САЙРАГҮЛ САУЫТБАЙ ІСІНІҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың бостандыққа шығуымен аяқталған сот процесінен кейін де бірқатар Батыс басылымдары Шыңжан аймағындағы жағдайды әлі жіті бақылап отыр. Мұнда азшылық ұлттардың қуғын-сүргінге ұшырап отырғаны жайлы ақпараттар күн сайын артып келеді.
Видео: Сайрагүл Сауытбайдың Азаттыққа берген сұхбаты
Financial Times газеті "Шыңжандағы қуғын-сүргін: Адамдардың бәрі қайда жоғалып жатыр?" атты мақаласында Шыңжаң провинциясын "Қытайда көбінесе құпия жүргізілетін ең қарқынды қуғын-сүргіннің алаңы" деп атаған.
"Қуғын-сүргінге іліккендердің арасында ондаған жылдар бойы Қытай мен Қазақстан шекарасынан емін-еркін өтіп жүрген этникалық қазақтар бар. Қауіпсіздік шараларын күшейту мұны қиындатып жіберді, бұл факт Қазақстанға қашқанға дейін Шыңжандағы қайта тәрбиелеу орталығында жұмыс істеуге мәжбүр болған қытайлық қазақ әйелдің сотында жария болды. […] Қазақстан мен оның қуатты көршісінің қарым-қатынасына мұның [сот шешімі] қалай әсер ететіні әлі түсініксіз. Астанадағы сыртқы істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, қазақстандық дипломаттар "Шыңжанда азаматтарымыз қамауда отыр деген мәселені талай көтерген". Сыртқы істер министрі орынбасарының Үрімшіге сәуірдегі сапары қазақстандық азаматтарды босатуға септесті, бірақ дипломаттар реакция тудырудан қорқып, бұл туралы айтудан тартыншақтайды" деп жазған Financial Times.
Видео: "Күткендер" деректі фильмін көріңіз
Басылым Қытайдың инфрақұрылымдық жобаларында жұмыс істейтін қазақ заңгердің аты-жөнін көрсетпей "Қазақстан біршама шағын әрі Қытайға тәуелді ел, [сондықтан] ойын ойнауы тиіс. "Қытай айдаһарына" немесе "орыс аюына" дөрекі сөйлемейміз, әйтпесе Қырым мен Грузияның кебін киюіміз мүмкін" деген сөзін келтірген.
"Халықаралық деңгейдегі дипломатиялық амалдар тығырыққа тірелді, өйткені Қытайдың ресми тұлғалары ұсталғандарды қамайтын лагерьлерді "кәсіби даярлық орталықтары" деп атап, Шыңжандағы қуғын-сүргін фактісін үзілді-кесілді жоққа шығарады" деп жазған Financial Times.
Америкалық Bloomberg жаңалықтар сайты "Қытайдың Жібек жолы кіндігіндегі ойық: Буырқанып жатқан әрі басып-жанышталған Шыңжаң сауда-саттық хабына айнала алмайды" деген мақаласында Сауытбай ісінің Пекиннің Жібек жолын қалпына келтіру бастамасына әсерін жазған.
"Шыңжаңдағы өршіп бара жатқан қуғын-сүргінге қатысты халық наразылығына тойтарыс беруге мәжбүр Астанадағы билік аса сақтықпен Қытайға өтініш жасайды. Елдегі наразылық күшейген сайын шағымдардан да сыпайылық жоғалып барады. Қытай басшылары "Бір белдеу – бір жол" жобасын Орталық Азия елдері билігі немесе халықтарымен әріптестік орнатпай жүзеге асыра аламыз деп ойлай ма?" деген сұрақ қойған мақалада.
Америкалық Washington Post газеті "Қытай басқа бәлені сатып алды" атты мақаласында Шыңжаңдағы жағдайдың "Бір белбеу – бір жол" жобасына әсерін талдаған.
"Қытайдың ұзақ жылдар бойы оқшаулану саясатының салдарынан қазір бұл жол жер бетіндегі ең кедей және ұмыт қалған елдер арқылы өтеді. Бұл Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Иран және Сирия және мазасы қашқан Түркия мен Шығыс Еуропаның әлсіз елдері арқылы өтетін, өркендеуді мақсат тұтқан ебедейсіз жол. Бұл жолды Қытай өз ішіндегі қатпарлы игерілмеген жерлерінен бастауы тиіс. Financial Times басылымының жазуынша, соңғы айларда Пекин жол салуға бөгет болуы мүмкін этникалық бүліктің алдын алу үшін Шыңжаң провинциясында жүздеген мың этникалық ұйғырды қамауға алған. Ұзақ мерзімді стратегия үшін бұл кемінде проблема тудырады. Мұсылман азшылықтарды қудалау Қытайға жобаны жүзеге асыру бойынша жақтастар табуға көмектеспейді" деп жазған Washington Post.
Гонконгта шығатын South China Morning Post газеті " ["Бір белдеу – бір жол" жобасына] Қытайдың қазақтарға қысастығы кедергі" деген мақаласында Азаттыққа сілтеме жасап, Сайрагүл Сауытбай мен өзге де Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың ісін жан-жақты сипаттаған.
"Жағымсыз қоғамдық пікір мен Қазақстан-Қытай арасындағы тереңдеп бара жатқан экономикалық байланыс бір-бірімен мүлде қабыспай тұр. Ресей бұрынғыша Қазақстанның негізгі сауда әріптесі болып қала береді, бірақ Қытай қазірдің өзінде негізгі экспорттаушы бағыт болып отыр" делінген мақалада.
