Азаттық: Алматының жаңа әкімінен (2019 жылы маусымның 28-і күні бұл қызметке Бақытжан Сағынтаев тағайындалды– ред.) қоршаған ортаны қорғау бойынша қандай қадамдар күтесіз?
Светлана Спатарь: Біз жаңа әкім Бақытжан Сағынтаевпен әлі жұмыс істеп көрген жоқпыз. Оның Көкжайлауда [тау-шаңғы] курорт салу жобасы (Алматыға жақын тау шатқалындағы қоғамның жаппай қарсылығына ұшыраған жоба – ред.) туралы пікірін білу үшін әкімнің атына хат дайындап жатырмыз. Бір-екі күнде жібереміз. Оған дейінгі әкімдерден не күтсек, Сағынтаевтан да соны күтеміз. Ол жобаны жүзеге асырудан бас тартып, жерді ұлттық саябақ құрамына қайтаруға көмектеседі деп үміттенеміз. Жаңа әкім қоғам өкілдерімен алғашқы кездесуінде қаладағы экологиялық ахуалды күн тәртібінде бірінші мәселе етіп қоятынын айтты. Сондықтан қала билігі бұл мәселеге салмақты қарап, оны шешуді қолға алар деп күтеміз.
Азаттық: Азаматтардың қоршаған ортаны қорғау саласында қандай құқықтары бар?
Светлана Спатарь: Таза ауа жұту, таза су ішу – азаматтардың негізгі құқықтары. Осы негізгі құқықтан қосымша құқықтар туындайды. Соның бірі - экология бойынша ақпарат алу құқығы. Біз осы құқықтарды қорғаумен айналысамыз. Адамдар ұйымымызға «Бізге мынадай экологиялық мәселені шешуге көмектесіңіздер» деп келеді. Оларға қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз.
Азаттық: «Зеленое спасиение» экологиялық ұйымы мұнымен қалай күреседі?
Светлана Спатарь: Жалпы алғанда, жылына он шақты рет сотқа шағым түсіреміз. Бір мәселе бойынша бірнеше рет жазылған шағымдар да бар. Экологиялық заңнаманы бұзған өндірістік кәсіпорындар қызметі мен Іле-Алатау ұлттық паркі, жалпы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды бақылау – ұйым жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі. «Көкжайлауды сақтаймыз» (Алматыға жақын тау шатқалында тау-шаңғы курортын салуға қарсы қоғамдық қозғалыс) қоғамдық науқаны туралы көбі естіген шығар. Ол да аталған бағытпен байланысты.
Азаттық: Көкжайлауда курорт салу жобасы төңірегінде қазір қандай өзгерістер бар?
Светлана Спатарь: Айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бұл жобаға қарсылық акцияларының өтіп келе жатқанынан сегіз жылға жуықтады. Курорт жобасының жүзеге аспай тұрғанына соның да әсері бар деп ойлаймын. Дегенмен, жобаны біржола жабу туралы шешім шыққан жоқ. Алматы мен Астанадағы (Нұр-Сұлтандағы – ред.) билік Көкжайлауға курорт салу туралы ұстанымдарынан айнымай отыр. Олардың жобаны кейінге қалдырғаны «мәселе шешілді» дегенді білдірмейді.
Азаттық: Биліктің сіздерден көмек не кеңес сұраған кезі болды ма?
Светлана Спатарь: Жоқ, мемлекеттік органдармен қарым-қатынасымыз күрделі. Біз олармен көбіне сотта кездесеміз. Әзірге бірлесіп жұмыс істеу мүмкін болмай тұр. Олар бізді неге қарсылас не жау көретіндерін түсінбеймін. Шын мәнінде бәріміз бір мәселені шешу жолында жұмыс істеп жүрген адамдармыз деп үнемі айтып жүреміз. Қаланы (Алматы - ред.) қазіргіден де таза әрі өмірге сүруге қолайлы ету жолындағы мақсатымыз бен мүддеміз ортақ.
Азаттық: Қазақстандағы бизнес өкілдерімен диалог орната алдыңыздар ма?
Светлана Спатарь: Соңғы кезде, әсіресе, «Көкжайлауды сақтаймыз» жобасына ірі бизнес те қосылып, қолдау көрсете бастағанын байқап отырмыз. Бірақ бұл тек осы жоба аясында ғана. Жалпы алғанда, олармен диалог орната алмадық. Өндірістік кәсіпорындар қызметінен зардап шеккендер көмек сұрап келгенде, бірінші кезекте заң ережелерін дұрыс орындамайтын компанияға жұмыс істеуге рұқсат берген мемлекеттік органдар кінәлі деген позицияға (біздің ұйымның позициясы осындай деуге келмес, жағдай солай болып тұр) сүйенеміз. Қоршаған ортаны ластаған кәсіпорын да кінәлі екені түсінікті, ол заң бұзып отыр. Бірақ мемлекеттік органдар рұқсаты олардың бұл әрекетін қағаз жүзінде заңдастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан біз мәселені негізінен ресми деңгейде шешуге тырысамыз.
