Андрей Булаваның ұлты – украин. Ата-анасы Қазақстанға Луганскідегі Кадиевка (Совет одағы тұсында Стаханов деп аталған) қаласынан жолдама бойынша тың игеруге келіп, осында қалып қойған. Қазір Кадиевка "Луганск халық республикасын" құрған сепаратистердің қолында. Андрей Алматы мен Киевтің арасында жүреді. Екі қалада да кәсібі бар. Қазір әйелі мен енесі Украинада қалған.
Андреймен қазақстандық суретшілердің қайырымдылық көрмесінде таныстық. Украинаға көмек жинау мақсатында ұйымдастырылған көрмеде отандық қылқалам шеберлерінің картиналары сатылды. Біраз уақыттан кейін Андреймен қайта жолығып, Украинадағы соғыс жөніндегі ойы, Кремль саясатын жақтаушылармен сөз таластыру себебі және Қазақстанның Ресей агрессиясының нысанына айналуы қаншалықты ықтимал екені жайлы сөйлестік.
"КРЕМЛЬДІ ҚОЛДАЙТЫН КӨП ДОСЫМНАН АЙЫРЫЛДЫМ"
Андрей Булава Қазақстанда білім беру саласында істейді: ол басқаратын фирма ірі компанияларға маман дайындаумен айналысады. Андрей бизнес процесі мен стратегиясын зерттеп, кәсіпкердің нарықтағы рөлін және негізгі қателігін анықтау өте күрделі әрі жан-жақты еңбекті қажет етеді деп есептейді. Соғыс басталмай тұрып кәсіпкердің Киевте де фитнес-индустрия саласында бизнесі болған.
– Соғыс басталған кезде Алматыда болдым. Әрине, соғыстан қашып құтыла алмайтынымызды білдім, бірақ көктемде басталатын шығар, оған дейін Киевке қайтып үлгерермін деп ойлағам. 24 ақпанда клиенттермен жиналыста отырып, үзіліс кезінде телефонымды қарадым… Ресейлік журналист Тихон Дзядко соғыс басталғаны туралы естіген кезде жүрегі айнығанын жазыпты. Менде де дәл сондай сезім болды, – дейді Андрей.
Андрей Булаваның әйелі мен енесі Украинада қалған. Әйелі еріктілер қатарында болған, бірақ анасының жағдайы нашарлаған соң, Киевтен кетуге тура келген. Қазір олар Украинаның батысында тұрып жатыр.
– Соғыс басталған кезде Украинаға қайтуды ойладым. Бірақ мұның еш мәні жоғын түсіндім. Әйеліммен ақылдасып, Қазақстанда қалғаным дұрыс деп шештік. Біріншіден, Украинаға барсам, аумақтық қорғаныс тобына қосыламын. Қазақстан заңы бойынша, өзге мемлекет аумағындағы әскери қимылдарға қатысуға құқығым жоқ, тек ерікті ғана бола аламын. "Қай жақта жүрсем, көбірек пайдам тиеді?" деп ойлану керек. Украинада ерікті боламын, Қазақстанда кәсібімді жалғастыруға мүмкіндік бар. Сондықтан осында қалуға бел будым. Қазір гуманитарлық көмек жіберумен айналысып жатырмыз, – дейді ол.
Андрейдің ата-анасы әлі Екібастұзда тұрады. Кәсіпкер оларды "теледидардың райынан қайтпайтын жанкүйерлері" деп аталатын буынға жатқызады.
– 2014 жылы Ресей Қырымды тартып алғаннан кейін ата-анаммен көп дауластым. Қазір соғыс туралы сөйлеспеуге тырысамыз. Бірақ соғыс басталған кезде анам хабарласып, "Кешір мені! Путин мен оның саясаты туралы дұрыс айтыпсың" деді. Бұл тақырыпты қайта қозғағым келмей, анамнан қай пікірімді дұрыс деп тапқанын нақтылап сұрамадым, бірақ ата-анаммен арамызда кикілжің бары сезіледі, – дейді Андрей Булава.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей әскері Донбассқа шоғырланды. Украина соғыстың жаңа кезеңіне қалай дайындалып жатыр?Андрей Қазақстанда Путиннің іс-әрекетін қолдап, Украинаны "нацистер" басып алған деп ойлайтын азаматтар көп екенін айтады. Кәсіпкер мұндайда үнсіз қалмай, адамдарға балама ақпарат беру әдістерін іздеу керек деп есептейді. Андрей Булава Ресей сияқты агрессор елмен көрші тұрудың қаупін, Қазақстан да Украинаның күйін кешуі мүмкін екенін ескертеді.
