"Тағы да кезектен тыс". Қазақстан президентін сайлау күні белгіленді. Бұған дейінгі алты сайлау қалай өтті?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент депутаттарын сайлауға дауыс беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2021 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президентті кезектен тыс сайлауды 20 қарашаға белгіледі. Бірнеше күн бұрын ол Конституцияға енгізілген өзгерістерге қол қойған. Азаттық Қазақстанда осыған дейін президент сайлаулары қалай өткенін, Конституцияны қайта жазуға не түрткі болғанын және саяси бәсекеге неге санаулы адам ғана қатысатынын шолып шықты.

21 қыркүйекте Тоқаев Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау күнін белгілейтін жарлыққа қол қойды. Алдағы сайлауда жеңіске жеткен кандидат елді жеті жыл басқармақ және ол ең жоғары лауазымды қызметті бір-ақ мерзім атқарады, қайта сайлана алмайды. Өткен аптада Конституцияға осындай өзгеріс енгізілген. Қазақстан тәуелсіздігін жарияғалы бері екі рет Конституция қабылдаған. Кейінгі қабылданған негізгі заң бірнеше мәрте өзгерген. Бақылаушылардың пікірінше, осыған дейінгі конституциялық өзгерістер бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігін күшейтуге бағытталса, 2022 жылғы түзетулер Назарбаев дәуіріне нүкте қойып, авторитарлық басқару моделін өзгеріссіз қалдыруды көздейді.

Биыл маусымда Конституциядан бірінші президент туралы баптар алынып тасталды, ал қыркүйекте Тоқаевтың бастамасымен президент өкілеті жеті жылға дейін ұзарып, мемлекет басшысы тек бір-ақ мерзімге сайланатын болды. Жеті жылдық өкілет Қазақстан үшін жаңалық емес. 1998 жылы күзде Конституцияға президент өкілетін жеті жылға дейін ұзарту туралы өзгеріс енгізіліп, кейін бес жылдық мерзім қайта енгізілген.

Тәуелсіздік алғалы бергі 31 жылда Қазақстан азаматтары алты рет президент сайлаған. Сайлаудың бесеуі кезектен тыс өткен.

НАЗАРБАЕВТЫҢ САЙЛАУЫ ЖӘНЕ КОНСТИТУЦИЯНЫ ҚАЙТА ЖАЗУ

Қазақстанда бірінші жалпыхалықтық сайлау 1991 жылғы 1 желтоқсанда өтті. Сайлауда Қазақ ССР компартиясының бұрынғы басшысы, Совет одағы тарамай тұрып, Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесінің қаулысымен республика президенті болып тағайындалған Нұрсұлтан Назарбаевтан өзге кандидат болмады. Ресми дерек бойынша, дауыс берген азаматтардың 98 пайызы Назарбаевқа қолдау білдірген.

Қазақстан президенттігіне жалғыз кандидат болып тіркелген Нұрсұлтан Назарбаев зайыбы Сарамен бірге елде жалпыхалықтық дауыс беру жолымен алғаш рет өтіп жатқан сайлауға дауыс беріп тұр. Алматы, 1 желтоқсан 1991 жыл.

1995 жылғы 29 сәуірде Назарбаевтың президент қызметіндегі өкілетін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту бойынша жалпыхалықтық референдум өтті. Дауыс бергендердің 95 пайызы Назарбаевты билікте қалдыруды құптаған.

1995 жылғы 30 тамызда тағы бір референдум өтіп, жаңа Конституция қабылданды. Сарапшылар бұл құжат авторитарлық басқару жүйесінің негізін қалады деп есептейді. Конституцияда президент бес жылға сайланады, сайлауға Қазақстанда туып-өскен, кейінгі 15 жыл бойы елде тұрған, қазақ тілін жетік білетін, 35-65 жас аралығындағы азамат қатыса алады деп жазылды. Бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды деген шектеу қойылды.

Үш жылдан кейін Конституцияға тағы да бірқатар өзгеріс енгізілді. Президент өкілетінің мерзімі жеті жылға ұзарып, 65 жастан асқандар президент сайлауына қатыса алмайды деген шектеу алынып тасталды. Ол кезде Назарбаев 59 жаста еді.

