1 қыркүйекте парламент мінберінен Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі тіл саясаты жайлы сөзі "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай" жүруге тырысқан адамның әрекетіндей әсер қалдырды.
Әуелі "Ата заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл – қазақ тілі" бар деп қазақша сөйлеген ол сөзін орыс тілінде жалғастырып:
– Орыс тіліне ресми мәртебе берілген. Біздің заңымыз бойынша, оны қолдануға бөгет жасауға болмайды, – деп мәлімдеді.
Іле-шала қайтадан қазақ тіліне көшіп:
– Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әр азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады, – деді.
Тоқаевтың бұл сөзі Қазақстан қоғамында тіл мәселесі қызу талқыланып жатқан тұста айтылды. Бұған қоса кейінгі кезде көрші Ресейде Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да "орыстар қысым көретіні" жайлы риторика жиі айтылын жүр.
МӘСКЕУЕГІ БОЛЬШЕВИКТЕР АКЦИЯСЫ
25 тамыз күні Мәскеудегі Қазақстан елшілігі алдына "национал-большевик" дегенді білдіретін "НБ" деген жазуы бар сары кеудеше киген бірнеше адам келді. Олар елшілік алдында өткізбек болған акциясын "Ақылынан адасқан Қазақстан" деп атаған.
Шараны ұйымдастырушылар қазақстандық екі белсенді мен шенеуніктің суретін, олардың орыс тілі жайлы айтқан сөзі жазылған үш плакат алып келіпті. Бірінде – Қазақстанда көпшілік орында қазақша қызмет көрсетуді талап етіп, видео түсіретін белсенді Қуат Ахметовтің суреті бар. Және де оның: "Орыстар – гастарбайтер. Себебі олар өзі тұратын елдің тілін білмейді" деген сөзі жазылған.
Плакатта үлкен қаріппен "Русофобияға жол жоқ!" деп жазылыпты.
Акцияны өткізуге келгендер – орыс жазушысы, Қазақстанның солтүстігін Ресейге қосып алу жайлы ұсыныстарымен атышулы Эдуард Лимоновтың "Басқа Ресей" тіркелмеген партиясының белсенділері.
– Акция мақсаты – мына көше бойымен өткен әр орыс азаматына Қазақстан билігінің орыстар мен орыс тіліне деген шынайы қатынасын көрсету. Осы шара арқылы Ресей сыртқы істер министрлігін бұл жағдайға араласуға, русофобияға қатаң реакция танытуға үндейміз, – деді белсендінің бірі.
Кейіннен олар шара туралы ресми сайтында: "Қазақ ұлтшылдарын бүгін тоқтатпасақ, ертең олар украин коллаборационистерінің баламасына айналады" деп жазды.
Жиынға Қазақстан билігі реакция білдірген жоқ. Мәскеу де бұл акция туралы ешқандай мәлімдеме жасамады.
ҚУАТ АХМЕТОВТІҢ ЕЛДЕН КЕТУІ
Мәскеудегі национал-большевиктер құлағын шулатқан қазақстандық белсенді Қуат Ахметов қазір Қазақстанда емес. Ол 29 тамыз түнде Ақтаудан шетелге ұшып кеткен.
Оның адвокаты Абзал Құспан белсендіні елден кетуге "Қазақстан билігінің қудалауы итермелегенін" айтады.
– Ахметовтің белсенділігін шектеудің бірінші амалы ретінде билік әкімшілік іс қозғады. Келесі қадам қылмыстық іс қозғап, Ахметовті қамау болатын. Сол үшін Қуаттың елден кеткені дұрыс деп шештік, – дейді Құспан.
19 тамызда Алматы полициясы көшеде баласымен кетіп бара жатқан Қуат Ахметовті бөлімшеге әкетіп, әкімшілік іс бойынша оған 145 850 теңге (340 долларға жуық) айыппұл салған. Полиция оны "тіркелмеген бірлестік қызметіне араласты" деп айыптады.
