"Мұнай ұрлады" деп айыпталған азаматтардың үкімін қайта қараған апелляциялық сот алқасы үш адамның жазасын көбейтіп, сегіз адамның үкімін жеңілдетті. Ал қалған айыпталушылардың үкімі өзгеріссіз қалды.
26 адамға қылмыстық кодекстің "мұнай ұрлығы", "адам ұрлау", "ақша бопсалау", "қару сақтау", "бөтеннің мүлкін талан-таражға салу", "ұйымдасқан қылмыстық топ құру" және басқа баптары бойынша айыптар тағылған еді. Бұл - ауыр және өте ауыр айыптар.
Облыстық соттың мәліметінше, сотталғандар "2015 жылдан бері жалпы сомасы 34 млн теңгеге жуық мұнайды қолды қылған". Сот материалдарына сәйкес, алты азамат "Төрт ағайынды" ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері ретінде танылған: Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев, Қалдымұрат Қартжан, Нұрлыбек Тонтаев, Болатбек Бекетов және Мұрат Тұржанов.
2 тамызда Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл азаматтардың басым бөлігін 3 пен 12 жыл аралығында түрме жазасын кескен.
Соттың қорытындысы туралы мәліметті төмендегі кестеден көруге болады.
Сотталушы | Бірінші инстанция бойынша сот үкімі (2.08.18) | Екінші инстанция бойынша сот үкімі (3.10.18) |
---|---|---|
Еркін Ізбасар | 12 жыл | 16 жыл |
Аухат Қалиев | 11 жыл | 14 жыл |
Қалдымұрат Қартжан | 11 жыл | 13 жыл |
Мұрат Тұржанов | 8 жыл | өзгеріссіз |
Нұрлыбек Тонтаев | 7 жыл | өзгеріссіз |
Кәдіржан Пангерейұлы | 7 жыл | өзгеріссіз |
Болатбек Бекетов | 8 жыл | өзгеріссіз |
Қайыргелді Ізтұрғанов | 6 жыл | өзгеріссіз |
Жангелді Өтегенов | 3 жыл 9 ай | өзгеріссіз |
Біржан Аманқұлов | 11 жыл | өзгеріссіз |
Рахат Аханов | 5 жыл үш ай | өзгеріссіз |
Саясат Дүсіпов | 3 жыл | өзгеріссіз |
Нұрлан Ноғаев | 8 жыл | өзгеріссіз |
Жандос Ақмағамбетов | 8 жыл | өзгеріссіз |
Ербол Тектіғұлов | 4 жыл 6 ай | өзгеріссіз |
Сүлеймен Сүгірбаев | 5 жыл | 3 жыл 6 ай |
Адайбек Сәрсенов | 3 жыл |
160 сағаттық қоғамдық жұмыс тағайындалғанмен амнистия қолданылды. Осылайша 3 жылдық жаза өзгеріссіз қалды |
Нұрболат Қайырбаев | 3 жыл | өзгеріссіз |
Жанат Тектіғұлов | 3 жыл 9 ай | 2 жыл 3 ай |
Мұханбет Шавлетов | 3 жыл | 1 жыл 6 ай |
Айбек Тілеуғазиев | 2 жыл 3 ай | өзгеріссіз |
Мұрат Қуанышев | 3 жыл 9 ай | 2 жыл 3 ай |
Руслан Дермұханов | 3 жыл 9 ай | 2 жыл 3 ай |
Бекжан Құлтаев | 3 жыл 9 ай | 2 жыл 3 ай |
Сергей Савченко | 3 жыл | 1 жыл 6 айға жеңілдетіп, амнистиямен босап шықты |
Амандос Есенғалиев | бас бостандығы 2 жылға шектеліп, амнистиямен босады | - |
АЙЫПТАЛУШЫЛАР ҮКІМДІ ОНЛАЙН ТҮРІНДЕ ТЫҢДАДЫ
Мұнай ұрлығына орай айыпталып, түрме жазасына кесілгендер апелляциялық алқаның үкімін тергеу изоляторында отырып тыңдады. Ол үшін изолятор мен сот залының арасында онлайн байланыс орнатылды.
Денсаулығына орай Ақтөбедегі теміржол ауруханасының арнайы күзетілетін палатасына орналастырылған айыпталушы Еркін Ізбасар да сотты онлайн жүйесімен қарап отырды. Апелляциялық алқаның қаулысы оқыла бастаған кезде Еркін Ізбасар екі қолын қайта-қайта сермеп отырған еді. Бірақ сот залына оның сөздері естілмеді.
Сотта "Төрт ағайынды" (Сот материалы бойынша, "мұнай ұрлау үшін ұйымдасқан қылмыстық топ" - ред.) тобының "жетекшісі" ретінде танылған Ізбасар қаулы оқылып біткенше қолына "естілмейді" деп жазылған қағаз ұстап отырды. Ауруханада Еркін Ізбасардың жанында анасы болды.
Үкім оқылып жатқан кезде сот залындағы әйелдердің кейбірі қыстыға жылап отырды.
- Ешқандай әділдік жоқ! Аяғымыз жеткен жерге дейін шағымданамыз, -деді көзінің жасын сығып алған айыпталушы Қалдымұрат Қартжанның әпкесі Самал есімді әйел.
Сот үкімі өзгеріссіз қалған, 8 жылға сотталған Болатбек Бекетовтің адвокаты Күләш Манько жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіретінін айтты.
- Бекетовтің "Төрт ағайындыға" еш қатысы жоқ. Тергеу айыпты әкелді де, мойнына іле салды. Ол ешқашан Ізбасарды да, Калиевті де көрмеген адам. 2003 жылы "Төрт ағайынды" құрылған кезде ол 18-дегі бала болды. Біреуге пышақ тығып алып, түрмеде отырды. Түрмеде 2003 жылдан бастап 2008 жылға дейін отырған. 2008-2011 жылдар аралығында жазасын шартты түрде өтеп, үнемі бақылауда болды, - дейді адвокат Күләш Манько.
Күләш Манько өз қорғауындағы Руслан Дермұханов пен Мұрат Қуанышевке қатысты үкімнің де "әділетсіз" екенін айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мұнай ұрлығы" ісі бойынша сотталушы өзін "қинағанын" мәлімдедіАпелляциялық сот алқасы "ұрланған мұнайды тасымалдаған" көлік жүргізушілерінің арасынан Сергей Савченконың жазасын ғана жеңілдетіп, түрме жазасын бас бостандығын шектеумен алмастырды. "Ұрланған мұнайды сақтады" деп айыпталған Адайбек Сәрсеновке сот 160 сағаттық қоғамдық жұмыс жазасын кесіп, артынша оның рақымшылық алғаны белгілі болды.