Азаттық: Орталық сайлау комиссиясының жақында қабылдаған қаулысына тәуелсіз бақылаушылар неліктен қарсы?
Ғалымжан Оразымбет: Бұған бақылаушының жұмысына ОСК-ның шектеу қоюы себеп. Қаулыда заңға қайшы, бақылау еркіндігіне, оның сапалы болуына кедергі келтіретін бірнеше жайт бар. Біріншісі – видеотрансляция жасауға тыйым салу. Құжатта оны БАҚ өкілдері атқаратын функция ретінде көрсеткен. Біз бұны азаматтарды кәсібіне қарай алалап, құқығын таптау деп бағалаймыз. Қазақстан Конституциясында "әрбір азамат ақпаратты кез келген жолмен алуға және оны таратуға құқылы" деп көрсетілген. Қателеспесем, БАҚ туралы заңда да мұндай норма бар. БАҚ, коммерциялық емес ұйым өкілі немесе кандидат болсын, әрбір бақылаушының статусы, құқығы бір. Олардың біріне артықшылық беру – құқықтық тұрғыда дұрыс емес.
Конституцияның 20-бабының 1-тармағында бақылаушы заң бұзу фактісін анықтаса, оны нақты дәлелмен бекіту керектігі айтылған. Бұл бақылаушы фото-видеомен ғана дәлел-дәйек келтіре алады деген сөз.
Екіншісі – фото-видео түсіруге шектеу қою. Бұл да Қазақстанның сайлау туралы заңына кереғар. Конституциялық заңда әрбір адамның фото-видео түсіруге құқылы екені айтылған. Конституцияның 20-бабының 1-тармағында бақылаушы заң бұзу фактісін анықтаса, оны нақты дәлелмен бекіту керектігі айтылған. Бұл бақылаушы фото-видеомен ғана дәлел-дәйек келтіре алады деген сөз. Яғни, қаулы бақылаушының құқығын ғана емес, міндетін де атқаруға кедергі келтіріп отырған норма. Одан кейін, видеоны "сайлау комиссиясы бекіткен жерден түсіру керек" деген пункт бар. Бұл да бақылаушының бүкіл процесті толық бақылауына кедергі келтіреді.
Егер сайлау комиссиясының мүшесі немесе төрағасы бақылаушыға бір жерден орын белгіліп, видеоны сол бұрыштан түсір десе, ол жерден түсірілім жасаудың ешбір мәні жоқ. Бақылаушы процесті анық бақылап, түсіре алмайды. Рұқсат сұрау жайына келсек, БАҚ туралы заңның 14-бабында азаматтарға қандай жағдайда фото-видео түсіруге тыйым салынғаны айтылған. Заңға сәйкес, қоғамдық, мәдени, басқа да шараларды түсіруге тыйым салынбаған. Ал сайлау қайсыбір азаматтың жеке шаруасы емес. Сайлау – қоғамдық шара. Ол жерге бақылаушы сайлаушының тойын түсіруге емес, қоғамдық орынға, қоғамдық шараға барады.
Сайлауда түрлі жағдай болады. Комиссия төрағасының өзі бюллетеньді жәшікке топтап салып жатады. Қазірде әлеуметтік желіде ондай видеолар толып жүр. Ал енді осындай жағдайда сіз: "Кешіріңіз, бюллетеньді топтап салып жатыр екенсіз. Осыны видеоға түсіруге рұқсат бересіз бе?" деп келісімін алып, камераңызды қосқанша, оның бәрі өтіп кетеді. Сонда сіз нені дәлелдейсіз? Видеоға қандай процесті түсіресіз?
Бізде бір қаулының күші заңдардан, кодекстерден, тіпті Конституциядан жоғары болып кетейін деп тұр. Бұл ақылға сыймайды.
Конституция, одан кейін Қазақстан бекіткен түрлі халықаралық келісімдер бар. Ішкі заңдармен қайшылыққа келген жағдайда халықаралық келісімдердің нормалары басым болады. Ары қарай сайлау кодексі, одан кейін заң бар. Тек осылардан кейін ғана қаулы, үкім, жарғы және басқалары тұрады. Ал бізде бұл жағдайда бір қаулының заңды күші заңдардан, кодекстерден, тіпті Конституциядан жоғары болып кетейін деп тұр. Бұл да ақылға сыймайды.
Азаттық: Осындай қайшылықтар мен кемшіліктер жайлы шағым түсіру ойда бар ма?