ВИДЕО: Светлана Спатарьмен сұхбаттың орысшасын көріңіз.
Азаттык: «Зеленое спасение» ұйымын кім қаржыландырады?
Светлана Спатарь: Бізде бұл ақпарат ашық. Негізінен шетелдік қорлардың қаржысына жұмыс істейміз. Әзірге қазақстандық қорлардан көмек алу мүмкін болмай тұр.
Азаттык: Мемлекет беретін экологиялық деректерге сенуге бола ма?
Светлана Спатарь: Біздің тәжірибеміз мемлекет берген экологиялық деректерге барлық кезде сенуге болмайтынын көрсетті. Бұл жерде деректерді бермеу немесе толымсыз ақпаратпен қамтамасыз ету принципі жұмыс істейді. Кейде ақпарат дұрыс әрі шынайы болғанымен, толық берілмейді. Сондықтан ол бәрібір сапасыз ақпарат саналады. Олардың өзінде [сапалы] ақпарат жоқ.
Азаттық: Қоршаған ортаны қорғауда петициялардың рөлі қандай? Олардан пайда бар ма?
Светлана Спатарь: Біздің кез келген қоғамдық науқан петиция негізінде құрылады. Бір жағынан, петиция – өз талаптарыңды, мәселе мен оны шешу жолдарын айту арқылы өз позицияңды білдіру. Екінші жағынан қарағанда, петиция - қала тұрғындары мен БАҚ назарын аударудың бір жолы. 100 қол мен 30 мың қолдың айырмашылығы бар. Егер біз көп қол жинап жатсақ, БАҚ бізге назар аударады. Мұндай жағдайда мемлекеттік органдар да санаса бастайды.
Азаттық: Қазақстан қол қойған Орхус конвенциясы (БҰҰ Еуропалық экономикалық кеңесінің “Қоршаған орта мәселелері бойынша ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету және қоғамды шешім қабылдау процесіне қатыстыру туралы” конвенциясы - ред.) талаптарын орындау қалай жүзеге асып жатыр?
Светлана Спатарь: Біздің ұйым 2005 жылдан бері Орхус конвенциясының Қазақстанда орындалуын қадағалап келеді. Алайда біз оның көп ретте аяқ астында қалатынын көріп жүрміз. Бұған мысал өте көп. Бұл мысалдарды кез келген адам көре алады. Көкжайлау мысалында, қала билігінің тұрғындармен ақылдаспай шешім қабылдап, қоғамдық тыңдау кезінде курорт қалаға керек пе, керек емес пе деген негізгі сұрақты емес, жобаның жанама тұстарын талқылауы Орхус конвенциясының бұзылғанын көрсетеді. Халықаралық комитет Қазақстан конвенцияны бұзғанын растайтын бірнеше шешім шығарып үлгерді. Яғни, бұл біздің пікіріміз ғана емес, расталған дүние. Өкінішке қарай, біздің тәжірибеміз мемлекеттік органдардың бұл шешімді көзге ілмейтінін көрсетіп отыр. Орхус комитетінің бірде-бір шешімі бойынша ешқандай шара қолданылған жоқ. Конвенция жазаға тартпайды. Барлығы мемлекеттің еркінде. Мемлекет өз азаматтарының құқықтарына, өзінің халықаралық деңгейдегі міндеттеріне құрметпен қарауы керек. Бізде әзірге олай болмай тұр.
Азаттық: Қазақстандағы қалдықтарды жою және оларды қайта өңдеу саласында қалыптасқан жағдайға қатысты не айтасыз?
Светлана Спатарь: Елімізде қалдықтарды реттеу туралы заң жобасы дайындалған. 15 жыл бұрын әзірленген жоба әлі қабылданған жоқ. Менің ойымша, адамдардың бұл мәселені қабылдауы, оған деген көзқарас өзгерді. Қазір тамаша бастамалар көп. Бірақ мемлекеттік деңгейде қабылданбайынша, олар шағын, бір реттік бастамалар боп қала береді. Қазір адамдар өз еркімен қоқысты сұрыптай бастады. Қоғамдық ұйым ретінде осы идеяны насихаттау – біздің міндетіміз деп есептейміз.
Азаттық: Қоршаған ортаны қорғау мәселелері жастарды қызықтыра ма?
Светлана Спатарь: Қазір экологияға жауапкершілікпен қарайтын жастар көбейіп келеді. Биыл мектеп оқушылары бірнеше рет түрлі кездесулерге шақырды. Олар экология мәселесімен айналысып, нақты мәселені шешкісі келеді.
Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет!
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенділер Көкжайлауды дамыту жобасын ұсынды