ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ КІТАП
Британдық Spectator журналында жарық көрген "Қазақстанның жер көлемі Еуропамен пара-пар, бірақ ол туралы ештеңе білмейміз" атты мақалада Орталық Азия тақырыбы бойынша жазатын журналист Джоанна Лиллистің Қазақстан туралы "Қою көлеңке" (Dark Shadows) кітабына пікір жазылған. Басылым бұл Қазақстан туралы жазылған "дана, сергек және әшкерелеуші әрі өте нәзік" шығарма деп баға берген.
Spectator-дың жазуы бойынша, кітаптағы кейіпкерлерді "ойдан шығару мүмкін емес", онда автор ядролық сынақтан зардап шеккендер, қан құю арқылы ВИЧ-инфекциясын жұқтырған балалар, "қашар алдында миллиардтаған ақшаны ұрлап кеткен" Мұхтар Әблязов туралы баяндайды.
Әблязов бұрынғы серіктесіне (Ержан Тәтішев - ред.) қарағанда алдын болжай білген. Тәтішевтің қасқыр аулап жүріп қаза табуын америкалық дипломаттар "ақылға сыймайтын жағдай" деп атайды (олардың хаттары WikiLeaks-те жарияланған). Spectator түйіндеуінше, осының бәрі расымен де "қою көлеңке" деп атауға тұрарлық.
Кітап презентациясы туралы Twitter-дегі хабарлама
Бірақ басылымның жазуынша, "шоудың жұлдызы – ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, ол Совет Одағы мен Ресейдің Лениннен басқа басшыларының бәрін есте сақтайтындай дәрежеде өмір сүрді. Назарбаев – Қазақстандағы жеңімпаз тұлға, президент сайлауында оған тіпті қарсыластары да дауыс береді (тұрғындардың 95 пайыздан астамы дауыс береді)" деп басылым осылайша Лиллистің кітабынан үзінді келтірген.
"Назарбаев – саналы ойға жүгінетін адам, 1980 жылдардың ортасынан бастап қажет кезде қажет сөзді айтып келеді" деп журналист "Оның орнына кім келеді?" деген ең маңызды сауалға жауап іздейді. Автордың пікірінше, "мұрагер таңдау емес, биліктің ауысуы қиындық тудырады".
"Бұл биліктің не үшін соңғы амалдарға жиі жүгінетінін, тіпті күлкілі әрекеттер жасап, өзгеше ойлайтындарды, кез келген оппозицияны басып тастауға тырысатынын түсіндіре алады. Газеттер жұмысын тоқтатпас үшін атауын жиі ауыстыруға мәжбүр" деп жазды Лиллис.
Кітап авторы Ресеймен қарым-қатынасты да қозғайды.
"Қазақтардың совет билігі кезінде көрген қасіретін сөзбен жеткізу қиын. Мәскеуге бағынған Қазақстаннан басқа ешбір мемлекет осындай демографиялық және лингвистикалық төңкерісті бастан өткермеді, Қазақстанда тұрғындардың үштен бірі әлі күнге дейін қазақша сөйлемейді" дейді автор.
"Осындай кереғарлық пен қиындықты бастан өткерген мемлекетке үстірт қарап (әсіресе, өтпелі кезеңде) түсіну қиын. Әлемнің өзгеруін түсіну үшін Қазақстан туралы кітап оқу керек емес, бірақ "Қою көлеңке" кітабын оқу арқылы Орталық Азияның 21-ғасырдағы маңызын түсіне аласыз" деп түйіндейді Spectator.
"БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР" ЕАЭО
Британдық Financial Times газетіне "Еуразия экономикалық одағы (емес)" деген мақала жарияланды, онда автор құрылғанына төрт жыл болған Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения мен Қырғызстан одағы жайлы пікір білдіреді.
"ЕАЭО – Ресейдің аймақты саяси болмаса экономикалық күш ретінде қайтадан советтендіру талпынысы деген пікір кең тараған. Расымен де, кейбір батыс бақылаушыларының пікірінше, ЕАЭО Ресей үшін өз мүддесін алға тартуда сәтті құралға айналған: құрылғанына төрт жыл ғана болған одақ экономикалық интеграцияда таң қаларлық табысқа жетті, бәсекелесі Еуропа одағына қарағанда тауар, капитал айналымы мен адамдардың еркін жүруіне жылдам қол жеткізді" деп жазды Financial Times.
