Қарашаның 29-ы күні Өзбекстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының екінші консультативтік кездесуі деп аталатын саммит басталды. Бұл жиынға Қазақстаннан қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев емес, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ташкентке жұмаға қараған түні ұшақпен барған Назарбаевты әуежайда Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов қарсы алды.
Өзбекстан ресми баспасөзі Ташкенттегі саммитке қатысуға Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов келгенін хабарлады. Өзбекстан президентінің ресми сайтында жарияланған ақпаратта Назарбаевты "Қазақстан республикасының тұңғыш президент - елбасы" деп көрсеткен.
Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан, бірақ әлі де билікке ықпал ететін құзыретке ие. Өзі президенттіктен кетпей тұрып заңға енгізген өзгертулерге сәйкес, "Нұр Отан" партиясының 79 жастағы төрағасына Қазақстан Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілген. Заң бойынша, Қазақстанда маңызды мемлекеттік қызметке тағайындауға Қауіпсіздік кеңесінің келісімін алу керек. Бұған қоса Назарбаевқа елбасы (ұлт лидері) деген ерекше атақ берілген. Заңға сәйкес, оның өзін және отбасы мүшелерін азаматтық немесе қылмыстық жауапқа тартуға тыйым салынған.
Назарбаев бұған дейін де бірнеше рет шетелге ресми сапармен барған. Қазанның ортасында ол Әзербайжан астанасында өткен Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің саммитіне қатысты, оған осы кеңестің өмір бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілді. Қазанның 21-і күні Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысқан шетелдік лауазымды қонақтар арасында Назарбаев та болды. Экс-президентінің баспасөз хатшысы Назарбаев "Жапония үкіметінің шақыруы бойынша" барды деп хабарлаған.
Сәуір айында Назарбаев Пекинде өткен "Бір белдеу – бір жол" форумына қатысып, Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездескен.
Орталық Азия елдері басшыларының кездесуіне Қазақстан атынан президент Қасым-Жомарт Тоқаев неге бармады? Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатына қалай араласып отыр? Азаттық тілшісі бұл сауалдарды бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевқа қойған еді.
Қазбек Бейсебаев: Қазақстан конституциясы бойынша сыртқы саясатты жүргізетін және оған жауап беретін бір ғана жоғары лауазымды тұлға бар. Ол – мемлекет басшысы, Қазақстан президенті. Президенттің тапсырмасымен сыртқы саясат бойынша істерді сыртқы істер министрі ғана жүргізе алады.
Ал бұл жолы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жиынына қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Назарбаевтың барғаны, қалай болғанда өте түсініксіз жайт. Оның үстіне Назарбаевтың жанында Қазақстанның сыртқы істер министрі жүр. Бұл - Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Назарбаевқа президент ретінде қарайтынын білдіреді. Хаттама бойынша Өзбекстан да сол деңгейде қабылдап, әуежайға премьер-министрін жіберіп құрмет көрсетті.
Азаттық: Қазақстан президенті Тоқаев неге бармады Ташкентке? Ол алдында ғана Бішкекте болды. Қырғызстанға Тоқаевпен бірге барған сыртқы істер министрі Назарбаевпен бірге Ташкентке кетіп қалды.
Қазбек Бейсебаев: Мен соны еш түсіне алмадым, қисынға келмейді. Тоқаев өзі кәсіби дипломат қой. Мұндай нәрсені жақсы біледі.
Азаттық: Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Назарбаевтың Ташкентке сапары жайлы хаттаманы келіскенде Назарбаевты қандай деңгейде күтіп алған жөн болатыны жайлы ұсыныс бере ме?
Қазбек Бейсебаев: Әрине, оның бәрі алдын ала келісіледі. Қандай көлікпен күтіп алады, құрметті қарауыл қойыла ма, қыздар нан алып шыға ма, жоқ па деген мәселенің бәрі алдын ала келісіледі.
Азаттық: Назарбаев президенттіктен кеткен соң шетелге бірінші рет сапарлаған жоқ. Әуелі Қытайға, содан соң Жапонияға барды емес пе?
Қазбек Бейсебаев: Оның жөні басқа. Біріншіден, Назарбаевтың президенттіктен кеткені кеше ғана болғандықтан және көп жыл бойы Қытаймен байланысты жүргізіп келе жатқандықтан Қытай оны президент болмаса да құрметтеп шақырды деуге болады. Оның үстіне өзге елдерге жасалатын сапарлар алдын ала бірнеше ай бұрын келісіліп, хаттамасы бекітіледі. Ал Жапонияға таққа отыру рәсіміне барды. Оған президенттің баруы шарт емес.
Азаттық: Бірақ Назарбаевтың Жапонияға сапары кезінде жанында Қазақстан сыртқы істер министрі жүрді ғой?