Белсендіні жауапқа тарту мұнымен біткен жоқ. 24 тамызда Қазақстан Бас прокуратурасы Ахметовтің видеолары бойынша Қылмыстық кодекстің "ұлт араздығын қоздыру" бабымен (174-бап) іс қозғалғанын хабарлады. Прокуратура Ахметов бастаған қозғалыстың видеоларында "ұлт араздығын қоздыру белгілері бар" деп тапқан. Қазір бұл істі Алматы қаласының полиция департаменті тексеріп жатыр.
Егер белсенді бұл іс бойынша кінәлі деп танылса, билік оған 20,5 миллион теңге айыппұл салуы, не 2-7 жылға бостандығын шектеп, я тап сондай мерзімге түрмеге жабуы мүмкін.
Қуат Ахметовтің түсірген видеолары үшін 13 тамызда Ресей сыртқы істер министрлігі оны алдағы 50 жылда Ресейге кіре алмайтындай етіп қара тізімге енгізген. Адвокат Құспан Қазақстан билігінің белсенді Ахметовті қудалауына "Ресей ықпал етіп отыр" деп санайды.
– Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тұғырына қондыру деген бір-ақ мақсаты бар. [Ахметов] тек заң шеңберінде әрекет етті. Көршінің қас-қабағына қарап, тіл мәселесін қашанғы кейінге ысыра беруге болады? Бұл жағдай Қазақстанның Ресей ықпалынан шыға алмай отырғанын, 30 жыл бұрын алған Тәуелсіздігіміз, Конституциямыз – бәрі құр қағаз екенін көрсетеді, – дейді Абзал Құспан.
КРЕМЛЬДІҢ "КАРТАСЫ"
Биыл тамыздың ортасынан бастап Қазақстан Ресейдегі федералдық телеарна мен сайт, газет-журналдар бетінен түспейтін болды. Оған "Til Maydani онлайн партиясының" YouTube арнасындағы видеолары себеп болған. Бірнеше белсенді Қазақстанның ірі қалаларындағы сауда орындары мен мемлекеттік мекемелерді аралап, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен еді.
Ресей билігі мұны "орыстар мен орысша сөйлейтіндерді жек көру" деп бағаласа, ресейлік федералдық арналар Қазақстанды "дереу жөнге салуға" үндеді.
– Біздің адамдарды қазір барлық жерде ренжітіп жатыр ғой. Қазақстандағы бір нақұрыстың түсіріп жүрген видеолары шығып жатыр, – дейді кремльшіл журналист Владимир Соловьев.
Тағы бір тілші федералдық арна хабарында:
– Мұндайға жол бермеу керек. Әсіресе, Қазақстанда. Қазақстан, Украина, Белоруссия, Ресей – тарихи тұрғыдан ең алдымен Ресей империясының жерлері, – деді.
"Қазақстан элитасында орыстарға қарсы ұлттық-либерализм лоббиі бар. Тұрмыста, мектепте орыс тіліне қарсы демарштар нақты бір орталықтың шарасына ұқсайды. Бұл орталықты Батыс қолдап отыр" деп жазды ресейлік сайт.
Тағы бір ақпарат агенттігі "тіл патрулі болып жүрген белсенді Қуат Ахметовтің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен тікелей байланысы барын" хабарлады. Ресейлік саясаттанушы "елде орыс тілі көбірек қолданылатынын айтып", Қазақстан билігін қазақ-орыс тілдерінің "мәртебесін теңестіруге" шақырды.
Федералдық басылымдар Қазақстандағы "орыс тілінің мәселесі" жайлы Ресей сыртқы істер министрлігіне қарайтын, президент қарамағындағы "Россотрудничество" агенттігінің мәлімдемесінен соң жаппай жаза бастады. 11 тамызда агенттік баспасөз қызметі Қазақстан мен Қырғызстанда "орыстар мен орысша сөйлейтіндерге шабуылдаған" жайттар болғанын айтып, мұны "қауіпті тенденция" деп бағалаған.
Кейін жағдайға Ресей сыртқы істер министрлігі де араласты. 19 тамызда министрліктің ресми өкілі Мария Захарова "Ресей Орталық Азияның кейбір елдеріндегі орыс тілінде сөйлейтін жұртты кемсітуді көріп-біліп отыр" деп мәлімдеді.
– Ресей мұндайға жол бермейтін қадамдарға барады, – деді Захарова.