Бірақ бұған қарамастан сарапшылар ЕАЭО "СССР-дің жаңа үлгісіне" айналуы мүмкін деген болжаммен келіспейді. Оған Ресейдің ішкі мәселесі ғана себеп емес, одаққа кіретін елдердің "ортақ сипаты аз" дейді автор.
"Одақтағы маңызы жағынан екінші орын алатын" Қазақстан туралы айтқан авторлар Батысқа санкция салып, ЕАЭО-ға ресейлік құқық үлгісін қолданған Мәскеумен Назарбаевтың келіспегенін де атап өтеді.
"Оған қоса, Қазақстан Ресейдің этникалық орыстар көп тұратын Солтүстік Қазақстанға қатысты қоқан-лоқысына алаңдайды. Мұнай бағасының арзандауынан туындаған Қазақстанның ішкі экономикалық проблемалары Ресейдің "шетелдік авантюризмін" ушықтырды, соның нәтижесінде теңге де құнсызданды" деп жазды басылым.
Арадағы келіспеушілікке әсер еткен сыртқы фактор ретінде басылым Қытайды атайды.
"Қазақстан - Қытай капиталы үшін қолайлы орынға айналды және ["Бір белдеу - бір жол" жобасының] ірі бенефициары. Мемлекет Пекиннің бұл жобасын "Нұрлы жол" атты амбицияға толы экономикалық даму бағдарламасына шетелден капитал тартудың көзі ретінде қарастырады. <…> Ресейді инвестиция көлемі жағынан Қытаймен салыстыру қиын" делінген мақалада.
ЛАСТАНУ ҚАУПІ БАР МА?
Британдық Reuters агенттігінің сайтында Қызылорда облысына жақын Шиелі ауылы маңында жаңа цемент зауытының ашылуына қатысты пікір берілген.
Көбі оны жаңа жұмыс орны құрылады және мұнай мен уран секторын қажетті материалмен қамтамасыз етеді деп қуана қабыл алған. Бірақ мақалада Қытайдың артық өндірістік қуатын "қоршаған ортаны қатты ластайтын салаға" жұмсап жатқаны айтылады.
"Қытай мемлекеттік басылымында жарияланған материалдарға сенсек, ауаны ластамас үшін билік жүздеген цемент зауытын жапқан. Қытай цемент қауымдастығы 2020 жылға қарай 400 миллион тонна қуат (жалпы көлемнің оннан бірі) кемиді деп мәлімдеді. Қытай компаниялары "шетелде салып жатқан зауыттарға жаңа технологияларды қолданамыз, оларға қажетті сүзгі орнатылған, қоршаған ортаны қорғаудың жергілікті талаптарына сай" деп мәлімдейді. Бірақ экологтар Қытайдың тез индустриялануына байланысты ластану проблемасын да "экспорт жасап жатқанына" алаңдайды" дейді Reuters.
Қазақстандық "Тәжірибелі экологтар қауымдастығы" тобына сілтеме жасаған Reuters "Қазақстанда Еуропа одағы мен Қытайдағы сияқты ластанудың бірегей ұлттық стандарты жоқ" екенін айтады. Сондықтан "цемент пешінен шыққан сынап қалдығын бақылай алмайды" дейді.
"Осындай айырмашылықты есепке алған Қытай үшін "Бір белдеу - бір жол" жобасы аясында цемент зауыттарын Қазақстанға көшірген тиімді, онда цементке қажетті шикізаттар – карбонат пен кремнеземнің мол қоры бар" деп жазылған "Тәжірибелі экологтар қауымдастығының" хатында.
"ШАЛҒАЙДАҒЫ ҚҰРҒАҚ ПОРТ"
New York Times-та жарияланған "Қытай шалғайдағы елді мекенді әлемдік экономиканың кіндігіне айналдыра ала ма?" атты мақалада тілші Бен Моктың Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан Қорғас құрғақ портына сапары баяндалады.