Қазбек Бейсебаев: Иә, бұл басқа мәселе. Егер сыртқы істер министрі Назарбаевпен бірге бармаса ешқандай сұрақ тумас еді. Бұл - сыртқы істер министрлігінің Назарбаевты Қазақстан президенті ретінде санайтынының тағы бір көрінісі. Жанында сыртқы істер министрі жүргендіктен Назарбаевтың Жапонияда сөйлеген сөздері Қазақстанның сыртқы саясаты мен ұстанымын білдіреді. Ол осы сапарында Украина президенті Владимир Зеленскийге "Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын мойындайды" деп айтты, сонымен қатар Зеленскийді Путинмен Қазақстанда келіссөзге шақыру жөнінде бастама көтерді. Ал бұл халықаралық дипломатиялық практикада Назарбаевтың жеке өзінің емес, Қазақстанның ұстанымы мен бастамасы ретінде қабылданады. Өйткені Назарбаевтың жанында Қазақстан сыртқы істер министрі отырды.
Азаттық: Бәлкім "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы туралы" заңда Нұрсұлтан Назарбаевқа мұндай өкілет берілген шығар?
Қазбек Бейсебаев: Ондай өкілеті жоқ. Кеңес сыртқы саясатпен тікелей шұғылдана алмайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тұңғыш президент - Елбасы". Мемлекет үшін маңызы қандай?Азаттық: Назарбаевтың Тоқаевпен қатар шетелге сапарлап жүргені шетелде қандай түсінік қалыптастыруы мүмкін?
Қазбек Бейсебаев: Осыған ұқсас жағдай Сталин өлгеннен кейін болған еді. Сталиннен кейін Георгий Маленков үкімет төрағасы болды, Никита Хрущев компартияның бірінші хатшылығын алды. Кейін екеуінің арасында талас болып, екеуі Делиге барғанда Үндістан қайсысын бірінші басшы ретінде қабылдарын білмей басы қатқан. Кейін екі қызметті біріктірді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі шетелге кімді бірінші тұлға деп көрсетіп отырғаны түсініксіз.
Ал қазір Қазақстанның сыртқы істер министрлігі шетелге кімді бірінші тұлға деп көрсетіп отырғаны түсініксіз. Ташкент сапарына қарағанда басты тұлға Назарбаев сияқты болып тұр. Елдің ішінде қос билік пе, басқа ма деген дау жүре беруі мүмкін. Бірақ шетел олай қарамайды. Олар кіммен келіссөз өткіземіз, бірінші адам кім деген мәселені анықтап алады.
Азаттық: Нұрсұлтан Назарбаев ішкі саясатқа да араласатыны байқалады. Таяуда Жоғарғы сот төрағасын қабылдады. Жоғарғы сот төрағасы Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ме?
Қазбек Бейсебаев: Жоғары сот төрағасының Қауіпсіздік кеңесіне қатысы жоқ. Оған Назарбаев тапсырма бере алмайды. Бұл қазіргі түсініксіз жайттардың тағы бірі. Мемлекеттік органдар кімге бағынарын білмейді. Назарбаев облыс әкімдерін шақырып алады. Жарайды, оларды "Нұр-Отан" партиясының облыстық филиалының басшысы ретінде шақырып, тапсырма береді делік. Ал министрлер ше?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тоқаев өзіне қойылған шартты ғана орындап отыр"Назарбаевтың өзі "бізде қос билік жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, оған көмектесуіміз керек" деп бірнеше рет айтты. Бірақ іс жүзінде өзі керісінше жасап отыр. Қазір "қос билік орнады ма" дегеннен гөрі "билік Назарбаевтың қолында қалды" деген күдік күшейіп тұр. Егер, Назарбаевтың Ташкент сапары болмаса басқаша айтар едім, ал бұл сапары бәрін басқаша көрсетіп отыр.
Азаттық: Нұрсұлтан Назарбаев президент кезінде мінген ұшағын Қасым-Жомар Тоқаевқа бермеген деген ақпараттар шықты. Беруге тиіс пе еді?
Қазбек Бейсебаев: Президент ұшағы бейресми түрде "№1 борт" деп саналады. Бірақ Тоқаев билікті алғанда шығарған бірінші қаулысында "бірінші президенттің инфрақұрылымы өзінде сақталады" деген болатын. Сондықтан бұл алдын ала келісілген мәселе болуы мүмкін. Дегенмен ұшақ жай ғана мәшине емес қой.
Азаттық: Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда реформа жасай алатындай мүмкіндігі бар ма?
Қазбек Бейсебаев: Тоқаев реформа жасағысы келсе, билікті түгел қолына алуы тиіс. Сонан кейін ғана өзі ойлаған реформаларды жүзеге асыра алады.