Автордың пікірінше, Шыңжаңдағы шиелініс өршіп бара жатқан тұста Сайрагүл Сауытбай сотының өтуі "үкімет үшін қоғамдық пікірді елемеудің қаншалықты қиын болатынын көрсеткен".
КАСПИЙ САММИТІ ҚАРСАҢЫНДА
Ұлыбританиялық Financial Times газеті "Каспий жағалауы елдері қордаланған проблемаларды шешуге дайын" атты мақаласында Каспий теңізінің мәртебесін анықтайтын алдағы саммит туралы былай деп жазған:
"Осы жексенбі күні бес елдің президенті Қазақстанның Каспий жағалауындағы Ақтау қаласында бас қосып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы тиіс".
Каспий мәртебесіне қатысты қарама-қайшылықтар Совет одағы ыдыраған сәттен бері бәсеңдеген емес. "Каспийді теңіз көл деп тану керек пе?" деген пікірталасты Каспий маңындағы бес ел – Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан қилы дипломатиялық тәсілдерге жүгініп шешуге тырысып келеді.
"Энергетикалық саясаттың бірінші дәрежелі маңызы бар. Қазақстан басқаратын консорциум мұнайды [Қашағаннан], ал ресейлік "Лукойл" Ресейге қарасты сектордан өндіріп жатыр. Конвенция көмірсутегі қорын барлау жөніндегі өзге жобаларды іске асыру жолындағы кедергілерді жоюы тиіс. Конвенцияда Түркіменстанның ұзақ мерзімді жобасына жол ашуы мүмкін су асты құбырын тарту туралы келісім де бар. Еуропаға газ экспорттайтын мемлекеттік "Газпром" компаниясына ықтимал бәсекелестіктен қауіптенетін Ресей мұндай бастамаларға баяғыдан тосқауыл болып келген. Бірақ дипломаттар мен сарапшылардың айтуынша, Мәскеу "Газпромның" ЕО нарығындағы үстемдігін ескеріп әрі НАТО және АҚШ-пен арасы нашарлаған тұста өзінің дәстүрлі ықпал аймағындағы тату қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысып, райынан сәл қайтты" деп жазған Financial Times.
Оқыңыз: Каспий саммитінде Қазақстанның көздегені не?
Америкалық Forbes журналы "Exxon мен Chevron жаңа Каспий саммитінен кейін табысқа кенелуден дәмелі" атты мақаласында саммит нәтижесін әлемнің аса ірі мұнай корпорациялары тағатсыздана күтіп отырғанын жазады.
"Chevron, Exxon, Shell және BP - Каспий бассейніндегі жаңа мұнай мен газ кеніштерін ашу үшін Ресей, Қытай және өзге ірі ойыншылармен бақталаса алатын ойыншылардың бірі ғана" деп оған қызығушылардың көптігін меңзеген.
"Конвенция жобасының 90 пайызынан көбі мақұлданған тұста Каспий бестігі 20 жылдан көп мерзім ішінде алғаш рет келісімге келуге жақындады. Бұл 20 жылдан аса сарапшылар деңгейінде өткен келіссөздер, сыртқы істер министрліктері деңгейіндегі 10-нан астам кездесу мен төрт президенттік саммиттердің нәтижесі болмақ" дейді Forbes.
АСТАНА МЕН ТАШКЕНТТІҢ АРАЛ ТЕҢІЗІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ТАЛПЫНЫСТАРЫ
Америкалық New York Times газеті "Жойылып бара жатқан теңіз қаланың ең көрнекті орнына қалай айналды? " атты мақаласында Арал трагедиясын сипаттап, Қазақстан мен Өзбекстанның оны қалпына келтіруге жұмсаған күш-жігерін салыстырған.
Қазір Арал теңізінің су айдыны әуелгі көлемінен 10 пайызға жуық азайды, Өзбекстан жағында балық және өзге де теңіз жәндіктері мүлде дерлік жоғалып кетті. New York Times бұл апатты өз көзімен көргісі келетін туристер легінің ұлғайғанын сипаттап, "Парадокс, бірақ адам қолымен жасалып, [Өзбекстанның бұрынғы портты қаласы Мойнақты] тұншықтырып келген трагедия, кейінгі жылдары оның негізгі көрнекті орнына айналды" деп жазған.
"Көрші Қазақстан теңізді қалпына келтіруде көп ілгеріледі. 2005 жылы ол шағын бассейнге Сырдария өзені суын бөгеу үшін топырақтан алып бөгет салды. Бөгет жұрт кейде "Кіші Арал" немесе "Солтүстік Арал теңізі" деп атайтын бөлігіне жан бітірді, оның кей тұстарында судың тереңдігі 100 футқа жетеді. Халықаралық Аралды құтқару қоры басшысының орынбасары Марат Нарбаевтың сөзінше, бір кездері жоғалып кеткен балық енді балық өңдейтін сегіз зауытпен қоса өркендеп келеді" деп жазған New York Times.
Америкалық басылым болжамынша, Арал теңізінің қарсы бетінде орналасқан әрі өзбекстандық Мойнақ сияқты қаңырап қалған Арал қаласы балық аулайтын порт ретінде қайта түлеуі мүмкін. Өйткені қазір теңіз қаладан небәрі 10 мильдей (шамамен 16 шақырым) жерде.
ПІКІРЛЕР