Бен Моктың айтуынша, бұл жерде Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" мега бастамасы бойынша "әлемдегі ең ірі инфрақұрылым жобаларының бірі қарқын алып келеді". Осындай "жаңашыл аванпостқа" сапар шеккен Мок "Бір белдеу - бір жолға" барынша жақындап, жобаның қалай жүзеге асып жатқанын" бағалауға тырысқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай жобасының жемқорлыққа қатысыNYT дерегінше, қазіргі кезде Қытай бұл жобаға 200 миллиард доллар жұмсаған. Пекин "бүкіл әлемдегі жүздеген жобасына триллион доллар көлемінде ақша бөлуге дайын екенін меңзеп, Маршалл жоспарын күл-талқан етпек ниеті бар екенін білдірді. Егер барлық қатысушы елдердің инвестициясын қосса, сома сегіз триллионға жетеді" дейді басылым.
Басылым жазуынша, Қытай мен оның басшысы Си Цзиньпин бұл жобаны жаһандану символы және әлемдік даму нұсқасы ретінде ұсынады, одан "барлық тараптың ұтатынын" айтады. Ал сыншылар "Бір белдеу - бір жол" бастамасын колониализмнің жаңа түрі немесе "серіктестерін "қарызға батырып, орға тастайтын" дипломатиялық стратегия" деп те атайды.
"Қытай өтімділік тапшылығынан зардап шеккен елдерді инфрақұрылым жобаларымен арбайды, бірақ ол жобалар Қытай берген несиені жабуға жетерліктей табысты ешқашанда әкелмейді" деп жазады NYT.
Басылымның жазуынша, Қазақстан Пекиннің бұл жоспарында негізгі рөл атқарады. Бірақ сыншылардың пікірінше, ол елді одан әрі "экономикалық тәуелділікке ұрындырады".
"Кейбіреулер Қытайды тым үлкен деп санайды. Қазақстандықтар жобадан екіжақты пайда тапқысы келеді, бірақ мұндай жағдайда көбіне Пекин ұтады" деген КИМЭП профессоры Нығмен Ибадилдиннің сөзін басылым мысалға келтірген.
Басылым оған балама пікір ретінде Қорғас құрғақ портының басшысы Жасұлан Хамзиннің сөзін де береді. Оның айтуынша, Қытайдың қатысуы "экономикалық империализм белгісі емес, порттың табысқа жете бастағанының дәлелі". Хамзиннің айтуынша, "қытайлар коммерциялық пайда таппайтын жерге инвестиция салмайды".
Мақалада Мок көрші Шыңжаңдағы жағдайды да қозғайды, ол жерден "Қорғасқа келген әр пойыз өтеді" дейді. Автордың пікірінше, бұл аймақтағы саяси алауыздыққа Қытай "ассиметриялы қаталдықпен" жауап қатты.
Ол "жүздеген мың ұйғыр мен мыңдаған қазақ, қырғызды тұтқындады. Оларды діни сенімі үшін, шетелдегі туыстарымен кездескені, сөйлескені үшін жазалайды. Бостандықта жүргендерді Шыңжаңда бақылау-өткізу бекеті, күзетшілер, GPS бақылау жүйесі мен күтпеген жерден тінту жасау арқылы қорқытып отыр" дейді басылым.
NYT "қайта тәрбиелеу лагерьлері мен өзге де қауіпсіздік шаралары Шыңжаң арқылы теміржолмен жүрушілердің көбеюімен де байланысты" деген кей сарапшылардың пікірін келтірген.
Басылым "Бір белдеу - бір жол" жобасын іске қосқалы Шыңжаңның рөлі күрт өзгерді, ол шеткері аймақтан партия жетекшілері "даму ядросы" деп атайтын аймаққа айналды" деген сарапшы Адриан Зенздің сөзінен үзінді келтіреді.
Мақала авторының жазуынша, Шыңжаңдағы қысым Қытайдың Қазақстандағы беделін жақсартпаса да, "Қазақстан үкіметі маңызды экономикалық серіктесін алыстатып алмас үшін барынша сақ болуға тырысады. Қазақстандық дипломаттар Шыңжаңдағы этникалық қазақтар атынан жабық есік жағдайында келіссөз жүргізіп жатқан да болуы мүмкін, бірақ билік оның Қытаймен ынтымақтас болуға кедергі келтіруіне жол бермейді" деп жазды NYT.