Ғалымжан Оразымбет: Мен ешқандай ұйымға мүше емеспін. Жеке азамат ретінде қандай да бір ұйымым жоқ. Бірақ тәуелсіз бақылаушы ретінде аталған мәселені әріптестермен бірге талқыладық. Алдағы уақытта тиісті мекемелерге шағым түсіру жоспары бар. Қаулы заңға қайшы, оның сайлаудың толық, әділ, сапалы өтуіне кедергі болатын нормаларынан бас тарту туралы шағым мен ұсыныстар түсіру әзірге жоспарда бар.
Азаттық: Орталық сайлау комиссиясының бұл қаулысы халықаралық құжаттар мен заңнан жоғары тұруының себебі неде деп ойлайсыз?
Ғалымжан Оразымбет: Қорқыныш, байбалам. Паранойя.
Азаттық: Неден? Кімнен?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Беларусь технологиясы. Қазақстанда сайлауды бақылайтын ІТ жобаларды әзірлеп жатырҒалымжан Оразымбет: Тәуелсіз бақылаушылардан. Өйткені тәуелсіз бақылау бағытын биліктің өзі саясиландырып отыр деп ойлаймын. Тәуелсіз бақылауда ешқандай саясат жоқ. Бақылаушылық бірінші кезекте – құқықтық мәселе. Ал саяси алаңдағы тіл алмайтын, айтқанға көнбейтін барлық партияларды тазалап бітті. Өзіндік мінез көрсететіндей ешқандай партия қалған жоқ. Айдағанға жүрмейтін, айтқанға көнбейтін тәуелсіз пул қалды. Ол – тәуелсіз бақылаушылар. Ал бұл "келісе алмаймыз ба, онда біздің дегеніміз болады" деген басқаша қадам. Мен мұны осылай деп түсінемін.
Азаттық: Былтырғы президент сайлауында бақылаушылар белсенді жұмыс істеді. Сіздіңше, бұл жолғы сайлауда тәуелсіз бақылаушылар қаншалықты жұмыс істей алады?
Ғалымжан Оразымбет: Қаулыға дейін тәуелсіз бақылаушылардың былтырғыға қарағанда, сапалы жұмыс істей алатындай мүмкіндігі болды. Біріншіден, көп азамат 2019 жылғы Қазақстандағы президент сайлауы кезінде бірінші рет бақылаушы қызметімен айналысты. Көбісі дайындықсыз барды. Бақылау жағы сапасыз да болды. Бірақ ол сайлау бақылаушы үшін тәжірибе болды. Одан кейін түрлі бақылаушы ұйымдары ашылды. Түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырылып жүр. Соның арқасында бақылаушылардың сан және сапа жағынан өсуі байқалды. Міне, мұны көрген билік осындай қадамға барды. Ал мына қаулыдан бас тартпаса, қаулы сайлауда қолданылса, онда әділ сайлау болады деп айту қиын.
Одан кейін енгізілген тағы бір норма бар. Ол – сайлауды бақылауға рұқсат алған, өз жарғысында азаматтардың саяси және басқа да құқықтарын жүзеге асыру пункттері бар ұйымдар ғана жіберіледі делінген. Бұл да үлкен кедергінің бірі. Өзіңіз ойлаңызшы, сайлау деген 4-5 жылда бір келетін саяси шара. Қай ұйым құрылған кезде "әр бес жыл сайын мен осы шараны бақылап отырамын" деп жазады? Екіншіден, ұйым құрғанда сайлау туралы заңда, басқа да кодекстерде осындай нормалар болса, оны ескеріп, соны жарғыға жазар еді. Ал ол пунктті қателеспесем, биыл маусым айында жұрт пневмония мен коронавирустан топырлап өліп жатқанда үнсіз енгізіп жіберген. Енді "жарты жыл бұрын енгіздік" деп отыр.
Азаттық: Сонда жарғыда "осындай бөлім болуы керек" деген талапты қоғамдық ұйымдар енді біліп жатыр ма?
Ғалымжан Оразымбет: ОСК қаулыны шығарғанда ғана біліп жатыр. Біріншіден, ол қабылданар кезде қоғамның талқысына түскен жоқ. Ол туралы тіпті хабарланбады. Жалпы бұл қаулыда көптеген заңдарға сілтеме бар және азаматтық қоғам, адам құқығы туралы көп айтылған. Шындығында бұл қоғамдық емес, саяси қаулы. Оған ешкімнің дауы жоқ. Оны биліктің өзі де біледі.
