның 28-і күні түстен кейін Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы белсенді Дулат Ағаділдің денесіндегі "азаптау іздері" туралы тараған видеоға байланысты түсініктеме берді. Қала прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов белсендіге "күш қолданған-мыс" деп видео тарату "моральға жат қылық" екенін және видеоның марқұмның туыстарының келісімінсіз түсірілгенін айты. Ол Ағаділдің денесіндегі "дақтарды" биологиялық өлім белгілері деп атады.
- [Әлеуметтік желілерде тараған] Видеоматериалдарда мәйітте дақтар бары айтылады. Оны дене жарақаты деп атайды. Мұнда оның пайда болу себебін түсіндіре алатын мамандар бар. Мәйіттегі дақтар - бұл биологиялық өлімнің белгілері. Медициналық тілмен айтқанда, дақтар адамның жүрегі тоқтағаннан кейін кемінде бір сағат өткеннен кейін пайда болады, - деді прокурор.
Ағаділдің денесіндегі "жарақат" жайлы видеоға байланысты прокуратура брифингі:
Қилымжанов Ағаділдің қазасын байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында сот-медициналық сараптама тағайындалып, ақпанның 26-сы күні оған марқұмның туысы мен адвокат Бауыржан Азановтың қатысқанын айтты.
- Марқұмның ағасы мен адвокат Азанов сараптама қорытындысына шағымданған жоқ. Мәйітті сараптау мен зерттеу барысы видеоға түсірілді. Этика талаптарына байланысты және туыстары рұқсат бермегендіктен видеоны жариялай алмаймыз. Бұған дейін сараптаманың алдын ала қорытындысын айтқанбыз. Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болған, - деді Қилымжанов.
Ол сараптаманың түпкілікті қорытындысы жақын арада шығатынын айтып, азаматтарды асығыс қорытынды жасамауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Қилымжанов Дулат Ағаділдің анасы прокуратураға шағым жазғанын мәлімдеді.
- Ағаділдің анасы отбасының келісімінсіз таспаға жазып, таратқан адамдарға шара қолдануды сұрап бізге арыз берді. Ол бұл видеотаспа мен оған байланысты пікірлерге қатты ашулы, - деді қала прокурорының орынбасары.
Жұма күнгі брифингке онымен бірге төрт сарапшы қатысты. Қилымжанов олардың екеуі адвокат Бауыржан Азановтың бастамасы бойынша сараптамаға қатысқанын айтты. Олардың бірі - Арман Аханбеков қайтыс болған адамның денесінде қандай өзгерістер болатыны туралы қысқа сөз сөйледі.
- Мәйіттегі өзгерістерден дақтар пайда болады. Салмақтың күшімен дененің төмен жағына қарай ұйыған қаннан, әдетте екінші тәуліктен кейін мәйітте түсі қара көк дақ пайда болады, оны жарақат ізіне ұқсатуы мүмкін. Бірақ сараптама кезінде біз жарақат ізін тапқан жоқпыз, - деді ол.
Осыдан кейін прокурордың орынбасары Келімжанов брифинг аяқталғанын хабалады. Азаттық тілшілері Ағаділ жайлы тараған видеода мәйіттің арқасы мен аяғында байқалған сырылған тұстар туралы сұрақ қойғанымен, прокуратура өкілдері брифингте сұрақ қою қарастырылмағанын айтып, жауап беруден бас тартты.
АҒАДІЛДІҢ ТУЫСТАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Дулат Ағаділдің қарындасы Азаттық тілшісіне видеоны түсіріп таратқандардың үстінен арыз жазғандарын растады.
- Мен прокуратураға бардым, арыз жаздым. Ол үшін жауап береді. Мен оны жауапсыз қалдырмаймын. Өйткені оның кәмелетке толмаған кішкентай екі баласы бар. Олар әкесінің жоқ екенін білмейді. Олар ертең видеодан көрсе не болады? - дейді марқұмның қарындасы Жанар Бейсембаева Азаттық тілшісіне.
Видео: Ағаділдің жақындары мәйітті видеоға түсіргендердің үстінен арызданды
Your browser doesn’t support HTML5
Ал Дулат Ағаділдің шешесі Гүлбараш Жолмұхамбетова 24 ақпанда түнде ұлын үйден алып кеткен адамдардың үстінен шағым түсіргенін жеткізді.
- Үйде жатқан адамды түнгі төртте зорлықпен алып кетеді. Ол халық жауы емес қой. Түн ортасында ұйқыдан жұлып алатындай несі бар. Мен алып кеткендерге наразымын. Мен өзім арыз түсірдім. Оларға да арыз түсірдім. Бәріне жауап береді, жауап берсін, - деді ол.
"ВИДЕОҒА ТҮСІРІП, ЖАРИЯЛАУҒА ТАПСЫРМА БЕРДІМ"
Нұр-Сұлтанда тұратын азаматтық белсенді Серік Жахин Дулат Ағаділді соңғы рет полиция Талапкердегі үйінен күштеп әкетер алдында көргенін айтады. Ол өзіне ой-пікірі жақын болған Дулат Ағаділдің денесі мәйітханадан алынғаннан кейін оны видеоға түсіруге және таратуға тапсырманы өзі бергенін мәлімдеді.
- Туыстарының рұқсатын алып, видеоға түсіру туралы тапсырманы мен бердім. Және оны жариялауды да мен тапсырдым. Бірнеше адамға өзім тараттым. Сондықтан басқа ешкімнің жазығы жоқ, кінә артқысы келетіндер болса маған айтсын. Біз бұл видеоны патологоанатом мамандар мен басқа да заңгерлерге көрсеткіміз келді. Бірақ билік сараптамаға біздің тәуелсіз мамандарды қатыстыруды сұраған өтінішімізге құлақ асқан жоқ, - деді Серік Жахин ақпанның 28-і күні Азаттыққа.