Ресейлік "Новая газета" тәуелсіз басылымының саяси шолушысы, журналист Вячаслав Половинко мұндай мазмұндағы хабардың көбеюін "Кремльден түскен тапсырма" екеніне шәк келтірмейді. Бірақ Половинко мұны "сайлау қарсаңындағы уақытша науқанға" жатқызады.
– Бірнеше аптадан соң Ресей мемлекеттік думасын сайлайды. Кремль мұндайда "ұлттық карта" сөзсіз сәтті жұмыс істейтінін біледі. "Үй-жайыңды жақсартамын" деу – қу шөппен ауыз сүрту. Ал "біздің адамдарымызды ұрып жатыр" десең, мүлде басқаша әсер етеді. Сайлау қарсаңында әлі нақты шешім қабылдамаған адамда бірден: "Айнала толы – жау. Ресейдің ту сыртынан қанжар қадағысы келеді. Демек қазіргі биліктің маңайына топтасу керек" деген ой қалыптасады. Кремльдің көздегені осы, – дейді журналист.
НҰР-СҰЛТАН ЖАУАБЫ
Мәскеу мәлімдемелеріне Нұр-Сұлтан ресми түрде алғаш рет 12 тамызда жауап қатқан.
"Жабайы ұлтшылдық", "бірді-екілі адамның бейадекват әрекеті", "полиция құқықтық баға береді" – мемлекеттік арнаға берген сұхбатта айтқан осындай сөзі үшін Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев ел ішінде сынның астында қалды.
Бірақ қазақстандықтар Абаевтың мәлімдемесі ел ішіне емес, Нұр-Сұлтаннан жауап тосып отырған Мәскеуге бағытталғанына сенімді болды.
– Мұндай реакцияны Татарстан немесе Қалмақ Республикасы білдірсе, түсінуге болар еді. Онысы "Ресей құрамындағы мемлекет қой, федерацияда қалуды көздейтінін, ешбір сепаратистік ойы жоғын көрсетуге тырысып жатыр" деген логикаға келеді. Ал Қазақстанның жауабы тәуелсіз мемлекеттің, стратегиялық сенімді серіктес елдің реакциясына ұқсамады, – дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.
Биыл тәуелсіздік алғанына отыз жыл толса да, Қазақстан ішкі-сыртқы саясатта әлі күнге дейін Кремль ықпалымен әрекет етеді дейді сарапшылар.
Нұр-Сұлтан Мәскеу басқаратын екі ұйымға – Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Еуразия экономика одағына мүше. Сондай-ақ Кремльдің ықпалы зор Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына да кіреді.
Ресей Қазақстан нарығын тауармен қамтитын елдер көшін бастап тұр. Қазақстан да Ресейді ең басты экономикалық серіктесі көреді. Екі елді бөліп жатқан жеті мыңдай шақырымға созылған шекара әлемде құрлықтағы ең ұзын шекара саналады. Сондықтан Қазақстан, саясаттанушы Виктор Ковтуновскийдің сөзінше, Мәскеу алдында тым қауқарсыз.
– Біріншіден, Қазақстан әлі күнге дейін Ресей ақпаратының ықпалында. Ресей пропагандасы қоғамымызға қатты әсер етеді. Екіншіден, елде Ресей билігіне іштартатын орысша сөйлейтіндер я славян диаспорасы бар. Оның үстіне экономикамыз тәуелді екенін де ескеріңіз. Экспортымыздың көбі Ресей аумағынан өтеді емес пе? – дейді ол.
Ковтуновский Абаев мәлімдемесін дұрыс деп есептейді.
– Бірер минутта-ақ әлеуметтік жағдайды шайқап, ұлтаралық қақтығыс тұтатып жіберуің мүмкін. Бұлай болмайды. Билік Қазақстанның Ресейге тәуелді екенін ескеріп, осылай әрекет етуге мәжбүр. Ресей билігі қатаң реакция танытуға әзір отыр. Сондықтан барынша сақ болуымыз керек. Интервенцияға, "жасыл киімді жауынгерлер" елімізге кіруіне себеп тауып беруіміз мүмкін. Иә, ол басқа елдің ішіне араласу болады. Бірақ амал бар ма? Ресей сондай саясат жүргізіп отыр, – дейді саясаттанушы.