– Кремльді жақтайтын көп досымнан айырылдым. Бірақ қараңғыда жұлдыздар анық көрінеді ғой, санасы таза адамдар да кездесіп жатыр. Кешкісін жұмыстан кейін ойымды бөлу үшін моншаға барамын. Моншада ер адамдар сөйлесіп отырып, бандеровшылар туралы әңгіме бастайды. "Өміріңде тым болмаса бір бандеровшыны көрдің бе?" деп сұраймын. "Жоқ, көрмедім" дейді. "Онда бандеровшылар барын қайдан білесің? Жасың болса, жетпісте. Сен теледидар қарап отырғанда, біз балаларыңмен, немелеріңмен бір окопта жатып өлеміз. Өйткені ендігі кезек бізге келмек" деп түсіндіремін, – дейді Андрей Булава.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мәскеу шамданбасын деп..." Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткізу машақаты"ӨЗІҢЕ СҰРАҚ ҚОЯ БІЛ"
Андрей Булава жеке тәртіп пен келіссөздер тақырыбында тренинг жүргізеді. Сондықтан Украинадағы соғысқа да маман көзімен қарайды. Андрей Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерде ойын ережесін өзін сенімді ұстап, қорғаныс қимылдарын тоқтатпай келе жатқан украин тарабы белгілеп отырғанына назар аударады. "Ресейдің жіберген қателігі әлі ұзақ уақыт бойы өзіне қарсы жұмыс істейді" дейді Булава.
– Украинаның бұл келіссөздерге үлкен сеніммен қарамайтыны ұнайды. Олар Ресейдің басты мақсаты – Украинаның көзін жою екенін жақсы біледі. Кремльге тәуелсіз Украина керек емес, олар елді өзіне қосып алғысы келеді. Ресейдің негізгі мүддесі – осы, олар бұл мақсатын жасырып та отырған жоқ. Ендеше Украина олармен қандай келіссөз жүргізуі керек? Украина халқының бөтен ниеті жоқ. Ал Ресейдің Украинаның көзін жоюдан басқа мүддесі бар ма? Сондықтан қазір күн тәртібінде "Путин өз мүддесін өзгертуге дайын ба?" деген негізгі мәселе тұр. Мұның жауабы: жоқ. Путин райынан қайтпайды. Қарулы қақтығыс ұзаққа созылып кетуі мүмкін, ал соғыс Путин өлгенше жалғасады.
Андрей журналистерге зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын, өйткені қазір адамдар ақпарат құралдарынан естіген жаңалықтарына сүйеніп шешім қабылдайтынын, олардың қандай байламға келетіні журналистердің оқиғаны қалай жеткізгеніне байланысты екенін айтады.
– Неге Ресейде ақпарат таратуға шектеу қойылып жатыр? Өйткені қоғамға балама ақпарат беруге болмайды. Ақыл-есінен айырылған адам біреу айтпаса, жағдайының мүшкіл екенін білмейді. Ресейдегі туыстарына хабарласып, "бізді бомбалап жатыр" деген украиндарға жақындары "Өтірік айтасыңдар!" деп сенбегені жайлы қаншама хикая бар, – дейді ол.
Андрей Кремль, Путин, Ресейдің Украинаға шабуылы туралы сөз таластыратын адамдардың үш түрі бар дейді: индоктриналық ("доктрина" сөзінен алынған) – ойы өзгермейтіндер, күмәнданып жүргендер (олар теледидардан жалған ақпарат берілуі мүмкін екенін түсіне бастаған), үшінші топ өкілдерінің сындарлы ойлау қабілеті жоғары, сондықтан олар сұрақ қояды.
– Путинді жақтайтындармен сөйлескенде "Бұдан саған не пайда? Қырым сенікі делік, ары қарай не істейсің? Қырымға барып, еркін демала аласың ба?" деп сұраймын. Жоқ. Адам өзіне сұрақ қоя білуі керек. Сындарлы ойлау қабілеті бар адамның ғана ойын өзгертуге болады. Ал сындарлы ойлау – әр фактіге күдікпен қарау деген сөз. Ендеше неге бір фактіге күмәнмен қарап, екіншісіне имандай сенесің? – дейді Андрей Булава.
Андреймен жұрттың бір бөлігі, әсіресе аға буын өкілдерінің көбі аңсайтын, халықтың санасында өзіндік із қалдырған Совет одағын да талқыладық. Булаваның пікірінше, халықтың көбі СССР ыдыраған кезде қандай сыйға ие болғанын әлі түсінбей жүр, міне сондықтан да Совет одағы әлі толық тараған жоқ деуге болады, қазір біз оның "өлер алдындағы жанталасына" куә болып отырмыз.
– Одақ әлі тарап жатыр, процесс аяқталған жоқ. Шешенстан, Грузия мен Украинадағы соғыс – осы циклдің жалғасы. Мәселе біздің СССР-дің тарауына қол жеткізіп, одан кейінгі оқиғалардың ауқымын бағалай алмағанымызда болып отыр. Қазір адамдар бұл мұраның көзін жойып, бәрін тыныш әрі қантөгіссіз жүргізу керегін түсінгені жөн. Босанған әйелдер небір қиындықтан өтіп, ана атанатыны секілді біз де дағдарыстарды жеңу арқылы өзгереміз, – дейді Андрей Булава.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оккупанттар зорлаған 14 жасар қыз қазір жүкті". Украинада Ресей әскерилерінің әйелдерді зорлағаны айтылды