Covid пандемиясы әлем бойынша демократия дағдарысын күшейтіп, билік атаулыға сайлау нәтижесін бұрмалауға, баспасөз бен белсенділердің аузын жабуға және адам құқығын таптауға желеу болды. Бұл туралы Freedom House ұйымының "Демократияға құлып салынды" деп аталған жаңа баяндамасында айтылады. Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан ұйым зерттеуді GQR сауалнама жүргізу компаниясымен бірге жасаған. Баяндамада Қазақстан да аталған. Авторлар "Нұр-Сұлтан коронавирусты сылтауратып сөз бостандығын шектеді" дейді.
FREEDOM HOUSE ЕСЕБІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН
Барлығы 398 сарапшы қатысқан зерттеу 192 елді қамтып, соның 80-інде коронавирус пандемиясы кезінде демократия мен адам құқығы мәселесі ушыққан деген қорытындыға келген. Коронавируспен күрес қамы деген желеумен билікті теріс пайдаланған елдердің қатарында Қазақстан да бар.
"Қазақстанда белсенділер мен саяси оппозицияны әлеуметтік желідегі сыни пікірі үшін не адам құқығының бұзылуы жөніндегі ақпаратты таратқаны үшін қудалау күшейді" делінген баяндамада.
Сарапшылар қудалау тәсілі ретінде қылмыстық іс ашудың жиі қолданылатынын атап өткен.
Қазақстанға коронавирус індеті келгелі бірқатар азаматтық белсенді өз пікірін білдіргені үшін қамауға алынып, үстінен "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты", "төтенше жағдай режимін бұзды" деп қылмыстық іс қозғалды. Ал олардың сот отырыстары "коронавирусқа байланысты" онлайн өтті.
Белсенділердің адвокаттары интернет байланысының нашар болуынан және видеоконференция бағдарламаларының қолайсыздығынан көптеген қиындық туды дейді.
Ал оппозиция өкілдері жариялаған митингілер қарсаңында жиын өтетін жерлер кенет қоршауға алынып, залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатты.
Баяндамада сөз бостандығының шектелуі Қазақстанның көршісі Қырғызстанда да күшейгені айтылады. Сауалнамаға қатысқан сарапшы "Басынан өткерген мәселе туралы ашық айтқан медицина қызметкерлерін кешірім сұратып, айтқан сөзінен бас тартатыны туралы видео мәлімдеме жасауға мәжбүрлеген" деп айтқан.
Мұндай жағдай Қазақстанда да болған. Көктемде Алматы облысы Мұқыр ауылының мұғалімі қашықтан білім берудің қиындығын айтып, артынан кешірім сұрап мәлімдеме жасады. Қазақстандық сарапшылар "кешірім сұрауға" билік мәжбүрледі дейді.
Your browser doesn’t support HTML5
"ҚЫТАЙ ПРОПАГАНДА РИТОРИКАСЫН КҮШЕЙТТІ"
Коронавирус індетінің тарауы бастау алған Қытай да пандемия кезінде демократиядан алыстай түскен 80 елдің қатарынан табылған.
"Қытайдың кейінгі тоғыз айдағы тәжірибесі болашақ антиутопияның моделін ұсынды: ел ішінде ұлтшыл және пропаганда риторикасын күшейтіп, ашықтық пен жауапкершілікті талап еткендердің үнін өшіру, технология көмегімен аңдуды нығайту, елде де, сыртта да биліктің ұстанымына қайшы ақпарат таратқан азаматтарды жаншу, ішкі элита арасында билік сыншысына айналуы мүмкін дегендерді қудалау" деп жазылған баяндамада.
Freedom House биліктің құзыретін теріс пайдалануын алты критерий бойынша бағаласа, Қытай соның бесеуінде көз түскен. Олар: заң шығарушы органның жиынын өзгерту, сөз бостандығын шектеу, шеруге шығу құқығын шектеу, ұстап әкету не қамауға алу және полицияның қатыгездігі.