Азаттық: Билік бақылаушылар жұмысына байланысты карантин, пандемия жағдайын пайдалануы мүмкін бе?
Біз сценарийді талқылап отырғанда, билік ешкім күтпеген, ақылға қонбайтын әрі заңға қайшы үлгіні таңдап алды.
Ғалымжан Оразымбет: Біз өзара "Бақылаушыларға қандай кедергі болуы мүмкін?" деген түрлі сценарийлерді талқылап көрдік. Әрине, кедергілердің боларын алдын ала білдік. Бірақ мынадай абсурд болады деп күтпедік. "Пандемия кезінде бір сайлау учаскесінде бірнеше бақылаушыдан артық отыруға рұқсат жоқ. Әлеуметтік қашықтық сақтау керек" деген сылтаумен өз адамдарын қояды. Тәуелсіз бақылаушылар жұмысын осылай шектеуі мүмкін деген сценарийді де, "бақылаушылар сайлау учаскесіне ПТР тест тапсырып қана кіруі керек" дегенді де талқыладық. Бұлай етудің өзі бақылаушылар жұмысына кедергі болар еді. Өйткені барлық бақылаушы ұйымдар мен бақылаушылардың тест тапсыруға мүмкіндігі жоқ. Ақылы тест тапсыруға әлеуметтік жағдайы көтермейді. Біз осындай түрлі сценарийді талқылап отырғанда, билік ешкім күтпеген, ақылға қонбайтын әрі заңға қайшы үлгіні таңдап алды.
Азаттық: Бұған дейін сіздер Қазақстанның әр өңіріне барып, бақылаушылар дайындадыңыздар. Ала жаздай атқарған сол еңбек мына қаулыдан кейін зая кетпей ме?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бақылау бюллетень салуды қараумен шектелмейді". Baqylau жобасы авторларымен сұхбатҒалымжан Оразымбет: Бұл мәселеге бір реттік сайлау тұрғысынан қарасақ, иә, барлық еңбек зая кетті. Ал енді алда өтетін сайлауларды қаперге алсақ, бұл зор мүмкіндік. Яғни бақылаушы оқыту нәтижесі келесі сайлауларда көрінетін үлкен қадам. Өйткені бақылаушы дегеніміз, сайлауды бақылаушының кім екенін, оның немен айналысатынын, міндеті қандай екенін білетін адам. Бақылаушы қызметіне оқыған ол адамдар ешқайда көшіп кетпейді. Келесі сайлауға қатысады. Бұл пул бәрібір қалады. Cондықтан осы сайлауда ұтылсақ та, алда жеңіс бар.
Дәл қазір биліктің қаулы шығарып, осындай түрлі қадамдарға барып, күресіп жатқаны – тәуелсіз бақылаушыларды мойындауы деп білемін. Демек біздің бағытымыз дұрыс. Дұрыс іспен айналысып жүрміз. Сондықтан бұған бір сайлау тұрғысынан қарау – қате.
Азаттық: Осы қаулыны қабылдарда Қазақстан қандай да бір елдің тәжірибесіне сүйенді ме?
Біздегі осындай миға сыймайтын дүниелердің болып жатқанына Беларусьтағы сайлау да ықпал етті.
Ғалымжан Оразымбет: Беларусьта сайлау кезінде бақылаушыларды сайлау учаскесіне кіргізбей қойды. Жалпы біздегі осындай миға сыймайтын дүниелердің болып жатқанына Беларусьтағы сайлау да ықпал етті. Былтырғы "Қосанов эффектісін" айтсақ болады. Шын мәнінде, бұл жерде мәселе [президенттікке кандидат болып сайлауға түскен Әміржан] Қосановта емес. Мәселе наразылықта, протесте. Қосановтың тұлғасы билікке қарсы адам ретінде пайдаланылды. Бұл жолы билік соны ескеріп, тіпті, соншалықты қауіпті болмаса да, сайлауға ЖСДП-ны жібермей қойды. Ресми жібермей қойған жоқ. Партия өзі бас тартты, бойкот жариялады.
Дәл солай Беларусь билігі де Светлана Тихановскаяны жұрт қолдайды деп күткен жоқ. Ол күйеуі қамалғанына ерегісіп сайлауға қатысқан, ешкім танымайтын, үй шаруасындағы адам болды. Соның өзі осындай эффект берді. Демек билік қандай да бір протесті көрсететін сценарий, нұсқалардың өзін қалдырмауға бекінді.
Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.
ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлауға бақылаушы жіберді
Your browser doesn’t support HTML5