1999 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан президентін сайлау кезектен тыс өткізілді. Сайлауға Назарбаевтан бөлек, оппозициялық Коммунистік партия басшысы Серікболсын Әбділдин, бұрын кеден қызметін басқарған Ғани Қасымов және жазушы Энгельс Ғаббасов қатысты. Әдеттегідей 80 пайыз дауыспен Назарбаев жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Назарбаевтың негізгі бәсекелесі Әбділдинге сайлаушылардың 11,7 пайызы дауыс берген. Халықаралық бақылаушылар сайлау әділ өтпеді деп сын айтты.

1999 жылғы сайлау науқаны билікке қолайсыз кандидат – бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгельдинді қудалаумен ерекшеленді. Ол кезде 1993-1997 жылдары министрлер кабинетін басқарған Қажыгелдиннің саяси ықпалы артып, отставкаға кеткеннен кейін президент сайлауына түсуге ниеті барын айтып жүрген.

1999 жылғы 10 қаңтарда кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша жеті жыл мерзімге президент болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев инаугурация кезінде.

2000 жылы маусымда Конституциялық кеңес осыған дейінгі сайлаулар ескі Конституция кезінде өткенін сылтауратып, Назарбаевтың жеті жылдық өкілетін оның президент қызметіндегі бірінші мерзімі деп таныды.

2005 жылғы 4 желтоқсанда президент сайлауы өз уақытында өтті. Бұл жолы Назарбаевқа бәсекелес кандидаттар – оппозицияға өткен бұрынғы мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай, "Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Байменов, парламент депутаты Ерасыл Әбілқасымов және "Табиғат" экология одағының басшысы Мэльс Елеусізов сайлауға түсті. Орталық сайлау комиссиясының ресми дерегінше, сайлаушылардың 91,15 пайызының қолдауын алған Назарбаев тағы да жеңіске жетті.

2010 жылы маусымда Назарбаев "ұлт көшбасшысы" ("елбасы") мәртебесіне ие болды. Арнайы қабылданған заң Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің жеке басы мен активтеріне ешкімнің қол сұқпайтынына кепілдік берді.

2011 жылы ақпанда парламент Конституцияға тағы да өзгеріс енгізіп, президент кезектен тыс сайлау өткізу құқығына ие болды. Екі айдан кейін Назарбаев осы құқығын пайдаланып, президент сайлауды сәуірде кезектен тыс өткізді. Сайлауға қатысуға ондаған адам өтініш берді, оның ішінде халық танымайтын адамдар да болды (осыған байланысты кей азаматтар Орталық сайлау комиссиясын еңбек биржасы көреді деген әзілдер айтылды). Орталық сайлау комиссиясы билікшіл Коммунистік халық партиясының мүшесі Жамбыл Ахметбековты, осыған дейінгі сайлауға қатысқан Ғани Қасымов (Патриоттар партиясының төрағасы) пен Мэльс Елеусізовті ғана тіркеді. Ресми мәліметке сәйкес, Назарбаев әдеттегідей айқын басымдықпен (сайлаушылардың 95 пайызы қолдау білдірген) жеңіске жетті.

Одан кейін 2015 жылғы 26 сәуірде президентті сайлау тағы да кезектен тыс өтті. Сайлауға Назарбаевтан бөлек, Коммунистік халық партиясынан Тұрғын Сыздықов пен өзін-өзі ұсынған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов қатысты. Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың 98 пайызы Назарбаевты қолдап дауыс берді деп жариялады.

Сайлауалды науқан кезінде орталық көшелердің біріндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті. Алматы, 14 сәуір 2015 жыл.

ТРАНЗИТКЕ ДАЙЫНДЫҚ ЖӘНЕ ТОҚАЕВ ӨТКІЗГЕН САЙЛАУ

2018 жылы билік заңға тағы да өзгеріс енгізіп, президенттікке өзін-өзі ұсынған адамдар сайлауға кандидат болып түсе алмайды деген шектеу қойды. Оған сәйкес, президенттікке кандидатты тек саяси партиялар мен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктер ғана ұсына алады. Кандидатқа қойылатын талаптар қатаңдады. Мемлекеттік қызметте немесе сайланып қойылатын қызметте кемінде бес жыл еңбек еткен адам ғана кандидат болып тіркелуге құқылы деген талап енгізілді. Сарапшылардың көбі Назарбаев билікті мұрагеріне тапсыруға дайындалып жатыр деп топшылады.