"ҚОРҒАЙТЫН" – КРЕМЛЬ, "ҚОНАТЫН" – МӘСКЕУ
Ресей шенеуніктерінің Қазақстан жері жайлы былтыр айтқан сөзін қазақ қоғамы әлі ұмыта қойған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Демарш және Еуразияшыл билікке ескерту". Ресей депутаттарының мәлімдемесін сарапшылар әркелкі бағалайды2020 жылы желтоқсанда Ресей мемлекеттік думасы депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоров Қазақстан жерін Ресей мен Совет одағының "үлкен тартуы" деген. Қазақстан сыртқы істер министрі мұны "бос сөз" деп, қарсылық нотасын жіберді. Мәскеу оған жауап бермеді.
Депутаттар сөзі Қазақстанда сынға ұшырап, бірнеше қалада митингілер де өтті. Нұр-Сұлтан да, елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та "бұл ресми Мәскеудің позициясына сай келмейтінін" айтқанымен сарапшылар депутаттар сөзін Кремльдің "империялық месседжіне" балады.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің пікірінше, қазіргі Путин режимі мен оның айналасындағы азаматтар өз рейтингін көтеріп, халықтың кейбір тобына жағу үшін мұндай мазмұндағы сөзді алда да айта бермек.
– Бір нәрсе анық: Путиннің авторитар режимі сақталатын болса, мұндай ақпараттық шабуылдар міндетті түрде болады. Бірнеше жыл бұрын "Қазақстан мемлекеті болмаған" дегендей мәлімдеме жасалды. Олай деп Путиннің өзі де айтты. Бұл – билігін күшейту, ары қарай ғұмырын ұзарту үшін жасалып келе жатқан тәсіл. Қырым [аннексиясынан] кейін мұндай тәсіл жұмыс істейтініне Кремльдің көзі анық жетті, – дейді Нұрсейіт.
Тіл мәселесін шешуде "агрессия мен популизмді қолдануға" саясаттанушы қарсы.
– Қазақ тілінің мәселесін шешуде заң аясынан аспау керек, – дейді ол.
Бірақ, Нұрсейіттің сөзінше, Ресей мәлімдемелеріне реакция танытуда Нұр-Cұлтан Мәскеуге "әріптес, бірақ тәуелсіз ел екенін көрсетуі керек". "Бұл мүмкін бе?" деген сұраққа ол былай жауап берді:
– Украинада [бұрынғы президент Виктор] Янукович төңкеріс кезінде бірден Ресейге қашты. Александр Лукашенко да Кремльге сығалап отыр. Қырғызстанның бұрынғы президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевті кетірген революциялардан кейін Қазақстан билігіндегі топ Ресейді өзін төңкерістен қорғайтын сыртқы күш ретінде қарастыра бастады. Қазақстанда революция болуы неғайбыл. Бірақ "сын сағатта көмек беретін – Кремль, Қазақстаннан ұшқан ұшақты қабылдайтын әуежайлар Мәскеуде" деп ойлайды. Оның үстіне, екі елдегі ірі олигархтардың бірлескен бизнестері бар. Сондықтан Ресейдің империялық мәлімдемелеріне қарамастан, екі елдің байланысы нығая береді. Абсолют билікке үйренген авторитардың – мейлі Назарбаев болсын, басқа президент болсын – Мәскеуге жалтақтағысы жоқ. Бірақ бір көзі Ресейде болады. Таразының бір басында – мемлекет мүддесі, екінші басында жеке басының қауіпсіздігі тұрса, біздің билік, өкінішке қарай, өз қауіпсіздігін таңдайды. Бұл – қауіпті тенденция. Саясиланған экономикалық интеграция жалғаса берсе, ортақ валюта, ортақ парламент деген дүниелер құрылуы да мүмкін. Бұл Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп төндіреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Отқа май құю". Ресей депутаттарының Қырғызстандағы оқиғаны дауға айналдыруы"Ресей "отаршыл" деген сөзден қашады". 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі зорлық-зомбылық пен аштық "Көп жерімізден айырылдық". Путин "Ресейдің сыйлығы" жайлы тағы айтты