Ауа райының өзгеруі, тау бөктерін дұрыс пайдаланбау және қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін жауапты органдардың салғырттығы - сел зардабы себептері болуы мүмкін.
ҰМЫТЫЛҒАН КАРТА МЕН БӨГЕН САПАСЫ
«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтің айтуынша, ауа-райының өзгеруі мен оған адамның зиян келтіруі сел мен көшкін қаупін ұлғайта түседі.
- Ауа-райы өзгеріп отыр. Жауын-шашыннан кейін сел көбейіп жатыр. Бұрын суық болды да жауын-шашын қар түрінде түсетін. Қазір жаңбырға айналып түсіп жатыр, - дейді эколог.
Мэлс Елеусізов шенеуніктердің салғырттығынан да адамдардың қоныстануы бақылаудан шығып кетті деп есептейді. Үй тұрғызылатын орын мен үй-жай құрылысының дұрыс жоспарланбауы тасқын салдарын еселеп жібереді.
- Селдің жүретін жолы – сай-салаларға қазір үйлер салынып кеткен. Көшкін қаупіне қарамастан Алматының жоғарғы жағына үйлер әлі де салынып жатыр, - дейді эколог.
Оның сөзінше, сел мен көшкін жүруі мүмкін жолдары көрсетілген карта бар. Алайда оны ешкім назарға алмайтын көрінеді.
- Соған қарамастан тау етегінен жер алып, үй салып тұрып жатқандар көп, - деген эколог селдің тағы бір себебі ретінде су бөгендері сапасы бақыланбайтынын айтты.
- Қазіргі су бөгендерінің сапасын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бөгеттердің жағдайы қандай , не істеу керек деген мәселе түбегейлі зерттелуі керек. Оған арнайы ақша бөліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет, - дейді Мэлс Елеусізов.
ОРЫНДАЛМАЙТЫН СУ ҚОРҒАУ АЙМАҒЫ ТАЛАБЫ
«Зеленое спасение» экологиялық ұйымы төрағасы Сергей Куратовтың айтуынша, Алматыдағы селдің мынандай себептері болуы мүмкін .
- Біріншіден, адамдардың қауіпсіздігіне жауап беретін қалалық уәкілетті органдардың қызметінің жұмысы қандай? Өйткені, үнемі сел жүріп жүру қауіпі болса, соның жағдайын үнемі бақылап отыратын жүйе де болуы тиіс, - дейді эколог.
Куратовтың пікрінше халықты алдын-ала интернет, электронды пошта және телеарналар арқылы құлағдар ететін жүйе жұмыс істеуі керек.
- Жалпы, апаттың салдарын емес, оның алдын алуға жұмыс істеген абзал. Егер арнайы құрылғылар болып, осындай жұмыс жасалса, селдің алдын алу мүмкін болмаса да, адамдарды күні бұрын құлағдар етіп, қазіргідей дүрбелеңді болдырмауға мүмкіндік бар еді, - дейді Куратов.
Су тасқыны көріністерінен фотогалерея:
Маманның сөзінше, бүгінгі апат - су қорғау аймақтарына қатысты заңнама талаптарының орындалмай отырғанын да көрсетеді.
- Соңғы бірнеше, тіпті оншақты жылдан бері таулы аймақтарға «шабуыл» жасалып жатыр. Жолдар салынып, орман ағаштарын кесуді, тау бөктерін жыртуды қажет ететін жобалар жүзеге асырылып, тау етегінде қалай болса солай салынған коттедждер мен дуалдар салынып отыр. Таулы аймақтың сенімсіз екенін ұмытпаған жөн. Табиғи экожүйеге азғандай ғана араласу – тау бөктерінде тұратындар үшін өте қауіпті,- дейді Сергей Куратов.
Эколог Алматыда сел жүріп өткеннен кейін жарияланып жатқан видеоларға да назар аударған.
- Қазір жарияланып жатқан видеоларда зардап шеккен үйлердің өзен маңында орналасқаны айқын көрініп тұр. Осы ретте «су қорғау аймақтарында тұрғын үй неге салынған, оларға кім рұқсат берген?» деген сұрақ туындайды, - дейді Сергей Куратов.
Алматыда бейсенбі, 23 шілдеге ауған түні қаланың бірнеше ауданы аумағында сел жүріп, жүздеген үйді су басты. Адам шығыны жоқтығы хабарланғанымен, жер үйлер және жолдар айтарлықтай зақымданды. Қалада ерекше зардап шеккен былтыр құрылған Наурызбай ауданының аумағы болды. Бұл аумақтағы тұрғын-жай негізінен жер үйлер болып келеді.