2019 жылы ақпанда Назарбаев Конституциялық кеңестен Конституцияның президент құзыретін тоқтату жайлы 42-бабының 3-тармағын түсіндіруді сұрады. Назарбаев бұл жай сұрақ екенін, алаңдауға еш негіз жоғын, елде кезектен тыс сайлау болмайтынын айтты.

Бірақ сол жылы 19 наурызда бірінші президент отставкаға кетіп, қызметін сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бірақ Назарбаев кең құзыреті мен саяси ықпалын сақтап қалды.

Қазақстан президентін сайлау кезінде полиция көшеге наразылық акциясына шыққан азаматтарды күштеп әкетіп жтыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

2019 жылы сәуірде Тоқаев Қазақстан президентін кезектен тыс сайлауды сол жылғы 9 маусымға белгіледі. Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы Тоқаевты кандидат етіп ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы жеті кандидат тіркеді. Оппозиция атынан Әміржан Қосанов қатысты. Ол сайлау нәтижесі ресми жарияланбай тұрып, Тоқаевты жеңісімен құттықтап, сайлаушылардың сынына қалды. Сайлау күні және одан кейін елде жаппай наразылықтар болып, полиция мыңдаған адамды ұстап әкетті. Олардың көбі "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзған" деген айыппен әкімшілік қамауға алынды. Ресми дерек бойынша, Тоқаевқа сайлаушылардың 70 пайызы, Қосановқа – 16, "Ақ жол" партиясының кандидаты Дания Еспаеваға – 5, "Ауыл" партиясының өкілі Төлеутай Рахымбековке – 3, Кәсіподақтар федерациясының мүшесі Амангелді Таспиховқа – 2, Коммунистік халық партиясының атынан түскен Жамбыл Ахметбековке – 2, "Ұлы дала қырандары" бірлестігінің өкілі Сәдібек Түгелге 1 пайызы қолдау танытқан.

2022 жылы қаңтардың басында Қазақстанда жаппай наразылықтар болды. Батыс аймақта газ бағасының көтерілуіне байланысты басталған наразылық елдің басқа өңірлеріне тарап, мыңдаған адам билікке саяси талаптар қойып, "Шал, кет!" деп ұрандады. Аяғы қантөгіске ұласқан Қаңтар оқиғасынан кейін (ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапқан) Назарбаев ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен кетті. Оның орнын Тоқаев басты. Көп ұзамай бұрынғы президенттің туыстары жоғары лауазымдарынан айырылып, кейбірі ақша жымқырған және рейдерлік жасаған деген күдікпен қамауға алынды. Сарапшылардың пікірінше, Тоқаев "Қаңтар қырғынынан" кейін билікті өз қолына алып, енді Назарбаевтың қолдауынсыз жаңа мандатқа ие болуға тырысып жатыр.

Қыркүйектің басында парламентте халыққа жолдауын жариялаған кезде Тоқаев елде президент сайлауын кезектен тыс өткізуді ұйғарғанын айтып, сайлауға түсетін ниеті барын мәлімдеді. Сарапшылар бұл сайлаудың да нәтижесі күнібұрын белгілі деп есептейді. Кезектен тыс сайлауға Тоқаевтан басқа тағы кімдер кандидат болып түсетіні әзірге белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаевтың ойыны, реформа имитациясы және Назарбаев дәуірінің сценариі. Сайлау қарсаңындағы ҚазақстанТоқаевтың "билігін бекіте түсуге талпынуы" және "оппозиция мен белсенділер қарсылығы""Ноу-Сұлтан?" Астана атауын өзгерту ұсынысы шетел журналисінің көзімен"Тоқаев Назарбаев әулетінің есе қайтаруынан қорқады". Досым Сәтпаевпен сұхбат"Популизм". Тоқаевтың экономикалық бастамалары экономист көзімен