Өткен жылы қазанда сот "тыйым салынған ұйымның" (Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, тыйым салған, Еуропарламент өз қарарында "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының) жұмысына қатысқан деген айыппен Жахинның бостандығын бір жылға шектеу туралы үкім шығарған.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ТАЛАБЫ
Полиция үйінен әкетіп, белгісіз жағдайда қаза болған белсендінің денесіндегі "жарақаттар" туралы видео жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде Дулат Ағаділді "азаптап, қинаған болуы мүмкін" деген болжам бұрынғыдан да көбейді. Наразылардың көбі "Ағаділдің өліміне кінәлілер жазалансын, жалған ақпарат бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылсын" деп жазып жатыр.
"Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-парақшасына "Өлтірілген. Министр Тұрғымбаевтың және Дулатты ұстаған қарапайым киімдегі төрт қызметкердің, тергеу изоляторы басшысының, кезекшінің дереу қызметтен кетуін талап етемін. Шұғыл кетсін. Негізі осы. Дулаттың денесінің сау-тамтығы қалмаған, аяусыз ұрып-соққан. Ол қорғанған, саусақтары соны айғақтайды" деп жазды.
Норвегиялық Хельсински комитетінің аға кеңесшісі Ивар Дейл Twitter-парақшасына осыған дейін Қазақстан билігінің Дулат Ағаділ масаң болған-мыс деген "ақылға симайтын" мәлімдеме таратқанын жазып, бұл жайлы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев не ойлайды деген сұрақ қояды.
Сейсенбі күні ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров Дулат Ағаділдің "денесін тексеру кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмады" деп мәлімдеген.
- Таңғы сағат 6-ларда тұрғаннан кейін әжетханаға барған. Одан шығысымен жүресінен отырып, есінен танып құлаған. Камерадағылар Ағаділдің денсаулығының нашарлағаны туралы бақылаушыға айтқан. Ол алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысып, дәрігер шақырған. Абақтыға жеткен жедел жәрдем қызметі Ағаділдің қайтыс болғанын тіркеді. Денесін тексеру кезінде соққы я басқадай жарақат ізі табылмады. Сарапшылардың алдын ала болжамы бойынша, жүрек талмасынан қайтыс болған, - деген Заппаров. Ол Ақаділдің "масаң болғаны" туралы дәрігерлердің қорытындысы барын да айтты.
Түрлі қарсылық акциялары мен резонанс туғызған сот отырыстарына қатысып, тікелей трансляция жүргізіп келген 43 жастағы белсенді Дулат Ағаділді ақпанның 24-і күні кешке Нұр-Сұлтанның маңындағы Талапкер ауылындағы үйінен қарапайым киімде келген бірнеше адам күштеп алып кеткен. Келесі күні таңертең полиция белсендінің Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында қайтыс болғаны туралы ақпарат таратты.
Видео: Дулат Ағаділді үйінен қалай әкетіп еді?
Your browser doesn’t support HTML5
Ағаділдің қазасынан соң бірнеше қалада жүздеген адам наразылық акцияларына шығып, белсендінің өлімін мұқият әрі ашық тергеуді, ішкі істер министрі мен елдің саяси басшылығының қызметтен кетуін талап етті. Қарсылық акциясына шыққандар (олардың бір бөлігін полиция ұстап әкетті) белсендінің қазасына билікті айыптады. Жұрттың көбі Ағаділдің "жүрегі қысып қайтыс болған" деген ресми ақпаратқа сенбейтінін мәлімдеді.
Полиция ұстап әкетіп, жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділді ақпанның 27-і күні өзі 2007 жылдан бері тұрған Талапкер ауылына жерледі.
Видео: Белсенді Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды
Your browser doesn’t support HTML5
Қатты боранға қарамастан, белсендіні соңғы сапарға шығарып салуға мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында Қазақстанның өзге аймағынан арнайы келгендер де болды.
Туыстары мен жиналған жұрт Талапкер ауылында Дулат Ағаділді жерлеген күні Қазақстанның бірнеше қаласы - Алматы, Ақтөбе, Орал, Шымкент пен Таразда белсенділер жиналып, марқұммен қоштасу акциясын өткізді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсендінің жаназасы және Нұр-Сұлтанда наразыларды ұстауҚостанай облысы Торғай ауылының тумасы Дулат Ағаділ әлеуметтік желіде белсенді блогер ретінде танымал болған. Ол қоғамда резонанс туғызған соттар мен наразылықтарға қатысып, тікелей трансляция жүргізді. Ағаділ биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаптауды тоқтатуды, азаматтардың бейбіт шеру өткізу бостандығын қамтамасыз етуді және әділ сайлауды талап етіп, наразылық акцияларына қатысты. Билік оны әртүрлі айыппен әкімшілік жауапқа тартты. Өткен жылы Дулат Ағаділ бірнеше мәрте әкімшілік сот шешімімен кемінде 60 тәулік қамауда отырып шыққан еді.
Дулат Ағаділ өзіне билік таққан "полицияға қарсылық көрсетті", "сотты құрметтемеді", "заңсыз митингіге шықты" және "әлеуметтік желі арқылы жұртты заңсыз шеруге шақырды" деген айыптарды жоққа шығарған.
Полиция Дулат Ағаділ "сотты құрметтемегені" үшін үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеуге келуден "жалтаруына" байланысты ақпанның 24-і күні қамауға алынған деп түсіндіреді. Белсендінің серіктері ол полиция шақыртқан кезде баратынын және "ешқайда кетпеу" туралы берген қолхат шартын бұзған жоқ дейді.