Қытай пандемия барысында автономиялық аймағы саналатын Гонконгте де мемлекеттік бақылауды күшейте түсті. Алдымен еркіндікті едәуір шектейтін "Ұлттық қауіпсіздік туралы" заң қабылдап, одан кейін Гонконгте қыркүйекте өтуі тиіс парламент сайлауын 12 айға шегерді. Коммунистік партия 12 демократияшыл кандидаттың келесі жылғы сайлауға түсуіне тыйым салды. Гонконг оппозициясы Пекинге наразылық күшейген тұста сайлауда жеңіске жетуге үмітті болған. Freedom House cарапшылары "Коммунистік партияны сайлау күнін шегеру арқылы Гонконгтегі еркіндік пен автономияны жаншып отыр" деп айыптайды.
ПАНДЕМИЯМЕН ТҰСПА-ТҰС КЕЛГЕН САЙЛАУЛАР
Freedom House мәліметінше, коронавирус пандемия басталғалы 22 елде сайлау өткен. Оның жетеуінде елдің қазіргі билігі коронавирусқа сілтеп сайлау күнін ауыстырған, төртеуінде сайлау ережесі өзгерген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Батыс Лукашенконы президент деп мойындамайды. Енді не болмақ?Тамыз айында президент сайлауын өткізген Беларусь жөнінде пікір білдірген Freedom House есебіне қатысқан сарапшы "Коронавирустың тарауын тоқтату үшін ешнәрсе істемеген билік эпидемияны сайлау науқаны кезінде азаматтардың құқығын шектеу үшін пайдаланды" дейді. Беларусь расымен де коронавирусқа байланысты карантин шектеулерін енгізбеген санаулы мемлекеттердің бірі бола тұра, пандемияға сілтеп халықаралық бақылаушылар мен журналистердің келуіне шектеу қойды.
9 тамыз күні өткен президент сайлауында мемлекет қаржыландырған экзит-полл Александр Лукашенко жеңіске жетті деп көрсеткен соң сайлау әділ болмады деген наразы тұрғындар көшеге шығып, қарсылық білдірді. Полиция шерушілерге күш қолданып, жаппай ұстап әкетіп, соққыға жықты. Қақтығыс кезінде бірнеше шеруші қаза тапты. Полицияның қатыгездігі наразылықты күшейтіп, келесі күндері шеруге жүздеген мың адам қатысты. Содан беру қарсылық акциялары тоқтаусыз өтіп келеді. Батыс елдерінің біразы Беларусьтегі сайлаудың нәтижесін мойындамады.
Шри-Ланкада Готабая Раджапакса наурыз айында оппозиция бақылауындағы парламентті таратып, сәуірге белгіленген кезектен тыс сайлауды өткізе алмады. Салдарынан елде бес ай бойы заң шығарушы билік жұмыс істемеді. Сайлау ақыры тамыз айында өтіп, нәтижесінде билік партиясы жеңіске жетті. Халық арасында биліктің шоғырлануы авторитарлық режимге әкелуі мүмкін деген алаңдаушылық пайда болды.
Коронавирус індетінен зардап шеккен елдердің көшін бастаған АҚШ-та 3 қарашада президент сайлауы өтеді. Кейбір штаттарда алдын ала дауыс беру басталып кетті. Зерттеу авторлары денсаулық мәселесінің АҚШ-та да саясиланғанын айтады. Олардың сөзінше, денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік департамент Covid деректерін АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығына (CDC) беруді тоқтатып, статистикалық мәліметтерді департаменттің өз бақылауындағы деректер базасында жариялаған және бұл статистиканың бұрмалануына жол беруі мүмкін деген алаңдаушылық тудырған. Ал ел президенті Дональд Трамп денсаулық сақтау саласындағы лауазымды тұлғалардың мәлімдемелері мен ескертулерін жоққа шығарып, медициналық мамандар мен билік арасында келіспеушілік тудырды. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, АҚШ-та коронавирус ауруына 7,2 миллион адам шалдыққан, оның 207 мыңы қайтыс болған. Бұл – әлем елдері арасында ең жоғарғы көрсеткіш.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамптан коронавирус анықталып, карантинге кетті